Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ұлттық код –  тіл мен діл

Төлеби ОСПАН, ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкіл имамы 26.03.2018 7773 0 пікір

 

Бүгінгі жастар кешегі ата-баба аманатын арқалаушы буын. Ол аманат – Алтай мен Атырау арасындағы ұлан ғайыр жер. Кіндік қанымыз тамған отанымыздың тұтастығы. Сонымен бірге, ұрпақтан ұрпаққа әкенің қанымен, ананың сүтімен беріліп келе жатқан тектілік атты «ұлттық кодымыз». Ұлттық код – ұлтымыздың даралық ерекшелігі әрі өзіндік қасиеті.

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында. Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады», - деп дөп басып жазады. Әрине, дамыған елдердің тәжірибесін ескеру қажет. Өйткені, тарихи себептермен біздің біршама кенжелегеніміз рас. Десе де, озық тәжірибені ендіру барысында белгілі бір сүзгіден өткізбей тұтастай қабылдаудың салдарын жете түсінген жөн. Бұл елек ұлттық бояу һәм рухани құндылық. Бұл тұрғыда, кез келген саладағы жас мамандар тарихы алтын әріптермен жазылған ұлы дала ұрпағы екенін ұмытпағаны дұрыс.

Рухани даму бастауында тіл, дін және діл жатыр. Бұл үшеуі – бір-бірімен біте қайнасқан бір тұтас дүние. Әрбірі аса маңызды элемент. Құдайға шүкір, Қазақ елі керегесі кең, шаңырағы биік мемлекет. Әрине, мәңгілік елдің болашағы ұлт тұтастығында екенінде дау жоқ. Осы тұрғыдағы негізгі мәселе ұлтымыздың үш тірегінің шұбарлануы. Әлемдегі тілдер арасында ең бай тіл өкілінің бірі бола тұра өзге тілде сөйлеуге әуестіктің бары өтірік емес. Ақиық ақын Қадыр Мырзаәлі:   

Ана тілің - арың бұл,

Ұятың боп, тұр бетте,

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте! – деп жырлағандай,

рухани қайта түлеу ана тілсіз мүмкін емес. Ұлы ағартушы, мемлекет және қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов атамыздың «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген сөзі де – соның бір айғағы. Өйткені, тіл ұлттың бар құндылығын тасымалдаушы құрал. Бұл мәселенің әлі де күрмеуі шешілмей келе жатқанына бір кінәлі адам болса, ол да – сіз бенен біз. Дәлірек айтқанда, біздің немқұрайлығымыз. Ұлттық деңгейдегі маңызды мәселеге атүсті қараудамыз. Жанашырлықтың жоқтығы. Тіл мен дін ел-жұрт боп шешетін мәселе.

Қарапайым күнделікті қарым-қатынаста бір-бірімізбен қазақша сөйлеспейміз. Отбасы дастарқан басында бір тілде сөйлемейінше және бір шаңырақ астында мұсылманшылық жоралғысы бірдей болмайынша, мемлекеттік деңгейде руханият мәселесінің шешімін табу қиын. Отбасы - шағын мемлекет деген осы.

Мақаланың «Ұлттық сана» бөлімінде: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды», - деп айтылғандай, қазақи дәстүр сан ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық рухани құндылығымыз. Мағжан Жұмабаев: «Мен жастарға сенемін» дегендей, қазақ жастарының сол сенімді ақтауы перзенттік парызы.

Елбасының бұл мақалалық идеясы уақыт талабы еді. Өйткені, тәуелсіздік алған жылдары елдің экономикалық жағдайын жақсарту қажет болды. Нарықтық экономикаға қатысты шығыс және батыстың дамыған елдерінің озық үлгілерін пайдалана отырып, экономикалық тұрақты мемлекет болып келеміз. Хәкім Абай айтқандай:

«...Әрбір жалқау кісі – қорқақ, қайратсыз тартады, әрбір қайратсыз – қорқақ, мақтанғыш келеді, әрбір мақтаншақ – қорқақ, ақылсыз, надан келеді. Әрбір ақылсыз – надан, арсыз келеді. Әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады[1]», - халқымыз ширек ғасырда экономикалық тұрғыда біршама өсті.

Отандық өнімдер мен тауарлар бәсекеге қабілетке ие бола бастады. Енді, кезек ұлттық идеологияны көтеру. Халықтың мүддесі мен мақсатын бір арнаға салу. Әлеуметтік желідегі қоғамымыздағы түрлі жағымсыз тіпті арсыз келеңсіз құбылыстар біздің ұлттық және отбасылық тәрбие институтын дамыту және жаппай насихаттау уақыт талабы екенін көрсетуде. Дін саласының қызметкерлері имамдар рухани жаңғыру аясында жастарды Ислам дінінің ең маңызды Отанды сүю, ата-ананы құрметтеу, елге қызмет ету, ауызбіршілік пен ынтымақ, дін және ұлтаралық татулықты нығайту бағытында өзіндік үлесімізді қосуда.  

Елбасы Н.Ә.Назарбаев:

«Бірақ, ұлттық кодымды сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық», - деп айтқандай, асыл дінімізді дәстүрімізбен сабақтастырып насихаттау аса маңызды екенін айтқым келеді.

Ендеше, қазақ жастарына аға буын болған шақта өскелең ұрпақ алдында ұятқа қалмауы үшін тіл мен ділдегі бірлігі қажет.

 

 

 

 

[1] Үшінші қара сөзінен

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру