Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Алтынбек ҰТЫСХАНҰЛЫ: Ұлтты құтқаратын – үш ұстаным

Әңгімелескен Жайық НАҒЫМАШ kazislam.kz 09.11.2017 5869 0 пікір

Қазіргі қазақ қоғамындағы өте өзекті де түйткілді тақырып – діни саланы тұрақтандыру екені белгілі. Қоғамның тыныштығы мен тұрақтылығына ықпалды күрделі де нәзік саланы дұрыс бағытта дамыту үшін мемлекет тарапынан жаңа жоспарлар құрылып, тиісті заңнамаларға өзгерістер енгізілуде. Өз кезегінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да дәстүрлі дінді зайырлы қоғам құрылымымен ұштастыра насихаттаудың жаңа тетіктерін қарастыруда. Осы мақсатта діни басқарманың бірқатар бөлімдері қайта жасақталды.

Насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысханұлымен жаңа құрылған бөлім жұмыстары, насихат жүргізудің тың тәсіл-жоспарлары туралы сұхбаттасқан едік. 

 Діни басқармада жаңа құрылған бөлімнің мақсат-міндеттері қандай? Жоспарларыңыз жайында баяндап берсеңіз.

– Діни басқармада бүгінгі күнге дейін уағыз-насихат бөлімі жан-жақты жұмыс істеп келгені өздеріңізге мәлім. Ендігі кезекте бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының тапсырмасы бойынша еліміздегі насихаттың жаңаша бір үлгіге көшіп, бұрынғыдан да жандана түсуі үшін ҚМДБ-ның кадрлық әлеуеті мен бөлімдер қызметінің тиімділігін арттырып, жұмысты оңтайландыру мақсатында «Насихат және қоғаммен байланыс» бөлімі деп ашылды. Бөлім қарамағына «Жастар ісі», «Әйел-қыздар» секторлары мен «Хикмет» студиясы қосылды.

«Насихат және қоғаммен байланыс» бөлімі бірыңғай уағыз-насихат жұмыстарын жүргізеді. Бөлім мемлекеттік мүдде, ұлтаралық келісім, дінаралық татулық, ұлттық салт-дәстүрлер, т.б. қоғамда қалыптасқан жалпы адамгершілік құндылықтар уағыз-насихат барысында ескерілуін қадағалайды.

Сондай-ақ, қоғамдық шараларды ұйымдастыру, жастар, әйел-қыздар арасында діни ағарту шараларын өткізу, деструктивті діни ағымдардың арбауында жүрген азаматтарға жеке түсіндірме жұмыстарын жүргізу, қоғамдық маңызы бар тақырыптар бойынша әлеуметтік аудио, бейне роликтер шығару – Насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің негізгі жұмысы. 

– Қазіргі қоғамда уағыз-насихат жүргізудің үлгісіне қойылар талаптар күшейген сыңайлы. Дін саласында да Елбасымыздың Рухани жаңғыру идеясына сәйкес, өткенімізден өнеге алып, жаңа күннің талап-шарттарына тура келетін насихат форматын жасау қажет болар. Бұл тұрғыдағы жоспарларыңыз қандай?

– Иә, өте дұрыс айтасыз. Қазіргі таңда халықтың діни сауаты тәуелсіздік алғаннан бергі уақытпен салыстырмалы түрде алып қарағанда едәуір өсіп талаптар күшейді. Сондықтан, насихат заманның талабына сай жүргізілуі керек. Жалпы, Алла елшісінен дін дегеніміз не деп сұралғанда «Дін – насихат» деп қысқа әрі нақты жауап берсе, тағы бір хадисте алдыңдағы адамның деңгейіне сәйкес жеткізу керектігін де ескерткен.

Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Адамдарды Раббыңның жолында даналық және көркем насихат арқылы шақыр» деп бұйырады. Яғни, уағыз айтушы адам данагөй, хикмет иесі болуы және зайырлы білімді уағыз айту барысында ұштастырып жеткізе білуі тиіс. Сонымен қатар, уағызшы айтатын уағызына немқұрайлылық танытпай сенімді түрде сенімді деректермен қоғамдық, әлемдік мәселелерді мысал ретінде келтіре отыра насихаттауы қажет.

Тіпті, халықтың алдына шыққанда киген киімінің тазалығына, ол киімінің жалпы адамдардың ойынан шығатынына, сөйлеген сөзіне аса мән беруі де маңызды болмақ. Осыған байланысты біз Республика бойынша насихат жұмыстарының бірыңғай тәртібі мен әдебі туралы арнайы Ереже әзірлеу үстіндеміз.

Аталған Ереже әлеуметтік желілер мен электронды ақпарат құралдарындағы айтылып жүрген уағыздарда зайырлы қоғамның құндылықтарын ескермеу, халықтың сан ғасырлық дәстүрі мен ғұрпын мойындамау сынды мәселелерге жол бермеуге ықпал етеді деп есептейміз.

Елбасының «Рухани жаңғыру» идеологиясы аясында ағарту, ақпараттық-насихат жұмыстары да қолға алынды. Кейбір өңірлерде «Рухани жаңғыру» аясында әртүрлі іс-шаралар аталып өтті. Атап айтқанда, отансүйгіштікті, толеранттылықты, төзімділік пен байсалдықты насихаттау басты міндеттердің бірі екенін ұғындыру мақсатында семинарлар мен конференциялар т.б. болды.

– Насихаттың бір құралы қоғамды ұйытатын мәдени, қайырымдылық іс-шаралары екені белгілі. Бұл бағыттағы жұмыстарыңызды қалай дамытасыздар?

– Бүгінгі қоғамдағы талаптың бірі мәдени, қайырымдылық іс-шаралары екені баршаға белгілі. Аталмыш бағыт бойынша ҚМДБ біраз жұмыстардың жасалуына ұйтқы болып келді. Ол да өз жемісінде беруде. Себебі, насихат тек сөзбен ғана жүргізілмейді, іс-әрекет, амалмен де көрініс табуы тиіс.

Насихат адамның рухани болмысына қажетті барлық іс-шаралармен іске асырылады. Негізінде, қазақ халқының жаратылысы рухани, қоғамдық шараларға өте жақын.

Бас мүфтидің тапсырмасы бойынша ел руханиятында үш жылдан бері «Дін мен дәстүр» жылы жарияланып, қыруар жұмыстардың жасалуына мән берілуінің астарында халықтың рухани болмысына сәйкес насихат негіздері жатыр. Сонымен қатар, Алматы қаласындағы елімізге танымал «Өнер қырандары» атты жас театр мен Астана қаласындағы «Тамшы» атты театрларды қолдау арқылы барлық өңірлерде қоғамдағы мәселелер мен тақырыптардың түйінін тарқату бағытында рухани кештер өткізіліп келеді. Алдағы уақытта да осы театрлар арқылы рухани, мәдени, қайырымдылық іс-шаралары жалғасын табатын болады. 

– Жат ағым жетегінде кеткен жастардың рухани, имани таным-түсінігін орнықтырудың тың жолдары бар ма? Радикалды идеологияға қарсы жұмыстар қалай жүргізілмек?

– Ең бастысы кез келген адамның діни сауатын арттыру жолында жұмыс істелінетін болса ненің дұрыс ненің бұрыс екенін ажыратып алады. Сондықтан, біздер еліміздегі барлық мешіттерді тиімді пайдаланып тек жұма уағызымен шектелмей бесін, ақшам намаздарда бір ізділікпен арнайы діни кітаптардан уағыз айтатын болсақ жамағаттың білім деңгейі көтеріліп, жат ағымның алдын алатын боламыз. Қазіргі таңда осы мақсатта алғашқы жұмыстарды бастап та кеттік.

Өйткені, жат ағымға кеткен адамдардың көбі дерлік нақты бір кітаптан дәрісті жүйелі түрде алмағанның кесірінен талас-тартысқа барып жатады. Егер де Пайғамбарымыздың өмірбаянын, сахабалардың өмірін, ақида, фиқты Діни басқарманың сараптамасынан өткен кітаптарды оқитын болса имани таным-түсінігін күшейтіп радикалды идеологияға қарсы жұмыс істеген болар едік.

– Дұрыс насихаттың бірі әрі бірегей жолы – ағартушылық. Діни ағарту жұмысы неден басталады? Халықтың діни сауатын көтеру, имани құндылықтарды насихаттау үшін не істеу қажет?

– Қазіргі діни ағарту жұмысы әлеуметтік желілерді тиімді пайдаланудан басталады. Үлкені бар, кішісі бар, барлығы да әлеуметтік желіні пайдалану арқылы әртүрлі ақпараттар алып сауаттарын көтеруде. Сол себепті біздің басты міндеттеріміз де «Хикмет» студиясын тиімді пайдалану арқылы шағын видео, аудио роликтерді шығарып халыққа насихаттау болмақ. Осы бағытта сапалы әрі жылдам насихат жұмыстарын істесек халықтың діни сауатын көтере аламыз. Ол үшін ҚМДБ-ға қарасты барлық қызметкерлерге қазіргі таңда қолданылып жүрген әлеуметтік желілерде белсенді түрде жұмыс жүргізуді тапсырудамыз. 

Бір тағылымды кеңесте «Бір жылыңды ойласаң, егін ек. Он жылыңды ойласаң, ағаш ек. Жүз жылыңды ойласаң, ұрпақ тәрбиеле» делінгені тегін емес. Сондықтан, ең басты ағартушылық жұмыс дегенде дұрыс бағытта ұрпақ тәрбиелеу тұрады. Соңғы ғасырлардағы ірі ғұламалардың «Мұсылмандарды артта қалдырып отырған үш кесел: білімсіздік, алауыздық, кедейлік» деп атап көрсеткеніндей, бүгінгі күнгі көзі ашық, көкірегі ояу мұсылмандардың елге деген жанашырлығы жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруінде жатыр.

Ұлт жанашыры Ахмет Байтұрсынұлы «Балам деген жұрт болмаса, жұртым деген бала қайдан шықсын?!» деген ұлағатты сөз қалдырған. Олай болса, жастардың білім алуына жағдай жасау – ел ағаларының басты міндеті.

Құран кәрімнің ең бірінші түскен сүресіндегі алғашқы бұйрық «оқы» деген талап болды. Бұл жерде Алла тағала барлық білім түрлерін меңгеруді айтуда. Біз оқу арқылы Жаратушыны танимыз. Бұған қоса, адамды қараңғылықтан жарыққа жетелейтін де – білім. Бүгінде ақ пен қараны ажырата алмай ел ішінде бүлік шығарып жүргендердің әрекеті білімсіздіктен туындап отырғаны күмәнсіз. Елбасымыздың: «Бұл заман білекке сенетін емес, білімге сенетін заман» деп те айтқаны да жадымызда бар.

Діни ілім – жеңіл ақпарат өнімі емес. Ислам діні – үлкен ғылым. Мәңгілік сарқылмайтын қазыналы дария, телегей теңіз. Ислам ілімі адам санасына ғаламтордағы бағыты бұлыңғыр, білімі күмәнді «шейхсымақтардан» дарымайтынын білуіміз керек.

Қазір біз жастар арасында уағыз айтқанда осыған мән беріп жатырмыз. Діндар болып кету міндет емес. Мұғалім сабағын дұрыс жүргізсе, дәрігер адамдарға жаны ашып, денсаулығын түзесе, басшы қарамағындағы қызметкерлерге әділдік жасаса, құрылысшы шынайы жұмыс істесе, міне, сонда ғана біздің елдің игілігі үшін қызмет ететін жастар көбейеді.

Студенттермен кездесу кезінде оларға жиі айтатынымыз: жақсы отбасы құруың, салиқалы ұрпақ тәрбиелеуің, терең білім алып, халыққа қызмет етуің, бойдағы жаман мінезден арылуың – жақсы мұсылман болғаның. Алла жолындағы күрес (жихад) дегеніміз осы дейміз. Өйткені, әлемге әйгілі ғалым Әл-Фарабидің «тәрбиесіз берілген білім адамның қас жауы» деп айтқаны бар.

Ал қазіргі таңда мұсылмандар, өкінішке қарай, дін мәселесінде талас-тартыстан ары аса алмай қалды. Дін деген таласу деген сөз емес. Керісінше, дін ғылымды меңгеруге шақырады. Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев: «Дін – ғылымның атасы» деп айтқаны Құранның ақиқаты емес пе?!

Алаштың ардақты азаматы Ахмет Байтұрсынұлы атамыздың сөзімен айтсақ, «басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Бі­лімді болуға оқу керек, бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы ке­рек­тердің жолында жұмыс істеу керек». Ұлтты құтқаратын осы үш ұстаным біздің басты қағидамызға айналса деп тілейміз.

– Салиқалы сұхбатыңызға рахмет!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру