Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Тауқымет тартып отырған барша мұсылмандарға арналады...

muftyat.kz 08.01.2018 4719 0 пікір

 

«Байлық! Байлыққа ұмтыл! Бай болсаң, бәрі болады» деген сөздерді күн сайын, барлық жерден естіп жүрміз. Осындай сөздердің, пікірлердің барлығы нәпсімізге байлықты жақсы көріп, кедейлікті жек көргізуде. Ауқатты адамдарды сыйлап, кедей-кепшіктерді менсінбеуге шақыруда. Алла елшісі (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) керісінше, міскіндерді жақсы көруге шақырып:

«Міскіндерді жақсы көріңдер, олармен қатар отыра қалсаңдар, жақын отырыңдар»,- деген. (Хаким)

Бүгінде жер бетіндегі күллі адамзат баласының бар мақсаты, соның ішінде мұсылмандардың арман-мақсаты дүние табу, байлық болып кеткені жасырын емес. Мұның соңы не нәрсеге апарып соғады? Міскіндер өздерінің тұрмысына разы болмай, дүниенің артынан қуып кетеді әрі ауқатты жандардың тұрмысына қызғанышын оятады. Хадисте:

«Ең бақытсыз адам - міскін бола тұра Алланың қаһарынан қорықпаған адам»,- делінген.  (Ибн Мәжа)

Яғни, кедей адам азға қанағат, жоққа сабыр қылар болса, жәнаттық болуы әлдеқайда жеңіл болмақ.

Кедейлік – мақұрым қалу емес, керісінше, Жаратушының берген сыйы.

Дүниенің тарлығының да артықшылығы бар, себебі: Алла Тағала міскінге әз пайғамбардың (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сұрағанын берген. Ол кісі:

«Я, Раббым! Бұл дүниеде маған жоқшылық бер, қашан басыма жоқшылық келсе, жанымды ал да, Есеп күні міскіндермен бірге тіріліте гөр»,-деп дұға ететін болған. (Хаким) 

 

Кедей адам жәннатқа бірінші болып кіреді

Ардақты пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларынан: «Жәннатқа бірінші болып кім кіретінін білесіңдер ме?»,- деп сұрайды. Олар: «Алла мен Оның елшісі жақсы біледі»,-деп жауап береді. Сонда әз пайғамбар: «Дүниелік қалауларына қол жеткізе алмай өмірден озған мухажирлер мен міскіндер»,- деп жауап береді. (Ахмад) 

Дәулетті жандардан бұрын жәннатқа әуелі кедейлер кіреді  

Әбу Һурайра (ол кісіге Алла разы болсын) жеткізген хадисте: «Үмметімнен жарлы мұсылмандар жәннатқа жарты күн бұрын кіреді. Ал Есеп күнінің жарты күні 500 жылға тең»,- делінген. (Тирмизи)

Жәннат тұрғындарының басым көпшілігі жарлылар

Алла елшісі (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Маған жәннат көрсетілді, оның тұрғындарының көпшілігі жарлылар екен. Содан кейін тозақ көрсетілді, ол жерде әйелдер мен байлардың көп екенін көрдім»,- деген. (Ахмад)

Таршылықта сабырлы болған міскіндер жәннатқа сұраусыз енеді

Ардақты пайғамбармыздың бір хадисінде: «Қиямет күні барша адамзат есеп беруге жиналған кезде Жаратушы Хақ Тағала міскіндерге қарап: «Сендер қалайсыңдар?»,- деп сұрайды. Сонда олар: «Жаратушы Жаббар Иеміз, Сен бізді кедейлікпен сынадың, біз сабыр еттік. Байлық пен атақты өзгелерге бердің»,- деп жауап береді. Сонда Алла Тағала: «Дұрыс айтасыңдар»,- дейді де оларға жәннатты тарту етіп, жәннатқа әуелі міскіндер бірінші болып аяқ басады екен.   Ал атақ пен дәулетке ие болғандардың есебі ауыр болады» (Ибн Хиббан) 

Ауқатты адам жәннат есігінде ұзақ тұрады

Ибн Аббас (ол кісіге Алла разы болсын) мынандай хадис жеткізген: «Жәннат қақпасының алдында екі мұсылман кездесіп қалады. Олардың біреуі бұл дүниеде кедей болса, ал екіншісі- ауқатты жан болған екен. Таршылық көрген адам бірінші болып жәннатқа кіріп кетеді. Ал ауқатты адам Алла қанша уақыт күтуін қаласа, сонша уақыт жәннат қақпасының алдында күтіп тұрған екен. Уақыты келіп, әлгі ауқатты адам да жәннатқа кіреді. Сол жерде әлгі міскін бауырын кездестіре кетеді, сонда міскін жігіт: «Осы уақытқа дейін қайда болдың?»,-деп сұрайды. Сонда дәулетті жан: «Күттіріп қойды. Ыстық болғаны соншалықты тұзды әрі ащы шөп жеп қаталаған мың түйені суғаруға жетерліктей терім ағып, қатты қиналдым»,- деп жауап берген екен» (Ахмад)

Дүниенің аздығы – жеңілдік

Алла елшісі (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Адам баласы кедейлікті жек көреді. Расында, дүниенің аздығы – есептің жеңілдігі»,- деген. (Ахмад)

Сенімді хадисте: «Бұл дүниедегі жақсы болып көрінгеннің барлығы, ана дүниедегі жамандық, бұл дүниедегі жамандықтың барлығы, ана өмірдегі жақсылық»,- деп айтылады. Егер сүйікті пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтқан сөздерін жадымызда сақтап, жағдайы өзімізден әлдеқайда төмен жандарға қарап, ой жүгіртер болсақ, Алланың шүкір ететін пенделерінен боларымыз сөзсіз, себебі жоқшылық тауқыметін тартып отырған жандар айналамызда көп.

Алла Тағала шүкіршілігімізді арттырып, өзінің разылығымен жәннаттық болумызды нәсіп етсін!

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру