Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

СІЗДІҢ ОЙЫҢЫЗ ҚАНДАЙ?

Әйгерім Есқожаева www.muftyat.kz 01.02.2019 4608 0 пікір

Адам не ойласа, сол орын алады деген түсінік бар, мәселен, уайым-қайғы, жақсылық, денсаулық тағы басқа көптеген жағдайларға ойдың ықпалы жоқ еместігі анық. Сондай-ақ, есте болатын жайт адамның ойы рухани жағдайына әрі адамның рухани дамуына да әсерін тигізеді екен.

Жаратушы Хақ Тағала жайындағы және оның жаратылыстары жайлы жағымды әрі жағымсыз ойлар біздің Раббымызбен байланысымызға да әсерін тигізеді.

 

Жаман ойлау

 

Кез келген жағдайдың жақсы тұсын ойлай алу рухани дамуға септігін тигізеді. Алайда жағымсыз әдеттер мен мінездердің әсерінен көптеген жандарда күмән, сенімсіздік және айналадағы жандармен қоса бүкіл әлемге күдікпен қарайтын болып келеді.

Сенімсіздік пен күмән адамдар арасындағы қатынасқа кері әсер етеді. Сонымен қатар, мұндай қатынастың уыты дін мен Жаратушымен байланысқа да ықпал етіп, адам баласының рухани тұрғыда кемелденуіне тосқауыл болады, яғни Алла Тағалаға жақындаудан тосады.

Адам кей кездері өзінің шариғаттың кейбір элементтері жайында жағымсыз ойда болғанын немесе жағымсыз ойда отырғанын аңғарады.

Мұндай жаман ойлар қайдан келеді?

Кей кезде бұл – білімнің аздығынан орын алады. Адамның білімі қаншалықты төмен болған болса, шариғаттың кейбір тұстарын түсінуде соншалықты қателеседі. Сондықтан діни білімді барынша арттырып отыруға көңіл бөлген абзал.

Екіншіден, жағымсыз ойлар адамның табиғи қалпына, яғни кез келген дүниені ашумен қабылдау және айналасын тек қара түсте көруге бейімділігіне байланысты туады. Ондай адамдар өкпе-реніш, ашу-ызаға толы ортада өмір сүргендіктен, реті келе қалса шағымданып, айналадағылардың қателігі мен кемшілігін жаны кіре айтып беруге дайын тұрады.

Олардың сол қалпы әдетіне, тіпті мінезіне айналып кеткендіктен, Алла Тағалаға да дәл сол ойды автоматты түрде бұра алады. (Алла Тағала баршамызды мұндай ойдан сақтасын!)

Жүректі шырмап алған жағымсыз оймен күресу ақыл мен шынайылықты талап етеді. Әрі бұл ең маңызды жайт, себебі, өмірден түңіле беретін адам тұлға ретінде жаңа сатыға көтеріле алмайды, сонымен қатар, Жаратушыдан да алшақтауы анық, айналасымен де қарым-қатынасына сызат түседі. Алла Тағала Құранда:

«Уа, иман келтіргендер! Ой атаулының көбінен аулақ болыңдар! Өйткені ой атаулының бір парасы күнәға жатады!..»,- деген.

 

Жақсы ойда болу

 

Адам баласы өміріге деген көзқарасын өзгертіп, өмірдің кейбір тұстарымен жақсы әрі жарқын қарым-қатынаста бола білуі қажет. Ол үшін әуелі, өзін жоқтан бар қылған Раббысымен байланысын реттегені абзал.

Алла Тағала біздерге Рахман сипатына сай мейірімділік танытуда, оның рақымы барлық жаратқандарына жеткілікті.

Ғалымдар Хақ Тағаланың мейірімі жаратқандарынан-ақ көрініс тауып тұр әрі ол үздіксіз жалғаса береді деген ой айтқан. Осының өзі-ақ кез келген жағымсыз ойды жоқ етуге жеткілікті. Әрдайым Алла Тағаланың біздерге тек жақсылықты, жақсылықтардың ең жақсысын беретінін естен шығармауымыз қажет.

Раббымыздың мейірімділігі жайлы ардақты Пайғамбарымыздың ﷺ:

«Алла Тағала мейірімділікті жүз бөлікке бөліп, тоқсан тоғызын Өз жанында қалдырып, бір бөлігін ғана жер бетіне түсірді. Мейірімділіктің сол бір ғана бөлігі арқылы бүкіл жаратылыс бір-біріне мейіріммен қарайды. Тіпті, жануар екеш жануар да төлін мертіктіріп алмас үшін мейіріммен тұяғын көтереді»,- дегенін Әбу Һурайра жеткізген екен.

Алла Тағаланың шексіз мейірімін саналы түрде ұғынсақ, кез келген ісіміздің жақсы нәтиже беретініне сенім мен үміт пайда болады.

 

Адамдар жайлы жақсы ойда болу

 

Жаратушы жайлы жақсы ойда болу Оның жаратқандарымен де жақсы қатынаста болуға итермелейтіні анық. Ардақты елші ﷺ жақсы адамдардың ағаттығына көз жұма қарауды үйреткен.

Сонымен қатар:

«Көктегілердің сендерге мейірімді болуы үшін сендер жердегілерге мейірімді болыңдар»,- деген.

Кімде кім Алла Тағалаға жақын болуды қаласа, әуелі өзінің ойы мен Раббысымен байланысымен жұмыс жасағаны жөн. Сонымен қатар, жүрегіндегі жағымсыз ойлар мен күмәндармен күресуге тырысуы қажет. Санамызды жағымсыз ойлар келіп түрткен кезде ары қарай кіруіне жол бермеген дұрыс, керісінше, күмән мен жағымсыз ойды жақсы ойда болу арқылы санамыздан шығарып тастауға қауқарымыз жеткілікті екенін білсек болғаны.

Жақсы ой Алла Тағаланы көбірек еске алуға мүмкіндік береді. Уақыт өте келе Алланың қалауымен Өзіне жақын әрі мейіріміне ие болған жандардан боларымыз сөзсіз.

 

 

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру