Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Серікбай қажы ОРАЗ, Наб мүфти: ҚАЖЫЛЫҚ – ТУРИСТІК САПАР ЕМЕС

19.05.2016 5895 0 пікір

Серікбай қажы ОРАЗ,

Наиб мүфти, «Әзірет Сұлтан»

мешітінің Бас имамы

 

– ҚМДБ тарапынан қажылыққа байланысты қандай дайындық жұмыстары жүргізілуде?

– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан қажылық сапарын ұйымдастырумен айналысатын арнайы Қажылық Миссиясы құрылған. Миссия құрамында уағыз-насихат тобы, дәрігерлер тобы, ақпараттық түсіндіру, т.б. жұмыс топтары бар. Аталған топ қажылыққа дайындық жұмыстарын, ұйымдастыру шараларын жыл бойы жүргізеді.

Бұдан бөлек облыстық, қалалық мешіттеріміздің жанынан Қажылық оқыту орталықтары ашылған. Қажылыққа баруға ниет еткен адамдар осы орталықтан дәріс тыңдайды. Білімі мен тәжірибесі мол діни мамандардың кеңесін тыңдайды. Мәселен, Алматы қаласындағы «әл-Мәдина» мешіті жанынан арнайы Қажылық орталығын аштық. Онда қасиетті Қағбаның арнайы макеті қойылған. Мақсатымыз – жамағаттың қажылыққа қатысты діни сауатын көтеру.

Демек, қажылық рәсімдерін алдын ала білгісі келген адам мешіт жанынан ашылған Қажылық курсынан өтіп, тек теориялық тұрғыдан ғана емес, практикалық тұрғыдан дәріс алады. Қағбаны қалай айналу керек, қажылықта қалай киіну қажет, қандай дұғалар айту керек – осының бәрі осы курстарымызда оқытылып, қосымша кеңестер беріледі.

Сонымен қатар, 2500 мешітімізде жұма намаздарында бір мезетте қажылық туралы уағыз айтылады. Бұдан басқа Қажылық Миссиясының өкілдері өңірлерде көшпелі семинарлар өткізіп, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Арнайы телерадио бағдарламалар жасап, бейнероликтер шығарылуда.   

Жуырда Діни басқарма жанынан арнайы Қажылық қоры құрылды. Мұны – 2016 жылдың үлкен жаңалығы деп айтуға болады. Мақсатымыз – қажылық мәдениетін қалыптастыру. Біздің зерттеуіміз бойынша, кейбір адамдар дұрыс түсінбестіктен қажылықты табыс көзі немесе бизнес деп қабылдайды. Қажылықты бизнес деп қарау – үлкен қателік. Қажылық – Исламдағы бес парыздың бірі, ұлы құлшылық. Осыны ұмытпауымыз қажет. Қажылық – туристік сапар емес. Оны туризммен салыстыру дұрыс емес.

Қажылық діни амал болғандықтан, қажылық сапарын ұйымдастыру мәртебесі тек Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына берілген. Ал ұмрамен (кіші қажылық) айналысу – кез келген фирманың өз еркі. Оған Діни басқарма араласпайды. Ұмра жылдың кез келген мерзімінде орындалса, ал үлкен қажылыққа белгіленген уақытта бару міндетті. Осының ара-жігін ажыратып, түсініп алғанымыз абзал.

Қажылық сапары басқа, туристік сапар мүлдем басқа нәрсе. Екеуі бір-біріне ұқсамайды. Қажылыққа барған адам діни рәсімдерді, яғни парыз амалдарды шынайы ықыласпен орындауы тиіс. Онда бос сөз сөйлеуге, тіршілік атаулына зиян тигізу былай тұрсын, шыбық сындыруға да болмайды. Виза туризм емес, тек қажылық үшін берілетінін ескеруіміз керек. Ал туристік сапар басқа нәрсе. Демалыс пен құлшылықты бір-бірімен байланыстырмайық.        

Қажылық сапарында ұйымдастыру жұмыстары жағдайға байланысты өзгере береді. Ойлаңыз, 4-5 миллион адам бір жерге, белгіленген арнайы орынға жиналған кезде сабыр етуге, аздап шыдауға тура келетін кептелістер мен күтпеген жағдайлар болады.

Қажылыққа баратын адам осыған дайын болуы тиіс. Өкінішке қарай, кейбіреулер құдды демалысқа барған адамдай мүмкін емес нәрселерді талап етеді. Қарапайым мысал айтайын, Мекке қаласында қажыларға шамамен 150 мыңға жуық автобус қызмет етеді. Кез келген көшеде кептеліс орын алады. Осындайда сіз біреуді 15-20 минутта қаланың арғы шетіне апарып көріңіз. Мүмкін емес. Осындай мүмкін емес талаптар айтылғанда сіз қандай шешім қабылдаған болар едіңіз?..

Кейде Қазақстанның туристік агенттіктер қауымдастығы қажылық сапарына қатысты пікір білдіріп, жоғарыда айтқанымдай, мүмкін емес талаптардың төңірегінде журналистерді жинап, мәселенің байыбына бармай, қажылық сапары қалай ұйымдастырылатынын терең сезінбей тұрып, болған жағдайға сырттан баға береді. Менің ойымша, әрбір саладағы мәселені реттеу жұмысымен өзінің мамандары айналысуы тиіс.

Екіншіден, біздің зерттеуіміз бойынша халық арасында қажылыққа бір емес, бірнеше рет барғандар кездеседі. Тіпті, 15-20 рет барған адамдар бар. Әрине, қажылық жасауға ешкім шектеу қоймайды. Қаржылық мүмкіндігі бар мұсылман үшін өмірінде бір рет қажылыққа бару – парыз.

Халық қажылықтың қадірін білсе дейміз. Түркия сынды кейбір мұсылман елдерінде адамдар қажылыққа бару үшін бірнеше жыл өз кезегін күтеді. Сауд Арабия Корольдігінің Қажылық министрлігі берген орын шектеулі, ал қажалыққа ниет білдірген адам саны өте көп. Ал біздің Қажылық қорын құрудағы мақсатымыз – қажылық сапарының сапасын арттыру, тағы қайталап айтамын – қажылық мәдениетін қалыптастыру. Қажылық қоры осы бағытта жұмысын бастап кетті. Қордың жеке сайты іске қосылып, онлайн дәрістер жүргізіліп, сұрақтарға онлайн режимде жауап беріледі.           

– 2016 жылға қанша квота бөлінді?

– 2016 жылдың наурыз айының 2-сі мен 7-сі аралығында қазақстандық делегация Сауд Арабия Корольдігі (САК) Қажылық министрлігінің шақыртуы бойынша Жидда, Мекке, Мадина қалаларына ресми сапармен барып, осы жылғы қажылық маусымын ұйымдастыру жұмыстары бойынша екіжақты кездесулер өткізді. Келіссөздер нәтижесінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен САК Қажылық министрлігі арасында екі-жақты келісім-шартқа қол қойылып, біздің еліміз үшін 3000 орынға (квота) рұқсат берілді.

Қажылық министрлігі әрбір мұсылман елінің халық санының көрсеткішіне орай, соның 5-10 пайызына орын (квота) бөлетінін айта кетуіміз керек.  

Жоғарыда қажылықтың мәдениетін қалыптастыру қажеттігін айтып өттім. Осы жылдан бастап, санға емес, сапаға көңіл бөліп отырмыз. Қажыларымызды алдын ала рухани дайындықтан өткізіп, олардың діни білімін барынша арттыруды жоспарлап отырмыз.

Жыл сайын қажылыққа барушылар саны артып келеді. 1993 жылы елімізден небары 150 жерлесіміз аттанса, қазір бұл көрсеткіш 5 мыңға дейін жетті.    

Осы жылы қажылық маусымы қай күндерге сәйкес келеді? 

– 2016 жылғы қажылық маусымы 7 қыркүйектен басталады. Қажылыққа кездейсоқ баруға болмайды. Қажылық маусымы жақындаған кезде аяқ астынан шешім қабылдап, «бара салайынға» салу дұрыс емес. Қажылыққа жылдар бойы дайындалу керек. Тек материалдық тұрғыдан ғана емес, рухани тұрғыдан дайындалып, арнайы діни білім алып, денсаулықты түзеп, жұмыс кестесін алдын ала реттеп, жан-жақты даярлық жұмыстарынан кейін сапарға шыққан абзал. Қажылыққа атақ-мәртебе үшін барудан түбегейлі арылуымыз тиіс. Тағы қайталып айтамыз – қажылық – туристік саяхат емес.      

– Жуырда ҚМДБ өкілдері Сауд Арабиясына барып келгенін айттыңыз. Қандай мәселелер көтерілді? Көтерілген мәселелердің шешу жолдары қарастырылды ма?

– Иә, жоғарыда айтып өткенімдей, наурыз айының басында қазақстандық делегация Сауд Арабия Корольдігі (САК) Қажылық министрлігінің шақыртуы бойынша Жидда, Мекке, Мадина қалаларына ресми сапармен барып, осы жылғы қажылық маусымын ұйымдастыру жұмыстары бойынша екіжақты кездесулер өткізді. Делегация құрамында ҚМДБ Қажылық Миссиясының мүшелері, ҚР Дін істері комитеті мен ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитетінің лауазымды қызметкерлері болды.

Келіссөздер нәтижесінде САК Қажылық министрлігі Қазақстан Қажылық Миссиясына бірқатар жаңа талаптар қойды. Жаңа талаптардың бірі – қазақстандық қажылық фирмалардың жұмыс сапасын арттыру. Біздің елде бар-жоғы 50-70 адамды қажылыққа апарумен айналысатын, тәжірибесі аз фирмалар да жұмыс істейді. Ондай фирмалардың қатары бізде бір емес, бірнеше. Кездесуде осындай ұсақ, тәжірибесі аз фирмалар мәселесі де талқыланды.  

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қажылық сапарының сапасы мен қызметін жақсарту, жерлестеріміздің қауіпсіздігін жан-жақты қамтамасыз ету мақсатында  қажылықпен айналысуға үміткер туристік фирмалар арасында ашық Конкурс жариялады. Конкурс талаптары ресми сайтымызда, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды.

Конкурс талабы бойынша, туристік фирманың туроператорлық лицензиясының болуы, ҚР аумағында соңғы 5 жыл ішінде қажылық және умра сапарын ұйымдастырғаны жайлы тәжірибесінің болуы, ҚР аумағында кемінде халыққа сапалы қызмет көрсететін офисінің болуы, 300 адам үшін алдын ала хаж чек (қажыларды Жидда-Мекке-Мадина қалаларына тасымалдау және Мина мен Арафат жазығындағы шатырларда орналасу үшін төленетін жарна) және әуе билет қаражатын САК Қажылық министрлігіне қарасты құзырлы мекеменің, қажыларды тасымалдайтын әуе компанияның ресми операторының есепшотына төлеу туралы қатаң ескертілді.

Аталған құжаттар мен төлем түбіртегін ҚМДБ Қажылық бөліміне 2016 жылдың 29-шы сәуіріне дейін өткізу туралы алғашқы талабымыздың мерзімін қазіргі жағдайды ескеріп, 16 мамырға дейін ұзарту туралы шешім қабылдадық.

Осы конкурс талабынан өткен фирмалар ғана қажылықпен айнылысуға мүмкіндік алады. Осыдан кейін Қазақстанда ресми тіркелген, салық комитетінде тіркелген, қаржылық мүмкіндігі бар, САК Қажылық министрлігінің жаңа талаптарына жауап бере алатын сапалы фирмалар ғана қалады. Осылайша, фирмаларды ірілендіру жүйесі қалыптаспақ. ҚМДБ және САК Қажылық министрлігі қажылық сапарын ұйымдастыру төңірегінде туындаған мәселенің тез арада оң шешімін табуына, сонымен қатар бұл салада тәртіп орнауына мүдделі.

Мәселен, көрші Ресей мемлекетінің мұсылмандары үшін жыл сайын 20 000 квота бөлінеді. Осы 20 мың қажыға бар-жоғы 9 фирма қызмет көрсетеді. Ал бізде бас-аяғы 3 мың адамды қажылыққа апару жұмысымен 20 (!) фирма айналысады. Тіпті көршілеріміз – Өзбекстан мен Қырғызстанда қажылықпен бірде-бір фирма айналыспайды. Діни амалмен, яғни қажылықпен сол елдердің Діни басқармалары айналысады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ашық конкурс жариялаған соң жаңа талаптарымызға лайық болмай шыққан 10-ға жуық фирмалар жоғары лауазымды тұлғалардан араша сұрапты. Егер конкурс мәтінін оқысаңыз, біз біріншіден, қажылыққа баратын адамдардың құрбан малға жұмсалатын қаржысын алдын ала төлеу туралы талап қоймадық.

Екіншіден, САК Қажылық министірінің жаңа талабы, нақтырақ айтқанда, қажыларды тікелей рейспен тасымалдау жүйесі тек біздің елімізге ғана қатысты мәселе емес. Бұл барлық елге қатысты талап екенін ескеруіміз керек. САК Қажылық министрлігі қажылық сапарын ұйымдастыру бойынша тек сол елдің Діни басқармасымен келісім-шарт жасайды. Құзырлы мекеме ешқандай коммерциялық фирмамен келісім-шарт жасамайды. Сондықтан отандық фирмалар САК Қажылық министрлігі мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының талаптарын басшылыққа алуы тиіс.        

Осы жылғы қажылық маусымына, жалпы ұйымдастыру жұмыстарына қандай жаңалықтар енгізілді?

– Осы жылы қажылық жұмыстарына бірқатар жаңа жобалар енгізілді. Тасымалдау қызметі, виза ашу, хаж чек төлеу, т.б. қызметтер электронды жүйеге көше бастады. Құрбандық шалу қызметі Ислам банкіне жүктелгенін айта кеткім келеді.

ҚМДБ осы жылы қажылық фирмаларына бірқатар жаңа талаптар қойып отыр. Атап айтқанда:

- қажылық рәсімдерінің толық атқарылуын ұйымдастыру;

- көрсетілетін қызмет сапасы Қазақстан Республикасының заңнамаларының талаптарына, санитарлық-гигиеналық ережелері мен нормаларына сәйкес болу;

- қазақстандық азаматтарды қолайлы қонақ үймен қамтамасыз ету;

- қонақ үйдегі бөлмеден бір кісіге 42 шаршы метр орын беру;

- туристік фирманың шотында кем дегенде билет (Жидда-Мекке-Мадина қалаларына тасымалдау үшін) шығындары мен хаж-чекке жұмсалатын қаржының болуы;

- Мекке мен Мадина қалаларынан алдын-ала қонақ үй алуына жеткілікті  қаражаттың болуы;

- жоғары діни білімді, жол көрсететін тәжірибелі мамандардың болуы;

- қажыларға жол көрсетуші және жетекші қызметкердің ҚМДБ-ның арнайы сараптауынан өтуі,

- 100 қажыға алғашқы дәрігерлік көмек көрсететін бір дәрігер мен отандық дәрі-дәрмектің болуы,

- адасып қалған қажыларды дер кезінде іздестіру тобының болуы;

- қажылардың сұрақтарына жауап беретін білімді дін қызметкері болуы тиіс, т.б.

Бұл талаптар қажыларға көрсетілетін қызмет сапасының артуына өзіндік ықпалын тигізеді деген сенімдемін.      

– Өткен жылы жерлестеріміз қажылықтан қайту кезінде біраз кедергілерге тап болды. Осы мәселе ағымдағы жылда қалай шешіледі? Тасымалдаушы компания анықталды ма?

– 2015 жылы САК Қажылық министрлігінің қажылықты ұйымдастыру жұмысы бойынша қабылдаған жаңа ережесіне сәйкес, қажыларды тасымалдау қызметіне 50 де 50 жүйесі енгізілді. Яғни, Қазақстан азаматтарының 50 пайызын Саудия тарапы, ал қалған бөлігін отандық әуе компаниялары тасуы тиіс болатын.

Алайда, Қазақстан тарапынан ұсынылған әуе компаниясы техникалық себептерге орай, белгілінген мерзім ішінде аккредитациядан өте алмай қалды. Сөйтіп, біз Сауд Арабия Корольдігінің халықаралық «Флай Нас» әуе компаниясының толықтай қызметіне жүгінуге мәжбүр болдық. Мәжбүрлі түрде осындай қадамға баруға тура келді. Егер осындай шешім қабылдамағанымызда жағдай біз ойлағаннан басқаша болар еді.

2015 жылы Алматы-Жидда, Алматы-Мәдина бағыты бойынша жүзеге асқан тікелей рейс Қазақстан қажылары үшін тиімді болды. Тікелей рейстің ашылуы еліміздің қажылары үшін тарихи оқиға болғанын айрықша атап өткеніміз дұрыс. Қазақстан қажыларын толық тасымалдау құқығына ие болған Сауд Арабия Корольдігінің «Флай Нас» халықаралық әуе компаниясына тиесілі Airbus 330, 300 (сыйымдылығы 375 адам), Boeing 757 (сыйымдылығы 210 адам) маркалы әуекемелері Мәдина қаласын 5 сағат 30 минутта бағындырды.

Бұған дейін Мәдина, Жидда қалаларына тікелей рейстердің болмауына байланысты жерлестеріміз Түркияның, Біріккен Араб Әмірліктері әуежайларының қонақ үйлерінде немесе күту залында 18 сағатқа дейін күтіп қалатын. Ал, Алматы әуежайынан ақ матаға оранып, ихрам киіп алған ата-әжелеріміз қиналмастан, жолай басқа ұшаққа ауыспастан бес жарым сағат көлемінде Мәдина қаласына жетті.

Әрине, қажылықтан қайтар уақытта біз күтпеген қолайсыз жағдайлар орын алғаны рас. Оған басты себеп – Сауд Арабия Корольдігінде Құрбан айт күнінің өзгеруі, дәлірек айтқанда, айдың бір күнге кеш көрінуі. Араб жұртшылығы діни мерекелерді айдың тууына байланысты белгілейтінін білесіздер. Айт күнінің өзгеруіне орай, барлық әуе рейстердің де кестесі өзгертілді. Алдын ала белгіленген рейс уақыттары 24 сағатқа дейін кешіктірілді. Осы кезде үйлестіру, ұйымдастыру жұмыстарына нұқсан келді.  Қолайсыз жағдайға тек Қазақстан қажылары ғана емес, бүкіл әлем мұсылмандары тап болды. Арадан көп уақыт өтпей жерлестеріміз «Флай Нас» компаниясының есебінен қонақ үймен, тамақпен қамтамасыз етілді.         

Осы жылы да 50 де 50 ережесі бойынша, қажыларымыздың 50 пайызын отандық әуе компаниямыз – «Эйр Астана» тасымалдауы қажет болатын. Бастапқы кезде «Эйр Астана» қажыларды тасымалдауға ниет білдірген еді. Алайда, компания тарапынан тапсырыс берілген қосымша жаңа ұшақтардың қажылық маусымына дейін дайын болмайтынына байланысты «Эйр Астана» бұл ұсынысты қабылдауға дайын емес екенін ресми хат арқылы мәлімдеді.

Сонымен осы жылы да Қазақстан қажыларын толық тасымалдау құқығына Сауд Арабия Корольдігінің «Флай Нас» халықаралық әуе компаниясы ие болды. Екіжақты ресми кездесуде осындай шешім қабылданды.             

Қазақстандықтардың қажылық кезіндегі қауіпсіздігі қалай ұйымдастырылатын болады?

– ҚМДБ Қажылық Миссиясының құрамында адасып немесе науқастанып қалған адамдарға көмектесетін арнайы топ жұмыс істейді. Әрбір қажылық фирмаларында азаматтарымызға жол көрсетуші, жалпы қауіпсіздік саласына жауапты кемінде 3-4 адам қызмет етеді. Барлық қажыларға осы қызметкерлердің байланыс телефондары көрсетілген бейджиктер таратылады. Қауіпсіздікке жауапты азаматтар күн сайын Қажылық Миссиясының басшыларына есеп беріп тұрады. Ал САК Қажылық министрлігі мен ҚМДБ Қажылық Миссиясының талаптарын орындамаған немесе ереже бұзған фирмаларға қатаң шара қолданылады.

 

Сұхбаттасқан Баубек ҚОҢЫРОВ,

журналист

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру