Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Уақыттың қадірі

15.01.2019 7620 0 пікір

Кез келген нәрсе белгілі бір уақытпен санасып, нақтылы бір өлшемдермен белгіленеді. Сол өлшемдердің бірі адамның өмірге келуі, ер жетуі, қартайып, дүниеден озуы. Өмір бейне жел өтіндегі шырақ тәрізді. Әр адамның жарық күні санаулы, мөлшерлі. Шын мәнінде, уақыт бізге емес, біз уақытқа тәуелдіміз. Өйткені уақытты біз қалаған кезімізде ұзартып, қалаған кезімізде қысқарта алмаймыз. Уақыттың өлшемі – Ұлы Жаратушының құзырындағы мәселе.

 

Алла тағала Қасиетті Құран кәрімде:

إِنَّا كُلَّ شَيْءٍ خَلَقْنَاهُ بِقَدَرٍ 

Шүбәсіз Біз барлық нәрсені белгілі бір өлшеммен жараттық.[1]

Сонымен қатар әр нәрсенің ақыры, түгесілетін кезі бар. Адамның қолындағы байлық күндердің бір күнінде саусақтан аққан су тамшысындай ғайып болатыны секілді талайды тамсандырған cұлулардың жүзіндегі сұлулық та жылдар өте қатпар-қатпар әжімге айналады. Айнаға немесе фотосуреттеріңе бір сәт қарашы жүзіңдегі өзгерістерді байқамайсын ба? осыдан он жыл бұрын емес бес жыл бұрын қандай едің? қазір қандайсың? Барлық жаратылыстардың пәнилік екенін  Алла тағала Қасиетті құран кәрімде былайша баяндайды:

  كُلُّ مَنْ عَلَيْهَا فَانٍ  وَيَبْقَىٰ وَجْهُ رَبِّكَ ذُو الْجَلَالِ وَالْإِكْرَامِ

Жер бетіндегі барлық нәрсе фәни! Тек ұлылық пен жомарттық иесі Раббыңның Өзі ғана мәңгі-бақи қалады![2].

Адамның жасы жайында пайғамбарымыз (Алланы оған игілігі мен сәлемі болсын) мүбарак хадисінде: «Үмметімнің жасы алпыс пен жетпістің арасы және кейбіреулер ғана бұл жастан асады»[3] деп сипаттап кеткен.

Егер адамның орташа ғұмыры жетпіс жас дейтін болсақ, бұл дегеніңіз жетпіс жыл емес пе?! Сол жетпіс жыл жастар үшін асуы биік белес болуы мүмкін алайда жетпіс жылыңыз 840 ай ғана, 3640 апта, күнмен есептесек 25550 күн екен. Соның 25 жылын ұйқымен өткіземіз, күніне бір сағаттай тамақ ішуге кетсе, 3,5 жылдай ғұмырыңыз тек дастарханның басында тамақ ішумен өтеді. Алдыңызда егер Алланың нәсіп еткен 30 жылы қалса сол отыз жылдың күніне екі сағатын телефонмен, бос әңгімемен не теледидар қараумен өткізсеңіз ғұмырыңыздың 912 күнін босқа кетіргеніңіз. Өкінішті-ақ уақытымыз солай кетіп жатыр.

Негізінде адамның уақыты ол оның ғұмыры бір күніңізді артқа тастасаңыз бір бөлшегіңізді жоғалтқаныңыз, егер сағат тілі алдымызда үздіксіз тынбай 6,7,8,9,10 ды көрсетсе, сізге берілген сағат керісінше 10,9,8,7,6,... ең ақырында 0 көрсетуде. Біз болсақ уақытымыздың өткеніне қуанамыз ал қалай өткеніне ойланып пайымдамаймыз. Уақытымыздың қалай өтіп жатқанына шынайы ақыл көзімен қарайтын болсақ, біздің Аллаға жақындататын амалдарымыз аздау.

Жасың отыз бесте дейік, осы отыз беске дейін сен не тындырдың? дінге қоғамға, өзіңе қандай пайда әкелдің?! Ойланып қарашы осы уақытқа дейін қанша күніңді еске алып айта аласың? «Мен осы күні жеңіске жеттім», деп. Өкінішке орай саусақпен санарлық қана!

Егер адам баласы бір заттың құнын, маңыздылығын түсінсе оны жоғалтпауға, сақтауға бар күшін салады. Бұл табиғи құбылыс. Егер мұсылман уақыттың қадірін жете түсінсе ол оны тек пайдалы нәрсеге Раббысына жақындататын амалдарды жасауға ғана тырысар еді, өйткені дүниені уақыттың аясында табады. Әр секундын жоғары бағалап, тиімді жоспарлағанда ғана дүниеге қол жеткізе алады. Дүниені қайтаруға шамасы келгенмен, уақытты қанша дүние жұмсаса да қайтара алмайды.

Құран аяттары мен пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын)  хадистерінде уақыттың ерекше мәнге ие екені жайында көптеген аяттар бар. Алла тағала Құран кәрімде:

 

وَسَخَّرَ لَكُمُ الشَّمْسَ وَالْقَمَرَ دَائِبَيْنِ ۖ وَسَخَّرَ لَكُمُ اللَّيْلَ وَالنَّهَارَ * وَآتَاكُم مِّن كُلِّ مَا سَأَلْتُمُوهُ ۚ وَإِن تَعُدُّوا نِعْمَتَ اللَّهِ لَا تُحْصُوهَا ۗ إِنَّ الْإِنسَانَ لَظَلُومٌ كَفَّارٌ 

Өз шеңберінен жазбай әрі тынбай айналатын күн мен айды да сендерге бағындырды. Сондай-ақ түн мен күндізді де сендерге бағындырып қойды. Ол сендерге өзіне сұраған нәрселердің барлығын берді. Бергені соншалық - егер Алланың нығметін санайтын болсаңдар, санына әсте жете алмайсыңдар. Шынында адам баласы мүлдем рақметі жоқ, өте залым келеді,[4] десе,

Басқа бір аятта:

 وَهُوَ الَّذِي جَعَلَ اللَّيْلَ وَالنَّهَارَ خِلْفَةً لِّمَنْ أَرَادَ أَن يَذَّكَّرَ أَوْ أَرَادَ شُكُورًا 

Ол – Алла, ойланып, ғибрат алуды, яки шүкіршілік етуді қалайтын әрбір жан үшін түн мен күндізді бір-бірінің ізін алмасып тұратын қылды, деген.[5]

Уақыттың маңыздылығының бірден-бір көрінісі – Алланың уақытпен серт етуінде. Құран кәрімнің бірнеше жерінде Алла күн, түн, асыр, таң уақыттарымен серт еткен.

وَاللَّيْلِ إِذَا يَغْشَىٰ 

(Жер бетін) тегіс қаптаған кезде түнге серт![6].

وَالنَّهَارِ إِذَا جَلَّاهَا 

Оны паш етіп көрсететін күндізге серт[7].

وَالْفَجْرِ وَلَيَالٍ عَشْرٍ 

Таң шапағына серт!, және (мүбәрак) он түнге серт.[8]

وَالضُّحَىٰ *وَاللَّيْلِ إِذَا سَجَىٰ 

Күн көтеріліп жарқыраған сәске уақытына серт! Қою қараңғылық қаптап, жым-жырт тыныштық орнаған шақта түнге (серт!)[9].

وَالْعَصْرِ إِنَّ الْإِنسَانَ لَفِي خُسْرٍ                                                                  

Ғасырға (оқиғаларға толы заманға, әсіресе, ақырғы бөлігіне) серт![10]

 

Тәпсір ғалымдарының түсінігінде егер Алла бір нәрсеге серт етсе, оның ерекше маңыздылын білдіреді.

Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) асыл сүннетінде адам ғұмырының қалайша өткендігі жайында қияметте ауыр есепке тартылатынын ескерткен. Қияметте адам баласы жауап беретін негізгі төрт сұрақтың екеуі уақытқа байланысты.  Муаз ибн Жәбәлдан келген хадисте:

لَا تَزُولُ قَدَمَا عَبْدٍ يَوْمَ الْقِيَامَةِ حَتَّى يُسْأَلَ عَنْ أَرْبَعِ خِصَالٍ : عَنْ عُمُرِهِ ، فِيمَ أَفْنَاهُ ؟ وعَنْ شَبَابِهِ ، فِيمَ أَبْلَاهُ ؟ وَعَنْ مَالِهِ ، مِنْ أَيْنَ ؟ وَفِيمَ أَنْفَقَهُ ؟ وَعَنْ عِلْمِهِ ، مَاذَا عَمِلَ فِيهِ ؟ "

«Қиямет күні Алланың ешбір құлы өмірін қайтіп өткізгендігі, жастық шағын қалай өткізгендігі, дүние-мүлкін қандай жолдармен тауып, қайда жұмсағандығы және алған білімімен не істегендігі жайлы есепке тартылмайынша бір адам да орнынан тапжылмайды » деген[11].

 

 

Уақыт алдында мұсылманның міндеті
  • Уақытты жүйелеу;

Уақытқа қатысты мұсылманның міндеті – саналуан діни, дүниелік істерінің ішінде іріктеп маңыздыны маңызды еместен, маңыздырақты маңыздыдан ажыратып алу. Сол секілді адам бір істі істерде бұл ісінің ол үшін рухани, дүниелік пайдасы бар ма? жоқ па соған мән беру керек. Дүниелік істерді жасағанда ақыреттік істердің хақысын жіберіп алмауым қажет. Әр кез мұсылман үшін ақыреттік амалдардың деңгейі дүниелік істерден бір саты жоғары тұрады. Ілгерідегі ғалымдарымыздың айтқанындай: «Құлдың төрт уақыты бар бесіншісі жоқ: нығметке бөленген уақыты, құлшылық уақыты, сынаққа душар болатын уақыты, күнәға тап болатын кезі. Құлшылық уақыты келгенде лезде орындауы тиіс, нығметке бөленген кезінде Аллаға сансыз шүкірлер айтуы керек,  байқаусыздан күнә жасап қойса тәуба етуі шарт, басына қиыншылық түсіп қабырғасы қайысса ризашылық білдіріп, сабыр етеді», деген.

  • Бос уақытты тиімді қолдану;

Бос уақыт Алланың бізге берген ұлы нығметі оған біз тиісінше шүкір айта алмаудамыз. Біздің шүкіріміз -  бос уақытымызды жоғары бағалап, тиісінше пайдалы істерге жұмсау. Пайғамбарымыздың (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мүбарак  хадисінде:

عَنْ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا، قَالَ: قَالَ النَّبِيُّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: نِعْمَتَانِ مَغْبُونٌ فِيهِمَا كَثِيرٌ مِنَ النَّاسِ: الصِّحَّةُ وَالْفَرَاغُ

Абдулла ибн Аббас, Пайғамбардың (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын жеткізеді: «Адамдардың көбі қадіріне жете бермейтін екі нығмет бар, ол – денсаулық және бос уақыт», деген. [12]

Осы уақытта көп адамдар қателік жасап сол берілген уақытты тиісінше пайдалана алмай харам істер жасап орны толмас өкінішке душар болуда. Бос уақыттарын біреулер пайдасыз әңгіме-дүкенге арнаса, енді біреулер, сағаттап телесериалдар көреді, біреулер түнгі клубтарды жағаласа, енді береулер ащы суға құнығып серіктестер іздейді. Сол себепті иманы әлсіз, рухы төмен адамдар үшін бос уақыт барлық жаманшылықты бастауы.

 

Уақытты үнемді қолдануға апарар жолдар:

Нәпсіңе есеп бер;

          Өзіңнің бір күніңе есеп беруің жүріс-тұрысыңа жаңаша қарауыңа, тиісінше бағалауыңа жол ашады. Бұл ілгерідегі салихалылар мен тақуалардың салып кеткен сара жолы. Мұсылман бауырым өзіңнің бүгін не істегеніңе зер сала қарашы! Уақытыңды қайда жұмсадың, не тындырдың, істеген істеріңнің ішінде жақсы істерің көп пе әлде жамандықтар басым ба? Осы орайда ибн Омардың мына сөзі еріксіз есімізге оралады.

حاسِبُوا أَنْفُسَكُمْ قَبْلَ أَنْ تُحاسَبُوا

          «Есепке түспей тұрып өздеріңе есеп беріңдер», дейді. Әрине әр адам өзінің не істеп не қойып жүргенін жақсырақ біледі.

          Жоғары мақсаттар қою;

          Адам алдына әрдайым жоғары мақсаттар қоя білуі тиіс. Алдына жоғары мақсаттар қоя білген адам уақытына да бекем болады. 19-ғасырда өмір сүрген американдық философ Джон Дьюи «Мақсатты тек азат, ерікті адам қоя біледі, құл мақсат қоя алмайды» деген екен. Демек, ерікті тұлға мен еркі жоқ адамның айырмашылығы да олардың мақсаттарында жатыр. Сол себепті де құл өз әрекеттерінің мәнді болуына еш мүдделі емес, өз жұмысының нәтижесі де оны қызықтыра қоймайды. Оған бәрібір: іс атқарылып жатыр ма, жоқ па. Құлға ең бастысы - уақыт өтсе болғаны. Қазіргі кезде көп адам осы құлдық сезімнен арыла алмай жүр.Берілген уақытты пайдаға асыруға емес, керісінше жылдам өткізіп, сол уақытқа бөлінген напақасын алуға көбірек мүдделі.

          Уақытына берік адамдармен аралас болу (жақсы жолдас табу);

 

Алла Тағала Құранда былай дейді:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اتَّقُوا اللَّهَ وَكُونُوا مَعَ الصَّادِقِينَ

 «Әй мүміндер! Алладан қорқыңдар және шыншылдармен бірге болыңдар»[13] .

Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Жаман дос пен жақсы достың мысалы әтір сатушымен от үрлеушінің мысалындай. Әтір сатушыға келер болсақ, не ол саған сыйлық жасайды, не сен одан бір нәрсе сатып аласың, не одан шыққан хош иісті сезесің. Ал от үрлеуші ұстаға келер болсақ, не ол сенің киіміңді күйдіреді, не одан шыққан сасық иісті сезесің». [14]

Имам Нәуәуи: «Бұл хадисте тақуа, құрметке лайықты адамдардың және жақсы мінез-құлық пен білім иелерінің арасында болудың артықшылығы айтылған. Сонымен қатар бидғатшы, ғайбат айтатын, көргенсіздігімен танымал болған адамдар мен жағымсыз қасиетке ие болған жаман адамдардың арасында болуға тыйым салынған».[15]

Қазақтың дәстүрлі әдептілік ұстанымында дос таңдауға үлкен көңіл бөлінеді. «Дос жылатып, дұшпан күлдіріп айтады», «Досы жақсының, өзі де жақсы», «Жақсыменен өткізген жарты сағат! Жаманның өтіп кеткен өміріндей» деген халық нақылдары тектен-тек айтылмаса керек.

          Амалдарды түрлендіру;

          Адамның нәпсісі жалығуға бейім келеді, күнділікті бір істің қайталана беруі адамның ол істен бетін қайтаруы мүмкін. Істердің түрленуі адамды жаңа деммен іске кірісуге жол ашады. Ислам дінінде Алланың разылығына апаратын амалдар саналуан.

          Өткен уақыттың қайтып келмейтініне көзі жету;

          Жылдар сырғып өтеді, айлар, апталар, күндер бірінің артынан бірі өтеді, кетеді. Осы орайда Хасан Басридың мынандай сөзі бар: «Әр өткен күн адам баласына былай айтады екен: «Ей адам баласы, мен жаңа күнмін, сенің амаладарыңа куәлік етудемін, егер өтіп кете барсам мен қайтып оралмаймын» дейді.

          Уақыт жайында Хасан Басри былай деген екен:

يَا ابْنَ آدَمِ، إِنَّما أَنْتَ أَيَّامٌ، إِذا ذَهَبَ يَوْمٌ ذَهَبَ بَعْضُكَ

«Ей адам баласы, шынында сенің  ғұмырың белгілі күндермен шектеулі, егер бір күнің өтсе бір бөлігіңді жоғалтқаның».

          Тағы бір сөзінде:

يَا ابْنَ آدَمِ، نَهارُكَ ضَيْفُكَ فَأَحْسِنْ إِلَيْهِ، فَإِنَّكَ إِنْ أَحْسَنْتَ إِلَيْهِ اِرْتَحَلَ بِحَمْدِكَ، وَإِنْ أَسَأْتَ إِلَيْهِ اِرْتَحَلَ بِذَمِّكَ، وَكَذَلِكَ لَيْلَتُكَ"

«Ей, адам баласы! Күндізің сенің қонағың, онымен жақсы мәміледе бол, егер оны жақсы шығарып салсаң, ол саған мақтау айтып кете барады, егер жамандык жасасаң ол саған жамандық тілеп кетеді, түнің де солай жасайды» деген.

 Енді бір сөзінде:

          الدُّنيا ثَلَاثَةُ أَيَّامٍ: أَمَّا اْلأَمْسُ فَقَدْ ذَهَبَ بِمَا فِيهِ، وَأَمَّا غدًا فَلَعَلّك لَا تُدْرِكُهُ، وَأَّمَّا الْيَوْمُ فَلَكَ فَاعْمَلْ فِيهِ

«Дүние үш күннен тұрады: Кеше болса ол өте шығып кете барды, ертеңгі күнің сен үшін беймәлім, сол себепті бүгін амал ет».

Сөзімізді қорытындылай келе атақты табиғин Ибн Масғуттың сөзімен аяқтағым келеді:

ما نَدِمْتُ عَلَى شَيْءٍ نَدْمِي عَلَى يَوْمٍ غَرَبَتْ شَمْسُهُ، نَقَصَ فِيهِ أَجَلِي، وَلَمْ يَزْدَدْ فِيهِ عَمَلِي

«Өкініштердің ішінде ең қатты өкініш мен үшін салихалы амалдар жасалмай, ажалға бір қадам жақындап батқан күнім» деген екен.

 

Уақыттың қадірін білу – ол ертеңгі күнге дайындық. Ертеңге дайындығы бар адам ақыреттік дүниелік істері жүйелі болады. Алла біздерді солардан етсін!

 

 

 

ҚМДБ «Насихат және қоғаммен байланыс»

 бөлімінің маманы Хамзат Қажымұратұлы

 

 


 

 

[1] Қамар сүресі, 49-аят

[2] Рахман сүресі, 26-27 аяттар

[3] Тирмизи хадистер жинағы

[4] Ибраһим сүресі, 33-34 аяттар.

[5] Фурқан сүресі, 62-аят.

[6] Ләйл сүресі, 1- аят.

[7] Шәмс сүресі, 3-аят.

[8] Фажр сүресі, 1-2 аяттар

[9] Духа сүресі, 1-2 аяттар.

[10] Аср сүресі, 1-2 аяттар.

[11] Тирмизи хадистер жинағы

[12] Имам Әл-бұхаридың хадис жинағы

[13] Тәубә сүресі, 119 аят

[14] Бұхари, Муслим хадистер жинағы

[15] Шарх Сахих Муслим 5/484

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру