Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Екі жаһан сардарын ﷺ түсімізде көре аламыз ба?

Әйгерім Есқожаева muftyat.kz 17.01.2018 7644 0 пікір

 

«Я, Алла, бізді Өзіңнің мейіріміңмен қуанышқа кенелте гөр. Жасаған зұлымдығымыз үшін Өзіңнің мейіріміңнен құр қалдырма». Кез келген істе жақсы нәтижеге қол жеткіздудің бастамасы - ықыласпен дұға ету. Егер Алладан шын ықыласпен сұрасаң, егер көздеген мақсатың тек Аллаға ғана бағытталған болса, мейірім есіктері ашылады. Тәжірибеден өтіп, тексерілген төрт түрлі амал бар. Мен осы төрт түрлі амалды ардақты пайғамбарымызды (ол кісіге Алланың сәлемі мен игілігі болсын) түсінде көргісі келетін жандарға үнемі айтып жүремін. Егер кімде-кім осы төрт амалды үнемі тастамай, амалға асырып жүретін болса, ол адамға Алланың қалауымен, пайғамбарымызды (ол кісіге Алланың сәлемі мен игілігі болсын) түсінде көру құрметі беріледі.
Біріншісі, көп мәрте салауат айту. Әр адамның салауат айтуға арнайы бөлінген уақыты болуы керек. Әз пайғамбарға (ол кісіге Алланың сәлемі мен игілігі болсын) көп мәрте салауат айтуымыз қажет. Имам әс- Сахафи «Әл Қаули Бадиъ фи- салати ъалан-Наби» еңбегінің авторы: «300 рет салауат айту күндіз- түні оқылатын салауаттың ең аз мөлшері болып табылады»,- дейді. Қайда жүрсең де көлікте, метрода келе жатсаң да салауат оқы. Салауаттан қолың босамауы қажет. Сансыз салауат оқу деген- осы. Егер адам өзін салауатты көп айтатын адамдар қатарына жатқызар болса, ол адам күніне жоқ дегенде 300 рет салауат айтуы қажет. Мұны Имам әл- Хафиз әс- Сахафи: «Салауатты махаббатпен оқуың қажет: «Аллаһумма салли ъала сәийдинә Мухаммадин ән- набиул умми, уә ъалә әлиһи уә сахбиһи уә сәллим тәслимән кәсиран» деген секілді салауаттарды үлкен сүйіспеншілікпен оқыңдар»,- деген кеңес береді.
Екіншісі, сүннетті берік ұстану. Бұл жерде сүннетті сырт келбетпен ғана көрсету жайлы айтылып тұрған жоқ. Көптеген адамдар сүннетті сырт келбетімен, жай ғана ұстанып жүргендеріне мәз болады. Бұл әрине, жақсы. Алайда сүннетті ұстанғанда да, құрметпен ұстану керек. Егер бізге пайғамбар (ол кісіге Алланың сәлемі мен игілігі болсын) оң қолымен ішіп- жеген десе, бұған салт ретінде қарамай, біздің Сүйіктіміз қалай істеген болса дәл солай ішіп- жеп жатқанымызды сезіну керекпіз. Тамақтанып жатқан кездіңде де Сүйіктімізбен бірге болайық. Үйге оң аяқпен кіріп, сол аяқпен шығыңдар, ал әжетханаға сол аяқпен кіріп, оң аяқпен шығыңдар деген кезде кейбір адамдар: «Дін деген оң аяқпен кірме, сол аяқпен шықпа»,- деп мазақ еткендей болады. Біз мұны айтып жатқан жоқпыз. Сіз бізді дұрыс түсінбей қалдыңыз. Я болмаса, кешіріңіз, біз сізге бұл нәрсені дұрыс түсіндіре алмадық. Мәселенің бәрі бір аяқтың екінші аяқтан бұрынырақ аттап жүруінде емес, мәселенің бәрі менің жүрегімнің үйге кіріп- шыққанда пайғамбарыммен (ол кісіге Алланың сәлемі мен игілігі болсын) байланысуында, бір болуында. Әдетте, үйге кірген кезде кіріп қана қоймай, көшедегі келеңсіздіктерді үйге қоса ала кіреміз. Неге? Себебі, даладағы көңіл-күй мен үйдің арасын бөлетін ешбір тосқауылдың жоқтығы. Үйге көңілсіз кірген соң, қас-қабағыңа қарап отырған отбасыңның да берекесін де қашырарың анық. Ендеше, үйге келген кездіңде есік алдында тұрып, бір сәтке болса да тоқтап, ойлан. Сенің Сүйіктің үйге кірер кезде қандай әдепті сақтаған еді? Ол оң аяғымен кірген болатын, ендеше сен де Сүйіктіңмен бірге оң аяғыңмен кір. Отбасыңдағыларға сәлем бер де, үйге кіргендегі дұғаңды оқы. Үйге сол аяқпен емес, оң аяқпен кірудегі даналық осында жатыр. Ал үйден шыққан кезіңде сол аяқпен шық та, осы амалыңмен пайғамбардың (ол кісіге Алланың сәлемі мен игілігі болсын) ізімен жүргендігіңді біл, сезін. Айналаң да танысын. Сүннетті ұстану тек киіммен, сырт келбетпен я болмаса сол немесе оң аяқпен ғана шектелмейді. Сүннет – бұл амал. Алла Елшісі қатты күлгенді ұнатпайтын. Ол  кісі (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) тек қана күлімсірейтін, ол үнемі күлімдеп жүретін. Ешқашан ашулы болып, түнеріп жүрмеген. Кейбір адамдар бір қарағанда- ақ жұмсақ әрі көңілді, мейірімді болып көрінеді. Ал егер аздап ашуланса болды, өзгеріп сала береді. Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) қалпынан таймаған. Әз елшідей ешбір жан үмметтің қамын жемеген. Сонымен қатар Ол кісі (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) өзінің қуанышын адамдардан ешқашан да жасырған емес. Өзінің сахабаларына ең көп күлімдеп қарайтын адам еді. Бұл – Оның (ол кісіге Алланың сәлемі мен игілігі болсын) жолы. Ол (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) ешкімнен қуанышын жасырған емес. Ол сондай жан болған, оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын! Ол кісі жүзіндегі күлкісін ешкімнен жасырып қалған емес және адамдардан теріс айналып кеткен де емес, кей кездері оның жүзі өзгеріп сала беретін, алайда оның да себебі болатын еді.  
Бірінші – үзбей салауат айтып жүру. Екіншісі – сүннетті құрметпен ұстану. Адамдармен көркем мәміледе болуымыздың өзі Оның (ол кісіге Алланың сәлемі мен игілігі болсын) сүннетін ұстануымыз. Біз пайғамбармен (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) өміріміздің әрбір сәтінде бірге болуымыз керек. Өміріміздің әр сәті әз пайғамбармен (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) байланысты екенін сезінуіміз керек. Үнемі салауат айту, сүннетті қастерлеп ұстану.

Ал үшіншісі болса, Оның (ол кісіге Алланың сәлемі мен игілігі болсын) үмметіне қызмет ету.

Өзгеге қалай пайдамды тигіземін деп өмір сүру және өзімшіл болмау. Егер мұқтаж жанды көрсек, пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың сәлемі мен игілігі болсын) мұқтаждармен қалай қарым- қатынаста болғанын есімізге алайық. Егер өзіміз өзгеге мұқтаж болып тұрсақ, жақсылық жасап алып, кейін оны жамандықпен алмастырушылардан болудан сақ болған жөн. Алла Тағала өзгелерді дінге шақыру үшін пайғамбарымызды (ол кісіге Алланың сәлемі мен игілігі болсын) өзгелердің сөздеріне құлақ асуына мұқтаж қылып қойған кездегі оның халін есімізден шығармайық. Пайғамбар үшін үмметке қызмет ету- тек мұсылмандарға ғана емес, ардақты пайғамбарымыздың міндеті - бүкіл әлемге жіберілген пайғамбар екенін біліп қызмет ету болды. Алла Тағала: «Біз сені жер бетіне рақым етіп қана жібердік»,- дейді. Жер бетіндегі оның үмметінен болған әрбір адам, дінге шақырушының үмметі. Адамдардың барлығымен жақсы қарым- қатынаста болуымыз қажет.

Төртіншісі, дінге шақырған кездегі кезіккен қиыншылықтарға сабырлық.

Бұл нені білдіреді? Мысалы, біз біреуді жақсы көрдік дейік. Біз ол адамды не нәрсе мұңайтып, не нәрсе қуандыратынын білеміз. Әрі соған қарай әрекет етеміз. Өйткені, махаббат бар. Егер біз біреуді жақсы көретін болсақ, біз үшін ол адамның жағдайы барлық дүниелік істерден маңызды болуы керек. Ол жанға деген біздің махаббатымыз артқан сайын, ол адам қайғырған нәрсеге біз де қайғыратын боламыз. Ол қуанса біз де балаша мәз боларымыз сөзсіз. Ал пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың сәлемі мен игілігі болсын) жүрегін не нәрсе қуандырған екен? Ол не нәрсеге қызықты, ненің қамын ойлады екен?
Жоғарыдағы тізімде төрт түрлі амал болды. Үнемі салауат айту, оның сүннетін қастерлеп ұстану, дінге шақыру кезіндегі қиындықтарға сабырлық, үмметке қызмет ету. Кімде- кім осы төрт шартты үнемі орындап жүретін болса, ол адамға Алла Тағала қаласа, түсінде ардақты пайғамбарымызды (ол кісіге Алланың сәлемі мен игілігі болсын) көру құрметін береді.

Бұған тағы да әз пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың сәлемі мен игілігі болсын) өмір жолы жайлы кітаптар оқу да көмектеседі. Оның көркем мінезі жайлы жазылған еңбектер, Алла Тағала Мұхаммедке (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) берген ерекшеліктер туралы еңбектер оқу қажет. Сол кезде Алла Тағала біздің жүрегімізді пайғамбарымызға деген үлкен сүйіспеншілікке толтырып қояды.  

Жоғарыдағы шартқа қоса кету керек, Ол кісіге байлану. Яғни қандай жағдай болмасын Оны (ол кісіге Алланың сәлемі мен игілігі болсын) көруге ынтығу, «Раббым, пайғамбарыңды көргім келеді» деген ой санамызда жаңғыруы керек және Оның үмметіне тынбай, ықыласпен қызмет етуіміз керек». 

Алла Тағаладан баршаңызды Пайғамбарымыз түсіңізде келіп зиярат етуін сұраймын. Әмин! 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру