Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ОТАНДЫ СҮЮ – ПАЙҒАМБАР СҮННЕТІ

Ислам МАРАТҰЛЫ muftyat.kz 31.12.2020 4841 0 пікір
ОТАНДЫ СҮЮ – ПАЙҒАМБАР СҮННЕТІ

Отан – деген қасиетті ұғымның әрбір қазақ халқының жүрегіне жылулық ұялататыны ақиқат. Туған елге, жерге, Отанға деген сүйіспеншілік − әрбір жан үшін аса киелі ұғым, ыстық сезім. Отан дегеніміз туып-өскен отбасымыз, ата-анамыз, ауасын жұтып, суын ішіп жүрген, кең-байтақ атамекеніміз. Әрбір қазақ үшін туған жерден ыстық, қадірлі, қымбат байлық жоқ екені сөзсіз.

Өзінің туған жері әркімге өзінше киелі. Исламда бес нәрсені қызғыштай қорғау міндеттеледі: Отаныңды, дініңді, ұятыңды, жаныңды, дүниеңді. 

Кешегі Мұқағали атамыздың жыр өлеңіне көз жүгіртер болсақ, үш бақыттың бірі – қазақ азаматы ретінде жүрегінде отанына деген патриоттық сезім болса, ата-баба рухы бізге мәңгі ризашылығын білдірері сөзсіз екенін ұғынуға болады.

Ата – бабамыз көп жылдар бойы тәуелсіз ел болу үшін тер төгіп, жанын қиғандығы баршамызға мәлім. Сонау қазақ әдебиеттерінде Еліміздің батыр ұлдары ел қорғау мақсатында қолдарына найза  ұстап, елін-жерін, яғни,  ұлан-ғайыр атырапты қорғаған – Бөгенбай, Наурызбай, Исатай мен Махамбет, Сәкен мен Мағжан секілді, сонымен қоса Сабира сияқты апаларымыздың өзі Отан үшін күрескені баршаға белгілі. Әуелі Жаратқанның, кейін осындай елімізді жерімізді сақтап, жанын қиған батырларымыздың арқасында Тәуелсіздік тұғыры орнатылды.

Міне, осы туған ел мен жерге ие болу, амандығын тілеу әрбір мұсылманның діни әрі азаматтық  борышы. Исламда  елге деген құрмет үлкенді сыйлау, кішіге ізет білдіру, сондай-ақ мәдениеттілікке бет бұруды насихаттайды. Хадисте:

لَيْسَ مِنَّا مَنْ لَمْ يَرْحَمْ صَغِيرَنَا وَيُوَقِّرْ كَبيِرَنَا 

«Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетпеген бізден емес» делінген.

 Демек, аталарымыз бен аналарымызды, аға-әпкелерді құрмет тұту, қарындасты қарындас, ініні іні деп сыйлай білудің де елді құрметтеуге жататынын ұққан жөн. Осындай еңбекпен келген ұлан байтақ елінің барлық дүниесі қымбат. Тіпті қара топырағының өзі − ыстық. Айша анамыздан (Алла оған разы болсын) жеткен риуаятта Пайғамбар (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дұғамен емдегенде:

 «Жеріміздің топырағы, аузымыздың суы Раббымыздың қалауымен ауруымызға шипа болады»[1], − дейтін.

Мәдинаға хижрат жасаған уақытында адамзаттың Ардақты елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Хазрауа деген жерге түйесін шөгіп, кіндік қаны тамған Меккеге жабырқаған көңілмен қимай ұзақ қарап тұрып: «Алланың атымен ант етейін! Сен жер бетіндегі ең көрікті, ең сүйікті мекенсің. Мен үшін сенен артық жер болмас. Егер тағдыр тауқыметіне ұшырамағанымда, өзіңнен бір сәтке жырақтамас едім», – деген еді.

 Ата –бабамыздың өздері елінен жырақ кеткенде туған жердің топырағын өзімен бірге алып жүреді екен. Сағынғанда есіне алып, сол топырақтан иіскеп, туған жерге деген сағынышын басатын болған.

Осы Тәуелсіздік тұғырына дейін халқымыздың  басынан өткізген небір қиындықтар мен қасіреттер, ерлігі тарихқа жазылып, халық есінде мәңгілік сақталып қалды. Қазіргі таңда, біз Тәуелсіз елдің жас өрендері үлкен күрес жолымен келген Тәуелсіздігімізді, елімізді көзіміздің қарашығындай сақтап, еліміздің жарқын болашағы үшін өнегелі тәрбие, терең білім алып, аянбай еңбектенуіміз қажет. «Ерім дейтін ел болмаса, «елім» дейтін ер қайдан болсын» дейді халық даналығы. Сол үшін Отаншылдық рухы бар, ұлтжанды, иманжүзді ұрпақ тәрбиелеу бүкіл елдің міндеті. Бүгінгі күні жастарды имандылық пен ибалылыққа тәрбиелеу керекпіз.

«Біз Отанымыздың қасиетті байтақ даласын қантөгісті шайқастарда қорғаған батыр бабаларымыздың рухына лайық болуымыз керек. Олар тәуелсіздікті аңсады, біртұтас, қуатты мемлекет құруды армандады. Осы ұлы мұратты жүзеге асырудың асқақ абыройы біздің ұрпақтың пешенесіне жазылды. Біздің тарихи міндетіміз елімізді әлемнің дамыған мемлекеттерінің қатарына қосу, сөйтіп келер ұрпаққа өркенді де өршіл Қазақстанды табыстау». Елбасы Н.Ә.Назарбаев тілге тиек еткендей, адамның елге деген ықыласы мен құрметін, қастерлеуін оның амалымен көрінетіні анық. Қайда жүрсеңде, туған жердің жұртын, мәдениеті мен салт-дәстүрін ұмытпай қолдан келгенше отанға қызмет ету керек.

Ирбад ибн Сариядан (Алла оған разы болсын) жеткен риуаятта Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адамдардың ең қайырлылары адамдарға көбірек пайда әкелгендері», – деп жауап берген[2]. Хадиске амал етіп, елімізді тек ғана сүйемін деген сөзбен шектелмей, елге жақсылық жасаумен дәлелдеуі керектігін көрсетеді. Аталарымыз ұзақ ғасырлар бойы армандап, бүгінгі ұрпақ әрең жеткен, талайлар аңсап өткен тәуелсіздік, егемендік үшін жанын қиған азаттықты көздің қарашығындай сақтауымыз керек. «Отанды сүю – иманнан» - деген қанатты сөздің өзі бір биік қасиетті. Өйткені, иманды адам өз Отанын сыйлап, қастерлей алады. Ондай азамат Отан бізге не берді деген пікірде емес, отанға біз не бердік – деген қамымен болады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Отаныңды, яғни тарихи мекеніңді сыртқы дұшпаннан қорғаудың қаншалықты сауап екендігі жайында бірнеше хадистер қалдырған. Бірде бір сахаба Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Иә, Алланың елшісі! Ең абзал амал не?» - деп сұрағанда, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Шекараны, Отанды қорғау үшін бір күн, бір түн күзетте тұру бір ай нәпіл ораза ұстап, түнде намаз оқудан да қайырлы», - деген.

Отанды қорғау – құрметті парыздың бірі. Себебі, Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Екі көзі тозақ оты шарпымайды: Алладан қорқыныштан жылаған көз, Алла жолында елін күзеткен көз»[3], – деген.

Қорыта келгенде, отанды сүюмен патриотизм, ұлтжандылық, туған елге ізет, туған жерге қызмет - отанға деген сүйіспеншілік. Отанға жанашырлықпен қарау, адал қызмет ету, халықты сыйлау, халықтың тілі, діні, салт-дәстүрі, қалыптасқан мәдениеті, сүннет жолы, мәзхабы, мемлекеттік рәміздері, шекара аумағы, атамекен секілді қастерлі ұғымдарын да құрметтей білу керек. Алла елімізді, жерімізді қауіпсіз, бейбіт мекен қылғай! Әмин!

Ислам МАРАТҰЛЫ

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария»

мешітінің наиб имамы

[1] (Бұхари)

[2] (Бәйһақи, Табарани)

[3] (Тирмизи хадистер жинағы)

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру