Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

  Ислам және әйел

ХАМИТ Табарак, Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетінің магистранты 25.01.2018 23183 0 пікір

                                      

Ислам дінінің ақиқатын білмейтін кейбір адамдар өздерінің надандығы себепті бүкіл әйелдерді исламға қарсы қоюға тырысып бағуда. Олар «исламда әйел адамды тек еркектің нәпсісін қанағаттандыратын және ұрпақ қалдырушы құрал, еркекті барлық істерде жоғары және еркек әйелге қарағанда артық деп есептейді» деген сияқты пікірлерін алға тартады. Ал, бұлар – исламның ақиқат екенін біле тұра жасырушылар. Әрине, олар – ислам дінінің дұшпандары. Олардың ниеті – исламнан адамдарды алыстату болып табылады.

Исламның әйелге қарым-қатынасын, берген мәртебесін сөз етпестен бұрын батыс әйелдерінің жағдайының қандай болғанын, олардың құқықтарының қаншалықты екенін және де ислам келмей тұрып әлемдегі әйелдердің жағдайы қалай болғанын аз-кем айтып өтпегіміз абзал.

Негізінде, Азия елдері әйелге қарым-қатынас жасау барысында батыс елдеріне еліктеушілік салдарынан көптеген күрделі мәселелерге жолықты. Қоғамдағы болып жатқан әйелдердің мәселесі, нақтырақ айтсақ, қазақ қоғамындағы әйелдердің алдымен орамалсыздануы, ата-ене, аға-інілерінің алдында тар көйлек пен тар шалбарды тылтитып киіп жүруі қалыпты жағдай секілді көрініп, әурет жерлерін тым ашық ұстауы т.с.с  – осы еліктеушіліктің салдарлары болып табылады. Ертеректе әйелдер ешқандай құқыққа ие болмаған, тіпті «мақұлық» деп есептелген дәуірлер де өткен. Сол кездері тіпті кейбір «ғалымасымақтар» мен «философсымақтар» әйел тақырыбында тартыс жүргізіп, «әйелдің жаны бар ма, жоқ па, егер бар болса, ол адамның жаны ма әлде хайуандікі ме; егер әйел адами жан иесі болса, онда оның мәртебесі еркекпен салыстырғанда төмен ба, әлде жоғары ма?» деген ғапыл қиялдарға дейін барған.

Ал, Үндістан елінде әйелдердің жағдайы «ману» деген сенімдері бойынша, әкесі немесе күйеуі қайтыс болғанда, әкесінен немесе күйеуінен қалған мал-мүлікке ие бола алмайтын. Егер әкесі де, күйеуі де, ер балалары да дүниеден өтсе, онда қалған мал-мүлікті күйеуінің басқа туыстарына үлестіріліп берілуі шарт еді. Сонымен қатар, күйеуі өлген әйелдерді сенімдері бойынша, күйеуімен қоса өртейтін еді.

Ирактың Бәбил қаласының жергілікті хамурап сенімі бойынша әйелді мүлікке теңеп, күң ретінде қараған. Егер, сенімдері бойынша біреудің қызын өлтіріп қойған кісі құн салығы ретінде өз қызын беруі шарт болатын. Көп жағдайда құнға берілген қызды өлтіретін.

Ежелгі мемлекеттердің бірі Испарта елінің әйел адамдарға шектен тыс еркіндік пен құқық бергендігі (мирас, талақ, қарым-қатынас мәселелерінде) шектен шыққандығы тарих беттерінде айыпталады. Испарта мемлекетінің ыдырауына шектен шыққан құқықтар берілуі себеп болған.  

Мысыр еліне келетін болсақ, исламнан бұрынғы жағдай өте мүшкіл болған. Адамдар өмірден жалыққан, тіпті ұрпақ қалдыруды ар санайтындар да кездесетін. Әйелдерге жақындасуды нәжіс, күнәға батудың көзі деп санаған. Қажетті жағдай болмаса, әйелдерден алыста болуды ғибадат деп есептеп, сенімдері бойынша – әйел адамнан жырақта өмір сүруді шайтанның уәсуасасынан алыстау, ал  әйелдер – шайтан уәсуасасының басы деп есептеген.

Ислам діні келгенге дейінгі уақытта араб қоғамындағы әйел жағдайы мәз емес еді. Қыз баласын қорлыққа итеретін, адамға тән мәртебе бермейтін, әке-шешесінің мұрасынан қағатын жаман сенім араб қоғамында да болды. Бұл қоғамда қыз бала дүниеге келсе, оны асыраудан қашып, ұлды артық көретін, қызды болғанына ашуланып, қатты ызаланатын, ұялатын болған. Осындай жауыз мінездерінің шектен шыққаны соншама – олар жаңа туған нәрестені шімірікпестен тірідей өлтіріп, аулаққа апарып көміп тастайтын және бұл әрекеттері үшін «арын тазартқан» болып бір-біріне мақтанатын. Олардың
қыз баланы сүйекке таңба санайтын бұл надандық әрекеттерін Құранда ащы сынға алып, Алла тағала:

«Кейбіреулері қызды болғанын естігенде, ашудан жүздері түтігіп, түнеріп кетеді. Бұндай «жаман» хабардың салдарынан ел көзінен тасаланады. Бұл қорлыққа шыдап, оны асырап-бағу керек пе, жоқ әлде топыраққа көміп тастаған дұрыс па? Қараңдаршы, берген үкімдері қандай жаман?!» («Нахл» сүресі, 58-59-аяттар)

Осындай қиын кезеңде Алла тағала надандық дәуіріндегі осы бір жауыздыққа тосқауыл қойып, қыз баланы өлтірмеуді бұйырды. Құранда:    

     «Жар­лы күй кешіп, тұрмыс-тіршіліктерің на­шар болғандығы үшін балаларыңды өлтірмеңдер! Сендердің де, олардың да ризығын Біз береміз» («Әнғам» сүресі, 151-аят)

Ал, Батыс әйелдеріне тоқталар болсақ, көп жылдардан бері зұлымдықтың құрбаны болып келе жатқаны белгілі. Батыс қоғамында әйелдердің орны туралы көптеген пікірлер кездеседі. Көне әлем, орта ғасырлар мен Ренессанс дәуіріндегі батыс философиясының тарихына көз жүгіртсек, әйелдің төмен, ер адамға бағынышты және соған қызмет ететін және үйдің ішіндегі істер үшін жаратылған жан болып саналған. Әйел үйдегі ауыр жұмыстармен айналысатын қызметші рөлін атқарған. Көне Грекияда әйел туралы жаман сипаттамалар айтылғандығы, грекиялық ақын Гомердің шығармаларында әйелдің міндетін тек үй жұмыстарымен шектеген. Сондай-ақ грекиялық философ Аристотель де әйелдерді ерлерге қызмет ететін күңдерге теңеген. Ренессанс дәуірінде ақсүйек тайпалардың әйелдерінен басқа әйелдердің көбі үйдегі жұмыстардың ауыр жүгін өздері көтеруге мәжбүр болған. Оларда ешқандай адами құқықтар болмай, өле-өлгенше ауыртпалықтарға төзуге мәжбүр болған.

Осындай зұлымдықтардың нәтижесінде батыс қоғамында феминистік қозғалыс пайда болды. Бұл қозғалыс XVIII ғасырда пайда болды. Феминизм сөзінің мағынасы латыншадан аударғанда әйел деген мағынаны береді. Оның бағыты әйелдердің еркектермен саяси, экономикалық, мәдени, жеке және әлеуметтік құқықтағы теңдігі жолындағы және әйелдердің кемсітушілігіне қарсы бағытталып, қоғамның барлық саласында әйелдерге еркектермен тең мүмкіншіліктерді орнату болды. Әсіресе, феминизмнің белсенділігі 1960- жылдары анық байқалды. Бірақ бұл қозғалыс әйелдің рөлі туралы бірқалыпты көзқарас ұсына алмай, асыра сілтеушілікке, яғни, әйел үй жұмыстарындағы міндеттерден азат деп, әйелдің табиғи ерекшеліктерімен күресіп кетті. Осы феминистік қозғалыс нәтижесінде батыс қоғамында әйелдердің құқықтары біршама өзгерді. Яғни, әйелдерге дауыс беру құқығы, ажырасу сұранысын жасау құқығы, жеке мүлік құқығы, әйелдердің өз денесіне ие болу және өз еркімен қалаған медициналық араласуды, соның ішінде аборт және бала көтертпейтін дәрілерді қолдану құқығы беріледі. XV-XVI  ғасырларда Батыс еуропа елдерінде капиталистік жүйе пайда болды. Бұл жүйе, әсіресе, қалалардағы және ауылдардағы жағдайды түбегейлі өзгертіп жібереді. Бұл капиталистік өзгеру себепті әйелдер мен балалар зауыт-фабрикаларда жұмыс істеуге мәжбүр болды, нәтижесінде отбасының маңыздылығы күл-талқан болып, отбасылық байланыстардың құндылығы жойыла бастады. Ауылдарда тату-тәтті, ауызбіршілікте жұмыс істеп күн көріп жүрген адамдарды капиталистік қоғам қалалық зауыт-фабрикаларға жұмысқа баруға мәжбүрледі. Капиталистік қоғам әуелі әйелдер мен балаларды зауыт-фабрикаларға жұмыс істеуге мәжбүрлегені – отбасының маңыздылығын азайтты. Өйткені батыс елдері отбасының адам өмірінде үлкен мәнге ие екендігіне ислам діні көңіл бөлгендей көңіл бөлмеді. Ал бұл жағдай өз кезегінде әйелдерге өте ауыр соқты. Себебі, бір жағынан еркектер әйелдерді асырап-бағудан теріс айналса, екінші жағынан зауыттар мен фабрика басшылары ұзақ жұмыс сағаттарын беріп, еркектермен бірдей жұмыстар атқарған әйелдерге айтарлықтай аз еңбекақы төледі. Әйелдерді  қорғау тек иманды жандардың ғана қолынан келетіні анық. Бірақ батыс елдерінде олай болған емес.

Біртіндеп батыс қоғамы балаларды қорғауына ала бастады. Олар кәмелетке толмаған кішкентай кезінен жұмысқа жекпеуді, денсаулығына зиян келтіретін жұмыстарға тартпауды және олардың еңбектеріне сай еңбекақы төлену керектігін айтып күресті. Бұл күрестері нәтижесінде балалар еңбегінен пайдалану тыйым салынды және жұмыс уақыты қысқартылып, оларға төленетін еңбекақы да өсірілді. Ал әйелдер құқығы сол күйі қорғалмай қала берді. Нәтижесінде әйелдер мәселесі тағы да күрделене түсті және  әйелдер қоғамға араласты, мәжілістерге қатысты, мақалалар жазды, яғни, зұлымдық жолын тоспақ ниетте заң шығару істеріне араласу қажеттілігін түсінді және сайлану құқығын ашық талап етті. Осы әрекеттер негізінде мемлекетті басқаруда еркектермен тең дәрежеде болуға күш салды.

Бұл батыс әйелінің өз құқығы үшін күресуінің бір көрінісі еді. Бұл күрес нәтижесінде көптеген батыс елдерінде әйел мемлекеттің, парламент сайлауына қатысуға қол жеткізді. Осыған қарамай, әйелдер әлі күнге дейін демократия бесігі болып саналатын Ұлыбритания мемлекетінде ерлерге қарағанда жалақысын 17 пайызға төмен алады.

Ислам дінінде мұсылман әйелінің өз құқығы үшін батыс әйелі тәрізді күресуді қажет етеді ме? Жоқ, әрине. Себебі, ислам әйелге барлық  құқықтарын он төрт ғасырдан астам уақыт бұрын беріп қойды. Ислам дінінің келуі әйел затының отбасындағы, қоғамдағы, діндегі орнын белгілеп, өзіне тиесілі міндетін мықтылап, атақ-абыройын қорғады. Ислам дінінің әйел затына берген мәртебесі мен қамқорлығы адамзат тарихындағы маңызды оқиға болды.

Ең алдымен әйелдердің жаратылысынан бастасақ, еш күмәнсіз ақиқаттардың бірі – ислам діні әйел кісіні адами жаратылыс деп санайды және әйел де дәл еркектер сияқты адами рух пен жан иесі деп біледі. Құранда:

«Әй адам баласы! Сендерді бір кісіден (Адам атадан) жаратқан және одан оның жұбайын (Хауа ананы) жаратып, ол екеуінен көптеген ер, әйелді таратқан Раббыларыңнан қорқыңдар».  ("Ниса" сүресі, 1аят)

Демек, әйел жаратылысынан бастап өмірінің соңына дейін де жаратылыс тұрғысынан еркекпен тең. Сондай-ақ, ер кісінің қанын төгу, намысына тию, ғайбат ету, мал-дүниесіне зиян келтіру қаншалықты харам етілсе, бұлардың бәрі де әйелдерге қатысты харам етілген. Ислам заңдары мен шариғат бұйрықтары еркек пен әйелге тең күшке ие.  Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с) өз хадистеріне былай деген:

«Әрбір мұсылманның қаны, намысы және мал-мүлкі басқа мұсылман үшін харам».

Ақыретте жазалануда да, сый-сияпатқа ие болуда да еркек пен әйелге тең дәрежеде беріледі. Құранда:

«Сонда олардың Раббылары тілектерін қабыл етті: «Шын мәнінде Мен сендерден еркек, әйел амал істеушілердің амалын зая қылмаймын. Бір-біріңненсіңдер. (Бәрің бірдейсіңдер)», - деп бұйырады.

Шариғатымызда барлық амалдарда әйелдерге шектеу қойылмайды. Олар да ер кісілер сияқты мешітте ғибадат ету құқығына ие. Өйткені Пайғамбармыз:

«Әйелдеріңізді мешітке барудан қайтармаңыздар», - деген.

Исламның негізгі тірегі болған ұлы амалдар – намаз, зекет, қажылық, садақа беру сияқты амалдар ерлермен бірге әйелдерге де міндеттелді. Сондай-ақ, күйеуінің ризашылығын алу, ерінің дүние-мүлкіне ұқыппен қарау, тек өз күйеуі үшін сәндену, неке қидырғанға дейін жігітпен оңаша қалмау, өзінің жаратылысындағы нәзіктікті сақтау, алыс сапарға жалғыз шықпау міндеттеледі. Әйел адам  кейбір жағдайларда ер кісілерден де артық құқықтарға ие болады. Яғни, хайыз уақыттарында, босанғаннан кейінгі нифас мерзімінде де діни парыздарды орындаудан босатылады. Тіпті, туған нәрестесін емізбей, оған жеке қызметші жалдауға да құқылы.

Адам өміріндегі мүлікке ие болу және оны қалағанынша жұмсау, жалға беру, кепілге қою, сыйға беру, алу, сату, пайдалану – бұлардың барлығында еркек пен әйел құқығы тең. Құранда:

«Әке-шеше және жақындардың қалдырған нәрселерінен еркектерге де үлес бар. Әке-шеше және жақындардың қалдырған нәрселерінен әйелдерге де үлес бар. Аз немесе көп болса да, одан өлшеулі несібе бар». ("Ниса сүресі", 7- аят)

Тағы бір аятта

«Алланың біріңе-біріңді артық еткен нәрсесін көксемеңдер. Еркектердің еңбектерінің үлесі өзіне және әйелдердің еңбектерінің тиесісі өзіне тән. Алладан оның кеңшілігін сұраңдар. Шәксіз Алла әр нәрсені толық білуші». ("Ниса" сүресі, 32-аят)

Сондай-ақ, мирасқорлық және мүліктен өз еркінше сарп ету хақында екі жағдайды айтып өтпегіміз қажет. Батыс заңдары осы күнге дейін әйел адамға осындай құқықтарды бермей келуде. Батыс әйелдері күйеуі немесе әкесі арқылы ғана мүлікке ие болуы және оны сарп етуі мүмкін. Яғни, батыс әйелдері он екі ғасырдан астам уақыт ислам діні әйелдерге берген құқықтардан мақұрым еді. Жоғарыдағы айтқанымыздай, батыс әйелдері жоғарыдағы  аталған құқықтарына оңайлықпен жетпеді, бәлкім ахлақ, ар-намыс, мәртебелерімен қоса бастарын қатерге тіге отырып,  машақат, қантөгіс және көз жастарының арқасында қол жеткізді. Ал ислам бұл құқықтарды адамдардың сөздерінен қорыққандығы үшін емес, ақиқат пен әділдіктің орнығуы үшін ерікті түрде әйелдерге берді. Батыс елдері тек әйелдерді қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізгенде және жеке мүлікке ие болғанда ғана әйелдерге адам ретінде қарауға болады деп ашық айтады. Ал біз батыстықтардың экономикалық тәуелсіздік адам өміріне қажетті деген пікірлеріне келісеміз. Бірақ, адамның мәртебесі тек қаржылық тәуелсіздікпен өлшенеді деген пікірлерімен мүлдем келіспейміз. Исламда әйел адам ешқанай өкілсіз өзінің мал-мүлкін өз қалауынша басқаруға және қоғаммен ажырамас қарым-қатынас орнатуға құқылы. Батыстықтардың  ислам әйел затына мирас мәселесінде ер кісіге қарағанда малды (ақшаны) аз береді  деген айыптауларына  келетін  болсақ,  бұл жерде тек отбасының нәпақасы мен қамтамасыз етуін ер кісінің мойнына жүктелетінін айтпағымыз керек. Міне, сол себептен ер кісі әйел кісіге қарағанда мирастың көбірек бөлігін алып, әйелін де, балаларын қоса қамтамасыз етеді. Ал әйелге берілген мүліктен үлес тек өзінің қажеттілігіне, яғни, әшекей, киім алса да өз еркінде болып табылады. Әйелі бай бола тұра күйеуі кедей болса да сол үйдің адамдарының нәпақасын тауып беру әйелінің міндетіне кірмейді. Ал мирас алуда кім ұтты, мүлікті жеке өзі пайдаланытын әйел ме, әлде, отбасы мүшелеріне бөліп беретін еркек пе?!

Тағы да Ислам шариғаты ер кісіге әйелінің мәһрін беруді міндеттейді. Әйел кісінің хақысы және бұл мәһірді ер кісі өзінің малынан бөліп алып, әйелінің малы арту үшін бөліп беретін ақшалай немесе сыйлықтай беретіні. Және де мәһірді ер кісінің әйелінің рұқсатынсыз пайдалана алмайтындығын және де қайтарып ала алмайтындығын айтып өтпегіміз керек. Ал Батыс елдерінің заңдарында сыйға тартқан мал-мүлікті ажырасқан жағдайда  ортаға салып теңдей бөліп, жартысын қайтарып алады.

Ислам әйел адамды өз өмірінде үлкен маңызға ие болған тұрмыс құру мәселесінде де оған тең құқықтар береді. Яғни, әйелдің еркінсіз және рұқсатынсыз қиылған неке де есепке алынбайды.

Пайғамбарымыздың: Бұрын тұрмыста болған әйел некеге келісімін бермейінше, тұрмысқа берілмейді. Тұрмыста болмаған қыз да оның келісі болмайынша, тұрмысқа берілмейді»,- деген. Адамдар: «Ал ол келісімін қалай білдіреді?», - деді. Ол: «Оның келіскені – үндемегені» (Бұхари) - деген. Егер әйел наразылық білдірсе неке бұзылады.

Исламнан басқа діндерде әйел адам бірге тұрғысы келмеген ерінен айырылу үшін түрлі жолдар іздеуге мәжбүр еді. Себебі, заңдарында да, ғұрыптарында да бұндай құқық бекітілмеген еді. Бірақ ислам әйелге осындай жағдайда бұл құқықтан пайдалануға мүмкінді берді. Адамдар жәһилият дәуірінде адасып жүргенде әрбір адамға білімді болу міндет екенін міндет еткен ислам әрбір адам өмірін өте жоғары бағалағандығының көрінісі болып табылады. Ислам тек еркек кісіге ғана білім алу құқығын ғана бермей, білім алуды еркек пен әйелге парыз деп есептеді. Батыс экономикалық және саяси қудалау нәтижесінде ғана әйелге білім алу құқығын берді, ал ислам ешқандай қудалаусыз, өз еркімен осыдан 1400 жылдан астам уақыт бұрын берді, ал бұл исламды мақтан тұтатын ұлы нығметтердің бірі.  

Ардақты Пайғамбарымыз:

«Білім алу әрбір ер мен әйел кісіге – парыз», - деп айтқан.

Сонымен бірге, ислам адамгершілік тұрғысынан еркек пен әйелдің бірдей екендігін және адами жаратылысқа байланысты барлық құқықтарда тең екендігін айтқан соң, кейбір құқықтар мен міндеттерде өзара ерекшеленетінін түсіндіреді.

Исламдағы әйелдің міндеттері оның табиғатына, физикалық және рухани ерекшеліктеріне қарай міндеттеледі және сол ерекшеліктерге тоқталып өтейік. Еркек пен әйелге жүктелген мақсат, міндеттері әртүрлі болғандықтан олардың мінез-құлықтарында да өзара айырмашылықтар бар. Өмірде ер мен әйел өз міндеттерін қиналмай атқарулары үшін Алла тағала оларды бір-бірінен ерекше, бірақ бір-біріне өте үйлесімді етіп жаратқан. Себебі, ер мен әйел өмір таразысының екі табақшасы іспеттес. Яғни, әрқайсысының өз мақсаттары мен міндеттері бар. Ал, ер мен әйел барлық жағынан тең деген пікірді әлем жар салып, қалағандарынша заңдар шығарса да, ер мен әйел жүктелген міндеттері мен мақсаттарына қарай тең болуы мүмкін емес. Өйткені, қабылданған заңдар мен мәжілістерде әйел адамның өміріндегі маңызды міндеттерден болып саналатын жүктілік, ана болу, бала емізу сияқты жағдайларды қозғамайды, сондай-ақ, әйелдің міндеттері болып саналатын дүниеге ұрпақ әкелу, оны емізу, бағып-қағуда еркек әйелмен қалайша тең болмақ?!

Ана болу сияқты ұлы сезім, үнемі машақатқа сабыр ете алу, перзентке шексіз мейірім мен нәзіктік сияқты қасиеттер әйелге жүктелген – жүктілік, ана болу, бала емізу сияқты міндеттерді қиналмай атқаруы үшін берілген нығметтер. Мейірімділік, адалдық, сезімталдық сияқты қасиеттер тек анаға тән болған қасиеттер. Осы қасиеттер арқылы перзентінің әрбір әрекетінің талап-қажеттіліктерін біліп отыруға қажетті. Сол себепті де әйел адамның пікірге емес, көбіне сезімге бейім болуы да осы негізгі міндеттерін қалтқысыз атқарулары үшін қажетті қасиеттерден болып саналады.

Ардақты Пайғамбарымыз былай деген:

«Әйелдердің еркектерден артықшылығы Аллаһ оларды сезімтал етіп жаратқан. (Еркектерге қарағанда 99 есе сезімтал келеді). Дегенмен Аллаһ оларды ұялшақ қылап жаратқан». (Абу Хурайрадан)

Сондай-ақ, Ислам діні әйел затына құрмет көрсетіп, арнайы бір ұятты жерлерін жауып, жасырып тұратын және пәктігін сақтап тұратын киім киюді  бұйырады.  Оған себеп, әйел затының өздігінен көрінетін жерлерден басқа жерлері әурет екендігін айтып, оны бөтен көздерден жасырып, сыртқа көрсетпеулерін талап етеді. Бұл туралы Алла  тағала Құранда:

«Мүмін әйелдерге де айт: өздеріне харам етілген нәрселерге қарамасын, ұятты жерлерін зинадан, күнә атаулыдан қорғасын, мәжбүр көрінген жерлерінен (бет, екі қол, тобықтан төмен екі аяқ) тыс әдеміліктерін көрсетпесін. Және бүркеншіктерін омырауларына түсірсін. Көркін көрсетпесін» («Нұр» сүресі, 31-аят).

Әйел адамға тән әурет жерін жабық кию үлгісі кемсіту емес, керісінше, қайта оны өте бағалы көздің қарашығындай сақтаудан, сырт көзден, сондай-ақ, түрлі арсыздықтар мен қоғамға кесірі тиетін (зинақорлық, тастанды бала, түсік тастау секілді) жамандықтардан сақтандыру үшін бекітілген. Міне, осында әйел затына деген нағыз құрмет бар екендігін ойланып қарауға болады. Әйел адамның денесін ашық көрсетіп, жалаңаш қоюға болмайды. Өйткені бұл жануарларға және хайуандарға тән іс болып табылады. Егер адам немесе әйел заты жалаңаш жүрсе және бұл батыс елдеріндегідей «мәдениет», «еркіндік», «сәннен қалмау» деп аталатын болса, онда хайуандардан олардың не артықшылығы бар?! Өйткені хайуандардың киім кимейтіні анық! Ислам діні әйел адамға ана ретінде жоғары мәртебе  берді. Пайғамбарымыз (с.а.с) бір хадисінде: «Ерлерге анасының ризашылығын алу – міндет», - деп бұйырған. «Жаннат – аналардың табанының астында», «Кімге жақсылық жасайын?» - деп сұраған сахабасына: «Алдымен анаңа» деп үш ретте де жауап беруі, Құранда әйел мен еркектің  игі амалдарда, қияметте есеп беруде бір-біріне тең екенін ескертумен бірге:

«Ерлердің әйелдердегі хақтары сияқты, әйелдерің де ерлерде белгілі бір хақтары бар» (Бақара сүресі, 228), - дейді.

Ақиқатында, ислам дінінде әйел мәртебесі өте биік. Бұл шағын жұмысымызда исламдағы әйелге берілген барша мүмкіндіктерді толықтай қамти алмасақ та, қысқаша осылайша қамтуға тырыстық. Ешқандай бір дін әйел баласына ислам дініндегідей құрмет пен мәртебе бере алмаған. Қыздарды адам қатарында санамайтын, құл ретінде қарайтын, оларды шұңқырларға көметін арсыздық дәуірінде «сендердің ең жақсыларың әйелдеріңе жақсы  қарағандарың» деген ұстанымдағы мейірімділік пен әділдіктің діні ислам ғана болатын. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) соңғы қажылығындағы қоштасу құтпасында да барша сахабаларын жинап, қиямет күніне дейін келетін үмметтеріне қалдырған өсиетінде:

«Ей, адамдар! Әйелдердің ақыларын өтеуді және бұл жағынан Алладан қорқуды өсиет етемін. Сендер әйелдерді Алланың аманаты ретінде алдыңдар. Олардың ар-намысын Алланың атына сөз беріп тұрып, өздеріңе адал етіп алдыңдар!» - деп, әйелге Алланың аманаты ретінде қарауға шақырған, ешбір құқығын шектемеген, бәлкім әйелдің жаратылысына сай сүкімді қыз, сүйікті жар, аяулы ана ретінде қашанда оның орнын жоғары бағалаған.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Құран Кәрім, Халифа Алтай, 1991
  2. «Исламдағы жанұя», Ш.Әділбаева, Алматы, 2014
  3. «Лаңкестерге алданба», А. Әуезханұлы, Алматы, 2016
  4. «Батыс әйелдерінің құқығы», Әбділмәлік Тәж
  5. Отбасы ғылымхалы, Ато ас-Сынбати, Мұхитдин Исаұлы, Алматы, 2011
  6. Имани гүл, Қ.Жолдыбайұлы, Алматы, 2011

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру