Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Мешіт әдептері | жұма уағызы

02.05.2018 52301 0 пікір

Мешіт – құлшылық жасалатын орын. Яғни, ол жерге келудегі басты мақсат – Аллаға құлшылық ету, парыз етілген үкімдерді орындау. Мешіт қоғамдағы барлық мәселенің шешімін табуға, елдегі бірліктің, ынтымақтың сақталуына тікелей себепші болатын орын. Адамның туғанынан бастап өмірден өткенге дейінгі діни рәсімдер мешітте өткізіледі. Мәселен мешітте балаға ат қою, неке қидыру, жаназа шығару сияқты көптеген діни рәсімдер орындалады.

Алайда кез келген орынның, ортаның өзіндік әдебі, мәдениеті болған секілді мешіттің де өзіндік әдебі бар. Тіпті қандайда бір ортаға сай киім үлгілері де қарастырылған. Мәселен, жаттығу залына классикалық үлгідегі киіммен бару – ақылға сыймайтын дүние. Ал, керісінше, театрға, өзге де мәдени ошақтарға спорттық киіммен бару тым ерсі көрінеді. Сол секілді мешіттің де өзіне тән киім кию секілді әдептері бар.


Кейінгі кезде осы мешіт әдептеріне бей-жай қарауымыздың салдарынан кейбір міндетті нәрселер аяқ асты етілуде. Мешітке келушілердің, соның ішінде неке қидырушылардың киген киімдері көбіне мешіт әдептеріне мүлдем қайшы келіп жатады. Ал, қасиетті Құранның «Нұр» сүресінің 31-аятында ер мен әйел адамдардың ұятты жерлерін жабық ұстау жайында айтылған. Алла Тағала:

قُل لِّلْمُؤْمِنِينَ يَغُضُّوا مِنْ أَبْصَارِهِمْ وَيَحْفَظُوا فُرُوجَهُمْ ۚ ذَٰلِكَ أَزْكَىٰ لَهُمْ ۗ إِنَّ اللَّهَ خَبِيرٌ بِمَا يَصْنَعُونَ

وَقُل لِّلْمُؤْمِنَاتِ يَغْضُضْنَ مِنْ أَبْصَارِهِنَّ وَيَحْفَظْنَ فُرُوجَهُنَّ وَلَا يُبْدِينَ زِينَتَهُنَّ إِلَّا مَا ظَهَرَ مِنْهَا ۖ وَلْيَضْرِبْنَ بِخُمُرِهِنَّ عَلَىٰ جُيُوبِهِنَّ ۖ

 «(Уа Мұхаммед) Мүмін ер кісілерге айт: Харамға көз салмасын (яғни, бөтен әйелдерге және өзге ер кісілердің әуреті сынды қарауға болмайтын нәрселерге қарамасын)! Сондай-ақ абиырларын ашпасын әрі зинадан сақтасын! Сол оларға әлде қайда лайықты. Шүбәсіз, Алла олардың не істеп, не қойып жүргенінен хабардар» 
«Мүмін әйелдерге айт: Бөгде ерлерден көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін зинадан қорғасын. Сондай-ақ зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ, олардың өздігінен көрінгендерінен басқа (беті, алақаны білезікке дейін және аяғы тобыққа дейін). Және бүркеншіктерін омырауларына түсірсін»[1],-деген.

Яғни ер, әйелдердің шариғат бойынша белгілеп берген әурет жерлерінің жабық болуына мән беру қажеттігі айтылып отыр. Ер адамның негізгі жабық болу керекті жерлері кіндік пен тізе аралығы болса, әйел адамдардың бөгде ер адамдар арасында беті, алақаны білезікке дейін және аяғы тобыққа дейін ашық болады да қалған жерлердің барлығы әурет жері болып есептеледі. мешітте аталмыш әурет жерлерінің толықтай жабық болуына мән беруі тиіс. Осы секілді мешітке кірудің өзіндік әдептері бар. Солардың кейбіріне тоқталып өтейік.


1. Тазалыққа, киімге мән беру:

 

Алла Тағала Құранда:

يَا بَنِي آدَمَ خُذُوا زِينَتَكُمْ عِندَ كُلِّ مَسْجِدٍ

 «Ей, адам балалары! Әрбір құлшылық орынында әшекейленіңдер!»[2] - деген. Әрбір намаз кезінде әшекей киімдеріңді, яғни таза, әдеме киімдеріңді киіңдер дейді.

Алланың елшісі (ﷺ): 

مَنْ تَطَهَّرَ فِي بَيْتِهِ ثُمَّ مَشَى إِلَى بَيْتٍ مِنْ بُيُوتِ اللَّهِ لِيَقْضِيَ فَرِيضَةً مِنْ فَرَائِضِ اللَّهِ ، كَانَتْ خُطُواتُهُ إِحْدَاهُمَا تَحُطُّ خَطِيئَةً ، وَالأُخْرَى تَرْفَعُ دَرَجَةً

«Кімде-кім үйінен дәретін толық алып, кейін адамдармен бірге немесе жамағатпен бірге мешітте парыз етілген намазды оқу үшін шықса, бір қадамы күнәсін кешірсе, екінші қадамы дәрежесін өсіреді»[3]-деген.

Яғни, көпшілікке белгілі болған нәрсе адам әдетте белгілі бір кездесуге немесе көпшілік жиналатын орынға, әсіресе сол кездесу, не отырыс оның жүрегінде елеулі орын алған бір құрметті кісімен болатын болса, онда ол ондай жерлерге бару үшін мүмкіндігінше әдемеленіп, алдын ала дайындық жасайды. Сол секілді мұсылмандар парыздарын өтеу үшін Алланың үйіне жиналып, алдын ала дайындық жасап, тазаланып, әдемі киімдерін киіп, жұпар иісті сеуіп бару керек.

2. Мешітке намаз үшін жиналғандарды жағымсыз иіспен мазаламау үшін, мешітке шығар алдын пияз, сарымсақ сияқты нәрселерді жемеу:


Кімде кім намаз оқушыларға жағымсыз иіспен зиян тигізген болса, періштелерге де зиян берген болады. Жабир атты сахабадан (Алла одан разы болсын) келген хадисте: Пайғамбарымыз (ﷺ) «Кім сарымсақ не пияз жеген болса, біздерге жақындамасын немесе біздің мешітімізге жақындамай үйінде отырсын»-деп қатаң түрде ескерткені бар[4].

 

3. Мешітке ертерек бару абзал:

Пайғамбарымыз (ﷺ) өзінің үмбетін мешітке ертерек шығуға шақырған. Мысалға Абу Һурайрадан (Алла одан разы болсын) келген хадисте Пайғамбарымыз (ﷺ): «Егер адамдар азан айту мен бірінші сапта намаз оқудың сауабын білсе еді, әрі сол сауапқа жету үшін таласты тек жеребе тастаумен ғана шешуге болатын болса, жеребе тастар еді. Егер мешітке ерте барудың сауабын білсе еді, онда оған жету үшін жарысар еді. Әрі егер құптан мен таң намазында қандай сауаптың бар екенін білген болса, онда оған еңбектеп болса да келер еді»[5] деген.

 

4. Намазға барарда Аллаға ықылас танытып, асықпай бару:

Пенденің намазға ертерек асықпай келуі, оның намазды толық бойұсынушылықпен және Раббысына шынайы беріле орындауына мүмкіндік тудырады. Ал керісінше кім намазға ентіге, асығып келсе, бұл нәрсе оның тынысының тездетіліп, ойының шашырап, намаздағы болған қорқынышы мен ықыласын кемітеді. Пайғамбарымыз (ﷺ) өзінің бір сөзінде намаз басталып кеткен болса да, оған жүгіре ентігіп, асығып келуден тиған. Бұған дәлелді Абу Қатададан (Алла одан разы болсын) келген хабардан көреміз. Ол кісі былай дейді: «Біз бірде Пайғамбармен () бірге намаз оқып жатқанымызда, бір кісілердің асығыстықпен келгендіктен, топырлаған аяқтарының дауыстары естілді. Пайғамбарымыз () намазын бітіргеннен кейін; «сендерге не болды?» – деп сұрады. Олар: «біз намазға асыққан едік»-деді. Сонда Пайғамбар (): «Ендігіде олай істемеңдер. Егер намазға келген болсаңдар асығып, аптықпаңдар. Намаздан үлгерген ракағаттарыңды оқып, ал үлгермеген ракағаттарыңды толықтырып бітіріңдер»[6]-дейді.

 

5. Намазға бара жатқанда оқылатын дұға.

Намазға шыққан адам Пайғамбарымыздың (ﷺ) мешітке шыққан кезде оқыған дұғасын айтқан абзал. Бұған дәлелді Ибн Аббастың өзінің нағашы әпкесі Маймуна анамыздың үйіне қонған кезде көргенін хабарлаған хадистен табамыз. Сол хадисінің соңында Абдуллаһ ибн Аббас былай дейді: «Біләл (Алла одан разы болсын) келіп, Пайғамбарды намазға шақырып кетті. Ол кісі түндегі дәретін жаңаламастан тұрып намаз оқыды. Және ол кісінің мешітке бара жатқандағы дұғасы: «Иә Алла менің жүрегіме нұр ұялат, көзімді нұрландыр, құлағымды нұрландыр, менің оңымды және солымды нұрландыр, үстімнен және астымнан нұрыңды төге гөр, алдымнан және артымнан да нұрыңды жаудыр»[7]- деген сөз болды.

 

6. Мешітке кіргенде оң аяқпен кіріп, шығарда сол аяқпен шығу.

Мешітке оң аяқпен кіру керек. Өйткені Пайғамбарымыз (ﷺ) солай істейтін әрі мешіт құрметті орындардың бірі. Мүбарак хадисте: «Пайғамбар (ﷺ) барлық істе оңды жақсы көретін, дәрет алғанында, киінгенінде, жүргенінде» делінген.[8]

 

7. Мешітке кіргенде "Тахиятул масжид" (яғни, мешітке кіргенде сәлем намазын) оқу.

Мешітке кіргенде отырмастан алдын, екі ракағат мешітке сәлем намазын оқып алу Пайғамбарымыздың (ﷺ) сүннеті. Расулалла (ﷺ) былай деген: «Сендердің біреулерің мешітке кірсе отырмастан бұрын екі рәкағат намаз оқысын»[9]. Әбу Ханифа мазһабы бойынша намаз оқу мәкруһ уақыттар мен жамағат парыз намазын бастап кеткен кезден басқа уақыттарда оқылады.

 

8. Мешітте отыру:

Мешітте намазды күтіп отыру абзал істерден. Оның абзалдығын Пайғамбардың (ﷺ) мына хадисінен көре аламыз: «...Кімде-кім мешітке кірсе, және оны онда ұстап тұрған нәрсе намазы болса, онда ол адам намазда болып есептеледі. Сендердің біреулерің намаз оқыған жерінен тұрып кетпейінше, періштелер оған: "Ия, Алла! Оны рахметіңе бөле, Ия Алла! Оны кешіріп, жарылқа. Ия Алла! Оның тәубесін қабыл ет».[10]- деп тілейді.

 

9. Мешіттің ішінде сауда-саттық жасауға,

Өйткені мешіт ондай істер үшін құрылған емес. Мешіт Алланы еске алу, Құран, намаз оқу, және адамдарға дін әмірлерін үйрету сияқты істер үшін арналған орын.

 

10. Мешітте болмашы нәрсе үшін дауыс көтермеу:

Сайб ибн Иазид деген кісі былай дейді: «Мешітте тұрған едім бір кісі мені таспен түртті, қарасам Омар ибн Хаттаб екен. Ол кісі маған: «Анау екеуін шақырып келші»-деді. Ол екеуін оған алып келдім. Сонда Омар ол екеуіне: «Кімсіңдер» немесе «Қайдан боласыңдар»,-деді. Олар: «Тайф елінен боламыз»,-деді. Оларға Омар: «Егер сендер қаламыздан болғандарыңда (яғни, Медина қаласының тұрғындары болғандарыңда), Алланың елшісінің мешітінде дауыстарыңды көтеріп сөйлегендерің үшін, қаттырақ ұрып ескертер едім»[11] - дегені бар.

 

11. Мешіттен азан айтылғаннан кейін шығу.

Мешітте отырған кезде азан айтылса, одан себепсіз шығып кету макруһ. Себепті жағдайларға дәретті жаңарту, және сол сияқты зәру істер кіреді. Абу Шағса деген кісі өзінің жеткізген хабарында былай дейді: «Біз мешітте Абу Һурайрамен бірге отырған едік, азаншы азан айтты. Сол уақытта бір кісі тұрды да, (ешбір себепсіз) кете бастады. Абу Һурайра оған мешіттен шығып кеткенше көзін салды. Кейін Абу Һурайра: «Бұл пенде Абу Қасымға, (яғни, Пайғамбар ) қарсы келіп, күнәһар болды»[12]-деп қатаң түрде ескерткен.

 

12. Мешітте отырған кезде саусақтарын
бір-біріне айқастырып тырсылдату.

Жалпы жағдайларда саусақтарды айқастырып тырсылдатудың ешбір айыбы жоқ. Бірақ намаз оқымастан алдын мешітте намаз уақытын тосып отырған кісіге, саусақтарын айқастырып тырсылдату, макруһ амалына жатады. Бұған дәлелді Қағб Ибн Ғужра атты сахабаның (Алла одан разы болсын) айтқан мына хадисінен көреміз. Ол хадисте: «Сендерден біреулерің дәретін толық етіп алып, арнайы мешітке қарай ниет етіп шықса, әрі ол мешітте намаз уақытын тосып отырған уақытта саусақтарын айқастырып тырсылдатпасын. Өйткені ол намазда. (яғни, намаз оқып жатқанмен тең),-делінген[13].

 

13. Мешітте рұқсат етілген дүние сөздерін сөйлеу.

Мұсылман кісінің өзінің мұсылман бауырымен мешітте рұқсат етілген дүние сөздерімен сөйлесуі күнә емес. Өйткені Пайғамбарымыз (ﷺ) өзі де, оның сахабалары да мешітте дүние істері жайында әңгімелесетін еді. Саммағ Ибн Харб Жабир Ибн Самраға:

- Пайғамбармен () бірге отыратын ба едің, - деп, сұрақ қояды. Ол:

- Ия, Пайғамбар () көбіне таң намазын оқыған соң орнынан күн шыққанша қозғалмайтын еді. Күн шыққанда орнынан көтерілетін әрі сахабалар сол кездерде бір-бірімен әңгімелесетін. Жаһилетте болған істерді еске алып күлісетін. Пайғамбарымыз () да естіп күлімсірейтін еді[14].

Бірақ мешітте рұқсат етілген дүние істерімен әңгімелескен кезде мына нәрселерді естен шығармау керек. Олар:
1. Маңайындағы намаз оқушыларға, Құран оқушыларға, іліммен шұғылданушыларға азар беріп, мазаламау керек.
2. Мешітте дүние істерімен әңгімелесуді әдетке айналдырмау қажет.
3. Сол әңгіме барысында өтірік, ғайбат, өсек сияқты харам етілген күнәлі сөздер мен істерге өтіп кетпеу керек.
4. Әңгімені ұзаққа созбау керек.
5. Мешітте дауысты қатты көтермеу қажет.
6. Сауда-саттық сөздерін айтпау керек.

 

14. Мешітте ішіп-жеу.

Мешітте ішіп-жеудің оқасы жоқ. Алланың елшісінің (ﷺ) мешітте ішіп-жеген кездері болған. Ол кісінің бұл ісі оның рұқсаттығына дәлел. Абдуллаһ Ибн Харис Ибн Жузин Аз-Забид деген кісі: «Алланың елшісінің () уақытында мешітте нан, ет жейтінбіз»[15]-дегені дәлел болып саналады. Алайда мешіттің ішін асханаға айналдырып жібермеу керек. Тек ауыз ашар секілді пайдалы отырыстарда мешіттің ішінде ішуге рұқсат.

 

15. Мешіт тазалығын сақтау.

Яғни, мешітте қажетсіз қоқыс заттарды тастамау, тамақ, сусынның қалдықтарын төгіп, шашпау, оның ішіне түкіріп, қақырмау сияқты әдепсіз қылықтарды жасамаған жөн.

 

16. Мешіт имамын тыңдау.

Ислам ғұламалары:  «Намаз оқушы адам имамның дінге жаңалық енгізуші немесе анық пасық екені белгілі болса да, ол имам сол мешіттің күнделікті имамы болатын болса, онда мұсылмандар сол имамның артынан намаз оқуға міндетті. Бұл әуелгі буынның да, кейінгі буынның да пікірі» - деген. Бұл мәліметтер мұсылмандардың жетекшісі болып табылатын имамдардың иман және білім деңгейлерінің қаншалықты екеніне қарамастан, оларға ұю қажет екенін дәлелдейді. Мұның бәрі мұсылмандар бірлігінің мызғымай тұруына игі әсерін тигізеді.  Пайғамбарымыз (ﷺ): «(Имамдар) сендермен намаз оқиды. Егер олар дұрыс жасаса, онда сендерге де, оларға да сауап бар. Ал егер олар қате жасаса, онда сендерге сауап, ал оларға күнә болмақ»[16]-деген.  Осы хадистің түсіндірмесінде Имам Ибн Әбул-‘Изз Әл-Ханафи (оған Аллаһтың мейірімі жаусын): «Бұл егер имам қате жасаса  оның зияны оған ерушілерді емес, имамның өзін табатыны  жайындағы анық  мәтін» - деген..

Қорыта айтқанда мешіттің әдептерін сақтау, әрбір саналы мұсылманның басты міндеттері екенін жадымыздан шығармауымыз қажет. Алла Тағала ықыласпен құлшылық етуді нәсіп етсін!

 


 

[1] Нұр сүресі, 31-аят

[2] Ағраф сұресі, 31-аят

[3] Муслим хадистер жинағы

[4] Бұхари хадистер жинағы

[5] Бұхари хадистер жинағы

[6] Бұхари хадистер жинағы

[7] Муслим хадистер жинағы

[8] Бұхари хадистер жинағы

[9] Бұхари хадистер жинағы

[10] Муслим хадистер жинағы

[11] Бұхари хадистер жинағы

[12] Муслим хадистер жинағы

[13] Әбу Дауд хадистер жинағы

[14] Муслим хадистер жинағы

[15] Ибн Мәжә хадистер жинағы

[16] Бұхари хадистер жинағы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру