Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Әлсіздерге көмектескендерге қандай сауап бар?

Бауыржан қажы Нығызбекұлы «Өскемен орталық мешітінің» Бас имамы 22.12.2017 4929 0 пікір

 

Ата-бабаларымыз ежелден «Жетім көрсең, жебей жүр» деп әлсіздерді қолдауға, олардың мұңын бөлісіп, көмек қолын созуды өсиет етіп келген. Қазақ халқы сан ғасырлық тарихында талай иындықтар көрсе де, әлсіздерге көмек көрсетіп, жетімін жылатпай, жесірін қаңғытпаған текті ұлт. Бабаларымыздың мұқтаждарға ұдайы қол ұшын беріп келгендігін жыр дастандардан, ауыз әдебиетінен, тағылымды әңгімелерден байқаймыз. Халқымыз: «Адамгершілік болмай, әділдік болмас», «Адамның ұяты бетінде, адамгершілігі ниетінде» деп тегін айтпаса керек. Адамның ниеті ақ болғанда ғана ісі оңалады. «Жақсы ниет — жарым ырыс. «Асыңа тойғызбасаң да, ақ ниетіңе тойғыз» деген тағылымдар осының айғағы.

 Әлсіздерге көмектесу исламдағы басты тағылымдардың бірі десек, қателеспейміз. Бұл туралы хадисте: «Кім бұл дүниеде мұсылманның қайғысын сейілтсе, Алла Тағала Қияметте оның қайғысын сейілтеді. Кім қиындыққа тап болғанның жағдайын жеңілдетсе, Алла оның ісін осы дүниеде және арғы дүниеде жеңілдетеді. Кім мұсылманның кемшілігін жасырса, Алла оның кемшіліктерін екі дүниеде де жасырады. Адам мұсылман бауырына көмектесіп бітпейінше, Алла Тағала оған көмектесетін болады» деген. (Муслим)

 Осыған қарап мұқтаж адамдарға көмектесіп, қайғысын азайтып, оларға жәрдем берсек Ұлы Жаратушы Алла Тағала бізге де сондай көмек беріп, ісімізді оңғарады.

 Қасиетті Құранның «Хаж» сүресінің 40-аятында: «Кім Алланың дініне көмектессе, Алла оған көмектеседі». «Алла Өзіне көмек көрсеткенге, әлбетте көмектеседі. Ақиқатында, Алла – өте Күшті, аса Үстем» делінген. Ғұлама Бағауи «Өзіне» дегенді «дініне» деп тәпсірлеген екен. Шындығында да басқаларды жақсылыққа шақыру, көмектесу болып табылады деп түсінеміз.

 Әлсіздерге көмектесу туралы Мусъаб бин Саъд бин Әбу Уаққас (ол кісіге Алла разы болсын): «Кезінде Саъд өзін басқалардан жақсы санайтын (яғни, басқа өзі сияқты батырлығымен көзге түспегендерге жоғарыдан қарайтын). Сонда оған Алла Елшісі (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендерге әлсіздеріңнің арқасында жеңіс пен ризықтарың сыйланады емес пе? (олардың дұғалары арқасында)» деген ғибрат бар. (Бұхари)

Ардақты пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Маған әлсіздерді іздеңдер, өйткені сендерге көмек пен ризық, сол араларыңдағы әлсіздеріңнің арқасында беріледі» деген. (Әбу Дәуд)

Әнәстың (ол кісіге Алла разы болсын) айтуынша: «Мединеде екі ағайынды жігіт тұратын еді, солардың біреуі әрдайым пайғамбарымызға (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп тұратын, ал екіншісі өзінің кәсібімен нан табатын. Бірде кәсібімен нан табушы Алла Елшісіне (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп, өзі ғана жұмыс істейтіндігі жайлы айтып шағымданады. Сонда ол: «Бәлкім, саған сенің ризығың сол сенің бауырың үшін келіп жатыр» деді. (Тирмизи)

 Сондықтан әлсіздерге көмек көрсетсек неғұрлым рыздығымыз арта береді. Бұл қайырымды жандарға деген құлы Жаратушының сыйы деп қабылдау керек.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру