Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Жастар және ислами құндылықтар: жақсы мінезді болу (Бесінші бөлім)

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы. www.muftyat.kz 17.01.2018 4469 0 пікір

 

Алдыңғы бөлімге өту

Расында да ұлттық құндылықтар, әдет-ғұрып, дәстүр, рухани ұстанымдар мен бағдарлар ділдің қалыптасуы мен өрбуіне ықпалы мол. Жастарға адам, отбасы, Отан, салауатты өмір, еңбек, білім, тіл, достық, туыстық сияқты т.б. көптеген тәрбие құндылықтарының мағынасы мен мазмұны жиі ашықталып, қайталанып, насихаттала беруі керек сияқты. Бірінен бірі естіп, бірі көрмесе екіншісі көріп, бірінің құлағында қалмаса, екіншісінің құлағында міндетті тұрде қалады. Абай атамыздың «Адам бол!» – дегені сияқты, жастардың адамды кемелдікке жетелейтін адамгершілік құндылық категорияларын жақсы білгені дұрыс.

Бұлай дейтініміз, адам жақсылық немесе жамандықты таңдап алуға ықтиярлы. Алайда, таңдап алған жақсылық немесе жамандықтың салдарын таңдауға құқығы жоқ. Адам өзіне берілген осы ықтияр мен еріктің арқасында бойындағы мінезді тәрбиелеуге, оны кемелдікке жеткізуге құдіретті. Өкінішке орай күнде хабардан көріп, жаңалықтан естіп жатқан қайғылы оқиғалар, адам өлімі, тонау, зорлау, сәбиді тастап кету секілді қылмыс – осындай жаман амалдың салдары. Жамандықты таңдап алған өзіміз бірақ, оның салдарын таңдай алмаймыз.

Көрнекті шығыс сопыларының пікірінше адамның кемелденуі ахлақты тәрбиелеу, көркемдеу, яғни адамның рухани-адамгершілік қасиеттерін дамытып, кемеліне жеткізу болып табылады. Кемел адам болуы үшін, адам әуелі өз нәпсісімен күресіп, оны тәрбиелеуі тиіс. Өзін жаман деп танылған мінездерден тазалап, ескертулер арқылы нәпсіні бұзықтықтан қайтаруы қажет (Әт-Тасаууф).

Әдетте, тәлім-тәрбие, адамгершілік деген уақытта «жақсылық» сөзін көп айтамыз. Ал исламда «жақсылық» ұғымы нені білдіреді? Жақсылыққа әркім әртүрлі анықтама береді. Олардың барлығын сайып келгенде былай деп топшылай аламыз: жақсылық – мейірімді, қарапайым болу, басқалардың кемшілігіне қарамау, жомарт болу, өкпелемеу, ғайбаттамау, өтірік сөйлемеу, қырсық мінез танытпау, басқаны жәбірлемеу, алдамау, қиянат жасамау, өсек айтпау, мен-менсімеу, балағаттамау, қинамау, дұшпандық қылмау сияқты т.б. теріс қылықтардан аулақ болу және адамдарға бірінші сәлем беру, кез-келген адамға жақсылық жасауға ұмтылу, қонақжайлы болып, оларға ас әзірлей білу, үлкендерге құрмет көрсету, кішілерге ізетті болу, дархан мінезді, ренжіскен адамдарды татуластыру, ағайын-туыстармен қатынасты нығайту, науқас адамның көңілін сұрау, шақырылған орындардан қалмау сияқты т.б. амалдар – жақсы қылықтардың қатарына жатады (Ихия-у Улум әд-Дин).

Адамдарға жақсылық жасау олардың арасындағы мейірім мен жәрдем қатынасын нығайтады. Өзгелерге төніп тұрған жамандықты қайтарады. Жамандыққа қарсы күрес жүргізе отырып, адамдарды бір-біріне жақындату да жақсылық саналмақ. Жақсы адам өзіне, отбасына, өзін қоршаған айналадағы адамдарға зиянын тигізбейді, пайдасыз істермен әуестенбейді.

Ұлттық дәстүрден және ата-баба дінінен хабары бар жас ұрпақ өзінің ұлттық болмысы мен рухани дүниесінен, ата дәстүрімен, ана сүтімен  сіңген тәлім-тәрбиені өмір бойы ұстанады. Ата-баба өсиеттері, адамды тәрбиелілікке шақырып, оны игі істерге жетелейтіні белгілі. Себебі, ұлттық тәрбиенің бір негізі діни мәдениетімізде жатыр.

Муғаз есімді сахаба пайғамбардың ﷺ былай деген хадисін жеткізеді: «Адамдарға жақсы мінез-құлық көрсет» (Ибн Әбдул-Бәрр).

Пайғамбар ﷺ бұл жерде адамдарға жақсы мінез туралы хадис айт, сөз айт деп тұрған жоқ. Жақсы мінездің қандай болатынын амал ету арқылы көрсет деп отыр. Ал енді бір амалды өзгеге көрсету үшін адам бірінші оны өзі істеуі қажет. Ол мінез оның бойынан көрінген уақытта ғана оны басқалар көріп, сондай мінездің жақсы екенін біледі, сүйсініп, оған береді. Сөйтіп, сондай мінездің өзінде де болғанын қалап, еліктейді.

Пайғамбардың ﷺ келесі хадисін оның өмірлік жары Айша анамыз келтірген:

«Расында мүмін өзінің көркем мінезінің арқасында, күндіз ораза, түнде намаз оқитын пенденің мәртебесіне жетеді».

Әрине, исламдағы ораза, намаз амалдарының маңызы мен орны бөлек. Бұл амалдардың өз марапаты бар. Сондықтан олар парыз. Бірақ, бұл жерде пайғамбар ﷺ исламдағы көркем мінездің ерекшелігін, оның маңызы мен мәртебесін, көркем мінезді адамның дәрежесін көрсеткелі отыр. Осылай мұсылман адамды көркем мінезді болуға шақырып, жігерлендірген.

Күндіз ораза ұстаудың, барлығы ұйықтап жатқанда тәһәжут (түн жарымында оқылатын нәпіл намаз) намазын оқу үшін жылы төсектен тұрып, салқын сумен жуынып, дәрет алудың оңай емес екенін әрбір мұсылман жақсы біледі. Ол үшін адамның бойында күшті жігер болуы керек. Ал енді көркем мінезді болу, оны бойға сіңіре білу бұдан да ауыр екен.

Бұл айтылған хадистердің әрбірі адамды жақсылыққа, жақсы болуға үндейді. Демек, жақсылық жасау, жақсы мінезге ие болу асыл қасиеттерге жатады. Адамгершілік құндылықтар ауадай қажет қазіргі заманда жақсылықты, мейірім мен кешірімді болуды насихаттайтын шағын әлеуметтік роликтеріміз көптеу болса игі еді. Оларды әрбіріміз жастар арасында тарқатып, ғаламторда фейсбук, вк, инстаграм немесе ватсап сияқты желілер арқылы бөліссек қоғам тәрбиесі үшін үлес қосқан болар едік. Жақсылыққа шақыру, жақсы амалға мұрындық болу ол да – жақсылық. Қоғамдағы татулықты нығайтуға, жастар арасында жамандықты айыптап, жақсылықты насихаттауда бірігейік құрметті оқырман.

Жалғасы бар...

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру