Пайғамбарымыз ﷺ өзінің бір сүйінші хабарында:
Мінекей, ораза ұстаушы жан осылайша Жаратушы Иеміздің арнайы сыяпатына кенелумен Рамазанды олжалы аяқтайды.
Өкінішке орай, Рамазан айымен қимай қоштасамыз. Біз он екі айдың сұлтанын ерекше дайындықпен қарсы алуға әрекет еттік. Құтты айда оразаны мейлінше пайғамбарымыз ﷺ үйреткендей етіп тұтуға барымызды салдық. Күндізін оразамен, ал түнін намаз оқып өткіздік. Құран тиләуат ету, тарауих намаздарында сағаттап тұру және дұғамен өткізуге ұмтылдық. Енді сарапталық. Рамазанға дейін қандай болдық, одан кейінгі рухани жағдайымыз қалай өзгерді?
Рамазан айында иманның ләззатын біршама сезінгендей болдық. Алайда, осы оразадағы ахуалымызды келесі Рамазанға дейін сақтап қала аламыз ба? Бұл мүмкін бе? Әлбетте, бұл әрқайсымыздың ықыласымыздың ықтиярында. Кемелділікке, көркем мінезге қаншалықты құштар екенімізден көрініс табады. Ендеше, рамазан айынан кейін рухани қалпымызды сақтап қалу үшін бірнеше аятты басшылыққа алуға кеңес береміз.
إِنَّ اللَّهَ لا يُغَيِّرُ مَا بِقَوْمٍ حَتَّى يُغَيِّرُوا مَا بِأَنفُسِهِمْ
Мәселен, сіз – әкесіз. Сіз – бала-шаға мен жұбайыңызға әрбір іс-әрекетте үлгі болар тұлғасыз. Отбасы тәрбиесіне қатысты ұл-қызыңызға жақсы ой салатын сөздерді көп айтатын шығарсыз. Бірақ, сол сөздер сіздің жүріс-тұрысыңыздан көрініс таппаса, айтқан сөзіңіз желге кетеді. Зая болады. Өзіңіз темекінің түтін будақтатып тұрып, балаңызға «шылым шекпе» дегеніңіз қаншалықты өтімді болмақ?! Демек, бала-шаға мен әйеліңіздің жақсы болуын қаласаңыз, ең әуелі сол жақсы қырға өзгеру, игі қасиеттерге бейімділік өзіңізден көріну керек. Ұжымда да, ағайын-туыс арасында да осы қағида бойынша әрекет еткеніміз жөн.
وَلَا تَكُونُوا كَالَّتِي نَقَضَتْ غَزْلَهَا مِن بَعْدِ قُوَّةٍ أَنكَاثًا
Бұл – керемет жол көрсетуші аят. Иә, рамазанда басқа айларда жасамаған көптеген ізгі амалдарды жасадық. Қайырымдылық не екенін де үйреніп, біраз адамға көмек те бердік. Бірақ, Рамазан өткен соң бағзы әдеттерімізге қайта басып, бұрынғы қалпымызға қайта түсу – қателік. Аяттың меңзегені осы. Яғни, күні бойы аш жүріп ауыз бекітіп, Құран оқып, түндерде тарауихта тұрып, жақсы жағынан өзгеруге тырысып жасаған амалдарымыз бейне бір иірілген жіптің тарқатылғанындай зая кетпесін. Еңбегімізді бұлай еш етпейік! Қысқасы, рамазаннан кейін оразадағы алған иман қуаты артпаса, кемімеуі тиіс.
فَاسْتَقِيمُوا إِلَيْهِ وَاسْتَغْفِرُوهُ
Рамазан жүректегі иманға серпіліс берді. Рамазан айында рухани ауаны жұтып, оның әсерін айналадан сезіне алдық. Пендешілікпен ағайын-туыс, көрші-қолаң және әріптестің арасына түскен сызатты жойып, қайта татуластық. Көңілдегі реніш кетті. Ендеше, осы алған тура бағытымыздан танбау – сіз бен бізге ұлы бір міндет. Кері жағдайда, бұл біздің берілген нығметті бағаламағанымыз боп саналады.
Ендеше, ораза ұстаған бауырым, Рамазаннан кейін осы асыл қасиеттерді бойымызға сіңірген қалпымызда қалуға тырысайық! Құран айнымас досыңызға айналсын. Сабыр әрбір жетістікке жетуге, әр шыңды бағындыруда жәрдемші болсын. Жомарттық мұқтажға көмек қолын созуға жетелесін. Бойыңыздағы күш-қайрат елді елдестіруге, жақсылық жасауға жұмсалсын. Білім-парасатыңыз Алланы тануға, жағымды жаңалық ашуға арналсын. Батырлығыңыз әлсізге күш көрсетуге емес, оларға қорған болуға бағытталсын. Рухани жаңғыруға жол ашқан Рамазанмен қайта қауышуды Алла Тағала баршамызға нәсіп етсін! Әмин!
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру