Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Жастар және ислами құндылықтар: хадистен тәлім (Үшінші бөлім)

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы.        www.muftyat.kz 10.01.2018 5147 0 пікір

 

Алдыңғы бөлімге өту

Өскелең ұрпақ елдің келешегі, оларға тиісінше рухани тәлім беру, тәрбиелеу – ата-ана, ел ағалары мен дін жетекшілерінің алдындағы негізгі міндеттердің бірі. Бұл қазіргі жастардың адамгершілігі мол, рухани бай азамат болып қалыптасуы үшін маңызды. Сондықтан да шығыстық түсініктегі тәрбие ұғымының ел болашағына бағыт-бағдар берудегі маңызын ескерген жөн. Өйткені ана жатырында жатқан сәтінен бастап бала тәрбиесіне көңіл бөлуге шақырытан мұсылманшылық тәлім біздің халықтың дәстүрімен біте қайнасқан.

Түсіне білген адам үшін дін исламдағы аят пен хадистердің әрбірі адамды көркем мінезге шақыратын құндылықтарға тұнып тұр. Мысалы пайғамбардың ﷺ имам Мүслімде келетін мына әйгілі хадисын алып, ондағы құндылықтарды ашып көрейік:

«Кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, жақсы сөз айтсын немесе үндемесін. Кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, өз көршісін құрметтесін. Кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, қонагына қошемет қылсын».

Бұл хадисте бірнеше тәрбиелік құндылықтар бар. Оларды хадистің қамтыған мағыналары арқылы баян етуге болады.

Біріншісі, хадис «адамдармен жақсы қатынаста болуға» шақырады.

Адам қоғамда өмір сүргендіктен үнемі бір-біріне мұқтаж. Ислам бұл қарым-қатынастың дүрыс негізде болуын және дұрыс бағытта дамуын қалайды. Сондықтан адамдар арасындағы қатынастың мейірім мен құрмет негізінде жақсы сөз сөйлеп, жақсы көршіліктің, меймандостық пен өзара сүйіспеншіліктің болуы тиіс.

Хадистердегі жеке тұлғаны қалыптастырудың екінші моральды-этикалық құндылық – «жақсы сөз айту» немесе «үнсіз тұру».

Бұл құндылықтарды жоғарыдағы хадистің екінші мағынасынан көреміз. Сонымен, жақсы сөз айту немесе үнсіз тұру яғни, қасыңыздағы адамға жақсы сөз айтпасаңыз, онда үнсіз тұрғаныңыз мақұл. Сондай-ақ, құндылықтың бұл түріне «орынсыз сөлемеу» қасиетін де жатқызуға әбден болады. Қазақ бұған қатысты «Жақсы сөз, жарым ырыс», – деп бекер айтпаса керек. Қай уақытта болмасын тек жақсылық сөйлеген дұрыс. Жақсы сөздің жақсылығы бар. Егер жастың бойында осы жақсы сипаттар болса, бұл оның көрегенді және тәрбиелі екенінің белгісі.

Үшінші мағынасы – көп сөзділік көрегенсіздіктің белгісі. «Басқа пәле тілден», – демекші тілді тыю, амандықтың пен абыройдың кепілі.

Көп сөйлеген адамды бәдік деп ешкім жақтыра қоймайды. Ислам адамның өзіне қатысты болмаған іске араласпағанды мақұл көреді. Пайғамбар ﷺ: «Исламды жақсы ұстанудың белгісі(адамның) өзіне қатысы жоқ нәрселерге араласпауы», – деп айтқан.

Хадистің төртінші мағынасы, адамды сөйлеу әдептерін сақтауға шақырады.

Үйде, жұмыста, қоғамдық орындарда сөйлеу әдептілігін ұстану да жақсы мінезге жатады.

Хадистің қамтып отырған келесі мағынасы «көршіге ілтипат көрсету» және оған «қамқорлық жасау».

Исламда иманның кемелдігі мен діннің шынайылығы – көршіге жақсылық жасау, оны ренжітпеу болып табылады. «Үй сатып алма, көрші ал», – деген даналық сөзі қазақтың да көршіге көрсететін құрметін білдіреді. Алла тағала көршіге жақсылық жасауды Құран да да айтқан:

«Аллаға құлшылық қылыңдар. Оған еш нәрсені ортақ қоспаңдар. Сондай-ақ әке-шешеге, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге, жақын көршіге, бөгде көршіге, жан жолдасқа және жолда қалғандар мен қарамағыңдағы адамдарға жақсылық жасаңдар» (Ниса: 36).
Хадистегі алтыншы адамгершілік құндылық – мейманға құрмет көрсету.

Қонақжайлылық – имандылық белгісі және исламды дұрыс ұстанудың бір көрінісі. Қазақ мейманжанды кісіге «Қонағын құдайдай күткен», – дейді. Себебі, қонақты күту – үлкен көрегенділік пен мәдениет. Қазақтың бұл сөзі осындай аят-хадистерден бастау алуы да әбден мүмкін. Себебі пайғамбар ﷺ:

«Кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, мейманына құрмет көрсетсін», – деп айтқан (Бұһари).

Расында да меймандостық – исламда сақталатын әдептілік ережелері мен құрметке лайық адамгершілік қасиеттерінің бірі, сондай-ақ  бұл – пайғамбарлар мен ізгі адамдардың бойына тән қасиет. Осы орайда мейманға құрмет көрсету үй иесінің жақсылық жасау қасиетін көрсетеді. Қазақ атам қонақты «Құдайы қонақ», «құтты қонақ», «қонақпен еріп құт келеді» деп тегін айтпаса керек. Бұл да дініміз бен дәстүріміздің бірін-бірі толықтырып отыратынын білдіреді.

Хадисті қорыта келе, адамға рухани азық беріп, мұсылманшылық тәрбиеге шақыратын «адамдармен жақсы қатынаста болу», «жақсы сөз айту», «үнсіз тұру», «сөйлеу әдептілігі», «қамқорлық ету», «көршімен жақсы мәміледе болу», «мейманға құрмет көрсету» деген сияқты әдептілік құндылықтардың бастауы – имандылық деген ойға келеміз.

Жалғасы бар...

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру