Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ислам: білім мен білімсіздік тең емес

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ, Философия ғылымының кандидаты, дінтанушы www.muftyat.kz 25.01.2018 8362 0 пікір

Қазақ көреген, көзі ашық адамды «оқыған адам», «кітап көрген», «кітап ұстаған» деп құрмет тұтады. Бала кезімізде осындай сөздерді естіген уақытта арнайы бір үлкен кітап бар. Оны көрген, оқыған адам ақылды, білгір, адамдар арасында абыройлы болады. Халық сондай адамдарды «кітап көрген» деп атайды деп ойлап өстік. Сөйтсек расында да бұл сөздің төркіні сонау ертеректен бастау алады екен. Ол уақыттарда қазіргідей жалпы орта білім беретін немесе арнайы кәсіби оқу орындар жоқ. Білім алуға әркімнің қолы жете бермейтін уақыт. Білімді тек ауылдағы молданың алдынан немесе алыс жердегі медреседен алуға ғана болады. Мұны Абайдың өлеңдерінен де жақсы білеміз:

«Адамның бір қызығы - бала деген,

Баланы оқытуды жек көрмедім.

Баламды медресеге біл деп бердім,

Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім».

Десекте, баланы медресеге беріп оқытуға әркімнің шамасы келе бермейтін. Өйткені, өзіңнің ішіп-жеміңнен бөлек баланың оқу ақысына пұл етіп беремін деп арнайы ұстап отырған малың болуы қажет еді. Міне, молданың алдында отырып тәлім алып, араб әліпбиін танып, жазуды үйреніп, шығыс, парсы ғалымдарының еңбектерімен танысып және Құранды қырағатпен (ережемен мәнерлеп оқу) оқыған адамды қазақ «оқыған адам»деп атаған. Әсіресе, балаларға тәлім беріп, ешкімнің ала-жібін аттамай, алдына келген науқастарға дем салып, мұсылманшылықпен ем-дом жасаған діндар адамды «кітап көрген», «кітап ұстаған» деп қатты құрмет қылған.

Әрине, қазақтың мұндағы «кітап» деп отырғаны – Құран. Бұл, айдан анық.
Құран – мұсылмандардың қасиетті кітабы. Құран – жалпы моральдік-этикалық құндылықтардың қайнар көзі. Құран – адам баласының өмір сүруі тиіс қағидалар мен адам хақындағы талаптар жиынтығы. Құран – адамның танымдық мүмкіндіктері мен рухани сұраныстарын баяндайды. Құран – білімді ардақтайды. Құран – дін исламның қайнар көзі, оның мәні мен мазмұны десек артық айтпаған боламыз. Егер ислам адам баласын білім алуға, тәлімге шақырса, онда оны әмір етіп отырған – Құран. 

Белгілі сахаба Ибн Масғуд (р.а) былай деп айтқан: «Егер білімді қаласаңдар, онда Құранды оқыңдар. Күмәнсіз, оның ішінде бұрынғылар мен кейінгілердің білімі бар».

Егер Құранның құрылымына назар салар болсақ, онда Құран 114 сүреден (стих) құралған. Бұлардың әрқайсысы белгілі оқиғаға және заманға байланысты рет-ретімен түсіп отырды. Әрбір сүренің түсу тарихы, мақсаты мен хикаясы бар. Енді осы сүрелердің ішінен алғаш болып Мекке шаһарында «Алақ» сүресі түсе бастады. Алақ сүресі он тоғыз аяттан тұрады. Сүренің өзі «Оқы!» деген сөзбен басталады. Алла Тағаланың адам баласына Құранда түсірген алғашқы сөзі – «Оқы!».

Алла Тағала бұл сөзді бұйрық райында түсірді. Бұйрық дегеніміз қатал естіліп, қысқа қайырылады. Демек, адам үшін оқып-тоқу, білім алу – парыз-айын (әрбір адам үшін парыз). Адам – парасатты, ақыл иесі. Ол оқыған сайын көзі ашыла түседі. Қоршаған айналасын танып, олардың қадірін, құндылығы мен қасиетін біледі. Сондықтан да, шариғат ғалымды жан-жағына жарық шыраққа, ал білімсіз адамды қараңғылыққа теңейді.

Бұл жайында Құранда: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» деп келеді (Зумар: 9).

Исламда білетіндер мен білмейтіндер тең емес. Мұндағы білетіндер дегеніміз, білім иелері, ғалымдар, білікті мамандар ал білмейтіндер – білімсіз адамдар. Мұнда дін ислам білімнің мәртебесін көрсетіп, адамдарды білім алуға жігерлендіріп отыр. Білімді адамның бұл дүниедегі орны да бөлек. Мысалы бүгінде қоғамда дипломы бар адаммен дипломы жоқ адамның айырмасы қандай? Жоғары білімді диплом мен арнайы орта (колледж) дипломының айырмасы бар ма? Мектеп мүғалімі мен жоғары оқу орнының оқытушысы, аға оқытушы мен профессордың айырмасы сияқты жалғаса береді. Тіпті, пайғамбарымыз Мұхаммедтің өзі (с.ғ.с.) «Таһа» сүресінің: «Раббым, білімімді арттыр!» – деген 114-ші аятын дұға ретінде жиі оқығандығы мәлім.

Тарих сахынасына қарасаңыз, исламда ғалымның мәртебесі өте жоғары екенін көресіз. Ертеде ғалымдарға патша сарайынан арнайы жай берілген. Тарихта патша бір мәселе бойынша кеңес алу үшін ғалымның алдына өзі барған кездері де жиі айтылады.

Осыны көрген Әбу Асуад есімді мұсылман ғалымы былай деген екен: «Ғылымнан асқан ғазиз нәрсе жоқ. Патшалар адамдарға билік жүргізсе, ғалымдар патшаларға билік қылады».

Мұндағы ғалымның айтпағы билік пен дәулетті уысында ұстаған патшалардың өздері ғалым адамның алдына бас иіп, кеңес сұрап келеді. Ғалымды мұндай мәртебеге жеткізген оның мал-дүниесі емес, шыққан тегі де емес, бәлкім, бойындағы білімі. Адамды бұл мәртебеге көтерген нәрсе – ғылым.

Біз білетін әл-Фараби, Ибн Сина, Ибн Халдун, Идриси, әл-Бируни, әл-Хорезми, Ибн Батут, әл-Баттани, Джабир ибн Афләх, әр-Рази, әл-Ғазали, Ибн Рушд сияқты т.б. көптеген мұсылман ғалымдарының білім жолына түсуіне жоғарыдағыдай аят-хадистердің себеп болғаны анық. Бұл ғалымдардың бірі патша сарайында қалса, екіншісі бас уәзір қызметінде, үшіншісі сарай дәрігері болса, төртіншісі әділ сот болған.

Батыс шіркеуі (Рим католицизмі) жаратылыстану, медицина, астрономия, химия сияқты ғылымдарға шектеу қойып, Джордано Бруно, Коперник, Галилей сыңды т.б. ғалымдарға қарсы «қасиетті инквизиция» жариялап, оларды зынданға тастап, кейбірін отқа өртеп жазалады.

Сондықтан да кейінгі ғалымдар испаниядағы «қасиетті инквизицияны» оба ауруымен теңеп келтіреді. Өйткені осы инквизицияның салдарынан ғалымдар және қоғамдағы білім мен ғылымға құштар мыңдаған адамдар құғынға ұшырап, сотталып жатты. Алхимиямен шұғылданған ғалымдарға «сиқыршы» деп айып тағылса, астрономия, физика сияқты жаратылыстану немесе медицина ғылымымен айналысқан ғалымдар «Құдайға қарсы шықты» деп жауапқа тартылды.

Мұсылман әлемі, керісінше, ғылымның абыройын көтеріп, ғалымдарды марапаттады. Ғалымдар мен аудармашыларды ғылымға жігерлендіру үшін олардың жазған немесе өзге тілден аударған кітаптарының салмағына тең күміспен ақы төленді.

Бұған кезінде мұсылман халифалығының орталығы болған Бағдат шаһарындағы «Байтуль хикманың» (Даналық үйі деген атпен танымал академиялық кітапхана) тарихы куә. Халифа әл-Мамун негізін қалаған бұл академиялық кітапхананың қоры осындай құнды жәдігерлерге, қолжазбаларға толы болған. Деректерге сүйенсек бұл қолжазбалар араб, парсы, грек, үнді және т.б. тілдерде жазылған түрлі ғылымды қамтыған. Бағдадта «Даналық үйімен» бірге астрономиялық обсерваторияның да болғандығы белгілі.

Жоғарыда айтқандай Бағдатқа алыс-жақын мемлекеттерден алынып келіп жатқан кітаптардың салмағы өлшеніп, соған сәйкес ақы төленді. Кітаптардың қандай тілде, қандай мемлекеттен немесе қандай дін өкілі жазды деп авторларын айырмады, яғни «мұсылманның ғылымы» немесе «мұсылман еместің ғылымы» деп бөлмеді. «Ғылым мен білім адамзатқа ортақ» деген ұстаным болды. Міне, осындай уақытта мұсылман ғалымдарының шоқтығы бірінен бірі асты. Мұсылман мәдениеті өркендеді, әлемге танылды. Мұсылман ғалымдарының әлем ғылымына қосқан баға жетпес үлестері және олардың өздері туралы мәліметтер әлі де аз.

Өкінішке орай ислам мәдениеті, ислам өркениеті, араб-мұсылман ғалымдары деген уақытта көбіне Кеңес өкіметінің (ресейдің) дінтанушылары және шығыстанушылары мен исламтанушылары жазған еңбектермен шектеліп келген жағдаймыз бар.

Тек солардың айтқандарын естіп, жазғандарын ғана оқып келдік. Егер сол кездегі дінге қарсы идеологияны ескеретін болсақ, онда сол заманда ислам діні мен мәдениетіне катысты жазылған енбектердің барлығы тұпнұсқалармен толық сәйкес келеді деп ешкім кепілдік бере алмас. Бірақ, бүгінде араб, түрік, парсы және ағылшын тілдерін жетік меңгерген мамандарымыз осы олқылықтың орнын толтырып, тікелей (шет тілдердегі) түп нұсқалармен жұмыс жасауға мүмкіндігіміз бар. Мемлекет жас ғалымдарға түрлі ғылыми жобалар ұсынып, жан-жақты демеу көрсетіп, осындай сауатты әрі сауапты тың зерттеулерге бас ұруына мұрындық болады деп сенемін. Бұл бір жағынан білімді әрі талапты жастарды жұмыспен қамту болса, екінші жағынан жастарды ғылымға тарту, оларды ғылымға баулу, үшінші жағынан түп нұсқа кітаптарымен жұмыс жасай отырып, мәдени мұрамызды да толықтыра түсер едік.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру