Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БЕЙБАРЫСТЫҢ БАРЫСЫ ИЗРАИЛЬДЕ ҚАЙДАН ЖҮР?

Серікбол ХАСАН muftyat.kz 17.03.2021 5510 0 пікір
БЕЙБАРЫСТЫҢ БАРЫСЫ ИЗРАИЛЬДЕ ҚАЙДАН ЖҮР?

«Өз жазуы мен мифологиясы бар Қазақстанның ежелгі тұрғындарының озық мәдениеті болды. Олардың мұрасының жарқын көрінісі, көркем болмысы мен рухани байлығының айшықты белгісі – «аң стилі өнері». Жануарлар бейнесін тұрмыста пайдалану адам мен табиғаттың өзара байланысының символына баланып, көшпенділердің рухани бағдарын айқындап отырған. Олар жыртқыштардың, негізінен мысық тұқымдас аңдардың суретін көбірек қолданған». Бұл – Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан алынған үзінді.

Шынында, біз тіршілік етіп отырған ұланғайыр Еуразия құрлығы, соның ішінде Қазақ топырағы – жер жүзіндегі талай тарихтың қайнар көзі, бастау бұлағы. Елбасы айтып отырған аң стилі біздің өлкемізде дүниеге келіп, күллі әлемді шарлап кеткені айдай анық нәрсе. Қалай дейсіз бе? Оның бірнеше дәлелі бар. Бүгінде әлемдік өнердегі ең биік белестің бірі болып саналатын аң стилі – негізінен көшпелі халықтарға тән өрнек. Алып сәулет кешендерінен бастап тұрмыстық заттарға дейін аң-құстың бейнесін салу бабаларымыздың асқан шеберлігінен, металмен жұмыс істеуді меңгергенінен, өндірістік тәжірибесінің мол болғанынан хабар береді.

Ғалымдардың зерттеуінше, аң стилі Еуразия құрлығында біздің заманымызға дейінгі кезеңдерде пайда болыпты. Бертін келе бұл стиль сәндік сипаттағы өнердің озық түріне айналды. Оған Қазақ жерінен табылған қазандар, қару-жарақтар, ат әбзелдері мен киім-кешектердегі аң-құстар, жан-жануарлар бейнесі дәлел бола алады. Мысалы, Есік қорғанынан табылған Алтын адамның киімінде 40 мыңға жуық әшекей болған екен. Көбі – аңдар бейнесі. Соның ішінде бірден көзге түсетіні – барыс. Осыған қарап-ақ өнердің бұл түрі Сақтар заманында салтанат құрғанын шамалай беруге болады.

...Құдыста (Иерусалим) «Арыстан қақпасы» деген көне ғимарат бар. Бұл тарихи ғимаратты бүгінде еврейлер көзінің қарашығындай сақтап отыр. Алайда тарихын ақтарсақ, еврейлерге қатысы аздау болып шыға келеді. «Арыстан қақпасын» 1538-1539 жылдары бәріміз сериал арқылы жақсы білетін Осман империясының билеушісі Сүлеймен сұлтан салдырған. Бұл жайлы аңыз былай айтылады. Сүлеймен сұлтан бірде түс көреді. Түсінде Құдыс қаласының екі жағынан екі арыстан торуылдап келе жатады. Екеуі де отты көзін қадап, сұлтанға қойып кетеді. Сүлеймен шошып оянады. Дереу бір данышпанды жанына шақыртып, түсін жорытады. Ол сұлтаннан ұйықтар алдында не жайлы ойлағанын сұрайды. Сұлтан халықтан көбірек салық төлетуді ойластырғанын айтып береді. Сол кезде данышпан: «Сізге көрінген екі арыстан – Құдайдың қаһары. Сіз салықты ойлап, халықты ұмыттыңыз, сол үшін сізге жасаған ескертуі», – дейді. Сүлеймен сұлтан айыбын ұғып, қасиетті қаланы қорғау керегі есіне түсіп, осы «Арыстан қақпасын» тұрғызған деседі. Қорғанның жақтауына екі-екіден төрт арыстанның бейнесін қалатады. Түрік тарихшыларының түсіндіруінше, қақпадағы төрт арыстанды Сүлеймен сұлтан 1517 жылғы османдықтардың мәмлүктерді жеңуіне орай бейнелеген көрінеді. Көне ғимарат «Арыстан қақпасы» деп аталғанымен, онда бейнеленген аң арыстаннан гөрі барысқа көбірек келіңкірейді. Суреттегі мысықтұқымдас аңды арыстан, барыс, леопард, пантера деп түрліше атайтындар бар. Біз барыс деген нұсқасына тоқталдық.

...Құдыс әуелде Оспан империясына қарады. Ал оның алдында қасиетті қала Мәмлүк сұлтандығының иелегінде болды. Бұл мемлекеттің негізін Бейбарыс сұлтан қалады. Мәмлүк сұлтандығы 1250-1517 жылдары өмір сүрді. Ол кезде Каир, Алеппо, Дамаск және мұсылмандардың қасиетті үш шаһары – Мекке, Медина, Құдыс қалалары мәмлүктерге бағынышты болды. Үш ғасыр билік жүргізген Мәмлүктер мемлекетін 1517 жылы Осман билеушісі І Селим сұлтан (Сүлеймен сұлтанның әкесі) құлатты. Ол мәмлүктердің соңғы билеушісі Тұманбай сұлтанды дарға асып, бүкіл иелігін тартып алды. Демек Құдыстағы барыс бейнесі – осы мәмлүктерден, нақтырақ айтқанда Бейбарыс сұлтаннан қалған белгі деуге толық негіз бар.

Тель-Авивтен оңтүстік-шығысқа қарай 20 шақырымдай жерде Лод деген қалашық бар. Осы Лодта Жиндас деген көпір бар. Француз шығыстанушысы Шарль Симонның зерттеуінше, бұл көпір 1273-1274 жылдары салыныпты. Осы көпірдің екінші аты – Бейбарыс көпірі.

Бейбарыс сұлтан билік құрған жылдары Құдыста бірқатар құрылыс нысандарын салдырғаны белгілі. Соның ішінде көпір құрылысына ерекше ықылас танытты. Ортағасырлық Жиндас, Ибна, ад-Халам деген көпірлерді Бейбарыс сұлтан салдырған. Бүгінде үшеуі де аман сақталған. Қазіргі Израиль жерінде жатыр. Айтайын дегеніміз, осындағы Жиндас көпірінде де екі барыс бейнесі бар. Екі барыс бір біріне қарап тұр: екеуінің ортасына ойып тұрып арабша жазу жазылған. «Бисмиллә… Мұхаммед пен оның отбасына, оның ізінен ерушілерге Алланың сәлемі болсын. Бұл қасиетті көпір ұлы сұлтан әл-Мәлік әл-Зәкр Рукн ад-Дин Байбарыстың тапсырмасы бойынша, оның ұлы, тақ мұрагері сұлтан әл-Мәлік әл-Саид Насир ад-Дин Беркенің (Барака) құрметіне орай салынды. Алла оларға рақымын төгіп, жеңіске жетелесін…». Көпір Рамазан айында іске қосылған.

Бейбарыс салдырған құрылыстарда барыстың бейнеленуі нені білдіреді? Сұлтанның (дұрысы Байбарыс) есімінің өзі «Қуатты барыс» дегеннен шыққан. Бәлкім содан болар, Бейбарыс барыс стилін өзінің жеке геральдикасына айналдырды. Есімімен тікелей байланысты дүниелердің бәріне барыс бейнесін қондырды. Израиль тарихшысы Моше Шаронның айтуынша, жоғарыда айтылған Жинда көпірі, Құдыстағы Барыс қақпасы және Газадағы Каср әл-Баша ғимаратында бейнеленген барыстардың бәрі – бір барыс. Тарихшы үшеуін де Бейбарыстың барысы деп қарастырады. Үшеуінің де салынған уақыты бірдей: 1273 жылы жасалған. Бүгінде Палестина жеріндегі Каср әл-Баша ғимаратын да заманында Бейбарыс сұлтан салдырған екен. Бұл ғимараттың да қабырғасында бір-біріне қарап тұрған екі барыс бейнеленген. Мәмлүктер салдырған, кейін османдықтар, одан кейін британдықтардың штабы болған бұл ғимарат қазіргі уақытта мемлекеттік музей қызметін атқарып тұр.

Бейбарыстың барысы бейнеленген тағы бір тарихи ғимарат – Израильдегі Голан биігінде орналасқан Намрұд қамалы. Бұл қамалды 1229 жылы айюбидтер әулетінің негізін қалаған атақты Салах ад-Диннің екінші ұлы әл-Әзиз ибн Осман тұрғызған. Айюбидтер билігі құлап, орнына мәмлүктер келгеннен кейін Намрұд қамалын Бейбарыс одан әрі жетілдіре түсті. Іргесін нығайтып, қамалға екі мұнара тұрғызды. Соңыра сұлтан бұл қамалды өзінің қолбасшысы Білікке сыйлады. Білік Бейбарыс сыйлаған қамалды одан ары жаңғыртып, 1275 жылы қамалдың қабырғасына сұлтанның таңбасы – барыс бейнесін қалатты. Осылайша Білік өзінің Бейбарыс сұлтанға деген құрметін білдірген болатын.

Бейбарыстың барысы тек қамал, қорған, көпірде ғана емес, мешіт, медресе, тіпті тұрмыстық заттарда да бейнеленді. Барыс бейнесін Мысыр астанасы Каирдағы Бейбарыс мешітінің қабырғасынан да көруге болады. Бұл мешітті 1266-1268 жылдары Бейбарыс сұлтанның өзі салдырған болатын. Құдыстағы Израиль музейінде де Бейбарыстың барысы бейнеленген ортағасырлық мүсін тас сақтаулы тұр. Бұл тас Цфат қаласы маңындағы қазба кезінде табылған екен. Сондай-ақ Бейбарыстың өзі соқтырған тиынында, тіпті ыдыс-аяқтарында да барыс бейнесі болған.

Бұдан шығатын түйін қандай? Бейбарыстың туған жері – Қазақ топырағы. Сұлтан өзі билік құрған елдерге қазақтың бір белгісін апарып, сәулелендірді. Мәмлүктерді билеген Қайтпай сұлтан (ол да Қазақ топырағында туған) да Бейбарыс бастаған ізгі дәстүрді жалғады. Қайтпай сұлтан да өзі тұрғызған ғимараттарға, мешіттерге қазақтың қошқармүйіз оюын салдырған еді. Мұның бәрі нені білдіреді? Бұл – біздің бабаларымыздың озық мәдениеті болғанының айшықты дәлелі. Мәмлүк сұлтандығын 300 жыл бойы билеген Бейбарыс, Қайтпай, Барқұқ, Барысбай, Жанболат, Тұманбай сұлтандар – біздің бабаларымыз. Оны мақтанышпен айтатын кез келді. Елбасы айтқандай, «ежелгі Рим деген қазіргі Италия емес, бірақ италиялықтар өздерінің тарихи тамырымен мақтана алады». Ендеше, неге бізге де тарихи тамырымызбен мақтанбасқа?!

 

Серікбол ХАСАН

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру