Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

МАТУРИДИ АҚИДАСЫ – ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ХАҚ СЕНІМІ

Төлеби ОСПАН www.muftyat.kz 12.10.2017 9799 0 пікір
МАТУРИДИ АҚИДАСЫ – ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ХАҚ СЕНІМІ

Алланың Өзі де рас, сөзі де рас – деп Хәкім Абай жырлағандай, Құран – хақ сөз. Бұған дау жоқ. Алланың әрбір аятына иман ету мұсылманға парыз, сондықтан, біз оған иман келтіреміз. Әйтсе де, Құран-Кәрімдегі Алла Тағаланың сипаттарына қатысты аяттарды ашықтауға келгенде, мазһаб ұстанушылар (әһлу-сунна) мен мазһабты мүлдем мойындамайтын уахабшылардың арасында келіспеушілік туындайды.

Құранда бірнеше мағынаны білдіруі мүмкін, түсінуі қиын, астарлы мағынадағы аяттар бар. Бұл аяттарды муфассирлер «муташабиһ аяттар» деп атайды. Муташабиһ сөзі арабтың «ташабаһа» сөзінен шығып, (ұқсас болу, күмәнді болу) деген мағыналарды білдіреді. Құран-Кәрімдегі Алла Тағаланың есім-сипаттарына тән аяттар көбінесе муташабиһ аяттарды құрайды. Мұндай аяттардың астарлы мағынасы болуы мүмкін. Әһлу сунна ғұламалары осы көзқарасты ұстанады. Ал уахабшылар (сәлафиттер) аяттың астарлы мағынасын жоққа шығарып, оны тура мағынасында қабылдайды. Осы себептен де, оларды кейде «буквалистер» деп түстеп жатады.

Мысалы, Зәрият сүресінің 47-аятында Алла Тағала былай деген: «Аспанды құдіретімізбен (қол) жасадық, шын мәнінде күшіміз жетеді». Бұл аяттың тура мағынасы (араб тіліндегі сөзбе сөз мағынасы): Алла Тағала аспанды қолымен жаратты. 

Имам Табари өзінің тәпсірінде Ибн Аббастың сөзіне сүйеніп,  аяттағы «қолымен» деген сөзді «құдіретпен» деп тәпсірлейді. Өйткені Ибн Аббас (р.а.) «қол» сөзін «кұдірет» деп түсіндірген.

Демек, аяттың астарлы мағынасы бар. Ал енді уахабшылар бұл аяттың астарлы мағынасын жоққа шығарып, «қолымен» деген сөзді, тура мағынасында қабылдайды. Сөйтіп, Алла Тағалаға дене-мүше таңады (Алла өзі кешірсін!). Ал біздің Матуриди ақидасына сәйкес Алла Тағалаға дене-мүше беру – күпірлік. Имам Әбу Ханифадан да «Йәд» (қол), «Уәжһ» (бет, жүз) сөздерін өзге тілдерге аударуға тиым салынғаны жеткен, яғни «Алланың қолы» немесе «Оның жүзі» деп айтуға болмайды.

Осындай муташабиһ аяттардың бірі: «Олар Алланы ұмытты, Алла да оларды ұмытты» (Тәубе: 67) деген аят. Егер бұл аятты салафиттер айтқандай сөзбе-сөз (тура) мағынасында түсінер болсақ, онда Алла Тағалаға ұмыту сипатын таңған боламыз (Алла өзі кешірсін!). Алла Тағала барлық кемшіліктен пәк! Біз қалайша Оған ұмыту, естен шығару сипаттарын таңамыз! Ұмытшақтық, естен шығару сияқты кемшіліктер Аллаға емес, жұмыр басты пендеге тән. Аятты бұлай түсіну мүлдем қате. Демек, муташабиһ аяттар сөзбе сөз түсіну ережесіне бағынбайды. Олардың астарлы мағыналары бар екеніне қайта-қайта көз жеткіземіз. Ал сәлафилер мұндай фактілерге көздерін жұма қарайды. Ақылы мен білімі жете қоймаған жастардың басын қатырып, өздеріне арбайды.

Сондықтан да имам әт-Тахауи «Асма уа сифат» (Алла Тағаланың есімдері мен сипаттары) мәселесіне қатысты: «Кім Алланы жаратылыс мағынасында сипаттар болса, сол күпірілк жасаған болады» деп ескерткен.

Қазақ халқында астарлап сөйлеу, мысқылдап айту шеберлігі ескіден қалыптасқан. Оған мына бір оқиғаны мысал етіп келтірер болсақ:

Ертеде шөп шауып жүрген бір жігіттің қасынан екі аттылы өтіп бара жатады. Біреуі жас қыз, екіншісі мосқал тартқан адам. Оларды көрген әлгі жігіт:

– Пай, пай мына қыздың астындағы жорғасын-ай, қасына ерткен жолдасын-ай – дейді. Сонда қыз:

– Әй жігіт, аңдысын-ау аңдысын, аңдап сөйле соңғысын, бұл жігіттің шешесі менің шешемнің қайын енесі – деген екен. Мұны естіген жігіт қатты ұялыпты. Сонда қасындағы кісі қыздың әкесі екен.

Қыз астарлап сөйлеп өзінің мәдениетті әрі көркем сөзді екенін көрсетті. Бұл қыздың парасаты мен көрегендігін аша түсті. Әйтпесе: «Сен неге менің әкемді маған теліп тұрсың» деп жауап берсе де болар еді. Бірақ, олай деген жоқ. Осы тақылеттес Құранда астарлап жеткізу мәнері бар. Оған муташабиһ аяттар мысал бола алады.

Жалпы, Құран-Кәрімнің «Ықылас» сүресі Хақ-Тағаланы толықтай таныта алады. Десе де, салафилер оған қанағаттанбай: «Алланың қолы», «Алланың саусағы», «Аршыда отыр» деп, муташабиһ аяттарды тікелей мағынасында қабылдап, өрескел қателікке бой алдырады. Мұндай адасушылар жөнінде Құран Кәрім былай дейді:
«...Жүректерінде ауытқу болғандар болса, бүлік қалап және оны түсіндіруді қалап астарлы мағыналы аяттардың соңынан түседі...» (Әли Имран: 7).

Әсілі, санасы салафизм идеологиясымен уланған жастардың арасында көп талқыға түсіп жүрген «Истиуа» аяттары бар. Олар:

«Рахман Алла Аршыға истиуа етті» (Таһа: 5), «Ол аспандар мен жерді әрі екеуінің арасындағыларын алты күнде жаратты, кейін Аршыға истиуа етті» (Фурқан: 59), «Ақиқатында сендердің Раббың – Алла. Ол аспандарды және жерді алты күнде жаратқан, кейін Аршыға истиуа етті...» (Ағраф: 54) және т.б.  

Жоғарыдағы аяттардағы «Истиуа» сөзі (теңесу, түзелу, кемелдену, пісу, көтерілу, биіктеу, орнығу, иемдену және бет алу) сияқты мағыналарды білдіреді (Муғжам әл-уасыт, 1-том, 466-бет). Әһлу сунна ғұламалары бұл жөнінде консенсуске (ижмағ) келген.

Муташабиһ аяттарды сахабалардың өзі тәпсірлемеген. Тіпті, аузына да алмаған. Бір күні шәкірттерінің бірі үлкен табиғин Рабиғат Райдан (р.а.) Таха сүресінің: «Рахман Алла Аршыға истиуа етті», – деген бесінші аятын оқып, Алла Тағала Аршыға қалай «истиуа етті? », – деп сұрап келіпті. Сонда ол кісі:

– Қалай екені – белгісіз. Ал «истиуа» – ақылға сыймайды, бірақ, мұның барлығына иман келтіру маған да, саған да міндет», – деп жауап берген екен (Ибн Құдама, Сыфат Ғулу).

Шынтуайтында, көне ақида кітаптарының кейбірінде тұтастай, кейбірінде белгілі муташабиһ аяттарға түсіндірме жасалған. Онда Құран, хадис, сахабалар мен табиғиндер сөзі негізінде ғана талдау жасалған.

Қазақ халқының әһлу сунна, оның ішінде Матуриди ақидасын ұстанғанына мың жылдан астам уақыт болды. Айталық, тарихшы Зия Кабакшы Қарақан дәуірінде Мәураннахрда Ханафи мәзһабының 300-ден астам өкілінің шыққанын айтады. Орталық Азиядан Ханафи мәзһабынан осыншама өкілінің шығуы, сөз жоқ Қарақан дәуірінде бұл мектептің салтанат құрғанын әйгілейді. Ал, Матуриди ақидасының өкілдерінің атын айтар болсақ, Әбу Мансур Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Махмуд әл-Матуриди (870-944), Әбу Лейс Самархандиді (983 жылы қ.б),  Әбу Хасан Ати б. Мұхаммед Бәздәуи (1009-1089),  Әбул Қасым Исхақ ибн Мұхаммед әс-Самарқанди (342/953). Әбул Хасан Әли ибн Саид ар-Рустуғфани әл-Ханафи (345/956), Әбу-л Муин ән-Нәсафи (508/1114), Әбу Бәкір ас-Сабуни әл-Бұхари (580/1184) секілді мутакалимдерді көрсете аламыз.

Алтын Орда дәуірінде Дешті Қыпшақ халқының ислам дінін ұстанғанын Ибн әл-Асир, Ибн әл-Уасил, Әл-Омари, Ибн Кәсир, Ибн Батута, Әл-Қалқашанди, Әл-Асқалани, Ибн Арабшах өз шығармаларында жазып қалдырды.  Сол кезеңде өмір сүрген Қауам ад-Дин Итхани, Мәула Мұхаммед Низам ад-Дин аш-Шаши, Шейх Ахмет Түркістани, Шайхы Баба Сығнақи, Мұхаммед әл-Женди, Молла Ахмет әл-Женди, Хусаммаддин ас-Сығнақи, Мұхаммед әл-Кердери, Мұхаммад бин Шиһаб ал-Кердери аз-Баззази секілді ғұлама бабаларымыз да Матуриди ақидасын ұстанды.

Алтын Орда империясының қара шаңырағы саналған Қазақ хандығында да Ислам дінінің туы желбіреді. Оған Рузбеханның «Мехман-наме-и Бухара», Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи-Рашиди», Захир ад-Дин Бабырдың «Бабыр-намасын», Хафиз Таныш әл-Бұхаридің «Абдулла-наме», Шайбанидтер туралы жазылған «Таварих-и гузида-йи нусрат-наме», Қадырғали Жалайридің «Жамиат-тауарих» атты еңбектеріндегі мәліметтер дәлел бола алады.  Мысалы, Захир ад-дин Мұхаммед Бабыр өз шығармасында «Орталық Азия мұсылмандарының Матуриди ақидасын ұстанатынын айта келіп, «Біздің заманымыздағы ең маңызды кітап «Хидая» деп көрсетеді. Сондай-ақ, Энтони Дженниксон, Джон Кэстль, А.И.Лепшиннің жазбаларында да Қазақ халқының Исламның сунниттік бағытын ұстанғандығы  айтылады.

Қазақ хандығы дәуірінде өмір сүрген ақын-жыраулардың поэзиясына да зер салып қарайтын болсақ, Қазақ халқының Хақ дінді берік ұстанғанынан хабардар бола аламыз. Асан қайғы, Сыпыра, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Жиембет, Марқасқа, Ақтамберді, Қожаберген, Бұқар, Үмбетей, Шөже, Махамбет және т.б. сөз сүлейлерінің еңбектерінде Ханафи-Матуриди сенім мектебінің сарыны айқын аңғарылады. Тіпті, олардың ізін басқан Ыбырай Алтынсарин, Хакім Абай, Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім, Шәді шайыр да Матуриди ақидасына берік болды.

Мұсылман баласы ақида мәселесінде иманын күшейтетін, Жаратқанның құдіретін паш ететін аяттар мен хадистерге ерекше мән беруі керек. Исламның басты қағидатына да, қазақи санаға да жат «Құдай қайда?, Алла Тағаланың қолы қандай?, Аршыда отыр ма?» деген сияқты талас-тартыс тудыратын қала берсе, муташабиһ, яғни мән-мағынасы ашық болмаған аяттарды білу иманның шарты емес. Өйткені, «Ықылас» сүресіндегі Хақ Тағаланың сипатын білу әрбір мұсылманға парыз. Алайда, «истиуаны» қалай екенін біліп-білмеу бізді иманнан айырмайды. Құран Кәрім баян еткендей жүрегінде дерті бар адам болмайық.

Иә, біз ақидасы анық, мұсылманшылығы мығым, дінді дәстүріне айналдыра білген елдің ұрпағымыз. Сондықтан болмысымызбен біте-қайнасып жатқан ата дінімізді ардақтай білейік. Ислам дінімен сабақтасып жатқан салт-дәстүрімізді насихаттай білейік. Өйткені, оның артында – дәстүрлі Ислам дінінің насихаты жатыр. Ал, енді салт-дәстүріміз бен қазақи болмысымызға жорық жариялағандар қазақты ата дінінен алшақтатуға тырысып жатқанын ұмытпағанымыз жөн.

Төлеби Оспан, 

ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша бас имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру