Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Алла жазған тағдырға разылық

Әйгерім Есқожаева muftyat.kz 20.02.2018 8170 0 пікір

 

 «Үйде жалғыз бала болса ата- аналары ол баланы өздерімен бірге тұруға мәжбүрлеуі мүмкін, егер бірнеше бала болса бір – екеуі кетсе де олар жалғыз қалмайды. Сондықтан да көп балалы болғандары жақсы»,- дейді бес баланың анасы. Әркімге бала сүю бақыты беріле бермейтіндіктен мен, үнсіз қалдым.  

Барлық ойым өзім танитын баласыз жұбайлар мен жалғыз басты жандарға ауып кетті. Егер Алла Тағала оларға бала сүю бақытын бермесе, қартайған шақта олардың жағдайы не болмақ? Олар өз тағдырына налиды ма, әлде рухани тыныштығын сақтап разы бола ма?

Әр адам қандай адам болатынын таңдай алады – адамгершілігі бар немесе жоқ адам бола алады. Жол бойында отырған кедей қымбат көліктерге қызыға қарайды, зағип адам әлбетте, жарық дүниені көре алмағанына өкінеді, қара нәсілді ақ болмағанына налиды.

Егер қамықтыратын ойларға, мұңға және жіберіп алған мүмкіндіктерге өкінуге еркіндік берер болсақ, онда Алла Тағала бізге нығмет қып берген көп нәрсесін жоғалтамыз. Қолымыздағы жоқ нәрсеге налып отырып, өмірдің сәттіліктерін жіберіп қойып, қарап отыруға уақыт тым қысқа. 

Шүкірсіздік және жаман ойда болуға әйел адамдар бейім келеді, бұл жайлы тіпті хадисте де айтылған. Тұрмысқа шықпаған әйел баласы құрбыларының тұрмысқа шығып жатқанын көргенде ешқашан жақсы адамға жар бола алмаймын деп мұңаяды. Тағы бір әйел ол – күні бойы тар пәтерінде тыпырлап жүретін көп балалы ана, кең үйлерде әрі қызметші ұстайтын әйелдерге қызыға қарап жүреді. Шүкірсіздік біздердің әрбірімізде бар әрі өмір бойы бірге жүреді. Тіпті біз қалағанымызды сол мезетте алсақ та, оны тез арада ұмытып тағы да жетпейді деп шүкірсіздік танытамыз.

«Сондай- ақ Ол сендерге сұрағандарыңның бәрін берді. Һәм егер де Алланың нығметтерін есептесеңдер, санына жете алмайсыңдар. Расында, адам, сөзсіз, өте зұлым әрі шүкірсіз!» («Ибраһим» сүресі, 34 – аят)

Алланың жазған тағдырына разы болу – «әр- рад бил қадр».  Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оны қасиетті бір дұғасында былай деп сұраған:

« Я, Аллам! Сенің маған сый етіп берген тағдырыңа разы болатын тыныш жүрек сұраймын».

Шүкіршілік – әлемдегі тыныштықтың қайнар көзі.

Оған қалай қол жеткізу керек? Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) осы халге қалай қол жеткізу керектігін үйреткен:

«Өздеріңнен деңгейі жоғарыға қарамаңдар. Жағдайы нашарларға қараңдар, өйткені Алланың сендерге берген нығметі естеріңе түседі». (Бұхари мен Муслим)

Жаратушы Хақ Тағала былай дейді:

«Әрі Алланың біріңді өзгелерден артықша еткен нәрселерін көксемеңдер. Ерлерге де істегендерінің үлесі, әйелдерге де істегендерінің үлесі тиеді. Һәм Алладан артықшылығын сұраңдар. Расында, Алла – әрбір нәрсені Білуші!» («Ниса» сүресі, 32 –аят)
«...Һәм сендер бір нәрсені жақтырмай, бірақ ол өздеріңе қайырлы болуы мүмкін. Және сендер бір нәрсені жақсы көріп. Ал ол өздерің үшін жамандық болуы мүмкін. Һәм Алла біледі, ал сендер білмейсіңдер!»  («Бақара» сүресі, 216- аят)

Сонымен қатар, өзімізден жоғарыларға қызыға қарауды тоқтатқан кезде ғана сол жетістікке жетуге талпына аламыз:

«Сендердің қастарыңдағы пәнилік игіліктер таусылады, ал Алланың қасындағы мәңгілік. Және сабыр еткендердің сыйларын, сөзсіз, істеген істерінің ең көркемімен сауабын береміз. Кімде кім, ол ер болсын, әйел болсын, мүмін болып, ізгі іс жасаса, Біз оған, сөзсіз, жақсы өмір береміз. Һәм олардың сыйларын істеген істерінің ең көркемімен береміз». («Нахыл» сүресі, 96-97 аяттар)

Адам баласы қанағатсыздықтан және өзгенің бақытын көргенде мұңаюдан Алла разылығы үшін бас тартса, онда ол адам жақсы амал жасауға ден қояды. Және де бұл амалы мәңгілік өмірде мәңгілік бақыт пен рахатта болуына мүмкіндік береді.

Ал егер адам баласы әр- рад бил- қадр дәрежесіне жетер болса, онда тұрмыс құрмаған қыз құрбысы үйленгенде мұңаюын, жалғыз қалған қарт адам көршісі отбасымен мерекеге бас қосқанда қайғыруды ұмытады. Оның орнына олар Алла жазған тағдырға разы болып, бұл шүкіршілік әлемнің ешбір байлығына сатып алынбайтынын жақсы түсінеді.

«Алла иман келтіріп, жүректері Алланың зікірімен орныққандарды тура жолға салады. Әлбетте, жүректер Алланың зікірімен ғана орнығады!» («Рағыд» сүресі, 28- аят)

Жаратушы Хақ Тағала баршамызды тағдырына разы болған құлдарынан етсін! Әмин!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру