Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Мұсылманның әһли кітап иелерімен қарым-қатынасы | жұма уағызы

26.04.2018 16601 0 пікір

Ислам сөзінің түп-тамыры «салима», «юслиму», «ислам» яғни, бейбітшілік, аманшылық деген сөздерден бастау алады, ол Алла Тағаланың «Салам» деген көркем есімімен сабақтас.  Ал, шариғаттағы мағынасы толық мойынсыну, Алланың алдында парыздарды орындау, одан басқа жалған құдайларға табынбау дегенге саяды. Алла Тағала Құран Кәрімде:  

 

هُوَ الله الّذِي لَا إلَهَ إلَّا هُوَ الْمَلِكُ الْقُدُّوسُ السَّلامُ

Ол – Өзінен басқа тәңір болмаған жалғыз Алла, Ол патша; өте пәк, амандық-есендік беруші»,[1] – деп сипатталады.

Әлемді сүйіспеншілікпен жаратқан Ұлы Жаратушының соңғы пайғамбары жер бетіне мейірімділікті жайып, бейбітшілік орнату үшін жіберілген. Құранда бұл турасында:

وَمَا أَرْسَلْنَاكَ إِلَّا رَحْمَةً لِلْعَالَمِينَ

«Біз сені әлемдерге тек рақым етіп қана жібердік»,[2] – делінген.

Алла тарапынан жіберілген және хақтығы зәредей бұзылмаған дін.  Бұл – ислам діні. Бұрмаланушылық пен өзгеріске ұшырамаған және қияметке дейін солай жалғаса бермек.

Алла Тағала Құран кәрімде:

إِنَّ الدِّينَ عِندَ اللَّهِ الْإِسْلَامُ ۗ

«Алланың құзырында қабыл болатын хақ дін – Ислам,[3] деп ашық баяндайды. Сондай-ақ, басқа бір аятта былай ескертеді:

وَمَن يَبْتَغِ غَيْرَ الْإِسْلَامِ دِينًا فَلَن يُقْبَلَ مِنْهُ وَهُوَ فِي الْآخِرَةِ مِنَ الْخَاسِرِينَ

«Кімде-кім Исламнан басқа дін іздесе, (біліп қойсын) ол дін әсте қабыл болмайды. Сөйтіп ол ақыретте зиян шегетіндердің қатарында болады».[4]

Ислам кез келген дін өкіліне құрметпен қарайды. Ешкімді дініне, ұлтына, нәсіліне және жынысына қарап бөлмейді. Адамға адами тұрғыдан баға беріп, Алла алдында ешкім ешкімнен жоғары емес, тек тақуалық пен діндарлықта ғана дәрежелері жоғары бола алады деген сеніммен әрекет етеді.

Пайғамбарымыздың ﷺмүбәрак хадисінде:

يَا أَيُّهَا النَّاسُ أَلَا إِنَّ رَبَّكُمْ وَاحِدٌ وَإِنَّ أَبَاكُمْ وَاحِدٌ أَلَا لَا فَضْلَ لِعَرَبِيٍّ عَلَى أَعْجَمِيٍّ وَلَا لِعَجَمِيٍّ عَلَى عَرَبِيٍّ وَلَا لِأَحْمَرَ عَلَى أَسْوَدَ وَلَا أَسْوَدَ عَلَى أَحْمَرَ إِلَّا بِالتَّقْوَى

«Ей, адамдар! Естеріңде болсын! Раббыларың біреу, ешбір араб араб еместен, араб емес арабтан, ақтың қарадан, қараның ақтан діндарлығынан басқа ешқандай артықшылығы жоқ. Күмәнсіз, Алланың алдында ең мәртебелілерің – тақуа болғандарың»,[5]деу арқылы әз пайғамбар ﷺұлтшылдық пен нәсілдіктің түбіне балта шапқан.

Ислам дінінің бейбіт дін екенінің негізгі айғағы – сенім бостандығына еркіндік бергендігі. Бейбітшілік аясына мұсылмандарды ғана сыйдырып қоймай, басқа дін өкілдерін де бауырына басады, оларды өз діндеріне кіруге мәжбүрлемейді.

Әрбір адам өзінің ықтиярымен, қанағаттана отырып, ол дінге толық сенім артқаннан кейін барып қабылдайды. Ал, біреуді күштеп немесе ақшалай көмек жасап, оның есесіне дінді қабылдатқызу – ол Исламнан емес.

Бұл жайында:

وَلِكُلِّ وجْهَة هُوَ مُوَلِّيها فَتَسْتَبِقُوا الْخَيْرَاتٍ 

 

«Әр адамның  бет берген бір құбыласы бар. Жақсылыққа асығыңдар»,[6]дейді.

«Әркімнің бір бет алатын құбыласы бар» деген сөздің мағынасы әркімнің өзінің жолы, ұстанымы бар деген сөз. Алла тағала басқа бір аятта Пайғамбарымызға (с.а.у) былай дейді:

فَإنْ أَسْلَمُوا فَقَدْ اهْتَدَوْا وَإنْ تَوَلَّوْا فَإنَّما عَلَيْكَ الْبَلاَغُ

Егер олар мұсылман болса, онда олардың  тура жол тапқаны. Ал егер олар бет бұрып кетсе, (саған ешқандай зиян жоқ) сенің міндетің тек жеткізу ғана [7]

Бүгінгі таңда Ислам дінінің гүлденіп, кеңінен таралуы –мұсылмандардың басқалармен жақсы қарым-қатынаста бола отырып, дінге шақыруының нақты жемісі. Алла Тағала соңғы пайғамбарына адамдарды дінге зорлықты күшпен емес, сүйіспеншілікпен шақыруды міндеттеген. Жүректе мейірім, істе шынайылық болмаса, адамдарды хақ дінге шақырудың мүмкін еместігін де көрсеткен.

Әмәуилер, Аббасилер, Селжұқтар, Османлы кезінде өзге наным-сенім иелерінің құндылықтарына құрметпен қараған мұсылмандардың тарихынан парасаттылықты паш ететін жайттар көптеп кездеседі. Бұл Ислам дінінің жер бетіне мұсылмандардың адамгершілігі мен төзімділігінің арқасында жайылғандығын білдірсе керек.

Исламға шақырғанда адам баласының бойында хикмет, сабырлық тағы басқа мұсылман сипатталу керек қасиеттер болуы ләзім. Алла Тағала Құран кәрімде:

ادْعُ إِلَىٰ سَبِيلِ رَبِّكَ بِالْحِكْمَةِ وَالْمَوْعِظَةِ الْحَسَنَةِ ۖ وَجَادِلْهُم بِالَّتِي هِيَ أَحْسَنُ ۚ إِنَّ رَبَّكَ هُوَ أَعْلَمُ بِمَن ضَلَّ عَن سَبِيلِهِ ۖ وَهُوَ أَعْلَمُ بِالْمُهْتَدِينَ 

«Адамдарды Раббыңның жолында даналық және көркем үгіт арқылы шақыр. Әрі олармен көркем түрде күрес. Күдіксіз, Раббың Ол, тура жол тапқандарды да жақсы біледі»,[8] – деп үгіт айтады.

Ислам қоғамдағы тыныштық пен ынтымақты сақтау үшін мына негізгі қағидаларды талап етеді:

  1. Өзгенің құқығына қол сұқпау: Ислам дінін қабылдаған, Құраннан нәр алған әрбір мұсылман өзгенің ақысын жемей, ала жібін аттамай, бауырына зиянын тигізбеу керек, өйткені адамзат бір атадан, бір анадан тараған. Алла Тағала Құран кәрімде:

يَا أَيُّهَا النَّاسُ اتَّقُوا رَبَّكُمُ الَّذِي خَلَقَكُم مِّن نَّفْسٍ وَاحِدَةٍ وَخَلَقَ مِنْهَا زَوْجَهَا وَبَثَّ مِنْهُمَا رِجَالًا كَثِيرًا وَنِسَاءً ۚ 

«Уа, адамдар! Бәріңді бір жаннан (бір кісіден) жаратқан һәм одан жұбын жаратып, ол екеуінен көптеген ерлермен әйелдерді өрбітіп, жер бетіне таратқан Раббыларыңа қарсы келуден сақтаныңдар!»[9]

Пайғамбарымыз ﷺбауырмашылық жайында:

اَلْمُسْلِمُ أّخُو الْمُسْلِمِ ، لاَ يَظْلِمُهُ وَلاَ يُسْلِمُهُ ، وَمَنْ كَانَ فِي حَاجَةِ أَخِيهِ كَانَ اللهُ فِي حَاجَتِهِ

«Мұсылман мұсылманның бауыры. Ол бауырына қиянат жасамайды және оны залымдарға тастамайды. Кім бауырының мұқтаждығын өтесе, Алла да оның мұқтаждығын өтейді»,[10] – деген. Біреудің малын, жанын, арын сақтау мұсылманның негізгі қағаидаттарынан.

  1. Әділ қарым-қатынас жасау:  Қоғам тыныштығы үшін бұл басты талап. Құранда бұл жайында былай дейді:

إِنَّ اللَّهَ يَأْمُرُ بِالْعَدْلِ وَالإِحْسَانِ وَإِيتَاء ذِي الْقُرْبَى وَيَنْهَى عَنِ الْفَحْشَاء وَالْمُنكَرِ وَالْبَغْيِ

«Анығында, Алла адамдарды әділ болуға, жақсылық жасауға, ағайынға қарайласуға бұйырады. Арсыздықтан, тоңмойындықтан, азғындықтан тыяды»[11]

Осы орайда Омардың кезіндегі бір оқиғаны еске түсіп отыр: Бір яһуди Әли ибн Әби Талибтің (р.а.) үстінен шағымданып, Омар ибн әл-Хаттабқа (р.а.) келеді. Әли Омардың алдына келіп отырғанда, Омар: «Уа, Әбу әл-Хасан! Тұр да, қарсыласыңның жанына барып отыр»,– дейді. Әли айтқанын орындайды. Мұсылмандардың әміршісі Әлидің жүзінен ашу мен қобалжу белгілерін байқайды. Дегенмен, қазылық біткенге дейін байқамаған сыңай танытады. Сосын Әлиге: «Уа, Әли, қарсыласыңмен бірге қойғанымды ұнатпай қалдың ба?» – дейді. Сонда Әли: «Жоқ, менің қобалжу себебім, сен мені кунияммен ((лақаб атыммен) Әбу әл-Хасан деп) шақырып, қарсыласымды олай шақырмай, екеумізге тең қарамадың. Содан яһудидің мұсылмандардың арасында әділдік жоғалған екен деп ойлап қалуынан қорықтым»,– деген екен.[12]

  1. Көркем мінезділік: Ислам көркем мінез-құлықтан тұрады. Бұны да Құран ахлағы дейміз. Расында, көркем мінездің түрі өте көп. Олардың қатарына кешірімді, тілектестікті, жомарттықты, шыншылдықты, аманатқа беріктікті, қарапайымдылықты, кішіпейілділікті, ұяттылықты жатқыза аламыз. Әдетте, адамдардың арасында кездесетін барлық қарым-қатынас, іс-қимыл, әрекет, сауда-саттық кезінде жақсылық жасаудың кез келген жолы көркем мінез саналады. Адам осы көркем мінезімен кез келген адамға танылуы тиіс.
  2. Сенім еркіндігі: Ислам жеңіл дін әрі ешкімді діни сенімі үшін бұл дүниеде айыптамайды. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:

 لَا إكْرَاهَ فِي الدِّينِ 

«Дінде зорлық жоқ»,[13] – деп баяндайды.

Шынында да, дінде зорлық жоқ. Алла Тағала ешкімге дінді зорлықпен қабылдатпайды. Себебі, дін – күштеу арқылы өз қағидасын қабыл еттіретін жүйе емес. Діндегі басты мақсат – иман. Ал, иман болса, ар-ұждан мен жүрекке қатысты дүние. Кез келген зорлық-зомбылық жүрек пен ар-ұжданға билігін жүргізе алмайды.

Сондықтан, біреудің қысым көрсетуімен жасалған иман – шынайы иман емес. Күш қолданудың нәтижесінде оқылған намаз да намаз емес. Ораза да, қажылық та осы секілді... Яғни, шын көңіл мен игі ниет болмастан жасалған амал ғибадат болып саналмайды. Себебі, «Амалдар ниетке байланысты»[14].

  1. Мейірімділік пен кешірімділік: Ислам әрбір пендеге мейірімді және кешірімді болуды бұйырады. Аятта былай дейді:

خُذِ الْعَفْوَ وَأْمُرْ بِالْعُرْفِ وَأَعْرِضْ عَنِ الْجَاهِلِينَ

«Кешірім жолын ұстан, дұрыстыққа бұйыр, надандардан аулақ бол»[15].
  1. Танысу, араласу: Алла Тағаланың адамзатты жаратудағы мақсаты – бірін-бірі тану, араласу, ұрпақ жалғастыру. Алла Тағала Құран кәрімде:

يَا أَيُّهَا النَّاسُ إِنَّا خَلَقْنَاكُمْ مِنْ ذَكَرٍ وَأُنْثَى وَجَعَلْنَاكُمْ شُعُوبًا وَقَبَائِلَ لِتَعَارَفُوا إِنَّ أَكْرَمَكُمْ عِنْدَ اللهِ أَتْقَاكُمْ إِنَّ اللهَ عَلِيمٌ خَبِيرٌ

«Уа, адамдар! Шүбәсіз сендерді бір ер мен бір әйелден жараттық. Сондай-ақ сендерді бір-бірлеріңмен танысып, табысуларың  (һәм біріңе-бірің қамқоршы дос болып, өзара жәрдемдесіп, тату-тәтті өмір сүрулерің әрі жер бетін көркейтулерің) үшін саналуан ұлыстар мен руларға бөлдік. Біле білсеңдер, Алланың алдындағы ең ардақтыларың ең тақуаларың Шүбәсіз Алла Әлим, Хабир»,[16] – деп келтіреді.

Мұсылманның кітап иелерінің тамағын жеуі, қыздарына үйленуі – осының айғағы. Алла Тағала «Мәида» сүресінде:


الْيَوْمَ أُحِلَّ لَكُمُ الطَّيِّبَاتُ وَطَعَامُ الَّذِينَ أُوتُواْ الْكِتَابَ حِلٌّ لَّكُمْ وَطَعَامُكُمْ حِلُّ لَّهُمْ وَالْمُحْصَنَاتُ مِنَ الْمُؤْمِنَاتِ وَالْمُحْصَنَاتُ مِنَ الَّذِينَ أُوتُواْ الْكِتَابَ مِن قَبْلِكُمْ إِذَا آتَيْتُمُوهُنَّ أُجُورَهُنَّ مُحْصِنِينَ غَيْرَ مُسَافِحِينَ وَلاَ مُتَّخِذِي أَخْدَانٍ وَمَن يَكْفُرْ بِالإِيمَانِ فَقَدْ حَبِطَ عَمَلُهُ وَهُوَ فِي الآخِرَةِ مِنَ الْخَاسِرِينَ

 

«Бүгін сендерге таза нәрселер халал етілді. Кітап берілгендердің де (яһудилердің де, насаралардың да) тамағы (бауыздағандары) сендерге халал қылынды. Сендердің тамақтарың оларға халал. Мүміндерден арлы әйелдермен, сендерден ілгергі кітап берілгендер ішіндегі арлы әйелдермен мәһірін беріп және зинақорлық істемей, астыртын көңілдес болмай некелессеңдер, олар сендерге халал. Кім иманнан тайса, оның еңбегі зая кетеді, ақыретте зиян тартады»,[17] – деп баяндайды. 

Үйлену мәлесесіне келер болсақ, олардан әйел алуға болғанымен, оларға қыз беруге болмайды. Мұның себебі әдетте әйелдің сезімталдығы мен күйеуінің ықпалында болатындығымен түсіндіріледі. Ерекше құрмет пен сыйластық: Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде адам баласын басқа барлық мақлұқтардан құрметті етіп жаратқандығын айтады:

وَلَقَدْ كَرَّمْنَا بَنِي آدَمَ وَحَمَلْنَاهُمْ فِي الْبَرِّ وَالْبَحْرِ وَرَزَقْنَاهُم مِّنَ الطَّيِّبَاتِ وَفَضَّلْنَاهُمْ عَلَىٰ كَثِيرٍ مِّمَّنْ خَلَقْنَا تَفْضِيلًا 

«Біз расында адам баласын ардақты қылып, көптеген нығметке бөледік: оларға құрлықта да, теңізде де мініс көліктер нәсіп еттік.Таза әрі жағымды азықтарды ризық етіп бердік. Сондай-ақ оларды жаратқандарымыздың көбінен әлдеқайда үстем қылдық».[18]

Ендеше, қандай дін өкілі болмасын оның адам атауы болғандықтан құрметтелуі тиіс. Кімде-кім адамның дініне, түр-сипатына, тіліне, ар-намысына тиіп, кемістетін болса, ол һәм Алла Тағаланың жаратылысына қарсы келген болып табылады.

Пайғамбарымыздың ﷺ сахабалардың заманында мұсылманның басқа дін өкілімен қандай қарым-қатынаста болу керектігінің озық үлгісін өнеге ретінде көрсетіп кеткен.

Пайғамбарымыз ﷺ Мәдинаға қоныс аударғанда ең алғашқы қолға алған ісі шаһардағы яһуди мен мұсылмандардың ара-қатынасына тәртіп орнату болды. Діні бөлек бірақ бір шаһардың тұрғындарын өзара тату өмір сүру заңын құжатпен бекітті. Сонымен бірге, мешіт тұрғызды. Меккелік мүһәжір сахабалар мен жергілікті ансар сахабаларды бір-біріне ағайын-туыс етті.

Екінші халифа Омардың (р.а.) тұсында Ислам әлемі кеңейіп, көптеген жерлер халифа билігіне қарады. Сол жылдары ұлттар мен ұлыстардың ешбіріне мұсылмандар тарапынан қысым жасалмай, тұрғындар еркін өмір сүре білді. Ислам діні әһлі кітап яғни христиан дін өкілдері көбірек шоғырланған Палестина аймағына тарағаннан кейін, хазірет Омар (р.а.) 637 жылы оның тұрғындарымен былайша келісім шарт жасайды: «Бұл Алланың құлы, мұсылмандардың әміршісі Хаттабұлы Омардың Илиа халқына берген қауіпсіздік қағазы: «Олардың жандарына, малдарына, шіркеулеріне, крестеріне, дені саулары мен сырқаттарына және қалған ұлтына амандық берілді. Шіркеулерін ешкім тұрғын үйге айналдырмайды, оларды ешкім бұзбайды, олардың ішкі және сыртқы қор мүліктерінен еш нәрсе кемітілмейді, олардың малдарына ешкім қол сұқпайды. Мұндағылардың дініне зорлық жасалмайды»[19].

Халифа Омардың (р.а.) тұсында көзі тірісінде жәннатпен сүйіншіленген Әбу Убайда ибн Жаррах (р.а.) Сирияның әкімі болатын. Рим императоры Ираклий Сирияны өзіне қаратып алу мақсатында қалың қолмен аттанады. Бұл кезде Әбу Убайданың (р.а.) қарамағында аз ғана әскері болғандықтан, қаланы жаудан қорғауы мүмкін емес еді. Дереу Шам тұрғындарын жинап алып: «Сіздерден жизия (мұсылман билігін мойындап, өз діні бойынша өмір сүрген кісіден алынатын жан салығы) салығын алдық. Алайда, дәл қазір бізде жауға төтеп беретін күш жоқ. Сіздерді қорғай алмайтындықтан, жизия салығын қайтарып беруді жөн көрдік.», – дейді.

Жиналған салық иелеріне қайтарылады. Бұл оқиғаға куә болған христиан дін дін өкілдері шіркеулерді лық толтырып, мұсылмандардың жанын аман алып қалуын Жаратқан Иеден жалбарына сұрай бастайды. Христиан діндарлары күллі шіркеуді күңірентіп: «Мұсылмандармен бірге бізді де қанқұйлы Ираклийдің жауыздығынан құтқара гөр!»,[20] – деп дұға жасаған екен.

Мұсылмандар мен кітап иелерінің арасында ертеден тығыз достық байланыс орнаған. Бұл орайда Исламның алғашқы дәуірінде Мекке тұрғындарынан езгі көрген алғашқы мұсылмандардың Хабашстан (Эфиопия) еліне көшіп барып, паналағанын дәйек етсе болады.

Бірде Омар (р.а) халифа кезінде көшеден қайыр сұрап отырған кәрі шалды көреді де, оған жақындап: «Сен қай дін иесісің?» – деп сұрайды. Сонда әлгі ақсақал: «Мен яһудимін», – деп жауап береді, сонда Омар (р.а) одан: «Не себепті осылай отырсын?» – деп сұрайды. «Себебі мен мұқтаж, жұмысқа жарамайтын кәрі шалмын ғой», – деп жауап қайырады. Сол кезде Омар (р.а) оны халықтың қазынасына апарып, қажетін өтейтіндей керегін береді де, оның мойынынан өзге дін өкілдері мұсылман елінде тұрғаны үшін беретін салықты алып тастайды. Міне, бұл әділдіктің ең шыңы!

Омардың (р.а.) кезінде мұсылмандар Палестина жеріне кірген кезде Омар шіркеулердің біріне зиярат қылады. Зиярат қылу кезінде намаз уақыты кіріп, намаз оқуға шіркеу қызметкерінен рұқсат сұрайды. Ол: «Шіркеудің ішінде оқи беріңіз», – дейді. Алайда, Омар (р.а.) олай жасамай, шіркеудің сыртына барып намазын өтейді. Себебін сұраған кезде: «Бұл жерде Омар намаз оқыған деп, менен кейін келетін мұсылмандан шіркеуді бұзып, мешіт сала ма деп қорқамын»,[21] – деген екен. 

Қазіргі уақытта басым бөлігі мұсылмандар құраған Египет, Ливан, Сирия елдеріндегі христиан дін өкілдері ешбір қысым көрместен, мұсылмандармен етене араласып өмір сүруде.

Қазақстанды мекен етiп отырған түрлi ұлт пен ұлыс өкiлiнiң қай-қайсысын алып қарасаңыз да, өзiнiң мәдени және тарихи өмiрiнен қалыс қалмай, танымын байытуда, мәдениетiн, өнерiн насихаттауда мемлекет тарапынан үлкен қолдауға ие болып отыр. Осының айғағы Астанада үш жылда бір өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі діндер­аралық үнқатысу­дың айқын алаңына айналды. Небәрі 15 жылдың ішінде бүкіләлемдік деңгейде мо­йын­далуы съездің маңыздылығын, өзектілігін көрсетеді. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында оның өміршеңдігі дәлелденіп отыр.


Кез келген мемлекеттің гүлденуі, өркендеуі,  бірінші кезекте экономикалық, табиғи рeсурстарына емес, ішкі тұрақтылығына, ауызбіршілігіне байланысты. Мемлекет өте кедей болуы мүмкін, алайда айрандай ұйыған ауызбіршілік, ынтымақтың арқасында барлық қиыншылықтарды жеңіп, өркениетті елдер санатына енеді. «Байлық байлық емес, бірлік – байлық» демекші, қазақ халқының басына түскен талай қысылтаяң кездерде осы бірліктің арқасында жол тауып отырған. Ал, жүз-жүзге, ру-руға, ұлтқа, ұлыстарға бөлініп, әркім өз пайдасын көксегенде кесапатқа ұшырап, жау қолына оңай олжа болған.

Алла дінімізді көркейтіп, мәртебесін үстем қылсын!

 


 

[1] Хашр сүресі, 23-аят

[2] Әнбия сүресі, 107-аят.

[3] Әли Имран сүресі, 19-аят.

[4] Әли Имран сүресі, 85-аят.

[5] Ахмад хадистер жинағы

[6] Бақара сүресі 148-аят

[7] Али Имран 20-аят

[8] Нахл сүресі 125-аят

[9] Ниса сүресі, 1-аят.

[10] Бұхари хадистер жинағы

[11] «Нахыл» сүресі, 90-аят.

[12] http://www.muftyat.kz/kz/article/1445

[13] «Бақара» сүресі, 256-аят

[14] Бұхари хадистер жинағы.

[15] «Ағраф» 199-аят.

[16] «Хужурат» сүресі, 13-аят.

[17] «Мәидә» сүресі, 5-аят.

[18] «Исра» сүресі, 71-аят.

[19] Жолдасов Абдулла, Әділетті төрт халифа, Шымкент, 72-73 бет.

[20] Саңлақ сахабалар, 129-бет.

[21] Тариху Ибн Халдун.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру