Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Әз Елшінің серіктері кімдер болғанын білесіз бе?

Айгерім Есқожаева www.muftyat.kz 07.03.2019 4600 0 пікір

Ардақты Пайғамбарымызға ﷺ алғаш уахи келген кезде жас шамасы қырықта екені баршаға белгілі. Қырықтың қырқасындағы азамат ретінде әз Елші ﷺ көптеген басшылық қасиеттерге ие еді.

Бір қызығы, айналасындағы сенімді серіктерінің басым көпшілігі жастар болатын. Алла Елшісіне ﷺ адамзат үшін үлкен маңызға ие міндетті атқаруға тура келді: пұтқа табынушы арабтардың сенімін өзгерту, зұлымдық әдеттер мен ғұрыптардан жирендіріп, Исламды өмір сүру салты етіп ұстауға көндіру.  

Ислам тарихы жүректері озбырлық пен надандықтан даттанып кеткен халықтың мәдениетін өзгерту оңайға соқпағынын жазады. Сол сәттердегі ардақты Пайғамбарымыздың ﷺ негізгі аудиториясы жастар болған.

Әнас ибн Мәлік ардақты Елшінің ﷺ жанында ер жеткен жастың бірі.  Әнас ибн Мәлік Алла Елшісін ﷺ еш уақытта өзіне құрметсіздікпен сөйлеуге, қарауға жол бермегендігін, тіпті мұсылман жастарына өзгелердің тіл тигізуіне жол бермегенін айтады. Әнас Пайғамбарға ﷺ қызмет етіп жүріп есейді, дін мен ғылымды ардақты Елшінің ﷺ өзінен үйренді. Әнас сол кездегі ең таңдаулы хадисші ретінде мойындалған болатын. Пайғамбарымызға ﷺ серік болған жастар көп болды.  Ардақты Елші ﷺ әзілдеп Али ибн Әбу Талибті үнемі жерде ұйықтайтыны үшін «Әбу Тураб», яғни «топырақтың әкесі» деп атаған. Әли әз Елшінің ﷺ отбасымен жақсы таныс болған. Фатима бөлмеге кірген кезде ардақты Елші ﷺ орнынан тұрып, қолынан сүйіп, жанына отырғызатын еді. Фатима да әкесіне үлкен құрметпен ілтипат көрсететін. Ардақты Елші ﷺ қашанда жастарды болашақтың алғыр азаматтары болуы үшін танбай еңбек етті.  

Әз Елшінің ﷺ аяулы жары Айша анамыз да жастайынан үлкен беделге ие бола білді. Әз Елші ﷺ өмірден озған  соң жарты ғасыр ғұмыр кешкен ол тарихта болмаған ұстаз бола алды. Күнімізде де Айша анамыздан жеткен риуаяттар оқылып, Исламдағы құрметті аналардың қатарынан орын алған.  

Әз Елшінің ﷺ тағы бір жары, Омардың қызы Хафса қасиетті Құран парақтарын сақтаушы болу құрметіне ие болған, ал бұл жас әйел үшін үлкен жауапкершілік екенін анық.

Жоғарыдағы мысалдардан Пайғамбарымыздың ﷺ серіктерінің басым бөлігі жас жеткіншектер болғанын көреміз әрі олардың әрқайсысы есеюге және үлкен міндетті қаймықпай атқаруға дайын тұратын еді.

Саңлақ сахаба Әлидің айтуынша 14 жас пен 21 жас аралығында адам баласы достасуға құмар болады екен, сондықтан да сол кезеңдегі жеткіншектерге дос ретінде қараған дұрыс.

Біз де өскелең ұрпақ, жас жеткіншектерімізге сондай қарым-қатынас жасап жүрміз бе? Олармен достасатындай сенімге иеміз бе, олардың көзқарасын, ойын құрметтейміз бе, қиындыққа тап болса дос ретінде жәрдем бере аламыз ба?

Жоқ. Біз оларды керісінше, қателесе қалса- ұрсамыз, білместігі үшін-жазалаймыз, көмекке мұқтаж болса-көңіл бөлмейміз, дей тұра: «жас қой, үнемі ұрынады да жүреді» деп ақталамыз.

Қазіргі заманның жастары қоғамдағы барлық дертті өзіне сіңіріп алған. Бейәдеп қылықтар, мектептегі тәртіпсіздік пен нашар білім, поп-мәдениеттің жанкүйері болғаны соншалықты замандастары тарапынан небір қысым көріп, соған көну, т.б. Қоғамдағы болып жатқан көптеген факторлар жас жеткіншектің шариғат принциптерін ұстанып қалуына қиындық тудырары анық.

Жастардың ата-анасы ретінде олардың тәрбиесі мен білімі мектеп қабырғасынан да арырақ кететінін түсінуіміз қажет. Пайғамбарымыздың ﷺ жанындағы жастар қатарластарының емес, үнемі үлкендердің ортасында жүрген. Олар үлкендерден келісім шарт жасау, уағыз айту, кез келген жастағы адамға білім үйрету, үйдің жұмыстарын үлкен кісілерше атқару секілді жауапкершілігі жоғары жұмыстарды үйренді.  

Пайғамбарымыз ﷺ жастардың өз ойын айтудан тосу, қоғамдық өмірге етене араласу, өмірге шынайы көзқараспен қарау, жеке қызығушылығы мен ашылмай жатқан қырын көрстеу, жетістікке жеткізетін қабілетін көрсетуге тиым салып, тосып қалуды құптамас еді. Пайғамбарымыздың ﷺ жас жеткіншектерді үнемі қорғап, олардың көзқарасын құрметтеп, тіпті мұсылмандардың ішіндегі ең ақылдысымен пікірталасқа түсе қалса, жастардың сөзін сөйлеп, қиын-қыстау кезде де жас жеткіншектердің өзінің жанына серік болып ілесуіне рұқсатын берген.

Ардақты Елшінің ﷺ айналасындағы жастар да өте белсенді әрі қайратты болғанын осы тұстан байқаймыз.   

Қазіргі уақытта ата-аналар жас жеткіншектерге ер жетіп келе жатқан жас бала ретінде қарамағаны жөн. Ардақты Пайғамбарымыз ﷺ жас өркенді қоғамның іргетасы ретінде қараған. Ол жеткіншектердің білім алып, есейіп сауда ісіне араласуларына ықпал етті, соның бірі

Әнас ибн Мәлік ғалымдардың пікірталасында топ жарған, өзге ұлтпен қарым-қатынаста Әли озық тұрған, әкесі секілді үлкен кісілер мен өзі қатарлы жас жеткіншектерден жасақталған мұсылман әскеріне қолбасшы болған Усама ибн Зайдтар біздің бозбалаларымызға таптырмас үлгі.  

Осындай жас жеткіншектердің қатарынан қыз балалар да қалыс қалмаған. Пайғамбарымыздың ﷺ қызы Рұқия алғаш қоныс аударуды ұйымдастырушылардың бірі болған. Әбу Бәкірдің қызы Асма болса әз Елші ﷺ мен Әбу Бәкірге жәрдемдесу үшін басын қатерге тіккені тарихтан белгілі. 

Құлшылыққа бет бұрған бозаласы мен бойжеткені бар отбасының оларға деген көзқарасы да өзгеше болғаны жақсы. Көпшілігіміз «өз бетінше шешім қабылдауға әлі ерте» деп бетінен қаққан соң олардың бар қолынан келетіні қыдыру, ойын-сауық, танымал жандар жайлы өсек-сөз айтудан ары аспай қалуда. Негізінде оларды қоғамда белсенді, қайратты болып қалануына ықпал етуіміз қажет.

Жастарды үмметтің белсенді жеткіншектері етудің қарапайым жолы - тілінде кәлимасы бар, етек-жеңі жинақы жеткіншек тәрбиелегісі келетін үлкендердің достық қамқорлығы.

 

 

 

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру