Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ДОНОР БОЛУДЫҢ 10 ПАЙДАСЫ

Ермұрат Назарұлы muftyat.kz 14.06.2020 11934 0 пікір
ДОНОР БОЛУДЫҢ 10 ПАЙДАСЫ

14 маусым – Дүниежүзілік Донорлар күні

Дүние тіршілігінде адам өмірі мен оның денсаулығынан бағалы ештеңе жоқ. Сын сәтінде дәрігерлермен бірге қарапайым адамдардың да өзгенің өмірін сақтап қалуға тырысып жататын тұстары аз емес.

Соның бірі – донор болу, яғни, ерікті түрде қан беру. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, ауруханаларды қанның құрамдас бөліктерімен толық қамтамасыз ету үшін 1000 адамға шаққанда 20-25 адамның қан тапсыруы қажет екен. Ал Қазақстандағы донорлық белсенділігінің көрсеткіші – 17:1000.

Қазақстанда қан, қан плазмасы немесе жасушаларын алу үшін жыл сайын 220 мың адам донор болып, шамамен 285 мың қан тапсыру әрекеті жасалады және 193 мың литр қан сақтауға жарамды түріне келтіріледі (spct.kz)

Елордадағы Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығына жылына 40-45 мың қан тапсыру әрекеті жүзеге асса, осы орталықтың қан әзірлеу көрсеткіші ТМД бойынша қан орталықтарының алдыңғы бестігіне кіреді.

Трансфузиолог-мамандардың айтуынша, ересек адамның ағзасында шамамен 4,5-5,5 литр қан болса, донордан соның оннан бір бөлігі, яғни, 450 мл. қан алынады. Бұл адам денсаулығына зиянын тигізбейді, керісінше көп жағдайда пайдалы болмақ.

Осы орайда донор болудың 10 түрлі пайдасына тоқталайық.

 

Үш адамның өмірін құтқарасыз

Ең алдымен, сіз донор болу арқылы адам өміріне араша боласыз. Бір рет тапсырған 450 мл. қан өлім аузында жатқан 3 адамның өмірін сақтап қалады. Бірақ ниетіңіз шынайы болып, көкейіңізде тек қана «Алла разылығы үшін» деген үлкен мақсат болса, бүкіл әлемнің Патшасы, ерекше мейірімді Раббымыз қасиетті Құран Кәрімде: «Кім біреуді өлімнен құтқарып қалса, бүкіл адамзатты өлімнен құтқарғандай болады» («Мәида» сүресі, 32-аят) деп, Өзінің құзырында адам өмірін сақтап қалудың қаншалық құнды екенін баяндайды.

 

Ағзаңыз туралы тегін ақпарат аласыз

Донорлардың міндетті түрде тексеруден өтетіні белгілі. Яғни, донорлар өзінің қан тобын, гемоглабин мөлшерін білуден өзге, В және С гепатиттері, мерез, АИТВ инфекциясының маркерлері жөнінде тегін ақпарат алады.

 

Қанның құрамы жаңарады

Қан тапсырған кезде адам ағзасы қан жасаушы органдарының қызметін ынталандырады, сол арқылы қан құрамы жаңарып, адамның жалпы жай-күйі жақсарады, еңбекке қабілеттілігі артады.

 

Семіздіктің алдын алады

Тұрақты донорлық семіздіктің алдын алады, жаңа алынған қанның бір донациясы кезінде адам ағзасы 650 ккалды, плазма донациясы кезінде 470 ккалды жоғалтады. Әйелдер үшін бұл – жас, әдемі және сымбатты болудың тағы да бір таптырмас жолы.

 

Қан қысымын реттейді

Әсіресе, ер-азаматтар артериялық қан қысымының көтерілуіне жиі душар болады, донорлық – қан қысымын, сондай-ақ жүрек пен тамыр ауруларының қатер-қаупін төмендетеді.

 

Теріге өте пайдалы

Қанның жаңаруы – асқазан-ішек жолдары, оның ішінде бауыр ауруларының баға жетпес профилактикасы. Нәтижесінде донорлардың бет-әлпеті жақсарып, терісі жарқыраған және таза болады.

 

Қан жоғалту жағдайында көмектеседі

Тұрақты донорлық – ауқымды қан кету жағдайында ажалға араша тұра алатын бірден-бір амал. Өйткені олардың қан тапсырмаған адамға қарағанда, донор болып жүрген азаматтар қан кету жағдайында төзімді болады. Яғни, мұны қан кетуге дейінгі жаттығу десек артық емес.

 

Аты жаман аурулардың алдын алады

Қан донорлығы онкологиялық ауруларға шалдығудың қауіп-қатерін төмендететіні дәлелденген.

 

Адам өмірін ұзартады

Бәрімізге де өлшеніп берген өмір бар. Десе де, қан тапсыру адам өмірін 5-7 жылға ұзартады деген де болжам бар.

 

Салауатты өмір салтын қалыптастырады

Қан донорлығы салауатты өмір салтын ұстануды, дұрыс және толыққанды тамақтануды, спортпен шұғылдануды, өз денсаулығын күтуді, дәрі-дәрмектерді қажетсіз ішпеуді, жаман әдеттерден бас тартуға үйретеді. Себебі, қан берудің сауапты әрі жауапты амал екенін сезінетін адам ғана тәнін таза, жанын жамандық атаулыдан аулақ ұстайды.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру