Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

МҰСАБЕК АҚТАМБЕРДІ: «ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІНІ САУАПТЫ ІСТЕРГЕ ПАЙДАЛАНҒАН ӘЛДЕҚАЙДА ҚАЙЫРЛЫ»

Ермұрат Назарұлы muftyat.kz 10.11.2020 4349 0 пікір
МҰСАБЕК АҚТАМБЕРДІ: «ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІНІ САУАПТЫ ІСТЕРГЕ ПАЙДАЛАНҒАН ӘЛДЕҚАЙДА ҚАЙЫРЛЫ»

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстардағы бас имамдарының сұхбаттар легін жалғастырамыз. Назарларыңызға Түркістан облысы өкілдігінің бас имамы Мұсабек Ақтамбердінің сұхбатын ұсынып отырмыз.

– Түркістан облысы еліміздегі имамдардың туып-өсетін, қанаттанатын жері десек, өтірік емес. Аймақтағы қазіргі дін қызметкерлерінің халі қалай?

– Еліміздің рухани астанасына айналған Түркістан қаласы қазіргі таңда Тұңғыш Президентіміздің қолдауымен жаңа келбетке ие болды. Қас қағым сәтте Түркістан түрленіп, таңғажайып қалаға айналып жатыр. Айналамыз өзгеріске ұшырап жатқанда, кеудесінде жаны бар адам баласы да өзгеріске ұмтылуы қажет. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Расында бір қауым өзін өзгертпейінше, Алла оны өзгертпейді» дейді («Рағыд» сүресі, 11-аят).

Қазіргі әлемді әбігерге салған пандемияның кесірінен жапа шекпеген жан жоқ шығар сірә. Өңіріміздің тұрмыс-салты мен тәрбиесінің арқасында әр бала имандылыққа баулып өседі. Соның жемісі болса керек, діни білім ошақтарынан сауаттанып, еліміздің барлық өңірлерінде туған жердің топырағынан жырақта асыл дінімізге аянбай қызмет етіп жатқан діни қызметкерлеріміз қаншама.

Дін қызметкерлері қазіргі таңда сынақты кезеңді бастан өткізіп жатыр. Сынақ дейтінім, COVID-19 дертінің кесірінен еліміздегі мешіттеріміздің уақытша болса да жабылып, жамағаттың Алла үйіне келе алмай қалуы барша мұсылман баласы мен имамдарымызға ауыр тигені шындық. Имам кімге имам болады? Егер жамағаты болмаса... Ата-әжелеріміз батасында баласын анасынан айыра көрме деп тілейтініндей, имамдарды жамағатынан айыра көрмесін деп Алладан дұға етеміз. Өздері сабырлық сақтап, елді де ынтымақ бірлік пен сабырлыққа шақыруда. Ішіне қоғамдағы әртүрлі жағымсыз ақпаратты сіңірген қарапайым жанға рухани тазалық қажет болады. Енді оны қайдан алатын еді? Әрине ол – мешіт. Мінеки, мешіттеріміз ақырындап ашылып, жұма намазын оқи алмасақ та, санитарлық талаптарды ескеріп, күнделікті бес уақыт намазды жамағатпен өткізіп жатырмыз. Қазіргі таңда өңірімізде мыңнан аса дін қызметкері асыл дініміз үшін аянбай қызмет атқаруда.

–Жас мамандардың діни қызметке тартылуы турасында не айтасыз?

– Елімізде ҚМДБ-ға қарасты тоғыз медресе-колледжіміз бар десек, соларды бітірген жас мамандар қажетті елдімекендерге жіберіліп жатыр. Жас мамандардың халық арасына сіңіп кетуі үшін тәлім мен тәжірибе қажет. Сондықтан олардың ортамызға келіп, қызметке орналасуына үлкен жауапкершілікпен қараймыз. Жұмыс орнына барған соң қадағаланып, тиісінше қайырымды жандардың көмегіне сүйене отырып, еңбек ақысын шығарып беруді қолға алудамыз. Биыл діни оқу орындарының 114 түлегі облыс мешіттеріне қызметке тұрды. Сарыағаш медресе-колледжінен 41, Шымкент медресе-колледжінен 68 және «Нұр-Мүбарак» университетінен 5 шәкірт облыс көлеміндегі мешіттерімізге қызметке орналасты.  

– Пандемия кезеңіндегі жұмыстарыңыз қалай жүріп жатыр? Не атқарылды? Жоспар орындалып келе ме?

– Мұсылман баласы не нәрсенің болса да Алланың қалауымен болатындығына иман келтірген. Сондықтан әлемді әбігерге салған пандемияның салқыны елімізге де тиіп жатыр. Имамдар қазіргі ашық ақпараттық қоғамның басты тетігінің біріне айналған, ғаламтор желісінде уағыз-насихаттарын жүргізіп келеді. Яғни мешіттегі жамағатпен намаздан бөлек уақытта қауышу мүмкін еместігін ескеріп, ғаламтор желісінде насихаттарын айтуда. Бұл жөнінде ҚМДБ-ның Уағыз-насихат бөлімі арнайы онлайн сабақтарын өткізу бағдарламасын бекітіп берген. Бекітілген жоспар бойынша насихат жүргізіліп келеді. Ғаламтор арқылы жамағатқа сапалы контент пен салиқалы сұхбаттар, рухани дәрістер ұсынуда және еліміздегі имамдардың басын бір арнаға қосқан ҚМДБ Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің жұмысын ерекше атай кеткен жөн.

ҚМДБ-ның пандемия кезіндегі жаназа шығару тәртібін де халық арасында насихаттап, сол ережеге бағыну керектігі жеткізілді. Қайырымдылық іс-шаралар бас санитардың бекіткен ережелеріне сай орындалуда. Пандемия кезінде имам-молдаларымыз ҚМДБ жаназа шығару ережесін қатаң ұстағанымен «Жазмыштан озмыш жоқ» дегендей, бірнеше имамымыз қайтыс болды. Алла оларды рақымына бөленсін! Қиын-қыстау кезеңде қайғылы отбасыларға басу айтып, мәйіттерді жуумен де айналысқан дін қызметкерлері халықтың жұбанышына айналды.

– Карантин кезінде «жығылғанның үстіне жұдырық» болып, Мақтаарал ауданын су басып, елді әбігерге салып қойғаны есімізде. Қиындықты еңсеруде жамағатты қалай жұмылдырдыңыздар?

– Халқымыздың қанына асыл дініміздің құндылықтарымен сіңген қасиеттердің бірі – қиындықта қалған жанға қайырымдылық жасау. Мінеки ел басына күн туған кезеңде халық құралақан қарап отырмай, қол ұшын созды. Су басқан елдімекенге мемлекетіміз төтенше жағдай деп жария еткеннен кейін, сол жерде болдық. Бас мүфти тапсырмасымен жапа шеккен халықпен тығыз байланыс жасап, оларды сабырға шақырдық. Мақтаарал ауданының бүкіл имамына арнайы кесте құрып, эвакуацияланған халықтың ортасына барып жылы сөзбен насихатымызды айттық. Басқа түскен қиындықта мемлекетіміздің де қамқор болып, көмек беріп жатқанын айтып жабырқаған көңілге үміт сыйладық. Сол уақытта қасиетті Рамазан айы болатын. Бүкіл қазақ халқы қарап қалмады. Мақтааралды су басқанда, халықтың қайырымдылығы судан асып кеткен еді. Жан-жақтан келіп жатқан азық-түлік, киім-кешек, бір жақтан жомарт жандардың құрылыс материалдарын жеткізіп жатқанын көзбен көрдік. Бұл нені білдіреді? Елдігіміз бен бірлігіміздің мықты екені осындайда көрінеді. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару» деген осы.

Ел басына жаман күн тумасын, егер де туа қалған жағдайда ешкімнің қарап қалмайтындығын халықтың бірлігі, пейілі дәлелдеп келеді. Бұл қазіргі таңда әлеуметтік желі арқылы ақпараттың өте жылдам таралатынын, оны игілікке, ынтымаққа, бірлікке пайдалансақ, анағұрлым жақсы, қайырлы болатынын аңғартты. Сауапты амалдың бар екенін білген халық өздері-ақ ұмтылды. Сауап пен күнәнің аражігін ажыратып, насихатын айтып жүрген ҚМДБ-ның әрбір қызметкеріне, ел басына күн туғанда етігімен су кешкен еріктілерге, жамағатымызға Алла разы болсын дейміз.

– Діни басқарманың 30 жылдығына орай түрлі шаралар қолға алынған еді. Бірсыпырасын айтып өтсеңіз...

– ҚМДБ-ның 30 жылдығына орай «Ел үлесі – пәтерге» жобасы бойынша баспана сыйлау, құдық және көпірді халық игілігіне табыстау жұмыстары бойынша өңірімізде 9 құдық, 4 көпір пайдалануға берілді. Сондай-ақ Сайрам ауданында Діни басқарма салып берген 1 амбулаториялық орталық және екі пәтерді ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының өзі табыстады. Берілген бір пәтер асыл дінімізге аянбай қызмет етіп, әлемді жайлаған дерттің салдарынан қайтыс болған имамның артында қалған жетім балаларына берілді.

ҚМДБ «Зекет» қорының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы бойынша биыл өңірімізде 24 баспана берілгенін айта кетейін. Сонымен қатар Түркістан, Кентау қалаларында және Жетісай, Сайрам, Ордабасы аудандарында баспаналар салынуда.

– Сарыағаш медресе-колледжі жөнінде не айтасыз?

– Еліміздегі шоқтығы биік діни оқу орындарының бірі – Сарыағаш медресе-колледжі. Бұл оқу орнында қазіргі таңда 521 ер, 345 қыз бала білім алуда. Биылғы оқу жылына 287 шәкірт қабылданды. Сарыағаш медресе-колледжінде 9 магистр, 47 жоғары білімді ұстаз сабақ береді.

Қазіргі таңда мешіттің айналасы көздің жауын алардай керемет көрініске ие болған. Мешіттің тамаша құрылысы мен айналасындағы сұлулықты тамашалауға іргедегі шипажайлар мен ел-елден келген демалушылар жиі бас сұғады.

– Түркістан өңіріне әулие-әмбие аралап, еліміздің түкпір-түкпірінен кәрі-жастың баршасы келетіні мәлім. Оларға зиярат жасаудың шариғатқа сай үлгісін көрсету Діни басқарма тарапынан қолға алынды. Имамдардың қарекеті қалай болып жатыр?

– Халқымызда «елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан жаңа» деген даналық сөз бар. Расында Елбасының 2018 жылдың 19 маусымындағы Жарлығымен Түркістан облысы құрылып, Түркістан қаласы облыс орталығына айналды. Мұндағы қарқынды құрылыс нысандары көздің жауын алардай күнбе-күн бой көтеріп, қала көркейіп таңғажайып көрініске енуде.

Бұл жерге келетін зияратшылар Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың және қазақ хандарының рухына дұға бағыштап келеді. Бабалар әруағын сыйлап келген әрбір жан түрленген Түркістанның жаңа келбетін тамашаламай кетпес. Ал кесенені зиярат етуде шариғаттың талаптары бұлжымай орындалуы бәрімізге үлкен міндет жүктейді. Түркістан облысы құрылған кезден бастап, ҚМДБ өз кезегінде кеңсе ашты. Зиярат әдептерінің сақталуында имамдарымыз мешіт мінберлерінен бағыт-бағдар көрсетуде.

Сұхбаттасқан Ермұрат НАЗАРҰЛЫ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру