Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ЖАСТАР ЖӘНЕ ИСЛАМИ ҚҰНДЫЛЫҚТАР МӘСЕЛЕСІ  (Бірінші бөлім)

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ. Философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы www.muftyat.kz     03.01.2018 5589 0 пікір

 

Ертеңін ойлаған қоғамда тәрбие мәселесі мүлдем күн тәртібінен түспеген, өзектілігін жоғалтпаған. Әсіресе, жаһандану біздің өмірге толықтай кіріп, жұмыста, қоғамда тіпті, үйде де күнделікті пайдаланып жүрген гаджеттер арқылы санамызға ықпал етіп, ғасырлар бойына қалыптасқан дәстүрлі құндылықтар ұғымын шайқап жатқан кезде тәрбиенің маңызы еселеп арта түсті.

Бұлай дейтінім ертеде ұят, арсыз, көргенсіздік саналатын амал-әрекеттер бүгінде кәдуілгі «ұят емес», «онда тұрған не бар», «ештеңе етпейді» деген сияқты деңгейге түсті. Мысалы, қоғамдық орындарда қыз баланың сыра сіміріп тұруы немесе жігіт пен қыздың еріндеріне ерік беруі, қыздардың дауыстап боғауыз айтуы және т.б. Осындай амалды күнделікті өмірден, теледидардан, ғаламтор желісінен көре берген соң кейде біздің қоғамдағы құндылықтардың орны ауысып кетті ме деп қаласын.

Бұған қоса Шығыс құндылығымен ұштаса бермейтін Батыс түсінігі көп жағдайда құмар ойындарды, адамның есін шығарар есірткі мен ішкілікті, дүниеқұмарлықты, ашкөздікті өмір әдетіне айналдыруды насихаттап, жастардың өз Отаны мен отбасына, дініне, салт-дәстүріне деген көзқарастарын өзгертуді жарнамалап жатқаны тағы бар. Өмірлік тәжірибесі жоқ, рахатқа еліктегіш жастар солардың өмір сүру әдетін сүйсініп ата салты мен дәстүрінен, қазақшылықтан алшақтап кету қауіпі де жоқ емес.

Әрине, бұлай қорқып отырғаннан түк шықпасы анық. Біз бүгінгі «Өркениеттер қақтығысынан» немесе жаһанданудан тығылып, аман қала алмаймыз. Бұларға қарсы имунитет қалыптастыру қажет. Егер осы жаһандануға жұтылып кетпеуді қаласақ, онда өзіміздің қазақшылық, мұсылманшылық тәрбиесізге көңіл бөлгеніміз абзал. Иммунитет – осы. Батыс шаралап, алыстан арбамен «тәрбиенің жаңа түрін» алып келудің қажеті жоқ. Ол жақтан алып келген дүние біздің менталитетімізге де, мәдениетімізге де шақ келе бермейді. Жаңадан велосипед ойлап таппай-ақ қояйық.

Ғасырлар елегінен өтіп, тіліміз, діліміз және дінімізбен үндескен адамгершілік құндылықтарымызды жандандырып, өскелең ұрпаққа дұрыс жеткізе білсек болғаны. Өкінішке қарай отбасында да, қоғамда да жастар тәрбиесіне салғырт, немкеттілік қарау бар. Тәрбиеге жеткілікті көңіл бөлмей келеміз. Біз әдетте «Балам заман талабына сай білімді болса жетеді» деп баланы сүйреп түрлі үйірмелерге апарамыз, бірнеше тіл үйренсін деп қымбат репетитор жалдаймыз. Бірақ, баланың жан дүниесі, дүниетанымы, тәрбиесі және т.б. құндылықтары ұмыт қалады. Адам баласына білімнен бұрын тәрбиенің керектігін ескере бермейміз. Бірінші – тәрбие, сосын білім.

Ертеде өткен даналарымыз тәрбиесіз берілген білімнің адамға да, қоғамға оң ықпал бермейтінін бекер айтпаған болса керек.

Әл-Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы және қоғамға опат әкеледі» деп тұжырымдаса,
Шәкәрім Құдайбердіұлы «Тәрбиесіз адамға берілген білім оққа айналады» яғни адамзат үшін қатер тудырады деген байлам жасаған.

Мұсылманшылықта бұл тәрбие жүйесі өте тиянақты, берік құрылған және өзіндік түсініктерімен ерекшеленеді. Мысалы, ортағасыр данышпаны Әбу Хамид әл-Ғазали тәрбие туралы былай деген:

«Біліп ал! Баланың тәрбиесі ең маңызды істердің бірі. Перзент ата-анаға аманат. Баланың жүрегі пәк, нәзік, аңқау және ешбір нақыш салынбаған таза гауһар тасы сияқты. Жүрекке қандай ою-өрнек салынса, ол соған ұқсап пішінделеді, оны иген тарапқа қарай иіледі. Егер бала жақсылыққа үйреніп, жақсылықты әдеттенсе, дүние мен ақыретте бақытын табады. Әрине, бұл сауапқа оның ата-анасы және тәрбиешісі мен оған тәлім берген адамдар бөленеді. Егер балаға көңіл бөлінбей шетте қалып қойса, жамандықтың ортасында өссе, бақытсыздыққа душар болып, құрып кетеді. Бұл жағдайда күнәнің ауыртпалығы оны осы күйге түсіргендер мен ата-ананың мойынына артылады...» (Риязату ән-Нәфс).

Осылайша ғалым, перзентке дұрыс тәрбие беру міндетін жай адамгершілікке емес, Алланың тарапынан жіберілген қасиетті борышпен ұштастырып, сол үшін Тәңірдің алдында жауапкершілігі мол іс деп ескертеді. Мұны түсінген ата-ана, тәрбиешілер мен ұстаздар өздерінің жастар алдындағы тәлім-тәрбиелік міндеттеріне әдеттегіден тыс жауапкершілікпен қарары сөзсіз. Себебі олар бұл үшн Құдай алдында жауапты – деп ойын түйіндейді.

Расында да жас сәби табиғатынан таза, пәк. Бұл – адамның өмірден әлі ештеңе көрмеген, көңілге түймеген шағы. Айналадағы дүниені енді-енді тани бастайды. Міне, дәл осы кезеңде ата-ананың, содан кейін білім беру мекемелеріндегі мұғалімдердің балабақшадан бастап, олар­дың бойына бірте-бірте рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңіріп, жақсылық пен жамандықтың аражігін ажыратуға үйрету – жауапты әрі маңызды іс.

Мұны ертедегі кемпір мен шалдар білді, балаларын да осындай жауапкершілікпен өсірді. «Судың да сұрауы бар» дегендей әр нәрсенің сұрауы мен жауапкершілігі бар екенін олар естен шығармады. Бұл жерде тәрбиеге қатысты ұрпақ сабақтастығын жоғалтып алып отырған бізбіз.

Екінші бөлімге өту

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру