Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Пайғамбар өміріндегі ескеріле бермейтін өнегелер

Абдукаримов Бағдат, «әл-Ғани» мешітінің бас имамы www.muftyat.kz 02.02.2018 5644 0 пікір

Алла елшісі (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жер бетіндегі күллі жаратылысқа жіберілген пайғамбар. Ол – адамзаттың ұстазы. Ол кісінің ұстаздығы Құран үйретумен шектелмейді. Намазда имам, яғни жетекші болғаны сияқты өмірдің әр саласында да үлгі. Пайғамбар ретінде және қарапайым пенде болмысында өмірінің әр қыры бізге өнеге. Десе де, менің айтпағым діни жетекшілігі емес, дүние амалдарына қатысты көрсеткен бағыт-бағдарлары жайлы. Құран Кәрімде:

«Ол – Өз елшісін басшылықпен және хақ дінмен, ислам дінін басқа діндердің барлығынан үстем ету үшін жіберді...[1]»,-деп айтылғандай,

Ислам діні шартарапқа шуағын шашты. Хақ діні көптеген халықтарға, мемлекеттерге және өркениеттерге саяси және әлеуметтік өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Осылайша, адамзаттың өркендеуіне және қоғамның дамуына тоқтаусыз үлес қосып келуде.

Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бүгінгі тілмен айтқанда, алып мемлекеттің негізін қалаған бірегей тұлға болды. Ең алғашқы үндеуден бастап жаңа мемлекеттің іргетасын орнықтырды. Жалпы, Ислам мемлекеті пайғамбарымыздың Меккеден Ясриб шаһарына (Мадинаның әуелгі атауы) һижрет еткеннен кейін ғана құрылды деп айтылады. Әрине, бұл бір қырынан қарағанда дұрыс пікір. Дегенмен, мұсылмандардың Меккедегі он үш жылдық кезеңін талдайтын болсақ, атап айтқанда, сол жылдардағы ең маңызды оқиғаларды ой елегінен өткізсек, Ислам мемлекетінің іргетасы Меккеде-ақ бірте-бірте қалана бастағанын көреміз. Мәселен, Алла елшісі (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мекке жұртын жаппай дінге үндеумен қатар құрайыштың ең беделді және текті ақсақалдары мен жастарына ерекше көңіл бөлді. Үлкен қабилаларға барып, көсемдерімен кездесіп, олармен одақтас болуға және бірін-бірі қолдауға шақырды. Сахабаларына зұлымдық етпейтін патшаның қарамағына һижрет етуге әмір етіп, хабаш жеріне аттандырды. Сонымен бірге, Хабаб, Біләл және басқа да зорлық-зомбылық көріп жатқан сахабаларға Ислам діні араб даласында үстемдік етеді, тіпті Сана қаласынан Шам өлкесіне сапарлатып шыққан әйелге ешбір қауіп-қатер төнбейтіндігін, тек Алладан ғана қорқатындығын айтып уәде беруші еді. Яғни, болашақта ел ішінде тыныштық пен бейбітшілік жайлағаны соншалықты жалғыз жолаушылап шыққан әйел баласының өзі емін-еркін сапар шегетін заман келе жатқанын айтып сүйіншілейтін.

Әрине, бұл уәделер сағым сияқты арман немесе жай ғана көңілдеріне медеу болсын деп айтылған жұбату сөздер емес еді. Бұл аспаннан түскен уахи болатын. Ал, сол мақсатқа жету үшін пайғамбарымыз күні-түні қам-қарекетін жасады. Ардақты пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Алла Тағаланың әміріне шақырушы және жаңа мемлекет негізін құрушы тұлға ретінде бір сәтке де босаңсымады. Мұратына жету үшін жоспарлы түрде алдыға қарай адымдап қадам басты. Міне, сондықтан пайғамбарымыздың дүниелік қарым-қатынас, әлеуметтік мәселелерді шешу, күнделікті ел ахуалын бақылауда ұстау сияқты үлгілері қоғамда тұрақты даму болу үшін талап етілетін шаруа.

Құран Кәрімдегі:

«...Раббымыз! Бізге осы өмірде игілік бер әрі соңғы, мәңгілік өмірде игілік бер және бізді от азабынан сақта...[2]»,-деп айтылғандай Алла елшісі адамзатқа тек діни жетекші емес, сонымен бірге өмірдің барлық саласында бағыт-бағдар беруші болды.

Міне, пайғамбар өмірбаянын оқығанда осы мәселелердің тек түбіне үңілмей, беткі жағын ғана түсініп кетеміз. Көбінесе, жорықтар мен ғазауаттар айтылып, ал қоғамды қалыптастыру және тәрбиелеу сияқты маңызды мәселелер назардан шеттеп тыс қалады. Сондықтан сира, яғни пайғамбар өмірбаяны кітаптарын оқу барысында Алла елшісінің қоғамның әлеуметтік, саяси жағдайын басқаруын, қоғамдағы сауда-саттық, өнеркәсіп және ауылшаруашылығы мәселелеріне қатысты көзқарасы, қазилық және қауіпсіздік жүйесі, басқа мемлекеттермен қарым-қатынастағы ұстанымы, Ислам қоғамындағы әйелдің ролі, басқа дін өкілдерімен байланысы сияқты мәселелерді де ұмытпау керек. Сонымен қатар, бүгінде өзектілігін жоғалтпаған халықтың әл-ауқатын көтеру, қалалар мен ауылдар арасындағы қауіпсіздікті күшейту, адамды, оның мал-мүлкін қорғау сияқты мәселелер қалай шешілгенін де зерделеу қажет. Міне, бұл:

«...Сендерге Алланың елшісінде көркем үлгі-өнеге бар[3]»,-аятының бір көрінісі іспетті.

 

[1] Фатх сүресі, 28-аят

[2] Бақара сүресі, 201-аят

[3] Ахзаб сүресі, 21-аят

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру