Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Егер хадис сахих болса ол менің мәзһабым»

Илесбеков Аян, Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қалалық мешіттің наиб имамы   16.01.2018 7095 0 пікір

 

Қазақстан жетпіс жыл отаршылдықтан кейін, егемендікке қол жеткізіп өмір сүрудің барша тетіктеріне еркіндік берілді. Осындай нығметті сезінген халқымыз ата-бабамыздан сінген діни қадір-қасиеттерді қайта тіктеуге қадам басты. Осылайша, халқымыздың көпшілігі діни білім алуға ден қойды. Бірақ, діни білім алу оңайға соқпады. Себебі көпшіліктің діни сұранысына нақты жауап беретін мамандардың болмауы немесе жетіспеуі байқалды. Ресми оқу орын болмағандықтан жастар білім іздеп шетел асты. Әрине бұл бастапқыда діни мамандардың орны толығады деп біраз адамды қуантқанымен, алайда көп күткендей бәрі бірдей олай болып шықпады. Өйткені олардың іс-амалы ханафи мәзһабының шеңберінде амал етіп жүрген халқымыз үшін жат көрінді. Нәтижесінде талас-тартыстың есігі ашылды. Сол талас-тартысқа алып келетін мәселе көп. Соның бірі «Егер хадис сахих болса, ол менің мәзһабым» – деген Имам Әбу Ханифаның сөзі. Осы сөзді өзіне дәлел етіп ұстанған кейбір жандар Әбу Ханифа мәзһабына қайшы мәселелерді айтып жастарды адастырып әбден әлекке түсірді. Осы мәселені зерттеп, зерделеп көруді ниет еттік.

Расымен де Имам Әбу Ханифаның жоғарыда айтылған сөзін имам Ибн Абидин өзінің «Хашиясында» және Ибн Шихна «Һидаяға» жазған шархында келтірген. Басқа да имамдардың осы сынды сөздерін Мухаммад Аууама өз кітабында келтіреді.   

Шейх Ахмад әл-Қайранауи «Иғләә`у әс-суннән» атты еңбектің екінші кіріспесінде бұл сөздің мағынасы «Анық, нақты дәлел менің сөзім емес, пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сөзі, сондықтан менің сөзім өздігінен дәлел болады деп ойламаңдар. Мен пайғамбарымызға (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қарсы сөз айтудан аулақпын»-дегені, деп түсіндіреді[1].

Шамның Хумс өлкесінен шыққан тәпсірші, мухаддис һәм ханафи мәзһабының фақиһ ғалымы – Абдулғаффар өзінің «Дәфғу әл-ауһам» атты трактатында былай дейді: «Қазіргі уақытта біршама ілімге қолы жеткен соң атаққұмарлыққа салынып һәм даңдайсып, өзін білімнің шыңына жеттім деп санайтын жандарды кезіктіреміз. Алайда олар білімнің ең төменгі сатысында жүр. Онымен шектелмей олар алты хадис жинағының бірін ғана оқып алып, ханафи мәзһабының үкіміне қайшы келген хадисті көріп: «Ханафи мәзһабын тәрк етіп, Алла Елшісінің хадисін негізге алыңдар», – дейді. Алайда олар аталған хадистің мансұқ етілгендігінен не болмаса тізбек тұрғысынан өзінен күшті хадиске қайшы келгендігін не болмаса ол хадистің белгілі бір жағдайға байланысты дәлелге алынбауынан бейхабар қалып жатады. Егер осылайша оларға хадистерге шектеусіз амал ету құқығы берілетін болса, онда олардың көп мәселеде қателікке ұрынып адасатыны һәм олардан пәтуа сұрағандарды да адастыратыны сөзсіз» [2].

 «Егер хадис сахих болса ол менің мәзһабым» деген Имам Шафиғидің де сөзін Мухаммад Аууама өз кітабында келтіреді [3].  

Ендеше, Шафиғи мәзһабының ғалымдары бұл сөз төңірегінде не айтқан екен соған назар салып қарайық.

Мухаммад Аууама Имам Шафиғидің және басқада имамдардың бұл сөзді айтудан мақсаты «Егер хадис амал етуге жарамды болса ол менің мәзһабым» дегендері екенін айтады.

Имам ән-Нәуәуи «Тәһзиб әл-әсмәә уа әл-луғат» атты еңбегінде:

«Имам Шафиғи сақтық жасап, сахих хадиспен амал етіп, анық һәм айқын нассқа (Құран мен хадис мәтініне) қарсы келген сөзін (үкімін) тастауды нақтылап өсиет етіп кеткен. Оның өсиетін соңынан ерген ізбасар шәкірттері берік ұстанып, көптеген мәселелерде сахих болған хадиспен амал етті», – деп имам Нәуауи өз сөзін жалғастырып, бірақ қазіргі заманда бұл шартпен жүретін кісілер аз деп айтады [4].

Егер имам Нәуәуидің заманында (хижри 631-676) ондай кісілер аз болса, қазіргі біздің уақытта мүлдем жоқ деуге де болады.

Имам Нәуәуи «әл-Мажмуғу шарху әл-мәзһаб» атты еңбегінде: «Қандай да бір адам сахих хадисті көріп, міне бұл Шафиғи мәзһабы десе, оның бұл сөзінің мағынасы дұрыс болмайды. Өйткені оның бұлай айтуы үшін мәзһаб мужтәһиді дәрежесінде болуы керек. Шарт бойынша ол кісіде имам Шафиғидың ол хадиске сүйенбегені немесе оның сахих екендігін білмегені жөнінде нақты білім болуы тиіс. Сондай-ақ мұндай басым ой айту үшін имам Шафиғидың барлық кітабын һәм оның ижтиһадына негізделіп жазған кітаптардың барлығын оқып шығу талап етіледі. Қарап отырсақ, аталған шарт өте ауыр, сондықтан бұл шартты орындай алатын кісілер жоқтың қасы», – деген [5].

Имам әт-Тақи әс-Субки «Егер хадис сахих болса ол менің мәзһабым» деген атпен қысқаша трактат жазып, сол жерде Ибн Салах пен имам Нәуәуидің сөздерімен келісе отырып: «Бұл – әрбір кісінің алданып, қате басып қалмауы үшін аталған дәреженің жауапкершілігін түсіндірген сөз[6]» .

 Яғни ижтиһад жасауға лайық емес білімсіз кісілердің аталған дәрежені өздеріне телуге әрекет етпеуі үшін айтылған сөз.

Ибн Хайсами «Шархул-илал әт-Тирмизи» атты еңбегінде Иса ибн Юнус Ағмаштан, ол Ибраһим ән-Нахағиден естіген: «Мен естіген хадисімді алдымен қарап одан керегін алып, қалғанын тәрк етемін» - деген сөзін келтіреді [7].

Имам әл-Қади Ғияд «Тәртииб әл-мидрок» атты Имам Маликтің шәкірттерінің бірі Абдулла ибн Уаһһабтың: «Егер Алла мені имам Мәлик және имам Ләйспен жолықтырмағанда мен адасқан болар едім», – деді. Сонда одан кісілер: «Қалайша?» - деп сұрағанда ол: «Мен көптеп (яғни 120 мың хадис) хадис жазған едім. Кейіннен оларды имам Мәлик пен имам Ләйске көрсеткенімде, ол екеуі «Мынаны (яғни хадисті) қалдыр да, ал мынаны тәрк ет, деп айтып берді», – деген сөзін келтірген[8].

Имам әл-Бағдади «әл-Жамиғ ли ахлақ әр-рауи уә әл-әдаб әс-самиғ» атты еңбегінде имам Шафиғи: «Имам Мәликтен біреулер былай деп сұрайды: «Сенде Суфян ибн Уяайна мен әз-Зуһриден жеткен хабарлар жоқ па?» – деп айтқан. Сонда имам Мәлик:

«Хадистен естігенімнің барлығын айта берейін бе? Егер олай айта беретін болсам, адамдардың адасқанын қалаған болып қаламын», - деп жауап берген сөзін келтірген [9].

Имам әл-Бағдади имам Әбу Нуғаймнан мына оқиғаны риуаят етеді. Әбу Нуғайм имам Бухаридің ұстаздарының бірі саналады. Ол: «Бірде мен имам Зуфар ибн Хузайлдың (Имам Әбу Ханифаның үлкен шәкірттерінің бірі) жанынан өтіп бара жатқанымда ол маған: «Ей пәленше бері кел, хадистеріңді електен өткізіп беремін», – деп шақырды. Мен хадистерімді айтқанымда, ол кісі мынау алынады, ал мынау алынбайды, ал мынау – насих, ал мынау – мансұх», – деп айтып берді», - деген [10].

Имам Ибн Әбу Зайд әл-Қайрауани «Жамиғ» атты кітабында Суфян ибн Уайнаның (һ. 198 ж): «Хадис фақиһтардан басқасын адастырады», -деген сөзін келтірген [11].

Осы мағлұматтарды қорыта келе түсінгеніміз:

  1. Имамдардың «Егер хадис сахих болса ол менің мәзһабым» деген сөзі яғни хадис олардың шартында сахих болуы көзделген. Олардағы сахих үкімі біз ойлағандай тек тізбек тұрғысынан емес. Сондықтан имамдардың бұл айтылған сөзін «егер хадис амал етуге жарамды болса, ол менің мәзһабым» деп түсінген дұрыс.
  2. Имамдардың бұл сөзі қарапайым халық үшін айтылмағанын анық аңғарамыз. Егер, расымен бұл сөз тура мағынада айтылған болса, онда көп адамдар адасып кетер еді. Ол кісілер бұл сөзді адамдарды адастыруды қалап айтпағаны анық.
  3. Пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистері мужтаһид ғалымдардан басқа қарапайым халықты адастыратынын ескерсек, бізге мәзһаб өкілдерінің етегінен мықтап ұстағаннан артық тура жол жоқ.

 

 

[1] «Асар әл-хадис әш-шәриф фи ихтиләф әл-әиматул фуқаһа». 52-б.

[2] «Дәфғу әл-ауһам». 15-б.

[3]  «Асар әл-хадис әш-шәриф фи ихтиләф әл-әиматул фуқаһа». 40-б.

[4] «Тәһзиб әл-әсмәә уа әл-луғат». 1том. 51-б.

[5] «әл-Мажмуғу шарху әл-мәзһаб». 1том. 104-б.

[6]  «әл-Мәжмуғ  әр-расаил  әл-мунибия». 102-б.

[7] «Шархәл-илаләт-Тирмизи». 1 том. 413-б.

[8] «Тәртииб әл-мидрак». 2 том. 427-б.

[9] «әл-Жәмиғ лиахлаақ әр-Рауи уа әдаб әс-самиғ». 2 том. 109-б.

[10] Хатиб әл-Бағдади. «әл-Фақиһ уал-мутәфаққиһ». 2 том. 82-б.

[11] Әби Зайд әл-Қайрауани. «әл-Жәмиғ». 118-б.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру