Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Жастар және ислами құндылықтар: отансүйгіштік (Алтыншы бөлім)

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы. 19.01.2018 4938 0 пікір

 

Алдыңғы бөлімге өту

Мемлекет алдындағы міндеттердің бірі – жастарымыздың көкірегіне үлкенге құрмет, кішіге ізет, кішпейілдік қасиеттерін оятып, олардың бойында сенімділік, төзімділік, өзара сыйластық сезімін қалыптастыру болып отыр. Ол үшін ұрпақтар арасындағы сабақтастық пен отан алдындағы парыз ұғымын жастар санасына сіңіру және ұлттық дәстүрлер мен рухани құндылықтарының үйлесімділігін толыққанды қолдануды қажет етеді.

Шығыс қоғамында дінді моральдық құндылықтармен астастырудың нәтижесінде адам тек материалдық емес, сонымен қатар рухани болмысқа ие. Рухани құндылықсыз ішкі үйлесімділікке қол жеткізу және оны сақтап қалу қиын. Тән мен жан теңеспейінше адамның рухани жетілуі мүмкін емес. Адамның және қоғамның іс-әрекеттеріне баса назар аударған шығыс дүниетанымында жүйелі өмір сүру түсінігі басымдық танытады. Адамға оның тәрбиесі, адамгершілігіне, имандылығына қарай құрмет көрсету, бағалау шығыстық қоғамның тұрақты қағидасы.

Дін ислам парасат пен адалдық, адамгершілік пен тазалық секілді адамның толық тұлға болып қалыптасуына қажет қасиеттерге үгіттейтін ұлы дін. Мұндай адамның мүддесі ел игілігі, халықтың ынтымағы мен бірлігі. Сондықтан да дін және дінді құрмет тұтқан адам үшін Отан артық, Отаннан қымбат ештеңе жоқ.

Рухани бай адам ешқашан туған елін, халқын, Отанын сатпайды. Отанды сүю және оған қызмет ету, елімнің тарихи, рухани, мәдени мұраттарына адал болу менің қасиетті борышым деп біледі. Сол сияқты әрбір Қазақстандық жас азамат үшін ұлттық ділі, отаны, туған жері, діні, ділі мен тілі қастерлі ұғым болуы тиіс. Отанды сүю, ел мүддесі үшін еңбек ету, ұлттық құндылықтарды қадірлеу бізге міндет.

Пайғамбар (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

«Отанды сүю – иманнан», – деген.

Отанға деген сүйіспеншілік, ұлтжандылық, имандылық, ұлттық болмысы мен ділдегі киелі ұғымдар, халқымызда «Отан үшін отқа түс күймейсің», «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас», деген ой маржандары бар.

Мұсылман ғалымдары исламдағы адамгершілік міндеттерді бес түрге бөліп қарастырады. Олар: бірінші, Алла тағалаға және Мұхаммед пайғамбарға (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әрі Құран кәрімге қатысты орындалуы тиіс міндеттер; екінші, өзінің алдындағы міндеттері; үшінші, отбасының алдындағы міндеттер; төртінші, Отаны және ұлты алдындағы міндеттері; ал бесіншісі, адамзат алдындағы міндеттері. Міне, осылайша ислам діні мұсылман адамға бірнеше міндеттерді жүктейді.

Кіндік қанымыз тамып, өсіп-өніп жатқан еліміз – біздің Отанымыз. Мұнда біздің ағайын-туысымыз, бала-шағамыз, шаңырағымыз және мектебіміз бен мешіттеріміз бар. Бұл жерді ата-бабамыз найзаның ұшымен, білектің күшімен, қасықтай қаны қалғанша жаулармен соғысып біз үшін сақтап қалған. Мұны біздер үнемі қадірлеп, естен шығармауымыз қажет. Аталарымыз күні бүгінге дейін баталарында елдің, жердің, халықтың амандығын тілеп келеді. Иә, осы кісілердің ақ батасымен бүгінгі жетістіктерге жетіп отырғанымызды ешкім жоққа шығара алмайды. Сондықтан, Отанды қорғау – біздің әрбіріміздің қасиетті борышымыз. Тіпті, дініміз ислам да Отанды қорғауға, оны жақсы көруге шақырады.

Мысалы, Мекке шаһарынан Мәдинаға қоныс аударған уақытында ардақты пайғамбарымыз «Хазрауа» деген жерге жеткенде түйесін тоқтатқан екен. Кіндік қаны тамған Меккеге жабырқаған көңілмен қимай ұзақ қарап тұрып:

«Уаллаһи! (Аллаға қасам етемін!) Сен жер бетіндегі ең көрікті, ең сүйікті мекенсің. Мен үшін сенен артық жер жоқ. Егер тағдыр тауқыметіне ұшырамағанымда, өзіңнен бір сәтке де алыстамас едім» деген.

Келесі бір риуаятта пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Меккеден шығып бара жатып, артына бұрылып: «Отаным. Отаным, менің Отаным!» деп қимастық сөздерін айтқан.

Сондай-ақ, тағы бір жолы Ұхуд тауына қарап: «Біз Ұхудты жақсы көреміз, Ұхуд та бізді жақсы көреді» деп айтқаны туралы деректер бар. Бұл пайғамбардың туған жерге деген махаббатын көрсетеді. Ол кісінің туған жеріндегі әрбір тау-тасқа, шөл мен көлге деген зор сүйіспеншілігін байқатады. Әйтпесе, шындап қарасаңыз, ол жерлерде егін егетін егістік жері, малды жайылымға жіберетін жайлау, тонналап түрлі жеміс жинайтын бау-бақшалар жоқ. Төбеңнен қақшиып тұрған күні басым, шөлейт. Күннен қашып паналайтын ағашы жоқ ашық жер.

Бірақ, солай бола тұра әз пайғамбар ол жерді жақсы көрді. Неге? Өйткені, ол – Отан. Ол кісі сол жерде дүниеге келді. Сол жердің табиғатында өсті, топырағына аунады, суын ішті. Сол жердің мәдениетін де жасап, халқымен бірге ғұмыр кешті. Сол себебпті де пайғамбар (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Отанға деген махабатты иманмен байланыстырған. Кеудесінде иманы бар рухани бай адам Отанын қорғаудан, борышын өтеуден қашпайды, керісінше, Отанды сүйеді, Отанды қорғайды.

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру