Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Үміт пен үрей (II Бөлім)

asyldin.kz 16.01.2018 4443 0 пікір

Бірінші бөліміне өту

Қазіргі уақытта үміт пен үрей мәселесінде тепе-теңдіктің аса сақтала бермейтіндігі шындық. Осы тұста, бір өкініштісі, халықты иманға шақырушылардың көпшілігі қателікке бой ұрып жатады. Олар тек жаһаннамды ғана тілге тиек етіп, үмітсіздікке салса, кейде бірыңғай жаннатты айтып адам бойына шектен тыс сенімділік ұялатады. Алайда, адам баласы өз міндетін мүлтіксіз атқаруға тырысуы қажет. Сондай-ақ, жасаған құлшылығының Алланың берген нығметтерін өтеу үшін жеткілікті емес екенін есіне алуы керек. Өйткені, адам баласы тек қана амалдарымен құтыла алмайды.

Пайғамбарымыз бірде:

Ешкім істеген амалымен ақыретте құтыла алмайды, – дейді. Мұны естіген сахабалар шошына: – Сен ше пайғамбарым? Сен де амалыңмен құтыла алмайсың ба? – деп сұрайды. Сонда Екі дүние нұры: – Иә. Егер Алланың мейірімі мен кеңшілігі болмаса, мен де құтыла алмаймын, – деген.

Шын мәнінде, адам баласы қанша жанын салып тырысқанмен, Алланың берген нығметтерін өтеуі мүмкін емес. Мысалы, бір жылда 365-366 күн, 12 ай, 30 күн, бір күнде 24 сағат бар. Егер кісі бір сағатта бір күнә жасаса, бір күнде қанша күнә жасайды. Егер адам елу жыл өмір сүрер болса, оның күнәсі де сонша есе өсе түспек. Алайда, жақсылықтарын санаса айтар ауызға ұят, өйткені, тым аз. Олай болса, адамның Алланың рақымынан үміт етуден басқа амалы қалмайды.

«Ол күні ешкім ешкімге пайда тигізе алмайды. Сол күні барлық іс пен бұйрық Аллаға ғана тән». ("Инфитар" сүресі,19-аят)

Осы бір есеп күнін суреттеген аятқа көзі түскен ақиқатқа көкірегі ояу, көзі ашық, тақуа кісі «маған осы аят-ақ жеткілікті» деген екен. Яғни, Қияметте берілетін бар үкім Аллаға ғана тән екендігін естуі оның жүрегіне өшпес үміт сыйлаған. Өйткені, Алла тым мейірімді, аса рақымды.

Бұған қоса, Алланың ақыретте беретін мәңгілік нығметтерін ойлайтын болсақ, әрине, біз мынау өткінші де қысқа ғұмырымызда оны өтей алмаймыз. Тіпті, әр тыныс алған сайын шүкіршілік жасап, құлдық ұруымыз қажет. Өйткені, тынысты ішке алып, оны сыртқа қайта шығара алмауымыз да мүмкін ғой. Әр демімізді алған сайын Алла бізге өмір сыйлауда. Сөйте тұра, Алла Тағала бір күнәға бір ғана күнә жазса, сауаптарды жетіден жеті жүзге дейін, тіпті одан да көп етіп еселейді. Бұл Оның ерекше мейірімі мен рақымдылығын танытқан үстіне таныта түскені болса керек.

Оның бізге берген нығметтері тіпті шексіз. Алайда, шамасын білмеген кейбіреулердің: «Ешқандай да күнәм жоқ, жастайымнан намаз оқимын, ораза ұстаймын, жаннатқа барарым анық, маған ешқандай жаза берілмейді» деп паңдануы – Алла Тағаланың құдіретіне деген тәрбиесіздігі мен көргенсіздігі. Сонымен қатар, өмірден түңіліп, «Менен түк шықпайды. Қазірге дейін ешбір іліп-алар жақсылығым болған емес. Бәрібір барар жерім – тозақ. Олай болса, неге тырысамын, осы құрығаным құрыған» деп үмітсіздікке салынуы да мейірімі мен мейірбандығы мол Ұлы Жаратушыны жете танымаудың белгісі.

Үміт артудың да өзіндік шарттары бар. Бұл шарттар орындалмаса, ол үміт артудан гөрі ақымақтыққа жақын болады. Құлдың Алланың рақымынан үміт етуі, егін салған егіншінің жағдайына ұқсас. Диқан әуелі құнарлы жер таңдайды. Жақсы тұқым егеді. Оны уақытында суғарып, баптайды. Егіні бітік шығуы үшін арам шөптерін жұлады. Содан кейін барып, әртүрлі апаттан сақтасын деп Алла Тағаладан еңбегінің тілеуін тілейді. Әйтпесе, құнарсыз тастақ жерге дән сеуіп, мол өнім күту − ақымақтық. Бір ақын «Ақырет азабынан құтылуды үміт етесің, бірақ, құтылатын жолмен жүрмейсің. aлайда кеме құрғақ жерде жүзбейді» дейді. (Ғазали, Ихя, 4/1, 262 б.)

Келешекке үмітсіздік танытып, күмәнмен қараған адам қоғамдық пайдадан гөрі қара басының қамын көбірек күйттейді. Әркім тек жеке басының пайдасын ғана көздесе, ол қоғамда түрлі заңсыздықтар мен зұлымдықтардың кең етек жаяры сөзсіз.

Әсіресе, бүгінгі таңда өмірдегі өз жолынан адасқан адамдарға жөн сілтеп, үкілі үміт сыйлау, өмірге деген құлшынысын арттыру ауадай қажет.

Нағыз үміт – Жаратушының ұлылығы мен рақымдылығының алдында күнә жасауды ар санау, ал үрей − Алла Тағаланың мейірімінен тыс қалып, азабы мен қаһарына ұшыраудан қорқып, рұқсат етілген күннің өзінде кейбір істен жүрексіне бас тарту.

Үрейлену ерік-сезімнің ырқына жығылар тұста бойды тежеп, адамды асыра сілтеушілікке ұрындырмайды. Қиналған сәттерде үмітті пырақ ету – адам өмірін реттейтін басты жолдардың бірі.

Үміт пен үрей құстың қос қанаты тәрізді. Егер екеуі тең болса, онда құстың самғауы да үйлесімді болмақ. Сондықтан бұл дүниеде тепе-теңдік сақтауда адам баласына үміт пен үрейдің екеуі де аса қажет.

Міне, күнәлардан сақтана отырып Алладан жәрдем күту, ізгілік пен жақсылық жолында барын сала отырып, Хақ Тағала рақымының кеңдігін ойлау, тура жолдан таймау шынайы үміт өлшемдеріне жатады. Керісінше, еш амал етпестен жақсылық күту, өмір бойы күнә жасағанына қарамастан Алладан кешірім дәмету – жарамсақ, жалған үмітке жатады. Бұл, Жаратушының рахман әрі рахим құдіретіне деген үлкен әдепсіздік болып саналады.

Хауф (арапшада қорқу, үрейлену, түршігу) – сөзінің терминдік мағынасы шариғаттық тұрғыдан харам емес, бірақ жеңіл тыйым салынған нәрселердің өзінен бас тарту. Былайша айтқанда, жалған үмітке иек артып дандайсып кетпеу, не болмаса тым күйзеліп, үмітсіздікке салынбау.

Қушайридің пайымдауынша, хауф – руханият әлеміне сапар шеккен жолаушының Алла Тағала ұнатпайтын қылықтардан бойын аулақ ұстап сақтануын қадағалайтын ішкі дүниесіндегі бақылаушы сезім.

«Мүмін күнәларын (ойша үлкейтіп) былайша елестетеді: Ол мүмін бейнебір таудың етегінде отырып, сол тау өзіне құлап кететіндей шошынады. Надан кісі күнәларына мұрнының үстіне қонған ширкей тәрізді немқұрайлы қарайды».

Құран Кәрімде адамның екі аяғын тең басуы үшін мынадай аяттар келтірілген:

 

«Еш күтпеген нәрселері Алла Тағала тарапынан оларға көрсетілді». ("Зумәр" сүресі, 47-аят)

 

«Сендерге амалдары тұрғысынан үлкен зиянға ұшыраушылар жайында хабар берейін бе?», – де. Олар дүниедегі амалдары зая кеткендер, өздерін «шынында біз жақсы іс істедік» деп ойлайды». ("Кәһф" сүресі, 103-104- аяттар)

Алла Тағала құлын өз құзырында жоғары мәртебеге жеткізуде қорқыныш пен үрейді бір қамшы ретінде қолданған. Бұл қамшы жай қамшы емес. Ол анасының баласына ұрысқанындай, баланы анасының мейірім толы құшағына тартқанындай пендені иләһи рақымдылықтың кеңдігіне тартады. Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды. Сол себепті Құрандағы адам көңілінің астаң-кестеңін шығарып, жүрегіне қорқыныш ұялататын әмір, тыйым, бұйрықтар дұрыс жол сілтеумен қатар әрі рақымға толы қуаныш сыйлайды.

Алладан ғана қорқу пендені одан тыс жоқтан өзгеден қорқудан арылтады.

Құранда Жаратушымыз: «Егер шынайы мүмін болсаңдар, олардан қорықпаңдар, тек менен ғана қорқыңдар»  деу арқылы шынайы мүміннің тек қана Алладан қорқатынын, түптеп келгенде қорқудың да иманнан екенін ұқтырады. Адам бойындағы қорқыныш сезімін жан-жаққа ыдыратпай бір ғана Аллаға бағыттайтын аятта: «Тек қана менен қорқыңдар»  десе, тағы бір аятта: «Олар қорқып әрі дұғаларының қабыл болуын үміт етіп, Раббыларынан тілек тілейді»,– деп Алладан қорыққан құлдарды мақтайды. Өйткені, үнемі күнә-кінәларын ойлап, жүрегі лүпілдеп, Жаратқаннан қорқып жүрген пенде әр қадамын аңдап басып, аңдаусызда омақаса орға жығылмас үшін сақтығын күшейтеді.

Айша анамыз: – Уа, Расулалла! «Раббыларына оралатындықтарына сенгендіктен жүректерін қорқыныш-үрей билеп, мал-мүліктерін Аллаһ жолында жұмсағандар» деген аят кімдерді меңзейді? Арақ ішіп, зина, ұрлық жасағандарға ма? – деп сұрағанда, оның мәнісін пайғамбарымыз: «Жоқ, бұл ораза ұстап, намаз оқып, садақа және зекет бергендер, бірақ соған қарамастан «бұл жасағандарымызды Ол қабыл етеді ме, жоқ, қабылдамай тастайды ма», деп қорыққандар жайлы» деп түсіндірген. (Тирмизи, Тафсируль-Қуран, 24)

Әбул Қасым Хаким: «Бір нәрседен қорыққан адам одан қашады. Ал, ұлы әрі мәртебесі жоғары Алладан қорыққан адам, керісінше, соның өзіне қарай жүгіреді (соны паналайды)»,- дейді.

Муаз ибн Жәбәл: «Жаһаннам көпірінен аман-есен өтпейінше, мүміннің жүрегі орнына түспейді, қорқынышы басылмайды» (Қушайри, 218-б.) деп айтқан.

Жалғасы бар... 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру