Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ЕЛОРДА МЕШІТТЕРІ

Ермұрат Назарұлы muftyat.kz 06.07.2020 10473 0 пікір
ЕЛОРДА МЕШІТТЕРІ

Жиырма екінші жылға аяқ басқан елордасы Нұр-Сұлтан қаласы сәулеті келіскен зәулім ғимараттарға кенде емес. Солардың ішінде күмбезі күнге шағылысып, мұнарасынан азан дауысы аспанға жететін мешіттердің орны ерекше.

Еліміздің бас қаласы Сарыарқадан орын тепкен соңғы 22 жылда 11 мешіт бой көтеріпті. Тек Ақмола кезінде ашылғаны болмаса, «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешіті – еліміздегі тарихы тереңде жатқан мешіттердің бірі әрі елордадағы алғашқы мешіт.

Назарларыңызға аталмыш мешіт және 2000-жылдардан кейін бой көтерген мұсылмандардың ғибадат үйлері туралы танымдық мәлімет ұсынып отырмыз.

 

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешіті 

 

Ақмолалық жамағат 1943-1944 жылдары Құсайын деген азаматтың екі бөлмелі шағын үйін сатып алып, жөндеп мешіт еткен. Ол Ақмола өңіріндегі ең алғашқы мешіт болатын. Бұл мешіт жергілікті мұсылмандардың имандылыққа бет бұрып, өңірде Ислам дінінің қанат жаюы жолында жарты ғасырдан астам халық игіліне пайдаланылды.

Бүгінде ескі мешіттің орнында тұрған Алла үйінің құрылысы 1991 жылы басталып, 1996 жылы аяқталды. Ашылу салтанатына Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қатысты.

2005 жылы Кеңес үкіметі тұсында 20 жыл (1952-1972) Қазақстан мұсылмандарының қазиы болған, Сарыарқа өңірінің тумасы, дін ғұламасы Садуақас қажы Ғылмани (Сәкен қалпе) аты берілді.

Екі қабатты мешіт құрылысы өзіндік сәулет үлгілерімен ерекшеленеді. Алыстан көз тартатын 42 метрлік мұнарасы мен үлкенді-кішілі 5 күмбезі бар. Ең үлкен күмбездің биіктігі – 22,5, қалған төртеуінің биіктіктері – 14,5 метр. Бірінші қабатта үлкен зал, вестибюль, Құран оқитын, неке қиятын және имам бөлмелері жайғасқан. Бұдан басқа мешіт ғимараты ішінде кітапхана, сүндетке отырғызу кабинеті, сондай-ақ мешіт қызметкерлеріне арналған шағын асхана жұмыс істейді.

Намаз оқитын жамағаттың көбеюіне байланысты жыл сайын мешітті кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Қазір мешіт ішінде 1600 кісі емін-еркін намаз оқи алады. Мешіт жанынан жаңадан ер-әйелдер дәретханасы, қасапхана, дін қайреткері Сәдуақас қажы Ғылмани мұраларының көргізбе орталығы салынды.

 

«Төлебай» мешіті 

 

2004 жылы ашылған бір мезетте 1200-1300 адам еркін намаз оқи алатын «Төлебай» мешітінің алдыңғы жағында ақшыл көк түсті 2 мұнарасы бар. Әрқайсысының биіктігі – 47 метр. Мешіттің үстінде ақшыл көк түсті 5 күмбезі бар. Үлкен күмбезінің биіктігі – 17 метр. Ғимарат үш қабаттан тұрады:

Бірінші қабаты 566 шаршы мертді құрайды. Онда Құран оқу бөлмесі, әйел адамдар намаз оқитын залы (350 адамдық), қосалқы төрт бөлме, сауат ашушыларға арналған сынып, жұмыскерлерге арналған бөлме және дәретханалар орналасқан.

Екінші қабаты 567,4 шаршы метрді құрайды. Үлкен залда 700 ер адам намаз оқи алады. Ерлер залында имамдарға арналған бөлмелер орналасқан. Кіреберісте  үлкен холл, аяқ киім шешетін екі бөлме бар.

Үшінші қабаты 192,5 шаршы метрді құрайтын балконнан тұрады. Балконда шамамен 150 адам намаз оқи алады.

«Нұр Астана» мешіті 

 

«Нұр Астана» мешіті – Есілдің сол жақ жағалауында бой көтерген алғашқы мешіт. 2005 жылы Наурыз мерекесінде ашылған мешіт жобасының авторы – ливандық сәулетші Чарльз Хафиза. Ал Безендіру және көркемдеу жұмыстарының авторы – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Ғазиз Ешкенов.

Мешіт орналасқан жердің көлемі 6,7 гектар, ал ішкі сыйымдылығы – 5 мың адам. Төрт жолдың торабында орын тепкен ғибадатхананың айналасы жасыл саябақпен қоршалған.⠀

Алтынмен апталған бас күмбезінің биіктігі 43 метр болса, одан өзге 25 кіші күмбезі бар. Мешіттің іргетасы бетоннан, қабырғасы пеноблоктан тұрғызылған. Ішкі қабырғалары жартылай табиғи мәрмәрмен көмкерілген. Биіктігі 63 метрлік төрт мұнарасы бар.

Мешіттің төрінде дәлірек айтсақ, михрабта Қағбаның жабуы – қисуаның бір бөлігі ілулі тұр.

Ішкі әрлендіру жұмыстарына  отандық сәулетшілер мен дизайнерлер атсалысып, жазулар ислам каллиграфиясы мен араб графикасына сәйкес өрнектелген. Әрлендіріп безендіру кезінде ұлттық нақыштармен астастырылып, оған ашық жасыл түсті бояулар  пайдаланылған. Ғимарат екі қабаттан тұрады.

Бірінші қабатында Құран оқу бөлмесі, неке қию залы және ерлерге арналған намаз бөлмесі бар.

Екінші қабатында әйелдерге арналған намаз оқу залы және дәріс бөлмесі бар. Мешіттің жанында оқу ғимараты, жатақхана және кітапхана орналасқан.

 

«Әл-Ғани» мешіті

 

Елорданың сол жақ жағалауында ашылған екінші мешіт – «Әл-Ғани» мешіті. Ол 2006 жылы шілде айының 6-сы елорда күні мерекесінде ашылды.

Мешіттің шаршы  алаңы 494,70 шаршы метрді қамтиды. Қос мұнаралы, әрқайсысының биіктігі – 35 метр.

Имандылық ордасының ауласында 500-ден астам түрлі терек, шырша, жеміс ағаштары, т.б. отырғызылған.

Ерлерге арналған үлкен намаз оқитын зал мен әйелдерге арналған шағын намаз залы бар. Сондай-ақ мешіт аумағында намаз оқушыларға арналған қосымша бөлек, жабық ғимарат орналасқан.

Ерлер мен әйелдерге арналған қолайлы 4 кабина, 8 дәрет жайды қамтитын дәретханалар орналасқан.

Жамағаттың жалпы сыйымдылығы – 1200 адам.

Өзінің құлшылық-ғибадатын орындаймын деген жұртшылық қауымға келіп-кету ыңғайлы әрі қолайлы.

 

«Шейх Кунта қажы» мешіті 

 

«Шейх Кунта қажы» мешіті 2009 жылы ашылған. Сыйымдылығы – 800-900 адам. Мешіт орналасқан алаң 944 ш.м. жерді қамтиды. Алаң ақ қайың, шырша және басқа түрлі ағаштармен көгалдандырылған.

Мешіттің жалпы ауданы – 1464.7 м2. Ғимараттың екі қабаты мен мұнаралары кірпіштен салынған, ал күмбезі металдан құрастырылып,  қапталған.

Бірінші қабаты 300 шаршы метр құрайды. Ондағы намаз оқу залында 300 ер адам намаз оқи алады, Құран оқу бөлмесі, неке қию залы, күту және демалыс залы, асүй бөлмелері орналасқан. Сонымен қатар киім ілетін бөлмелер, дәретханалар, вестибюльдер бар.⠀

Екінші қабаты – 400 шаршы метр. Үлкен залда шамамен 500 ер адам намаз оқиды. Кіреберісте үлкен холл, киім шешетін ілгіштер бар. Айналасында, сыныптар орналасқан.

 

      «Әс-сәләм» мешіті    

 

Теміржолшылар кентінде орналасқан «Әс-сәләм» мешіті 2011 жылы ашылды. Мешітте бір мезетте 800 адам намаз оқи алады.  ⠀

Сегіз қырлы 4 мұнарасы бар және олардың әрқайсысының биіктігі – 3 метр.

Мешіттің жалпы ауданы – 2675 шаршы метр. Ғимараттың екі қабаты мен мұнаралары қызыл кірпіштен салынған. Ғимарат үш қабаттан тұрады.⠀

Астыңғы қабаты – 1034 шаршы метр. Онда ер, әйелдерге арналған жуынатын бөлме. 70, 300 орындық  «Үлкен»,  «Кіші» деп аталатын екі асхана және оның қосалқы бөлмелері орналасқан. Сонымен қатар киім ілетін бөлмелер,  вестибюльдер бар.

Бірінші қабатының ауданы – 1034 шаршы метр. Үлкен залда шамамен 600 ер адам намаз оқиды. Кіреберісте үлкен холл, киім шешетін ілгіштер бар. Имамдардың кабинеті, сыныптар, қызмет бөлмелері, әйелдерге арналған намаз оқитын бөлме орналасқан.

Жеті бөлмесі бар екінші қабаттың ауданы – 612 шаршы метр. 

 

Әзірет Сұлтан» мешіті

 

Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешіті – Орталық Азиядағы ең әдемі әрі ең зәулім мешіт. Ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен екі жыл ішінде салынды. Мешіт үш қабаттан тұрады. Жалпы құрылыс аумағы 18000 мың шаршы метрді құрайды. Сыйымдылығы – 12000 адам.

Бірінші қабатында дәретхана, екі неке залдары және 500 адамға арналған ауызашар, құдайы ас беретін асхана бар. Мешіттің екінші қабаты ерлерге арналған намаз оқу залы бар. Ал үшінші қабатында имамдар бөлмесі мен сыныптар, діни бағдарлама түсіретін студия, діни, рухани ағарту сайт әкімшілігі орналасқан. Және үшінші қабатында әйелдерге арналған намазхана залы бар.

Кіші залмен үлкен залға өтер жерде қабырғаға Елбасының мешітке сыйлығы «Күміс Құран» ілінген. Бұл Ресейдің Ақша зауытында арнайы осы мешіт үшін тапсырыспен жасалған. Күміс Құранның түпнұсқасы Хазіреті Осман бин Аффанның әмірімен VII ғасырда жазылған. Күміс Құран 162 беттен тұрады. Жартысы келесі бетте ілінген.

2012 жылы 6 шілдеде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен салтанатты ашылуы өтті. Салтанатты жиында сөз сөйлеген Елбасы: «Елордада еңселі, үлкен мешіт ашылып отыр. Осы жарқын жаңалықпен және Астана күнімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! 4 мұнаралы сәнді және сәулетті мешіттің «Әзірет Сұлтан» деп аталуы бекер емес. Бұл – кезінде күллі қазаққа рухани орталық болған Түркістанның рухы енді елордамызда жаңғырады деген сөз. Ғұлама бабамыз Қожа Ахмет Ясауидің Түркістандағы кесенесі осылай аталатынын баршаңыз білесіздер. Енді Астананың да өз «Әзірет Сұлтаны» бар», - деді.

Мешіттің күмбез саны – 10, олардың диаметрлері – 10,45 метр. Төрт мұнараның әрқайсысының биіктігі – 77 метр. Мешітте 26 тірек бар. Мешіт аумағында 745 көлікке арналған ашық автотұрақ бар.

Мешіттің құрылысына 100-ден астам жергілікті және шетелдік құрылыс компаниялары ат салысқан. Құрылысқа қажетті заттар әлемнің 11 елінен алып келген. Архитекторлар мен сәулетшілер жергілікті. Үлкен намаз залындағы күмбез – Орталық Азиядағы ең үлкен күмбез. Биіктігі – 51 метр, ені – 28 метр. Люстра арнайы осы мешіт үшін жасалған. Әйнегі таза хрустальдан, темірі латунь. Салмағы – 3 тонна.

 

 «Әлжан ана» мешіті 

 

Елордаға ұшақпен келген келген адамның жолда бірінші көретін зәулім ғимараты – «Әлжан ана» мешіті. 2014 жылы маусым айында пайдалануға берілген мешіттің сыйымдылығы – 1400 адам. Оның орналасқан алаңы 1025,6 гектар жерді қамтиды. Алаң ақ қайың, шырша және басқа түрлі ағаштармен көгалдандырылған.⠀

Сегіз қырлы 4 мұнарасы бар және олардың әрқайсысының биіктігі – 28,850 метр. Құлшылық залының ауданы – 717 шаршы метр. Мешіт күмбезінің биіктігі (айды қоса алғанда) – 23,885 метрді құрайды. Ал айдың ұзындығы – 1,98 метр.

Мешіттің жалпы ауданы – 1249,4 м2. Ғимарат екі қабаттан тұрады. ⠀

Бірінші қабаты – 720 шаршы метр болса, онда Құран оқу бөлмесі, имамдар бөлмесі және 85 шаршы метр дәретхана орналасқан.⠀

Екінші қабатында (227,9 шаршы метр) әйелдер залы бар.⠀

Сонымен қатар 1358 шаршы метр «Астана» медресесінің қыздар бөлімі ғимараты мешіт аумағында орналасқан.

 

«Ырыскелді қажы» мешіті 

 

750 адамға лайықталған елордадағы ерекше мешіттердің бірі – «Ырыскелді қажы» мешіті. Ерекше дейтін себебіміз, мешітте баламалы энергия көздері қолданылады. Жоба авторы – Сағындық Жамболатов.

Мешіт 2018 жылы мамыр айында жамағатқа есігін айқара ашты. Орналасқан алаңы 1,44 га жерді қамтиды. Алаң ақ қайың, шырша және басқа түрлі ағаштармен көгалдандырылған.

Мешіт постмодерн стилінде салынған. Сырты дәстүрлі қазақи орнамент, сондай-ақ заманауи декор элементтерімен безендірілген. Сегіз қырлы 1 мұнарасы бар биіктігі 43.5 метрге жетеді. Күмбезі де – ерекше. Жалпы аумағы 3695 шаршы метр болатын ғимарат қос қабаттан тұрады және подвалы бар.

Бірінші қабатының ауданы – 828 шаршы метр. Онда Құран оқу бөлмесі, имамдардың кабинеті, бухгалтерия мен гардероб орналасқан.

Ал екінші қабаты 488 шаршы метрді құрайды. 2 зал, біреуі ерлер, екінші әйелдер намаз оқитын залдары. Екінші қабатқа көтерілетін екі заманауи лифт жұмыс істеп тұр. Біреуі ерлер, екіншісі әйелдер залына көтеріледі. Аталған екі залда сабақ беретін қажетті құралдармен жабдықталған арнайы орындар бар. Неке залы  да осында орналасқан.

Мешіттің астыңғы бөлігінде (подвал) ерлер және әйелдер дәретханасы бар.

 

«AQ MESHIT» мешіті 

 

Нұр-Сұлтан қаласы  ауданында орналасқан «AQ MESHIT» мешіті 2018 жылы желтоқсан айында ашылған. 2,5 гектар аумақты алып жатқан мешітте 1200-1500 адам сыяды.

Биіктігі 29 метрлік төрт қырлы 2 мұнарасы бар. Мешіт күмбезінің биіктігі (айды қоса алғанда) 25 метрді құрайды, диаметрі – 16 метр. Ғимарат үш қабаттан тұрады:

Бірінші қабатының ауданы – 1250 шаршы метр, онда 300 адамға арналған «Mumtaz» мейрамханасы мен киім ілетін бөлме, ер адамдарға арналған дәретхана орналасқан.

Екінші қабатының да ауданы – 1250 шаршы метр. Үлкен залда шамамен 1000 ер адам намаз оқи алады, оған қоса кітап сөрелері мен құран оқитын, неке бөлмелері орналасқан. Кіреберісінде қызметкерлердің бөлмесі бар әрі әйелдерге арналған дәретхана да осы қабатта орналасқан.

Үшінші қабаты 316.8 шаршы метрді құрайды. Ол жерде әйел жамағаты намаз оқиды және сауат ашу сыныптары орналасқан.

 

«Рахымқызы Раиса ана» мешіті 

 

2019 жылы 5 шілдеде елорда күні мерекесіне орай жол қозғалысы тәулік бойына тоқтамайтын теміржол вокзалы мен «Сапаржай» автобекетінің жанынан «Рахымқызы Раиса Ана» мешіті ашылды.

Жалпы аумағы 2152 шаршы метрді қамтитын мешіттің сыйымдылығы – 1500 – 2000 адам. Төрт мұнарасы бар, әрқайсысының биіктігі – 30 метр. Ғимарат екі қабаттан тұрады.

Бірінші қабаттың ауданы – 1264 шаршы метр. Кіреберісте холл, анықтама орны, қызмет бөлмелері, мүгедектерге арналған дәретхана және киім шешетін ілгіштер бар. Құран оқыту және неке қию орындары бар. Жамағат намазы оқылатын «кіші» және «үлкен» залы бар.

Үлкен зал қабырғаларын және михраб қасиетті Құран аяттары мен Алла Тағаланың 99 көркем есімдерімен безендірілген.

Ені – 5 м, ұзындығы – 4.8 м люстра ілінген. Қосымша 4 кіші люстра, қабырғаларда 22 шам ілінген. Барлығы 342 шам орнатылған.

Екінші қабатының ауданы – 445.6 шаршы метр. Әйел жамағаты намаз оқитын зал және қызмет бөлмелері орналасқан. Намаз оқу залы – 267,9 шаршы метрді құрайды. Мүгедектер мініп-түсетін арнайы лифт жұмыс істеп тұр.

Төменгі қабатта ерлер дәретханасы және қоймалар және техникалық бөлмелер орналасқан. Мешіт ауласына шырша ағаштары отырғызылып, басқа да көгалдандыру жұмыстары жүргізілген.

 

«Ар-Рахман» мешіті 

 

«Өндіріс» шағын ауданында орналасқан «Ар-Рахман» мешіті 2019 жылы ашылды. Сыйымдылығы – 800 адам. Алты қырлы бір мұнарасының биіктігі – 47 метр, ал күмбезінің биіктігі (айды қоса алғанда) – 58 метрді құрайды. Айдың ұзындығы – 1,5 метр.

Мешіттің жалпы ауданы – 800 шаршы метр. Пайдалы ауданы – 600 шаршы метр. Оның ішінде 100 шаршы метр – техникалық қабат. Ғимараттың екі қабаты мен мұнаралары кірпіштен салынған, ал күмбезі металдан құрастырылып, алюкабондпен қапталған. Ғимарат екі қабаттан тұрады.

Бірінші қабаты – 300 шаршы метр. Үлкен залда шамамен 650 ер адам намаз оқи алады. Кіреберісте үлкен холл, киім шешетін ілгіштер бар. Айналасында кітапхана, сыныптар, қызмет бөлмелері орналасқан. Құран оқу бөлмесі, неке қию залы, күту залы, дәретхана және жылыту бөлмесі бар.⠀

Екінші қабаты 300 шаршы метрді құрайды. Ол жерде ер және әйел жамағаты намаз оқитын бөлмелер, қызметкерлердің бөлмелері, әйелдердің дәретханасы және қызметкерлердің дәретханасы бар.

 

ОРТА АЗИЯДАҒЫ ЕҢ ҮЛКЕН МЕШІТ 

 

 Бүгінгі таңда республикалық «Әзірет Сұлтан» мешіті еліміздегі ғана емес, Орта Азиядағы ең үлкен мешіт саналса, 2019 жылдың көктемінде елорданың «EXPO-2017» аймағынан 30 мың адамдық мешіттің құрылысы басталған болатын.

Мешіттің алғашқы капсуласын қалау рәсіміне қатысқан Елбасы Н.Ә.Назарбаев сол кезде:

«Мешіттің негізгі ғимаратын салып жатырмыз, ол біздің аймағымыздағы ең үлкен мешіт болады. Мұсылман әлемінде бұл жай ғана діни ғимарат емес, ол қонақтар, туристер келетін елордамыз үшін әсемдік тұрғыда маңызды нысан саналады. Біз бұған дейін салынған және қазір салынып жатқан мешіттерді зерттедік. Ең жақсы жобаларды таңдадық. Жобаны өзім қараймын, бұл нысанның құрылысын басынан аяғына дейін өзім бақылаймын. Кейін бәріміз жиналып, оны ашамыз» деген еді.

Қазіргі пандемиядан аман өтіп, төрт көзіміз түгел елорданың ендігі жылдардағы торқалы тойында Орта Азиядағы ең үлкен мешіттің ашылғанына куә боламыз деген үмітіміз бар. Алла Тағала сол күнге жеткізсін!

Дайындаған Ермұрат НАЗАРҰЛЫ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру