Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Алла елшісінің ﷺ соңғы өсиеті

islam.kz 06.04.2018 5607 0 пікір

Ибн Масғуд әз елшімен қоштасар күн жақын қалғандағы болған жайтты былай деп баяндайды: «Алла елшісінің ﷺ мәңгілікке сапар шегетін күндері жақындағанда біз Айшаның үйіне жиналдық. Ардақты пайғамбарымыз ﷺ бізді көріп, көздеріне жас толып:

«Сендерге Алланың мейірімі болсын. Қош келдіңдер! Барлықтарыңды Аллаға бағынуға және Одан қорқуға шақырамын. Расында сіздермен қош айтысып, Алла Тағалаға қайтатын әрі Жәннат ал- Мауаға баратын күн жақындап қалды. Сол күн туып, мен жан тапсырған кезде менің денемді Әли жусын және оған Әл-Фадл бин Аббас пен Усама бин Заид су құйып көмектессін. Одан кейін маған өз киімімді кебін қылып соған ораңдар, ал егер қаласаңдар, Йеменнің ақ матасына орасаңдар да болады. Мені жуып, кебіндеп болған соң мәйітімді қабірімнің шетінде тұрған кереуетке қойып, бір сағатқа қалдырыңдар. Себебі, ол кезде үйге Жәбірейіл, одан соң Микаил, Исрафил, сосын Әзірейіл періште әскерлерімен, одан кейін барлық періштелер бірінен соң бірі келіп жаназа намазын оқиды. Осыдан соң өздерің келіп, топ-топ болып жаназа намазын оқыңдар», – деді.

Сүйікті пайғамбардың, туған анасынан да жақын болып кеткен адамның өмірден озатын сәтінің жақындағанын естіген сахабалардың көздеріне амалсыз жас келіп, еңкілдеп жылай бастайды. Олар: «Уа, Алланың елшісі! Сен біздің елшіміз әрі алға бастаушы Сұлтанымызсың! Егер сен о дүниелік болсаң, біз кімге барып жол табамыз?»,- деп сұрады. Сонда Ол ﷺ:

«Мен сендерге жарқын, адастырмас жол тастап кеттім. Сондай-ақ, біреуі сөйлейтін, біреуі үндемейтін екі уағызшы қалдырдым. Сөйлейтін уағызшы ол – Құран, ал үндемейтін уағызшы ол – Өлім. Егер бір мәселе туындаса, Құранға жүгініңдер, ал егер жүректерің қатыгезденіп кетсе, онда өлім және оның қиыншылықтарына ой жүгіртіңдер»,- деді.

Осы оқиғадан соң Алла елшісі ﷺ Сафар айының соңынан бастап бас ауруына шалдығып, он сегіз күн төсек тартып жатып қалды. Сахабалар көңілін сұрауға үйіне барып тұратын. Бірақ, дүниеден қайтатын соңғы күні таңға жуық Оның ﷺ ауруы асқынып кетті. Сол күні таң намазында Біләл мешітке келіп азан айтып, мешіт жанындағы пайғамбардың есігіне келді де: «Әссаламу алейкум, Алланың елшісі»,- деп сәлем берді. Бұған Фатима: «Уа, Біләл, Алла елшісі ауырып, мазасызданып жатыр»,-дейді. Сонда Біләл пайғамбар қызының не айтқанын жөнді естімесе де, мешіт жаққа қайта оралды. Таң атып, намыз уақыты өтіп бара жатқан еді. Біләл екінші рет әз елшінің үйіне келіп сәлем береді. Бұл жолы ауырып жатқан Алла елшісі ﷺ азаншы сахабасының даусын естіп, оған: «Кіре ғой, Біләл. Мен өзіммен болып жатырмын. Дертім үдеп кетті (пайғамбардың намазға шығуға мүмкіндігі жоқ еді). Біләл, Әбу Бәкірге барып адамдарға имамдыққа шығып намаз оқуын айт», – дейді. Халі мүшкілденіп бара жатқан пайғамбарды көрген Біләлдың түрі бозарып, екі қолын басына қойып: «Мені шешем бұл дүниеге әкелмегенде ғой», – деп жыларман халде мешітте отырған Әбу Бәкірге келді. Әбу Бәкір пайғамбардың бұйрығын естіген соң михрабқа көз тастады. Пайғамбарсыз ﷺ бос тұрған михрабты көрген Әбу Бәкір де шыдай алмай өкіріп жылап жіберді. Оған қосылып барлық сахабалар дауыс шығарып жылай бастады. Олардың еңіреп жылаған дауыстары Алла елшісінің құлағына жетті. Пайғамбар Фатимадан олардың неге жылап жатқанын сұрғанда ол: «Мұсылмандандар сені жоғалтудан қорқып жылап жатыр»,- деп түсіндірді. Сол кезде Алла елшісі Әли мен Әл-Фадл бин Аббасты шақырып, соларға сүйеніп мешітке барып, екі рәкағатт таңғы намазды жамағатпен оқыды. Намаздан соң сап-сап болып отырған мұсылмандарға қарап:

«Сендер Алланың қорғауындасыңдар. Сендерді Алла Тағаладан қорқуға және Оған бағынуға шақырамын. Расында мен дүниені тастап бара жатырмын. Бұл менің Ақыреттегі бірінші, ал дүниедегі ең ақырғы күнім»,- деді де орнынан тұрып үйіне қарай жүрді…

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру