Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Үміт пен үрей (III Бөлім)

asyldin.kz 19.01.2018 5243 0 пікір

 

Екінші бөліміне өту

Үрей адамның нәпсіқұмарлығын тежеп, шәһуатты сезімдерін тыяды. Ішінде у бар екенін білген адам балдан қалай тыжырына бет бұрса, жүрегін қорқыныш билеген адам да ар-ұят әдебінен аспай, нәпсінің жамандықты қалауынан жиреніп тұрады. Адам қанында ойнақ салған нәпсіқұмарлықты Алладан Тағаладан қорқу мен тозақ азабының үрейі ғана тежей алады.

Үрей жамандықтан тыйып, жақсылыққа жетелейді. Егер жамандықтан тыймаса, оны қорқынышқа жатқызуға болмайды. Алайда, қорқуда да теңдікті сақтай білген абзал. Адамды жақсылық жасауға жетелейтін қорқыныш – нағыз қорқыныш.

Алланың құдіретінен қорқу – шын мәнінде Алланы танудың жемісі, шынайы құл мен пайғамбар ерекшелігі. Олардың көкірегінде үнемі осы сезім жоғары тұрады. Алла Тағаланың құдіретінің шексіздігіне көз жіберіп, жүректерінде қорқыныш сезім орнығады.

Айша анамыздың (ол кісіге Алла разы болсын) жеткізген бір хадисінде «Ауа райы демде құбылып, жел соға бастаған кезде Алла елшісінің реңі өзгеріп, бір орнында байыз таппай ерсілі-қарсылы адымдап, үйге бір кіріп, бір шығыпты. Айша анамыз: «Уа, Алланың елшісі, жұрт күн бұлттанғанда жаңбыр жауар ма екен деп үміттеніп қуанушы еді, алайда, сіздің қобалжығаныңызды жүзіңізден байқаймын, бұның себебі неде?» дейді. Сонда пайғамбарымыз: «О, Айша! Ол бұлтта азаптың жоқ екеніне кім кепілдік бере алады? Ертедегі бір халық осы желмен азапқа душар болған-ды. Ол қауым азап келместен бұрын «бұл жел бізге жаңбыр әкеледі» деген болатын»,-дейді. (Хадис ансиклопедиси, 5 т., 317-318 б.)

Оның бұл халі Алланың адамдарға жіберетін азабынан қорыққандығынан еді.

Әнастан жеткен бір хадисте ардақты пайғамбарымыз Жебірейілге былайша сауал қояды:

– Ей, Жебірейіл! Микаил періштеге не болған? Оның күлгенін көрген емеспін. Сонда Жебірейіл:

– Иә, жаһаннам жаратылғалы бері Микаил еш күлмеді, – деп жауап берген екен. (Ғазали, Ихя, 4/1, 332 б.)

Пайғамбарымыз тағы бір хадисінде: «...Егер менің білгендерімді білсеңдер аз күліп, көп жылар едіңдер...»,-дейді. (Бухари, 210/7; Муслим, Фадаилун-нәби, 2359)

Екінші халифа, әділдіктің символы, пайғамбарымыздың «менен кейін пайғамбар келсе, ол Омар болар еді» деген хазірет Омардың да қорқынышы ерекше болатын.

Бір күні ол бір сахабаның үйінің жанынан өтіп бара жатып, оның «Тур» сүресін оқып жатқанын құлағы шалады. Әлгі сахабаның:

«Еш күмәнсіз, Раббыңның азабы болады. Оған тосқауыл боларлық ешкім жоқ» деген аятты оқығанын естіген Омар, дуалға сүйеніп, өз-өзіне келе алмай тұрып қалады. Осы аяттан қатты әсерленген ол бір ай бойы төсектен тұра алмайды. Көңілін сұрай келгендердің ешбірі оның жанына жұбаныш бола алмай, ішкі дертінің не екенін сол күйі ұқпай кетеді.

Абдуллаһ ибн Аббас: «Олардың жүрегі қорқыныш қанжарымен жараланған, көздері үнемі мөлтілдеген жасқа толы. Олар: «өлім аузын ашып күтіп, мазар алдымызда қолын жайып, кел-келдеп тұрғанда, қиямет бәріміздің ортақ жиналатын, жаһаннам бәріміздің басып өтер жеріміз. Раббымыз Алла Тағаланың алдында жауапқа тартылатынымызды біле тұра, қалайша масайрап қуанамыз?!»,- деген Алладан шын қорқатын мүміндердің үрейін айтады. (Ғазали, Ихя, 4/1, 337-339 б.)

«Ол күні берілген нығметтерден міндетті түрде сұраққа тартыласыңдар»,- деген "Тәкәсүр" сүресінің  аятын оқыған сайын ардақты пайғамбарымыздың жылауы қабір азабын көпшіліктің сезе бермейтіндігін, арғы дүниедегі азаптың ауыр болатындығын терең білгендігінен болар.

Мінеки, пайғамбарлардың, періштелердің және Алланы жақсы танып білген сахаба, әулиелердің жағдайы осындай болса, біз сияқты қарапайым адамдардың жағдайы қандай болмақ?!

Көзі тірісінде жаннатпен сүйіншіленген сахабалардың өздері Хақ Тағаланың рақымдылығына масайрап кетпей, өмірлерін «ақыретте жағдайымыз қалай болар екен?» деген үреймен өткізген.

Қорқыныштың адам баласына беретін пайдалары жайлы көптеген аяттар бар. Осы қасиет арқылы, жәннаттық дәрежелерге қол жеткізетіндіктерін, оларға тура жол, рақымдылық, ілім мен разылықтың бар екеніне назар аудартады. «Ағраф» сүресінің 154-аятында

«Раббыларынан қорыққандарға тура жол мен рақымдылық бар» делінсе,

«Бәиина» сүресінің 8-аятында:

«Алла олардан разы, олар да Алладан разы болды. Міне, осы сый-сыяпат Алладан қорыққандар үшін» деу арқылы қорқудың пайдаларын көрсетеді.
«Алла Тағаланың алдында ең ардақтыларың – Одан ең көп қорыққандарың»,-делінеді. "Хужурат" сүресінің 13- аятында. 

Пайғамбарымыз: «Сүттің өзі шыққан желінге қайта кірмейтіні сияқты, Алладан қорқып жылаған көз де жаһаннамды көрмейді. Алла жолында жиһад жасағандардың мұрындарына кірген тозаң мен жаһаннамның түтіні бір жерде болмайды»,-деген.(Тирмизи, Зуһд,8; Насаи, Жиһад, 8)

Қиямет күні Алла Тағаланың аршының көлеңкесін паналайтын жеті топ жайлы көпшілікке мәлім хадисте осы топқа кіретіндердің бірі – Алладан қорқып көз жасын төккендер екені айтылады. Ақыретте жаһаннам отын сөндіретін ең күшті құрал – осы көз жасы. (Бұхари, Бабус-садақа бил-иамин; Муслим, Бабу ихфаус-садақа)

Пайғамбарымыз Ибн Мәсғудқа айтқан бір өсиетінде: «Егер маған қауышуды қаласаң, менен кейін қорқуды көбейт», – дейді.

Имам Шибли: «Қай кезде Алладан қорықсам, бұдан бұрын ешқашан көрмеген ғибрат пен хикмет есігінің ашылғанын көрдім» дейді.

Зун-Нун: «Алладан қорыққан адамның жүрегі жібіп, Оған деген сүйіспеншілігі көбейеді. Ой-ниеті түзу болады»,- дейді.(Ғазали, Ихя, 4/1, 297-298 б.)

Қорқу мен үміттің арасындағы тепе-теңдікті сақтай білу аса маңызды. Егер жүректе Алланың азабын елемейтін паңдық сезім басым болса оны қорқынышпен, егер Алланың рақымы мен мейіріміне деген үмітсіздік басым тұрса, оны иләһи үмітпен емдеу керек.

Ажал жастығына бас қойғанға дейін адам баласын қорқыныш пен үрей билеп, ал өлім төсегінде үміт пен жақсы ой үстем болуы керек. Өйткені, алдыңғы қорқыныш сезімі адамды жақсы амал жасауға жетелейді. Ал өлім аузында жатқанда амал жасау мүмкіндігі қалмайды. Қорқыныш ырық бермей кеткен бұл сәтте үміт жүрекке қуат береді де пенденің Алла Тағаламен байланысы арта түседі. Сол себепті өлім төсегінде жатқан адамдарға жүрегіне үміт сыйлар жақсы сөздер айтылады, Алланың шексіз рақымы мен мейірімі еске түсіріледі. Пайғамбарымыз бұл жайлы:

«Көз жұмарда міндетті түрде Алла жайлы жақсы ойда болып жан тапсырыңдар»,- деген. (Муслим, Жәбирден риуаят еткен, Ғазали, Ихя,4/1, 264 б.) Бұл хадисті Алла Тағаланың шынайы құлдары өле-өлгенше өміріне арқау еткен. Мысалы, Сүлеймен Тәйми өлім төсегінде жатқан кезде баласына «Балам, маған Алла Тағаланың рұқсат берген нәрселері жайлы және Оның рақымдылығынан үміт ету жайлы көбірек айт, осы сеніммен Жаратқан Иеме қауышайын» десе, Ахмәд ибн Ханбәл ұлына «Маған жақсы ниетте болу мен үміт ұялататын сөздерді көбірек еске түсір» деген. (Ғазали, Ихя, 4/1, 307)

Әділ халифа хазірет Омар: «Бір адамның жәннатқа, қалғандарының тозаққа кететінін білсем, жәннаттық адам мен емес пе екем деп үміттенемін. Бір адамның тозаққа, қалғандарының тегіс жұмаққа баратынын білсем, тозақтық сол адам тағы да мен емес пе екем деп қорқамын» деген сыры терең, сыны биік сөздері барлығымызға ой салса керек. (Саңлақ сахабалар, 58-б.)

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру