Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Бейбіт Мырзагелдиев: Халал көрінгеннің табыс көзі ме? (СҰХБАТ)

14.03.2016 4622 0 пікір

Ислам дініне, нағыз мұсылмандарға тән халалдың бұл күнде елімізде көрінген көк аттының пайда табу көзіне айналғаны өкінішті-ақ. Бұл күрмеуі қиындаған мәселені шариғат талабына сай шешу мақсатымен Діни басқармадан мұнан бір жыл бұрын халал өнімдерін стандарттау бөлімі ашылған-ды. Бөлімнің алғашқы аяқ алысы туралы қалың оқырманымызды хабардар ету үшін оның меңгерушісі Бейбіт Мырзагелдиевті әңгімеге тартқан едік. 

– Еліміздегі халалға қатысты ахуалды қалай бағалайсыз?

 

– Тәуелсіздік  алғанына жиырма бесінші жылға қадам басқан еліміз ұзақ уақыт атеизмнің қыспағында болғанымен халқымыз мұсылмандығын, ақиқат дінін сақтап қалғанына сансыз шүкірлік етеміз. Елімізде Исламды тану уағыз насихаттары жүргізіліп жатқанымен, тамақты талғап, тексеріп жеу керектігін халқымыз енді-енді ғана түсініп келеді. Тіпті, деңгейі де мұсылман елдерімен салыстыруға келмейтіндей төмендеген-ді. Себебі мемлекеттік әр бір сала дінмен байланыстыра ыңғайластырылған бұл мұсылман елдерінде астың халал болуына аса мән бере отырып, оны бақылап, қадағалау да бір жүйеге түсірілген. Дініміз астың адал болуын өзге парыз амалдардай міндеттеген. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде («Бақара» сүресінің 168 аятында): «Әй, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер!» - деген. Харам етілген нәрселерден басқаның барі де халал болып саналады. «Әнғам» сүресінің 145 аятында: (Мұхаммед Ғ.С.): «Маған уахи етілгенде, жейтін кісіге жеуге арам болған нәрсені таппадым. Бірақ жемтік, немесе ағызылған қан, негізінен арам доңыз еті, немесе күнәлі болып, Алладан басқаның атымен бауыздалған мал арам» - делінген.

Қазір ғылым мен білімнің, жаңа технологиялардың дамыған заманы. Әлем бойынша тағам өндірісі технологияларының, өңдеу тәсілдерінің дамып кетуіне орай жейтін асымыздың неден жасалып жатқанын білуімізге шамамыз жетпей қалды. Жемістерді, жануарларды т.б. ГМО-мен аз уақыттың ішінде өсіру, ұзақ уақытқа сақталатын қасиет беру, доңыздың етін сыйырдікіне ұқсату, лас заттардан азық-түлік түрлерін жасап шығару қазіргі заманымызда ешкімді де таңғалдыра қоймайды. Кейбір ақшаға, пайдаға құныққан кәсіпкерлер адамның денсаулығын, діни сенімін елеусіз қалдыруда. Осындай күмәнді отандық және шет елдерден жеткізіліп жатқан белгісіз өндірушілердің өнімдерін тексеріп анықтауда халал стандарттау саласының маңызы зор екеендігін атап көрсеткіміз келеді.

Елімізде алғаш рет «халал» деген жазу таңбасымен азық-түлік жапа тармағай шыға бастаған уақытта шариғаттың жөнін түсінбеген кейбір кәсіпкерлер "Халал СТО", "Халал такси", "Халал су",  доңыздан жасалған шұжыққа " Мусулманский ", "Халал" деп саудаға шығара бастады. Осылайша «халал» деген белгіні барлық нәрсеге тықпалады. Бұл діннен мүлдем хабарсыз адамның іс-әрекетіндей әсер қалдырды. Өйткені, қасиетті Құранның «Нахыл» сүресінің 116 аятында Алла Тағала:

«Өз тілдеріңнің жалғаны мен қателіктерін Алла Тағалаға таңып, «мынау халал, мынау харам» деп айтпаңдар. Аллаға өтірік жала жапқан боласыңдар. Шындығында Алланың атынан өтірік айтатындар құтылмайды», - деп қатал ескерту жасаған.

Аллаға шүкір, бізде қазір халалдың не екенін халық біртіндеп түсініп келеді. Дегенмен халалға байланысты кітап, оқулықтар жоқтың қасы. Оның үстіне, осы уақытқа дейін бұған қатысты семинарлар, қандай да бір дөңгелек үстелдер, яғни, үгіт-насихат жұмыстары өте төмен деңгейде жүргізілді. Ешбір жерде халалға қатысты үлкен ғылыми-теориялық конференциялар ұйымдастырылған жоқ. Міне, осының салдарынан еліміздегі мұсылман жамағаты таза әрі адал асты ішіп-жеу керектігіне онша мән бермеді.

Алайда, ҚМДБ-ның Халал өнімдерін стандарттау бөлімі ашылғанынан бастап Елімізде мекемелер мен кәсіпорындарды тексеріп-сертификаттау, оқыту семинарларын өткізу, уағыздау жұмыстарын жүргізу, шет елдік Халал ұйымдарымен тәжірибе алмасып, байланыстар орнатылуына орай қоғамымызда халал жөнінде дұрыс түсінік қалыптасып, шынайы шариғат талаптарына сай келетін тауар өнімдеріне сұраныс күннен-күнге арта бастады. Осыған орай кәсіпкерлер де Халал өнім жасауға қызығушылықтарын танытып, бет бұруда.

– Сіз бірқатар елдерге сапарлап халал стандарттарымен таныстыңыз. Содан түйген пікіріңіз қандай? Біздің елдің ерекшелігіне мұның қайсысы сәйкес келеді?

– Біз жалпы Қырғызстанға, Болгарияға, Татарстанға, Ресейге, Башқұртстанға, Біріккен Араб Әмірлігіне және бірнеше рет Малайзияға іссапармен бардық. Бұл елдердің халал стандарттау тәжірибелерімен танысып, ханафи мәзһабын ұстанатын мұсылман халқымыз үшін ең лайықтысын анықтадық. Мұндай халықаралық байланыстар елімізде де халал саласының қарқынды дамуына ықпал ететініне сенімімізді күшейтті.

Атап айтқанда, өткен жылдың ақпан айында Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасының мүфтиі Мақсатбек қажы Тақтамушевпен кездесіп, халал саласын дамыту үшін өзара бірлесе жұмыс жасауға келістік.

Былтырғы шілде айында Малайзияның ірі Halal Industry Development Corporation (HDC) орталығының басшыларымен кездесіп, тәжірибе алмастық. Ал қазан айының 17-27 күндер аралығында Малайзия елінің Путраджая қаласында Ислам ынтымақтастығы ұйымына (ИЫҰ) мүше елдерге арналған «Халал стандарт және инфрақұрылым сәйкестігі» бағдарламасы бойынша өткен оқу семинарындаосы сала өкілдерінің баяндамаларын тыңдап, стандарттау жүйелерімен таныстық және USIM атты Малайзияның ірі халал стандарттау бағытында білікті мамандарды дайындайтын жоғарғы оқу орнының басшыларымен келіссөз жүргізілді.

Сол жылдың аяғында Араб Әмірлігінің Шаржа қаласында Ислам Ынтымақтастық Елдеріне арналған «Таяу Шығыс Елдерінің Халал индустриясы» тақырыбында 4-ші ірі көрмеге де барып қатыстық.

Қазіргі таңда біз Татарстан елінің халал стандарттау комитетімен тығыз байланыс жасап, олардың 10 жылдан бергі жұмыс тәжірибесін өзімізге енгізуді жөн көріп отырмыз. Бұлардың жүйесі бізге өте ыңғайлы, әрі тиімді. Біз секілді Ханафи мәзхабын ұстанады. Ешқандай қайшылықтар кездеспейді. Ал Малайзияда, үкіметтік деңгейде халалды дамытуға күш салуда. Стандарттарының кей тұстары біздің дәстүрлі дінімізге сәйкес келмейді. Мәселен біздің Ханафи мәзхабы бойынша, ата-бабаларымыз ежелден малды басқа жақын кеңірдектен бауыздаса, ал Малайзияда, олардың масхабы бойынша, мал мойнының орта тұсынан бауыздала береді. Онымен қоса, біздің ата-бабаларымыз соғымға жылқы сойып, қазы айналдырған. Ал Малайзияда ешкім жылқы етін жемейді.

– Енді қандай іс-шаралар белгілеп, жүзеге асыруға кірістіңіздер?

 

– Қазіргі уақытта «Е» тағам қоспалары ең өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Халық арасында алуан көзқарастардың туындауына, түрлі мәліметтер, кестелер мен түрлі үкімдердің таралып жатқанына куәміз. Біз осы келеңсіз жағдайды бір қалыпқа түсіруіміз үшін пәтуә бөлімімен келісе отырып осы Е қоспалардың әрқайсысына анықтама беріп, үкімін шығаруды жоспарлап отырмыз.

Осы саланың ауқымын, халық арасында танымын кеңейту үшін жалпы ақпараттар мен оқулықтар дайындап шығаруды және медерселерге «Халал стандарттау» пәнін  енгізуді ұсындық. Бұл болашақта имамдарымыздың тағам мәселесінде жаңылмай заманауи тағам түрлерін сараптай алатындай деңгейге жетулері үшін қажет. Қазіргі таңда Республикалық имамдардың білімін жетілдіру ислам институтында оқып жатқан имамдарымызға тұрақты түрде «Халал стандарттау» пәнінен дәрістер өтіп жатыр және Қазақ Ұлттық Аграрлық Университетінде бес болашақ технолог мамандарымызды дайындап жатырмыз. Бұл мамандарымыз өткен ақпан айында Малайзияға барып білімдерін жетілдіріп, тәжірибеден өтіп қайттты.

Тағы бір алға қойған мақсаттарымыздың бірі – көрші мемлекеттермен бірігіп, барлығымыз бірдей халал саласын реттеп, бірыңғай стандарт бекітіп, бірыңғай логатип жасап, жалпы халалдың Евразиялық Одағын құру. Ол үшін қазір көрші елдердің мүфтияттарымен келіссөздер жүргізілуде. Қырғыз, татар, башқұрт секілді өзіміздің ханафи мәзхабын ұстанатын көрші елдермен бірігіп, ортақ мәмілеге келуді ұсынудамыз. Мұның бәрі алдағы күндердің еншісінде. Егер оны енгізіп, ортақ тіл табыса алатын жағдайға жетсек, ортақ стандарт, бірыңғай көзқараспен біз Малайзиядан да, басқадан да бұл саланы керемет дамытатын боламыз деген үміттемін.

– Алда қандай қиындықтар тұр?

 

– Косметология, фармацевтика, мал сою, қызмет көрсету салаларына сай бір жүйеге келтіретін төл стандарттарды құрып, мемлекет заңымен бекіту ойда. Алайда бұл істі жүзеге асыру үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуі қажет. Бұл жоба мемлекет тарапынан құпталған жағдайда көп мәселелер тиісті шешімін таппақ. Осыған орай алда мемлекеттік заң уәкілеттілігімен бірлесе отырып күрделі жұмыстарды атқару міндеті тұр.

Әрине, мемлекет тарпынан халал саласы қорғалған жағдайда халал сертификаттау, стандарттау ҚМДБ-ның ғана құзырына өтіп, жалпы бұл мәселе көрінгеннің ермегінде айналмас еді. Себебі, заңдық «халал» термині, оны стандарттау жүйесі ескерілмегендіктен елімізде бұл діни түсінікті кез-келген адамның өз қалауынша бұрмалап, жұртты шатастыру, оны  мұсылмандар арасында пайда табу көзіне айналдыру секілді Ислам дініне нұқсан келтіретін бүгінгідей келеңсіз жағдайлар ұшырасуда.

Халал сөзі - тазалық, Ислам шариғатының талаптарына сай екендігін білдірсе, оның мән-маңызын жете білмеген адамның доңыздың етіне «халал» деп мұсылмандардан пайда табуы Алланың заңы – шариғатты бұрмалаған нағыз айлакерлік, ауыр күнә емес пе? Бұл қазіргі таңда шешімін талап етіп күткен күрделі мәселе.

– Байыпты әңгімеңіз үшін рахмет!

Сұқбаттасқан Оңғар Сапарбекұлы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру