Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

УАХИДЫҢ ТҮСУІНЕ СЕБЕП БОЛҒАН ЖАҒДАЙ

Әйгерім Есқожаева www.muftyat.kz 05.12.2018 4636 0 пікір

 

«Хужурат» сүресінің екінші аятында Алла Тағала:

«Әй мүміндер! Дауыстарыңды Пайғамбардың дауысының үстіне көтермеңдер. Өзара бір – біріңе дауыстағандай Пайғамбарға дабырлап сөйлеспеңдер. Амалдарың жойылып, аңғармай қаласыңдар»,- дейді.


Бұл сүренің тәпсірінде кейбір ғалымдар екі терминнің қолданылуын көрсетеді. Соның бірі – «шә-нун-нузул». Егер Пайғамбарымыздың заманында қандай да бір жағдай орын алып, соған байланысты уахи келсе, онда соның келуіне себеп болған жағдайды шә-нун-нузул (شَأنالنزول) деп атайды. 

Ал, қандай да бір орын алған жағдайға байланысты Алла Елшісі ﷺ хадис келтірген болса, онда хадистің тууына себеп болған жағдай «шә-нул-уруд» (شَأنالورود) деп аталады.

«Хужурат» сүресінің алғашқы үш аятындағы шә-нун-нузул, яғни уахиға себеп болған жағдай - Пайғамбарымызға ﷺ Тәмим руынан делегацияның келуі. Алла Елшісінің ﷺ Әбу Бәкірдің және Омардың қатысуымен өткен жиында аталмыш рудың көшбасшысы етіп кімді тағайындау мәселесі талқыланады. Әбу Бәкір Каъкаъ ибн Маъбаданы ұсынады. Омар болса Әкра бин Хабисаны көшбасшы етіп тағайындауды ұсынады. Осылайша, Әз Пайғамбардың ﷺ алдында Омар мен Әбу Бәкір таласып қалады, ақыр соңында олар дауыстарын да қатты шығарып, өздері ұсынған адамды жақтай бастайды.

Бұл аятта да Алла Тағала Әбу Бәкір мен Омарды Пайғамбар ﷺ алдында дауыс көтергендері үшін айыптайды. Себебі мұндай амал адамзаттың асыл Тәжіне ﷺ деген құрметсіздік болып табылатын еді. Олар үнсіздік сақтау керек еді. Ал егер Пайғамбар олардан өз ойларын сұраған болса, ойларын айтуы керек болатын. Ойларын сұраса ғана, сөйлеулері қажет еді. Алла Елшісінің ﷺ жанында ол сұрамаған нәрсені, қатты дауыстап айту – Әз Пайғамбарға ﷺ деген құрметсіздік болып табылады.  

Ислам дінінің түп негізі Алла Тағала мен Оның елшісіне ﷺ құрмет көрсету. Тек оларға ғана емес, Ислам дінінің барлық айырықша белгілеріне құрметпен қарау. Қағбаға болсын, құбылаға, мешітке және ғалымдарға да. Исламды сипаттайтын барлық белгілерге құрметпен қарау – діннің кіндігі. Құрмет көрсетілмеген жерде адам Ислам дінінің өзін де бағаламайды.   

Соған орай, Алла Тағала бұл мәселеде Пайғамбар ﷺ алдында әдеп сақтап, құрмет көрсету  жайлы айтады.  

Өзге аятта Алла Тағала бұл мәселені басқа жолмен көрсетеді:  

وَمَنيُعَظِّمْشَعَائِرَاللَّهِفَإِنَّهَامِنتَقْوَىالْقُلُوبِ


Яғни, Алла Тағалаға және Оның елшісіне ﷺ әдеп көрсету – тақуалықтың, адамның шыншылдығының белгісі. Сондықтан да Ислам дінінің кез келген белгісіне құрметпен қарау – Исламның негізін қалайтын қасиет.  

Халқымызда құбылаға аяқты созып отырмау, ол жаққа қарай түкірмеу, Құранды орап, биікке қою дегенге ұқсас амалдардан ата-бабамыздың Ислам дінінің әдебін сақтап, құрмет тұтқанын аңғарамыз.

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру