Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Бас мүфти: Кешегі – кеп, Бүгінге сеп…

Сұхбаттасқан Назым ДҮТБАЕВА qazaqadebieti.kz 26.02.2018 6628 0 пікір

Серікбай қажы ОРАЗ,
Қазақстан Мұсылмандары
діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти


Бас мүфти лауазымына сай­лан­­ғаннан кейін алғашқы жұмы­сыңызды бұрынғы мүфтилер – Рәтбек қа­жы Ны­санбайұлы мен Әбсаттар қа­жы Дер­бісәлінің батасын алудан бас­та­дыңыз…
– Аса қамқор, ерекше мейірімді Ал­­ланың атымен бастаймын! Біз ата-бабаның бата-тілегімен өсіп-өр­кендеп келе жатқан ұрпақпыз ғой. Жас­­қа жақсылық тілеу – жаса­мыс­тың асыл міндеті. Үмбетей жырау: «Ақ­­сақалға жарасар, тілеуқорлық ай­­ласы», – демей ме?! Үлкендердің «Кө­­сегең көгерсін», «Жасың ұзақ бол­сын», «Қа­та­рың­ның алды бол» де­­ген бата-тілегін алған азамат өс­кен­де өзі де батагөй ақсақалға ай­на­лады.
Рәтбек қажы мен Әбсаттар қажының тұ­сын­да наиб мүфтилік, былайша айт­қанда, орынбасар қызметін ат­қардым. Олардың өмірде көргені көп. Ұстаздарымнан мол тәлім ал­дым. Бас мүфти жауапкер­шілігі жүк­­телгенде ол кісілерден бата-ті­лек, ақыл-кеңес сұрап, шәкірт­тік әрі азаматтық борышымды өтеуді өзіме мін­­дет деп білдім. Бұл – қазақтың бағ­­зыдан келе жатқан дінмен үйл­ес­кен өнегелі дағдысы, дәстүр са­бақ­тастығы.
– Өзіңізге белгілі, қазір біздің қоғамда діни орта мен зайырлы қауым арасында өзара түсінбеушілік байқа­лып қалады. Бұған негізгі себеп не деп ойлайсыз?
– Екі жаққа да қатысы бар екі фак­торды атап өтейін. Біріншісі – дін­дарлық пен радикализмнің ара­сын ажырата алмай, қасаң қа­ғи­даларға алданған албырт жас­тардың қатқыл діни көзқарасы. Екіншісі – иманға шөліркеген ұрпақтың рухани ізденісі мен талғамын қанағаттан­ды­руға қауқары келмей жатқан жаса­мыс­тардың жағдайы. Екі тарапқа тән осы екі проблема олардың өзара тү­сінбеушілігін тудыруда.
Әсіре діншілдіктің зардабы өз ал­дына бір мәселе. Сол секілді мұ­сыл­м­аншылықтан бейхабар болудың да өзіндік келеңсіз тұсы бар. Әке ба­лаға ұстаздық етуі тиіс. Олай емес екен, онда баланың «ұстазы» кө­бейіп, көрінгенді үлгі тұтатын бола­ды. Әрине, өтпелі кезеңде өмір сүріп отырған ел ағаларының жағдайын түсінеміз. Алайда алдымызда ұрпақ тәр­биесі сынды маңызды мәселе тұр­ғанда біздің кешегі күйіміз қазіргі жағдайымызды әсте ақтап ала ал­май­ды.
Қазіргі ата-ана дінге ден қойған ба­ласының артынан ілеспей, алдына өтіп жол бастауы қажет-ақ. Сонда біз сөз етіп отырған діни көзқарастар қай­шылығы орын алмас еді. Сәждеге бас қойған бала жаман суға әуес әке­нің әрекетіне налымас еді…
– Мүфтият зайырлы қауым мен ді­ни ортаға қайтіп «алтын көпір» бол­мақ?
– Өткен айда Астанада діни сала мен зайырлы қоғамда пікір қалып­тас­тырып жүрген біраз ғалыммен пікір алмастым. Біздің ұсынысымыз бойынша «Зайырлы көзқарас пен діни ұстанымды үйлестіру» қоғамдық кеңесі құрылды. Бұл бастаманы діни ор­та мен қоғамға белгілі ғалымдар – Досай Кенжетай, Бақытжан Са­тер­шинов, Асқар Сабдин, Құдайберді Бағашар, Мұқан Исахан, Қайрат Құр­манбаевтар қолдады. Қазір қо­ғам­дық кеңес өзінің миссиясына кі­рі­сіп кетті. Жамағатты ағарту, тү­сін­­діру шаралары қарқын алды.
Осындай ізденіспен тоқтап қал­май, жуырда Алматыда Марат То­қаш­баев, Нұртөре Жүсіп, Жүсіпбек Қор­ғасбек, Дос Көшім, Айдос Са­рым, Расул Жұмалы секілді қоғам қай­раткерлерімен, Бас редак­торлар­мен сұхбаттастым. Бұл басқосуда негізгі әңгіме діни ұстанымда шектен шықпау, халықты діни ағарту жайлы өрбіді. Осы пікір алмасу отырысы соңында ҚМДБ жанынан қоғамдық негізде сарапшылар кеңесін құру ту­ралы мәселе көтерілді. Сарап­шы­лар бұл бастаманы бірауыздан қол­дап, ортақ мүдде үшін өзара ық­пал­даса отырып, қызмет ету туралы уағ­даластық жасадық. Бұл игі баста­ма­ның түпкі мәні – діни қауым мен зайырлы ортаның көзқарасын жа­қындату. Мүфтият осы екі ортаның өзара ортақ көзқарасын қалыптас­тыру­ға ықпал ете беретін болады.
– Зайырлы қоғам құрудың алғы­шар­ты – құқықтық сауат. Дін мен құ­қық саласының байланысын қалай си­паттар едіңіз?
– Аллаға шүкір, біз Исламның асыл құндылықтарын бойына сіңір­ген ұлтпыз. Ұрпағын иман­дылық пен ізгілікке тәрбиелеген елміз. Тәуел­сіз­дігіміздің арқасында 2 мың­нан астам мешіт салынды. 9 медресе, ді­ни кадр даярлайтын «Нұр Мүбә­рак» университеті, 2 қарилар орта­лы­ғы ашылды. Осының бәрі мем­ле­кеттің асыл дінімізге деген жа­на­шырлығы мен қамқорлығының нәтижесінде жү­зеге асып отыр. Көпұлтты, көп­кон­­фессиялы елімізде құлшылық жа­сауға барлық жағдай жасалған. Түр­лі ұлт пен дін өкілінің бір шаңы­рақ астында тату өмір сүруі – Елба­сы­ның ел басқарудағы данагөй ше­шімі және қазақ халқының кең пе­йілі деп біле­мін. Бірлігіне сызат түс­кен елдердің қандай күйде өмір сү­ріп жатқанын жақсы білеміз. Бү­гінгі таңда бізге керек басты құнды­лық­тың бірі – бірлік пен өзара тү­сі­ніс­тік.
Біз көп ұлттың басын біріктірген зайырлы мемлекетте өмір сүріп отыр­ғанымызды ұмытпауымыз ке­рек. Әсіредін­шіл­діктің соңы жарға жы­ғатынын көріп жүрміз.
Әр заманның өтпелі кезеңі мен сын­дарлы сәті болады. Сындарлы сәт адам баласын одан сайын шы­нық­тыра түседі. Осыны ұмытпау лә­зім. Алланың қалауымен мың өліп, мың тірілген халқымыз талай зұл­матты заманды бастан кешіп, осы күн­ге дейін иманын сақтап, дәстүрін жал­ғап келеді емес пе?
­– Дінді өзге ғылымдар секілді да­ра ғылым немесе күнделікті тұр­мыс­та ұстанатын өмір сүру салты ретінде қа­рас­тырсақ, қоғам үшін екеуінің қай­сысы етене жақын болар еді деп ой­лайсыз?
– Шариғат бізге өткенді, бүгінгі және болашаққа қатысты жайт­тарды баяндайды. Қасиетті кі­та­бымыз Құран өмірдің барлық са­ласын қамтыған. Біздің дініміз еш­қашан ғасыр соңында қалмаған. Ке­рісінше, Ислам заманды өз соңы­на жетелейді. Құранға білім көзімен қарасаң – тұнып тұрған ғылым, ал жалпы ой жүгіртсең – адамзат бала­сының тұтас өмір сүру жүйесі. Сон­дықтан бұл екі ұғымды бір-бірінен ажырата алмайсың.
Мәселен, халқымыздың күнде­лік­ті дағдысына айналған салттардың түпкі мәні асыл дінімізден бастау алады. Шыр етіп дүние есігін ашқан сә­биге азан шақырып ат қою, босан­ған жас келінге қалжа жегізу, қырқы­нан шығару, баланы екі жыл емізу, шіл­дехана-бесік той жасау, тұсау­ке­сер, бәсіре салты, қыз айттыру, сыр­ға салу, құдалық, қалыңмал, жасау, мі­не, осы салт-дәстүрлеріміз діннің қа­ғидаттары мен талаптарымен үй­лесім тапқан. Дін – өмір сүру қа­ғи­да­сы. Құдайға құлшылық ету – құл­дың басты міндеті. Шариғат де­ген – өмір, ал өмір деген – шари­ғат.
Сіздің сұрағыңызға орай, мына мә­селені айта кеткім келеді. Кезінде кейбір діндарлар тек ғұламалар ара­сында талқылануы тиіс діннің ас­тар­лы мағыналары мен тармақты мә­се­лелерді жалпы бұқара халық ара­­сында жариялап жіберді. Жа­ма­ғаттың діни білім деңгейі көтермеген се­нім мәселелеріне қатысты көз­қа­растар көпшілік арасында түсінбеу­ші­лік тудырғаны жасырын емес. Ғы­лыми тұжырымдар тек ғалымдар ара­сында айтылуы тиіс еді. Ал ха­лыққа керек діни мағлұмат – Ис­лам­ның парыздары мен сүннет амал­­дары. Біз кешегі кері идеология­ның құр­сауынан әлі күнге дейін шыға алмай ке­ле жатқан елміз. Ке­ңестік кезеңнің «сар­қыншақ­та­ры­нан» арыла алмай жат­қан ағайын бар…
– Исламофобияны сейілтуде бү­гін­гі имамдардың пәрмені қандай?
– Қазіргі таңда ақпараттық ке­ңіс­тікте белсенді түрде жүргізіліп жат­қан исламофобиялық тенден­ция­лар нәтижесінде қалың бұқара са­насында жасанды үрей қалыптасып жатқаны жасырын емес.
Дініміздің қағидаттары мен та­лап­тары адам табиғатымен толық үй­лесім тапқан. Алланың әмірлерін кез келген уақыт пен кеңістікте орын­дау оңтайлы. Қасиетті Құран Кә­рім­нің «Бақара» сүресінің 286-ая­тында: «Алла ешкімді шамасы жет­пейтін іске мәжбүрлемейді. Кімде-кім жақсылық істесе, сауабын өзі көреді, жамандық қылса, сазайын өзі тартады…» – делінген.
Қай заманның күрделі кезеңінде дін қайраткерлеріне үлкен жауап­кер­шілік жүктелген. Қазіргі имам-мол­далар дін мен дәстүр қағидат­та­рын үйлестіріп, халқымыздың та­ным-түсінігі мен табиғатына сай уа­ғыз жүргізуде. Бүгінгі күннің жауап­ты жұмыс­тарының бірі – Ис­ламды үрейдің емес, үміттің діні екенін жан-жақты жеткізу, насихат­тау. Бұл бағытта ҚМДБ жанындағы Ғұламалар кеңесі, республикалық ақ­параттық-насихат тобының мү­шелері, пәтуа және шариғат бөлі­мі­нің мамандары, жалпы имамдар ұдайы жұмыс жүргізіп келеді. Бұдан бөлек, бұқаралық ақпарат құралда­рын­да сауатты сұқбат беретін имам­дар пулы жасақталды.
Мұндай өзекті мәселеде өзіңіз се­кілді қалам ұстаған қауымның мой­нын­да үлкен жауапкершілік жүгі жатыр. Байқап қарасақ, исламо­фо­бияны тудыратын өзіміз. Кейде мәселенің байыбына бармастан таза қыл­мыстық әре­кетке діни реңк беріп жібереміз. Бернард Шоу айт­қан­дай, кейде велосипедтің құлауы мен өрке­ниеттің құлдырауы арасын­дағы айырмашылықты білмей қала­мыз.
Әлеуметтік желіні қарап оты­р­сақ, көкейге «біз осы діни тақырыпта пікір айту әдебінен аттап, көзқарас білдіру мәдениетінен алшақтап бара жатқан жоқпыз ба?» деген сұрақ ке­леді… Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі бол­сын): «Жақсы сөйле немесе үн­де­ме», – дейді. Халқымызда «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген нақыл бар. Жүсіп Баласағұни бабамыздың ай­туы бойынша, қоғамдағы адам­дардың қадірлісі – тіліне ұят сің­ген­дер екен. Біз үлкендердің «ұят бо­ла­ды», «обал болады» «жаман бо­ла­ды» деген сөзін бойға сіңірген халықпыз. Егер біз, әрқайсымыз діни мәселеде пікір айтудан бұрын пайғамбар сөзін басшылыққа алып, үндемеу немесе жақсы сөйлеу қағидасын ұстанатын болсақ, онда исламофобия дейтін үр­діс өзінен-өзі сейілер еді деп ой­лаймын.

– Жуырда Қазақстан мұсыл­ман­дары діни басқармасы «Қазіргі заман­ның үздік 500 зияткер имамы» жоба­сы қолға алынғанын хабарлады. Имам зияткерлігін қандай критерийлер арқылы бағалайсыздар? Бұл имамдар арасында бақталастық тудырады деп ойламайсыз ба?
– Өздеріңіз жаңалықтан бай­қа­ған боларсыздар, жақында Алматы қаласының бас имамы қызметіне Құранды толық жаттаған қари, «Нұр Мүбәрак» университетінің Phd док­торанты, мемлекеттік қызметте ең­бек еткен, бірнеше шет тілін мең­герген Еркінбек қажы Шоқай деген азаматты тағайындадым. Мұ­сылман әлеміне әйгілі әл-Әзһар универ­сите­тінің түлегі, белгілі теолог-ғалым Ас­қар қажы Мұқановты Астана қа­ла­сының бас имамдығына бекіттім. Ал мүф­тияттың Орталық аппаратын­да бірнеше жыл жұмыс істеген, діни оқу-ағарту бөлімін басқарған, Астана қаласында талай жыл имамдық еткен, бүгінде «Нұр Мүбәрак» уни­верситетінің Phd докторанты Бақ­тыбай қажы Бейсенбаевты Оңтүстік Қазақстан облысының бас имамы қызметіне тағайындадым.
Демек, бұл – бас имам қызметінің жауапкершілігі артты деген сөз. Осы­лайша, қаланың немесе облыс­тың бас имамы болғысы келген аза­мат­тарға қойылатын талапты кү­шейтіп қойдық. Ғылыми дәрежесі бар, бірнеше тілді білетін, діни са­лада тәжірибесі мол азаматтар ғана бас имамдыққа лайықты болмақ. Менің пайымдауымша, маңызды қалалар мен облыстарға бас имам болу орта және жоғары білімі бар дін қызметкерлері үшін бейне бір бағын­дыруға келмейтін белес болуы тиіс. Өйткені, уақыттың өзі осыны талап етіп отыр. Бұл үрдіс имамдар ара­сын­да жақсы мағынадағы бақталас­тықты арттырады деп есептеймін. Құранда Алла Тағала жақсылықта жарысуды әмір еткен.
Дін қызметкерінің тұлғалық кел­беті, табиғаты, білімі, сөз саптауы, тіпті, жүріс-тұрысының өзі «имам» деген абыройлы атқа сай болуы ке­рек. «Қазіргі заманның үздік 500 зият­кер имамы» мынадай критерий­лер негізінде анықталады:
– имамның сыртқы келбетінің көр­кем болуы;
– ұстамдылығы, басқару шебер­лігі жоғары болуы;
– сөйлеу шеберлігі мен шешендік қа­сиетке ие болуы;
– ізетті, берік (ақидасы) сенімі, әділ­дігі, сабыр сақтауы;
– теріс ағым жетегінде кеткен­дер­ді кері қайтара алуы;
– абақтыда жазасын өтеу­шілерді ру­хани оңалтуға қабілетті болуы;
– қызмет етіп жүрген мешітінде жа­мағатқа тұрақты дәріс оқуы, шә­кірт тәрбиелеуі (Құраннан бір пара сүре жаттаған шәкірттерінің саны 30 адамнан асуы);
– ақпарат құралдары мен бас­па­сөз беттеріне діни-танымдық, ғы­лыми-ағартушылық тақы­рыптарда сұх­бат пен мақала­ларының шығуы;
– шариғи тақырыптарда емін-ер­кін уағыз-насихат жүргізе алуы тиіс.
– Республика аумағындағы ме­шіт­тер жұмысы мен ондағы имамдар уа­ғызының ханафи мәзһабының ұста­нымдарына сай болуын қалай қа­да­ғалайсыздар?
– Барлық мешітте айтылатын уа­ғыздың тақырыбы мен негізгі мә­тіні жылдың басында имамдарға бе­ріледі. Жұма уағызының толық мәтіні әр аптаның басында www.muftyat.kz сайтына жарияланады. Тек Бас мүфтидің бұйрығымен та­ғайындалған дін қызметкері ғана жұма уағызын жүргізеді. Ресми емес тұлғаның мешітте насихат айтуына жол берілмейді.
Бұдан бөлек, біз жыл сайын «Жұ­ма уағызы» деген атаумен ар­найы кітап шығарамыз. Бұл еңбекте бел­гілі ғалымдар мен білікті имам­дар­дың уағыз-насихат түрінде жа­зыл­ған мақалалары жинақталады. Имам­дар осы кітаптың негізінде жұ­ма уағызын айтады. Қазір бұл жүйеге біздің дін қызметкерлері үйре­ніп алды. Өйткені, қай күні қан­дай тақырыпта жұма уағызын жүр­гізетінін алдын ала біліп, сол кестеге сәйкес жұмыс істейді.
– Ел ішінде ханафи мәзһабынан өзге жолға бет бұрған азаматтардың кө­беюіне дін тарихын, нақты айт­қанда, ханафи мәзһабының Орталық Азияға әлдеқайда ерте Қарахан би­леушілерінің тұсында орныққанын білмеуі әсер етті деп ойлайсыз ба? Жал­пы дәстүрлі емес діни ағымның же­те­гінде кету дін тарихын білмеген­дік­тен деп ойлауға, сіздіңше, негіз бар ма?
– Біздің талдауымыз бойынша, жат ағымда жүргендердің кейбірі дәс­түр, тарих, салт, ұлт деген қастерлі ұғым­дарды қабылдай бермейді. Ұлтқа жаны ашымаған адамның пат­риоттық сезімі өшеді екен. Біз бір­неше жылдан бері «Дін және тарих тағылымы», «Дін мен дәстүр сабақ­тас­тығы» жобаларын жүзеге асырып келеміз.
Салт-дәстүр, тарих – қуатты күш, кез келген ағымға төтеп беретін құндылық. Салтын сақтай білген қоғамға ешкім іріткі сала алмайды. Бұл тәжірибеде дәлелденген дүние. Мәселен, үлкенге ізет, кішіге құрмет, ата-ананың айтқанын екі етпеу, көрші ақысын беру, ағайынға қарай­ласу, т.б. әдептілік, кішіпейілділік әдеттер – біздің дәстүрімізде бұрын­нан қалыптасқан үрдіс. Ол ешкімге жаңалық емес. Сондықтан біз әдет-ғұрпымыздың, тектілікке негізделген тарихымыздың осын­дай игілігін кө­бі­рек пайдалануымыз керек.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Сіз­ді ресми қабылдауында жер-жер­дегі имамдардың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін қор ашылғаны жайлы айт­ты. Осы қордың жұмыс істеу жүйе­сі туралы кеңірек айтып өт­сеңіз.
– Иә, елімізде түрлі әлеуметтік жо­баларға арнайы қолдау көрсететін «Уа­қып» корпоративтік қайы­рымды­лық қоры құрылды. «Уақып» қоры жанындағы Қамқоршылар кеңесіне Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі, Қаржы министрлігі, Қа­зақстан мұсылмандары діни бас­қармасы, депутаттар, қоғам қай­рат­керлері, т.б. лауазымды тұлғалар мү­ше. Кеңес мүшелері қор қаржы­сы­на бақылау жүргізеді.
«Уақып» – коммерциялық емес қайырымдылық ұйымы. Сондықтан қор есебінен әлеу­меттік әлсіз топтар­ға, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көр­сетіледі. Сонымен қатар, кадр­лардың кәсіби біліктілігін арт­тырып, дін қызметкерлерінің әлеу­мет­тік мәселелерін шешумен айна­лысады. Қорға алғашқы қаражатты Қазақстан Рес­пуб­ликасы Тұңғыш Пре­зидентінің Қоры аударды. Алла разы болсын айтамыз.
Елбасының игі бастамасымен ашылған қордың есебінен шалғай ауылдағы өзін-өзі қаражатпен қамта­масыз ете алмайтын 250-ден астам мешіт имамдары мен молдаларына қар­жылай қолдау көрсетілуде. Мем­лекет тарапынан жасалып жатқан осындай үлкен қамқорлыққа айрық­ша алғысымызды жеткіземіз. Олар­дың рухани жетекшісі, яғни Бас мүф­ти ретінде имамның әлеуметтік мәселесіне қатты алаңдаймын. Ал­лаға шүкір, бұл мәселе кезең-ке­зеңі­мен шешіледі деген үміт бар. Бұл бас­таманың өзі қазірге көңілге медеу болып тұр.
– Өзіңізге белгілі, Дін істері және аза­маттық қоғам министрі Н.Ермек­баев орамалын шешкісі келмеген оқушыларға арнап бөлек мектеп ашылуы мүмкін екендігін айтты. Бұ­ған Сіздің көзқарасыңыз қандай?
– Бұл мәселеде «Біздің қоғам бұ­ған қаншалықты дайын?», – деген сұрақ туындайды… Менің ойымша, бұл өзінің кезеңі келгенде әбден пісіп-же­тілетін, былайша айтқанда, уа­қыт­тың өзі шешіп беретін мәсе­ле.
– Сіз үш мүфтидің тұсында жауап­ты қызметтерді атқардыңыз. Дін саласында тәжірибеңіз мол деп айтуға болады. Мүфтияттың бағыт-бағдарын жақсы білесіз. Сіз басшылық ететін ҚМДБ-ның ендігі мақсаты қандай болмақ? Сізге артылған міндет өзге мүфтилерге жүктеген жауапкер­ші­ліктен несімен ерекшеленеді деп ойлайсыз?
– Мен Алланың қалауымен діни қызметке ерте жастан араластым. 24 жа­сымда Бас мүфти орынбасары бол­дым. Көзге көрінбейтін, қолға да түс­пейтін нәзік сала – діни қызмет­пен айналысу 24 жастағы жігітке үлкен жауапкершілік жүктеді. Құ­дай­­ға шүкір, бұл міндет мені біраз ши­­ратты.
Рәтбек қажы ақсақалдың ке­зін­дегі уақытты «алғашқы сауат ашу ке­зеңі» деп атар едім. Өйткені, ол кез­де халықтың діни сауатын ашу маңызды істің бірі болды. Ақсақалға Алла разы болсын! Бойында бар күш-қайратын шәкірт тәрбиелеуге арнады. Ол кісінің шәкірті болу – маған да мақтаныш, мәртебе.
Ғылыми саладан діни қызметке ауысқан Әбсаттар қажы Дербісәлі Бас мүфти болған жылдарды «ағарту кезеңі» деп атауға болады. Имам­дар­дың діни біліміне көбірек мән беріл­ді. Бірнеше медресе ашылып, жо­ғары білімді діни кадрларды даяр­­лайтын «Нұр Мүбәрак» уни­верситеті өз жұ­мысын бастады. Дін қызметкер­лері мен халықты ағарту бағытындағы іс-шаралар мен игі жобалар жүзеге асты.
Ержан қажы Малғажыұлы Бас мүф­ти болған жылдары мүфтият «өр­леу кезеңіне» қадам басты. Білім­ді, тәжірибелі имамдар қатары кө­бейіп, жамағаттың сауатты уағыз-на­­сихатқа деген сұранысы артты. Ер­жан қажы дін мен дәстүр сабақ­тас­тығын жаңғыртып, рухани кеңіс­тікті тәлімді дүниелермен толтыруға сү­белі үлес қосты.
Ал бүгінгі жаңа замандағы тен­ден­циялар мен сын-қатерлер қазіргі дін қызметкерлерінің жауапкер­ші­лігін одан сайын арттыра түсті. Әлем­дік саяси-экономикалық, әлеу­меттік ахуал сәт сайын құбылуда. Адам­зат баласы алмағайып заман­ның осынау күрделі кезеңінде бұ­рын-соңды көз көрмеген экстремизм мен терроризмнің зардабын бастан кешуде. Дін атын жамылған дінбұ­зар­лардың озбырлық әрекеті әлемді үрей құшағында қалдыруда. Кез келген діни радикализмге мүлдем төз­беушілікті қалып­тастыру – әлем­дегі барша мұ­сылман үмбетіне зор жауапкершілік жүктейді. Жат ағымға алданған азаматтарды радикалды райынан қайтару – мүфтияттың не­гізгі жұмыс бағыттарының бірі бо­лып қала береді. Діни басқарманың қа­зіргі кезеңін «жаңа замандағы жаңа жауапкершілік кезеңі» деп ата­ған болар едім.
Қазір алдымызда тұрған ауқымды жұ­мыстың бірегейі – ҚМДБ қыз­ме­тін жаңғырту. Мешіттің қаржылық-шаруа­шы­лық қызметін жүргізетін мута­валли, яғни іс басқарушы, мух­тасиб (қадағалаушы) сынды лауа­зымды қызметкерлерді тағайын­дау бастамасын қолға алдық.
Бұл шешім қаржылық ашықтық­ты қам­та­масыз етуге, дін қызметкер­лері­нің халық алдын­дағы беделін арт­тыруға, жалпы діни қызмет са­ласын жаңа деңгейге көтеруге тіке­лей ық­пал етеді деп есептеймін. Сонымен қа­тар, мешіттің уағыз-насихат жұ­мы­сы мен есеп-қисап, шаруашылық қызметін екіге бөліп, имамдардың то­лықтай ағарту ісімен, түсіндіру іс-шараларымен, ғылыми жоба­лар­мен айналысуына мүмкіндік туғы­зады деп санаймын.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру