Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Басшыны құрметтеу тағылымы

Бауыржан қажы Нығызбекұлы, «Өскемен орталық» мешітінің бас имамы www.muftyat.kz 03.11.2017 5226 0 пікір

Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мұсылман адам, әмірлері оған ұнаса да, ұнамаса да, күнәлі іс бұйырмаса тыңдап, оларға мойынұсынуы қажет. Ал егер оған күнә іс істеу бұйырса, ол осы нәрседе құлақ салмауы және мойынұсынбауы қажет», деп әмір етті.  (әл-Бухари).

Осы тағылымнан әр адамның өз басшысын құрмет тұтып, оған бағынудың аса маңызды екендігін аңғарамыз. Басшыға бағыну жолында тек қана ел бірлігі мен адал істердегі бұйрықтарды бұлжытпай орындау қажет екендігіне аса маңыз берген.

Сонымен қатар тағылымды хадистерде «Сұлтан (патша) Алланың жер бетіндегі саясы. Кім оны (патшаны) құрметтесе, Алла оны құрметтейді. Ал, оны қорлағанды, Алла қорлайды!» деп әмір етті. Демек, патшаға, басшыға  бойұсынып, оны құрметтеу, жарлықтарын бұлжытпай орындау әр адамның аса маңызды міндеті болса керек.

«Басшылардың ең жақсылары – сендердің оларды жақсы көргендерің және сендерді жақсы көретіндері. Сендер оларға жақсылық тілейтіндерің және олардың сендерге жақсылық тілейтіндері. Ал басшылардың ең жамандары сендердің жек көретіндерің және сендерді жек көретіндері. Сендердің лағнеттейтіндерің, олардың да сендерді лағнеттейтіндері» (Муслим) делініп, басшылардың қасиетімен даналығына тоқталған.

Алла Елшісі: (с.ғ.с.): «Басшыларыңды тыңдаңдар және оған бойұсыныңдар, өйткені олар өздерінің жүгін, ал сендер өздеріңдікін алып жүресіңдер» (Муслим) деп, басшының мойынындағы көптің тауқыметі туралы айтып өткен.

 Тағы да хадистер де:«Сендердің әрбірің-бақташы және әрбір адам өзінің қарамағындағылары үшін жауапты. Имам – бақташы және өзінің қоластындағылары үшін жауапты» деп, айырықша маңыз бере отырып, өсиет еткен.

 Қазақ халқы да басшыны сыйлауға баса мән берген. Ата-бабаларымыз «Төресіз ел болмайды, төбесіз жер болмайды» деп ежелден басшыға бағынып келген.

Қазақ тарихында талай хандар мен сұлтандар ел басына іс түскенде халқымен бірге болып, елді бірлікке ұйыстырып, тығырықтан алып шығып отырған. Ұлт тарихындағы Абылайхан хан, одан  арғы Керей мен Жәнібек, Қасым, Әз Тәуке, Хақназар сынды хандардың қазақ мемлекеті үшін сіңірген еңбегі ересен. Олар барлық істерде тек елдің қолдауына сүйеніп отырған.

Тәуелсіздіктің арқасында Қазақстан халқы Елбасымыздың өміршең, бірлікті бекем еткен идеяларын қолдай отырып, нақты мақсатқа ұмтылып, бірлікке жұмылудың арқасында талай ірі жетістіктерге жетіп келеді. Елдің басшысына бағынудың, оны қолдаудың бір маңыздылығын осыдан көруге болады.

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру