Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Пайғамбарларға иман келтіру

Алтыбай Мақсат Қуанышбекұы    Семей өңірі бойынша өкіл имам 05.07.2017 12249 0 пікір

Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. 

Барлық мадақ-мақтау бүкіл әлемнің Иесі Аллаға тән. Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын!

Пайғамбарларға иман келтіру иман негіздерінің бірі болып табылады. Шариғатта елші және пайғамбар деген ұғымдар бар. Елші (Расул) – Алла тарапынан адамдарға жіберіліп, уахи арқылы жаңа шариғатты адамдарға жеткізуге бұйырылған.  Ал Пайғамбар (Нәби) – Алла тарапынан уахи етілген, бірақ ол жаңа шариғатты адамдарға жеткізуге бұйырылмаған. Адамдарға бұрынғы шариғатты жеткізу міндеттелген.

Алла Тағала Құран Кәрімде былай деді:

آَمَنَ الرَّسُولُ بِمَا أُنْزِلَ إِلَيْهِ مِنْ رَبِّهِ وَالْمُؤْمِنُونَ كُلٌّ آَمَنَ بِاللَّهِ وَمَلَائِكَتِهِ وَكُتُبِهِ وَرُسُلِهِ لَا نُفَرِّقُ بَيْنَ أَحَدٍ مِنْ رُسُلِهِ

 «Пайғамбар өзіне Раббы тарапынан түсіргенге иман келтірді. Мүміндер де барлығы: Аллаға періштелерге, кітаптарға және пайғамбарларға иман келтірді»1

Адамдардың ақыл-санасының деңгейі әртүрлі болғандықтан, олар Алланың әмірі мен тыйымдарын ақыл, сана-сезімдері арқылы біле алмайды. Міне, сондықтан, Алла Тағала әр дәуірде өз араларынан бұларды үйрететін, тура жол нұсқайтын, ескертуші пайғамбарлар жіберіп отырды. Пайғамбарлық – Алланың адамзатқа берген нығметі. Пайғамбарлардың бойында міндет болған сипаттар бар: біріншісі – шыншыл болу; екіншісі – аманатшыл болу; үшіншісі – жүктелген нәрсені аяғына дейін жеткізу;  төртіншісі – зерек болу. Осы сипаттарға қарама-қарсы сипаттар елшілерде болуы мүмкін емес. Сондай-ақ, елшілердің бойында адамға тән қасиеттер міндет болады: олар үлкенді-кішілі күнә жасамайды. Және елшілерге адамға тән іс-әрекеттер рұқсат:  ішеді, жейді, үйленеді, базарда сауда жасайды, ауырады, бірақ адам жиіркенетіндей аурулар болуы мүмкін емес. Мысалы, Аюб (оған Алланың сәлемі болсын) денесі құрттады деген хабар сенімді деректерге қайшы келеді.

Алла әр қауымға пайғамбар жіберіп отырған, ол жайлы Құранда:

وَلِكُلِّ قَوْمٍ هَادٍ

«Әр қауымға жол бастаушы бар»2.

Пайғамбарлардың нақты саны тек Аллаға аян. Құран Кәрімде 25 елшінің аты аталады, олар - Адам, Идирис, Нұх, Һуд, Салих, ИбраҺим, Лұт, Исмайыл, Исхақ, Яқуб, Юсуф, Шұғайп, Мұса, Харун, Дәуіт, Сүлеймен, Әйюб, Зулкифл, Юнус, Илияс, Әлясағ, Зәкәрия, Яхя, Иса, Мұхаммед  пайғамбарлар, Алланың оларға игілігі мен сәлемі болсын!  

Алла тағала қауымдар шектен шыққанда әрқайсына жеке-жеке пайғамбарлар жіберіп отырған. Өз пайғабарларын өлтірген қауымдар да кездескен. Әсіресе, Құран Кәрімде жиі айтылған яһуди қауымы. Алла Тағала өз тарапынан пайғамбарларды мұғжизаларымен жіберіп, сол арқылы Өзінің құдіретін, діннің хақ, пайғамбарлардың шынайы екенін көрсетуімен қатар, ұстаздық дәрежеде адамдарға үлгі қылған. Мұғжиза дегеніміз – елі иман келтіру үшін Алла тарапынан пайғамбарларға жіберілген таңғажайып нәрселер, санадан тыс құбылыстар. Барлық пайғамбардың мұғжизасы болған, бұл туралы Құранда анық айтылған. Әр пайғамбарға қауымы не нәрсеге шебер болса, сол нәрсе мұғжиза ретінде берілген. Адам (оған Алланың сәлемі болсын) адамзаттың алғашқысы болды, жер жыртумен айналысты, өз отбасына шариғатты үйретті. Нұх (оған Алланың сәлемі болсын) қауымын тоғыз жүз елу жыл ақиқатқа шақырды, аз ғана адам иманға келді, сонда Алланың әмірімен кеме жасап, әр жануардан бір жұпты кемеге алу бұйырылды. Алла кейін топан су жіберіп, барлық кәпір болғандарды суға батырды. Салих (оған Алланың сәлемі болсын) Самуд қауымына жіберілді, пайғамбарлық белгі ретінде Алла оларға тастан өте үлкен түйе шығарды, бірақ кәпірлер түйені сойып, Аллаға қарсы келді. Сонда оларға қатты дауыс келіп, кәпірлер қырылып қалды, түйе жайлы Алла тағала Құранда былай деді:

كَذَّبَتْ ثَمُودُ بِطَغْوَاهَا  إِذِ انْبَعَثَ أَشْقَاهَا  فَقَالَ لَهُمْ رَسُولُ اللَّهِ نَاقَةَ اللَّهِ وَسُقْيَاهَا  فَكَذَّبُوهُ فَعَقَرُوهَا فَدَمْدَمَ عَلَيْهِمْ رَبُّهُمْ بِذَنْبِهِمْ فَسَوَّاهَا

«Самудтың азғындары өтірік жасады. Оның ең жауызы қарсы шыққанда, сонда Алла елшісі оларға: «Алланың түйесіне әрі оның суарылуына килікпеңдер» деді. Бірақ оны жасынға шығарып, түйені өлтіріп тастады. Ал, сонда Раббылары оларға қылмыстарының салдарынан апат жіберді, жермен-жексен қылды»3

Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) қауымын дұрыс дінге шақырғанда, өтірікшіге шығарды және пайғамбарды отқа лақтырды, отқа түскенде мұғжиза көрінді. Алла Тағала отқа елшісі үшін аман әрі салқын болуын бұйырды, сонда Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) лаулап тұрған оттан аман шығып, мақдис тарапқа сапар шекті. Юсуфтың (оған Алланың сәлемі болсын) ерекшелігі әрі мұғжизасы – түс жору. Ол кісінің жорымайтын түсі жоқ еді, барлық түсті дәл жоритын. Себебі, Юсуфтың  (оған Алланың сәлемі болсын) балгерлік қасиеті дамыған еді.

Мұсаның (оған Алланың сәлемі болсын) қауымы сиқыр жасаумен танылған еді, Алла Тағала сырт көріністен сиқырға ұқсайтын өзінің мұғжизаларын елшісінің қолында көрсетті. Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) қой баққандағы асатаяғын жерге тастаса, жыланға айналады, қолын қалтасына салып шығарса, сәуле шашатын. Қауымы бұл мұғжизаларға сенбегенде, Алла Тағала Мұсаға (оған Алланың сәлемі болсын)  жаңа мұғжизалар берді, перғауын қауымына шөл даладан құмнан топан басты, қаланы бақа-шаян мен құрт-құмырсқа басып, Ніл өзені қанға айналды, бірақ иман келтіргендер аз болды, сосын өз қауымымен қашып бара жатқанда, теңіз екіге бөлінді. Алла Тағала Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) қауымына да мұғжизасын көрсетті. Теңізден өткенде елшіге ілескендерге аспаннан бөдене мен ботқа түсірді. Осының бәрін көрген қауым көре тұра күпірлікке кетті, тек Алла сақтағандар ғана иманына берік болды.  

Дәуітке (оған Алланың сәлемі болсын) ұсталық мұғжиза ретінде берілді, Дәуіт темірді қамырша илейтін болды, сосын керемет дауыс иесі еді. Ол кісі Забурды оқығанда, тау тастары қозғалып, дауысына жануарлар мен құстар  ұитын.  

Сүлейменге (оған Алланың сәлемі болсын) жындар бағындырылды, желмен қалаған жерге баратын болды, жан-жануардың тілін білді, әрі әкесі екеуі патша пайғамбар болды.

Исаның  (оған Алланың сәлемі болсын) қауымы емшілікте шебер болғандықтан, Алла елшісіне өліні тірілту, алапес, мақауды емдеу және адамдар не жеп, не сақтайтынын айтатындай мұғжиза берді, тағы да сәби кезінде сөйледі, бірақ иман келтіргендер аз болды, қауымы ол кісіні өлтірмекші болғанда, Алла елшісін тірідей аспанға көтеріп алды.

Ал пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) – пайғамбарлардың соңғысы, шариғаты – бұрын келген шариғаттарды жоюшы  және барлық адамзат пен жындарға жіберілді, үмметі адамзат арасында ең қайырлы үммет, себебі, олар – екі дүние мырзасы Пайғамбарымыздың үмметі. Пайғамбарымыздың мұғжизасы – Құран кәрім. Басқа пайғамбарлардың мұғжизасы өздері қайтыс болғаннан соң таусылатын. Ал Құран кәрім – қияметке дейін өзгермейтін мәңгі мұғжиза. Арабтар сол кезде сөзге өте шешен болды. Алла Тағала Пайғамбарымызға Құран түсіргенде, мүшріктер оны өтірікке шығарды. Алла Тағала оларға:

قُلْ لَئِنِ اجْتَمَعَتِ الْإِنْسُ وَالْجِنُّ عَلَى أَنْ يَأْتُوا بِمِثْلِ هَذَا الْقُرْآَنِ لَا يَأْتُونَ بِمِثْلِهِ وَلَوْ كَانَ بَعْضُهُمْ لِبَعْضٍ ظَهِيرًا

 (Мұхаммед ғ.с.) «Егер адамдар, жындар осы Құранның ұқсасын келтіруге жиналса, тіпті, олар бір-біріне көмекші болса да келтіре алмайды» де4.

Пайғамбарымыз басқа пайғамбарларға берілген барлық мұғжизаларды қауымына көрсетті. Алла Елшісінің мұғжизалары өте көп, Құранда айтылғаны және хадистерде айтылғаны қаншама... Мысалы, Құранда,

اقْتَرَبَتِ السَّاعَةُ وَانْشَقَّ الْقَمَرُ  وَإِنْ يَرَوْا آَيَةً يُعْرِضُوا وَيَقُولُوا سِحْرٌ مُسْتَمِرٌّ

 «Қиямет жақындады және ай бөлінді. Олар аятты көрсе, бет бұрады және «және бір сиқыр» деп айтады» делінген5. Бұл аяттың себебі мүшріктер пайғамбарымыздан айды екіге бөлуді сұраған кезде болды. Ал Исра Миғраж оқиғасы

سُبْحَانَ الَّذِي أَسْرَى بِعَبْدِهِ لَيْلًا مِنَ الْمَسْجِدِ الْحَرَامِ إِلَى الْمَسْجِدِ الْأَقْصَى الَّذِي بَارَكْنَا حَوْلَهُ لِنُرِيَهُ مِنْ آَيَاتِنَا إِنَّه هُوَ السَّمِيعُ الْبَصِيرُ

«Құлын бір түні өзіне белгілерімізді көрсету үшін Ақса мешітіне апарған Алла әр түрлі кемшіліктерден пәк. Шексіз Ол –  естуші, білуші»6.

Ал хадистерде келген мұғжизалар қаншама, пайғамбарлықтан бұрынғы аяттар: қағбадағы үш жүз алпыс мүсін бетінен құлады, шіркеу жарылды, әлемге шуақ шашты, пайғамбарымыздан бұлт қалмайтын. Пайғамбарлықтан соң мұғжизалары сансыз. Сонымен қатар, қысыр қойдың сүт беруі, пайғамбарымыздың қолында тамақтың, судың көбеюі, өлген кесіртке пайғамбарымызға куәгер болуы, хижретте үңгірдің аузындағы көгершін мен өрмекшінің көмектесуі, тағы да көптеген мұғжизалар болды.  

عَنْ جَابِر بْن عَبْدِ اللَّهِ قَالَ : قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ : ( أُعْطِيتُ خَمْسًا لَمْ يُعْطَهُنَّ أَحَدٌ مِنْ الأَنْبِيَاءِ قَبْلِي : نُصِرْتُ بِالرُّعْبِ مَسِيرَةَ شَهْرٍ ، وَجُعِلَتْ لِي الأَرْضُ مَسْجِدًا وَطَهُورًا وَأَيُّمَا رَجُلٍ مِنْ أُمَّتِي أَدْرَكَتْهُ الصَّلاةُ فَلْيُصَلِّ ، وَأُحِلَّتْ لِي الْغَنَائِمُ ، وَكَانَ النَّبِيُّ يُبْعَثُ إِلَى قَوْمِهِ خَاصَّةً وَبُعِثْتُ إِلَى النَّاسِ كَافَّةً ، وَأُعْطِيتُ الشَّفَاعَةَ )

Жәбир бин Абдолладан Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «Менен бұрын болған пайғамбарларға берілмеген бес ерекшелік маған берілді: менің жауларым бір айлық жерден менен қорқады, маған барлық жер мешіт болып және тазалаушы болып берілді, маған олжаны адал етті, шапағат ету мүмкіншілігі берілді және мен барлық адамзатқа жіберілдім». 7

Пайғамбарымыздың басқа пайғабарлардан ерекшелігі өте көп. Мысалы, сөз жиынтығы берілді, олжа адал етілді, барлық жер таза әрі мешіт болды, бір айлық жолда дін дұшпандарын үрейлендірді, шариғаты қияметке шейін әрі барлық жерге жарамды болды, шариғаты жеңіл болды, үмбетінің күнәсіна өкініп тәубе ету мұрсаты берілді, намаздағы сап періштелердей тура болды, жәннәтқа үмбетін бірінші кіргізеді, үмбеті басқа үмбеттерге куәгер болды, үмбетінің беттері қияметте жарқырайтын болды, ең көп үмбет болды, үмбеті жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтаратын болды, Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмбетіне шапағат ету берілді, ең алғашқы қабірден шығатын, қолында мақтау туы болатын, сират көпірінен үмбетімен бірінші өтетін және кәусар иесі. Хазіреті Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла тағала әлемдерге Рахмет (мейірімді) ретінде жіберді.

وَمَا أَرْسَلْنَاكَ إِلَّا رَحْمَةً لِلْعَالَمِينَ

«Сені әлемдерге рахмет етіп қана жібердік»8.

Мінездерді толықтыру үшін жіберілді:

إِنَّمَا بُعِثْتُ لأُتَمِّمَ مَكَارِمَ الأَخْلاَقِ

«Расында мен мінездерді толықтыру үшін жіберілдім»9.

Ұлы Пайғамбардың ұлы үмбеті, тіпті Иса (оған Алланың сәлемі болсын) қиямет жақындағанда, Пайғамбарымыз үмбеті болып жерге түседі және әділдік орнатады. 

Пайғамбарымыздың ұлылығы соншалықты, ол кісіге не жақындаса, дәрежесі арта түседі:

  1. Адам. Пайғамбарымызға иман келтірген сахабалар ол кісінің көзін көрумен дәрежелері асып, тіпті жарты құрма садақа етсе, басқалардың таудай алтынды садақа еткенінен артық болды.
  2. Уақыт. Өмірдегі ең қасиетті кез – пайғамбарымыздың дәуірі.
  3. Жер. Мекке – Пайғамбарымыздың туып өскен жері, Мәдина – бұрын ауруы көп жер еді, ал Медине атанғаннан соң, берекетті жерге айналды, пайғамбарымыз Мединені Мекке секілді харам етті.
  4. Зат. Пайғамбарымыз жеті қат аспанға көтерілді, ары қарай Жебірейіл періште (оған Алланың сәлемі болсын) ол кісімен бірге көтеріле алмады. Ал Пайғамбарымызбен бірге киімі, аяқ киімі болды.
  5. Жануар. Тарихта аты қалғандар өте аз, бірақ Пайғамбарымыздың тұлпары, түйесі, есегі, қашарының аттарын үмметі жатқа біледі.
  6. Өсімдік үстінде тұрып уағыз айтқан құрманың кесегі Пайғамбарымызбен бірге жәннәтта болады.
  7. Періштелер. Олар Пайғамбарымызға салауат айтқанда аттары Алла

Тағаламен бірге айтылды:

إِنَّ اللَّهَ وَمَلَائِكَتَهُ يُصَلُّونَ عَلَى النَّبِيِّ يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آَمَنُوا صَلُّوا عَلَيْهِ وَسَلِّمُوا تَسْلِيمًا

«Расында Алла және періштелері Пайғамбарға салауат айтады. Әй, мүміндер! Оған салауат және ықыласпен сәлем келтіріңдер»9

Я, Раббым, өзіңнің салауатың мен сәлемің Пайғамбарымыз Мұхаммедке және Оның отбасына және артынан жақсылықпен ергендерге болсын!

 

 

  1. Бақара, 185
  2. Рағд, 7
  3. Шамс, 11-14
  4. Исра, 88
  5. Қамар, 1-2
  6. Исра, 1
  7. Бухари 427, Муслим 421
  8. Әнбиә, 107
  9. Бухари әдәб бабы, 273
  10. Ахзаб, 56

 

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру