Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ДІН ТУРАЛЫ ЗАҢҒА ӨЗГЕРІС – ЗАМАН ТАЛАБЫ

Алматы қаласы орталық мешітінің бас имамы Еркінбек Шоқай 20.03.2018 7360 0 пікір

  

Дін туралы заң – бүгінгі таңда еліміздің әрбір азаматы үшін өте өзекті мәселе. Сондықтан діннің еліміздегі ахуалы туралы қоғамдық ой бағамдау, пікір топшылаумен бірге, нақты мемлекеттік заң актілеріне өзгерістер енгізіліп, зерттеу-талдау жасалып, бағдарламалық құжаттар әзірленуі – жөні бар қадам. 

Қазақ елі – өзінің сан ғасырлық ізгі мұратын, Аллаға шүкір, осы ширек ғасыр ішінде жер әлемге әйгілеп, дербес, тәуелсіз ел ретінде діні мен дәстүрін, тілі мен ділін дамытып, өз алдына тіккен күмбезді шаңырағы бар мемлекетке айналып үлгерді.

Ат төбеліндей қазақ ұлтының өз алдына дербес мемлекет болу, мемлекеттігін сақтау, қорғау идеясынан ешқашан көз жазбаған. Бүгінімізде, болашағымызда солай болуға тиіс.  Бұл табан аудармайтын ұлы мұрат, үлкен әлеуетіміз. Өзгерістер енгізіліп, қабылданғалы отырған дін туралы заң соның бір айғағы. Дін – адам болмысының сұранысы, қоғамдық әрі рухани қажеттілік. Бұл дін туралы заңның қадау-қадау тұстары бүгінгі болмысымызда, қоғамымызда орын алып отырған әрі сәрі жағдайға алаңдаушылық білдіріп қана қою емес, оның шешімін тауып, реттелуіне бағытталған шара деуге болады.

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі ұсынып отырған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында дінді кері мақсатта пайдаланудың алдын алу, теріс діни идеологияның таралу жолдарын шектеу мәселелері қамтылған. Сондықтан бұл заң жобасы қоғамдағы тұрақтылық пен діни келісімді қалыптастыруға өз үлесін қосады деп айтуға болады.

Заң жобасында неке қиюға қатысты діни жоралар мен рәсімдерді еліміздің ресми АХАЖ органдарының тіркеуінен өтпей тұрып ғибадат ғимаратынан (құрылыс жайлардан) тыс жерлерде жүргізуге шектеу қойылған. Өйткені соңғы 10 жылда 15-18 жас аралығындағы жастар арасында 30 мыңнан астам неке қиылған деген дерек бар. Бұлардың барлығының мешіттен тыс жерде қиылғаны белгілі. Алайда бұлардың көпшілігінің отбасылық өмірі жалғаспай, балалар зардап шеккен оқиғалар көбейіп отыр. Мұндай жағдайда баланы да, ананы да заңмен қорғау мүмкін емес. Демек, олар өздерін қорғай алмайды деген сөз. Ал біздің дініміз отбасының бұзылмауына ерекше мән береді, шаңырақтың шайқалмауын көздейді. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде:

«Рұқсат етілген істердің ішіндегі Алла Тағалаға ең сүйкімсізі – талақ», -деп шаңырақты бұзбауға шақырған.

Ислам дінінде отбасылық үйлесімділік пен теңдік болу үшін неке қиюдың да өзіндік ережелері бар. Ең бірінші неке қиятын ер мен әйелдің үйлену ниеттері мен келісімін сөз жүзінде өзара білдірулері керек. Мұны «ижәб» және «қабул» деп айтады. Болашақ ерлі-зайыптылар неке қиярда мұсылман, ақыл есі дұрыс, кәмелетке толған екі ер немесе екі әйел бір ер кісіні куәгер етуі керек. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

«Куәгерлерсіз неке жоқ», – деген.

Куәгерлерсіз қиылған неке шариғат бойынша неке болып есептелмейді. Мешітте неке қиюға ниет білдірген жастардан осы тәртіптер талап етіледі. Өйткені қоғамның, мемлекеттің тұтастығы – отбасынан басталады. Отбасы тату әрі тұғыры мықты болса, қоғамда да береке-бірлік орнайды.

Заң жобасында діндарлардың құқығын, қадір-қасиеттерін, құдайға құлшылық етуді, діни жоралар мен рәсімдерді орындауды қорлауға, діни радикализмнің көріністеріне жол бермеу мәселелері анық айтылып отыр. Қазір әлемде кейбір елдерден көріп отырғанымыздай, өзгенің діни сенімі мен сезімдеріне құрметпен қарамаудан, өзара түсініспеушілік пен кешірімділіктің жетіспеуінен түрлі қақтығыстар орын алып жатыр. Бейбіт халықтың қаны төгіліп, сәбилер жетім, аналар жесір қалуда. Бұл елдерде дін ұстанып, оны насихаттау түгілі өмір сүрудің өзі мұңға айналғанын көріп отырмыз.

Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімнің Бақара сүресінде:

«Дінде зорлық жоқ...», – дейді.

Дінде зорлық болмағаны секілді, дінде өзгенің сенімі мен сезімін қорлауға жол жоқ. Алла елшісінің сенімді серігі Халид ибн Уәлид жорықтарында мұсылмандардың қарамағына өткен халықтарды Ислам мемлекетінің қорғауына, қамқорлығына алып отырған. Бұған қатысты Зияд ибн Жәз әз-Зубәйди мынандай дерек келтіреді: «Қолға түскен мысырлық тұтқындармен бірге бір жерге жиналдық. Христиан дінін ұстанатын адамдар да келді. Тұтқындарға ислам дінін қабылдауға немесе өз діндерінде қалуға еркіндік берілді. Бір адам ислам дінін қалап, мұсылман болса зор дауыспен Алланы ұлықтап, оны өз жағымызға өткізіп алдық. Христиан дінін таңдаған болса, христиандар да дауыстап, оны өздерінің жанына алатын», – деген. Осындай оқиғалардан исламның әділдік пен еркіндік діні екенін көреміз.

Діннің негізгі мақсаты – имандылықты насихаттау. Ал иман – адам баласының жан дүниесі мен жүрегіндегі құндылық. Кез-келген зорлық-зомбылық сенім мен сезімге билігін жүргізе алмайды. Заң жобасында осы мәселенің басты назарға алынғаны құптарлық жайт. Біздің еліміз көп ұлтты, көп конфессиялы, зайырлы мемлекет. Бұл халқымыздың тарихи тағдыры мен ерекшелігі. Еліміздің бейбітшілік пен бірлікті ту етіп, ынтымақта өмір сүріп жатқаны баршаға үлгі. Бұған мемлекетіміздің жаһандық, халықаралық қауіпсіздік жағдайында көпөрістілік ұстанымын тірек етіп, өркен жайып келе жатқаны оң ықпалын тигізуде.  

Сонымен қатар, жобада діни мазмұндағы ақпараттық материалдарды тарату мәселесі де назарға алынғаны дұрыс қадам деп санаймыз. Қазіргі ақпараттық дәуірде дінді жеткізудің жауапкершілігі тіпті үлкен. Өйткені, жаңа толассыз дамып жатқан ақпараттық жүйе қоғамға түрлі діни мағлұмат алуға, таратуға мүмкіндігін берді. Оның ішінде дұрысы да, бұрысы да бар. Дін тақырыбындағы таратылып жатқан материалдардың саны жыл сайын өсіп келеді. Бұл үрдіс қоғамның дінге деген сұранысы мен талабын көрсетіп отыр.

БАҚ-та діни тақырыпты дұрыс жариялаудың, насихаттаудың бірнеше шарты бар. Біріншіден, тақырып атауын дұрыс қоя білу керек. Екінші, діни сөздердің мағынасы мен ұғымдарының түсінікті әрі өз мағынасында берілуін қадағалау қажет. Үшінші, діни ақпарат нақты және дәлелді болуы міндет. Төртінші: діни мағлұматты жеткізбес бұрын сараптама, талдау жасалуы керек. Дін насихаты үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өйткені дінді, діни ақпаратты дұрыс жеткізу қоғамның түрлі ағымдар мен радикализмге қарсы иммунитетін күшейтетін бірден-бір құрал. Әрі дінді дұрыс жеткізу ақыреттік сауапты іс болып табылады. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен салауаты болсын) бұл туралы:

«Кімде-кім менің атымнан жалған сөйлесе тозақтан орнын әзірлей берсін», – деп ескерту жасаған.

Ал, қасиетті Құран Кәрімнің «Нахыл» сүресінде:

(Уа, Мұхаммед!) Раббыңның жолына даналықпен әрі жанға жағымды уағыз-насихат айту арқылы шақыр! Сондай-ақ (Алла жолында) күресу (немесе сөз таластыру) керек болғанда әрдайым сөз бен іс-әрекеттің ең жақсысын таңда», – делінеді.

Осылайша, Алла Тағала бізге дінді жеткізудің көркем әдебін көрсетіп отыр. Діннің жүгін арқалаған әрбір адам осы аманат пен жауапкершілікті қаперінде ұстауы керек деп ойлаймын.

Тағы да мән беретін тұсы, ол – аудандық әкімдіктер құзіретінің нақтылануы. Заң бойынша аудандық әкімдік өңірде әрекет ететін дiни бiрлестiктердiң, миссионерлердiң, рухани білім беру ұйымдарының қызметiн зерделеп, талдау жүргiзедi. Ұсынылған басым бағыттар қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейді. Ал, бұл тұрғыдағы шараларды іске асыру тіркелген діни бірлестіктер мен азаматтық қоғамның мемлекеттік органдармен өзара тығыз жұмыс жасауына мүмкіндік береді.

Ислам мұсылманды Алланың тура жолымен жүріп, ізгі амал жасауға, өзара тату болуға тәрбиелейді. Алла Тағала Құран Кәрімнің «Әл-Имран» сүресінде:

«Алла тартқан желіден (діннен) бекем ұстап, айырылмаңдар. Алланың өздеріңе жасаған рақымын еске алыңдар. Сендер өзара дұшпан едіңдер, ол сендердің жүректеріңді жақындатты. Соның рақымымен табысып, туыстастыңдар. Сендер тозақ апатының жиегінде тұр едіңдер, Алла сендерді одан да құтқарды. Алланың аяттары міне, осы жайды баяндайды. Мүмкін осыған ой жіберіп, тура жолға түсерсіңдер», – дейді.

Демек, қоғамдағы өзара ынтымақ пен бірлік біздің дініміздің ұлы құндылықтарының бірі. Әрбір мұсылман бұл құндылықтың үмметтің ішінде кеңінен тарап, дамуына өз үлесін қосуға міндетті болып табылады.

Зайырлық ұғымы мемлекет пен діннің өзара бөлінуін білдірсе де, қоғам мен діннің арасын ажыратып қарау мүмкін емес. Өйткені, дiнсiз қоғам, ал қоғамсыз дiн жоқ. Ал адамзат қоғамы мемлекетті құраушы негізгі элемент болып саналады.  Дiн мен мемлекеттiң түйiсер жерi – елдiң тұтастығы және қоғамның ауызбіршілігі.

Бәрімізге белгілі, еліміз әлемге татулық пен тұрақтылықтың үлгісі ретінде танылып келеді. Дінаралық толеранттылық идеясын тарату, насихаттау жөніндегі көшбасшы елге айналды. Әлем елдері бұл қасиетті бізден үйренуге бет бұрып отыр. Алла Тағала Құранның Маида сүресінің 2-аятында:

«Ізгі істерде, тақуалықта көмектесіңдер. Күнә жасауға, дұшпандықта жәрдемші болмаңдар. Құдайдан қорқыңдар, оның қаһары тым қатал»  - деп адам баласын ортақ мүдде мен бірлікке шақырады.

Дініміз адамның ар-намысының қорғалуы мен оның амандығын көздейді. Әз пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қоғамдық қарым-қатынаста қандай адам болу керектігін бір хадисінде:

«Егер көршің өзге дін өкілі болса, онда сенің мойныңда оның көрші болғаны үшін бір ақысы бар. Егер көршің мұсылман болса, оның алдында екі міндетің бар. Ол – біріншіден көршің, екіншіден мұсылман бауырың. Ал егер көршің мұсылман-туысың болса, оның алдында үш міндетің бар. Ол – көршің, мұсылман бауырың әрі туысың», – деген екен.

Демек, қоғамда өмір сүріп жатқан әрбір адамның біздің мойнымызда құқы бар. Оны қорғау, сақтау құқықтық, һәм мұсылмандық міндетіміз.

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру