Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Оңғар ӨМІРБЕК: ДІН ТАҚЫРЫБЫ НАУҚАНДЫҚ СИПАТТА ҚОЗҒАЛЫП ЖҮР! (СҰХБАТ)

04.02.2016 4583 0 пікір

Оңғар ӨМІРБЕК,
ҚМДБ-ның төл басылымы – «Иман» журналының Бас редакторы:

ДІН ТАҚЫРЫБЫ НАУҚАНДЫҚ СИПАТТА ҚОЗҒАЛЫП ЖҮР!

– Оңғар аға, сіз тәуелсіз елімізде қа­лып­таса бастаған ислами баспасөздің негізін қалаған қарымды да тәжірибелі қалам­гер­лердің бірісіз. Бүгінгі таңда еліміздегі діни журналистиканың қалыптасу үрдісіне қандай баға берер едіңіз?

– Баршаға белгілі, елімізге тәуелсіз­дік­ті нәсіп еткен Алла тағала ата-бабамыздың асыл діні – Исламға да жол ашты. 70 жылғы дінсіздіктен санасы уланған бауыр­ларымызға асыл дінді жеткізу насихатпен жүре­тіні белгілі. Діни басқарманың төл басы­лымы – «Иман» журналы 2001 жылдың күзі­­нен алғашында екі айда бір шыға бастады. Ал сол жылдың басынан «Ислам және өркениет» газетінің алғашқы саны 12 бетпен айына бір рет оқырман қолына тиді. Міне, осы екі басылымның да мате­риалын дайындап, корректурасына дейін қарайтын өзім едім. Материалдардың қан­шалықты қиындықпен дайындалатынын баспасөз қызметкерлері түсінер. Мұның үстіне баспасөз хатшысы міндеті де қо­сым­ша жүктелген-ді. Себебі бюджеттен қаржыландырылмайтындықтан, діни бас­қар­ма штаты саусақпен санарлық еді. Соңғы жыл­дары ғана штаты едәуір артты. Ай сайын шығатын журналда материал теруші мен безендірушіні қосқанда бар болғаны үш адам қызмет етеміз. Қазір ай сайын шы­ғатын басылым оқырманының қолынан түс­пейді. Әр санын асыға күтеді. Әлбетте, бұл – тынбай ізденістің жемісі. Ең алғашқы таныстыру таралымы үш мың дана еді, қа­зір 18 мыңға жетті. Дінімізге қандастары­мыздың жаппай бет бұрғанын ескерсек, таралымның мұнан да өсе түсері күмәнсіз. Құдайға шүкір, бұл күндері білімді де бі­лікті, қаламы қарымды авторлар тобы да қалыптасты. Атап айтқанда, теология док­торлары Алау Әділбаев, Мұхитдин Исаұлы, докторант Қайрат Жолдыбайұлы, Құдайберді Бағашар, Мұқан Исахан, Рашид Мұхитдинов, исламтанушылар Нұрлан Анар­баев, Еркебұлан Сайлауұлы, Сәбит Ибадулла және т.б. да бауырларымыздың дінімізді жіліктеп шағып, Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерін тәпсірлеген мақалалары оқырманымыздың діни таным-білім көкжиектерін кеңейтіп, басылымның беделін көтеруде. Олардың алды бірнеше кітаптың авторы. Дін наси­хатына қосып жатқан үлестері ауыз тол­ты­рып айтарлық. Алла разы болсын!

– Отандық журналистер дін тақырыбын қаншалықты дұрыс көтере алып жүр? Кем­шіліктері қандай?

– Бұл мәселені қазақ тілді дүниәуи басылымдарымыз дінді қаншалық деңгейде көтеріп жүр деген сауалға жауап із­деу­ден бастағанымыз дұрыс секілді. Діні­мізге қатысты материалдардың жарияла­нуы кө­біне-көп, Рамазан, Ораза айт, қа­жы­лық, Құрбан айт, Мәуліт кездерінде ғана нау­қандық сипат алады. Онда Бас мүфтидің құттықтаулары жарияланып, сонымен, дін тақырыбы келесі бір науқанға дейін саябырсиды. Бұл басылымдардың дін наси­хаты осымен шектеледі. Мұнан сол газет-журналдарда қызмет ететін әріп­тес­теріміздің дінге қаншалық қызығушылығын аң­ғару қиынға түспес. Діни білімі болмаған соң шығар, бұл тақырыпқа қалам тарта­тындары өте аз. Мұны кейбір әріптесіммен әңгіме үстінде де байқаймын. Кібіртіктеп, күмілжиді де қалады. Дін тақырыбына тісі батпайды. Мәзһабтар мен радикалды ағым­дардың аражігін айыра алмайды. Ал жал­пы діннің насихатпен тарайтыны белгілі. Бұл насихат тек діндарлардың ғана шаруасы дейтін біржақты қасаң түсінікті өзгертетін уақыт әлдеқашан жетті. Көпшілікке оны жеткізу – өзін мұсылман санайтын әрбір қан­дасымыздың борышы. Дінді сауатты жет­­кізу үшін, әрине білім қажет. «Тілден бал да, у да тамады» дейміз. Қаламнан да со­лай. Бірқатар телеарнадан дінімізге, же­ке­леген мешіттерге қатысты дәйексіз, үс­тірт те сы­ңаржақ материалдардың беріліп, артынша түзеткен болып жатуынан не ұта­мыз? Діні­міз ұта ма? Діни сауаты жеткіліксіз көрер­мен бұл туралы не ойлайтынын ха­барды беруші тележурналист пен сол арна басшылығының бас қатырып жатпай­ты­нына қайран қаласың. Оларға көрерменін елең еткізер лездік жеңіл сенсация ғана қажет.

– Мұндайды қазақ «Іс бітті, қу кетті» дейді ғой. Жалпы, ғайбатқа қатысты дініміз не дейді?

– Ғайбаттың қысқаша түсінігі – адамды сыртынан жамандау. Белгілі (танитын) бір мұсылманның айыбын, оны жамандау мақ­сатымен сыртынан сөйлеу ғайбат сана­ла­­-ды. Ғайбат айту – харам. Мәселен, дене­сін­де, те­гінде, мінез-құлқында, жұмысында, сөзінде, дінінде, дүниесінде, киімінде, үйін­де, тіпті жануарларында да бар бір кем­шілігі сыртынан айтылса, яғни ол адам мұны естігенде ренжіп сөз айтса, ғайбат болады. Естігенде ренжитін сөзді бетіне айту да – күнә. Астарлап айту, ишарамен, әре­кетпен білдіру, жазумен білдіру де – сөз­бен айту сияқты ғайбатқа жатады. Бір мұ­сылманның күнәсі және кемшілігі айтыл­ғанда: «Әл­хам­дулилләһ, біз ондай емеспіз» деу, ғайбаттың ең жаманы. Біреу туралы айтылып жат­қан­да: «Әлхамдулилләһ, Алла бізді ондай арсыз етпеді» деген сияқты сөз­дермен оны жаман­дау, өте жиіркенішті ғай­­­батқа жатады. Алла тағала «Хұжурат» сүресінің 12-аятында: «Бір-біріңді ғайбат­тамаңдар! Қайсыбірің өлген бауырының етін жегенді қалай ма? Әрине, бұдан жиіркенесіңдер» деп бұйыр­ған. Бұған қатысты хадис шәріптер де аз емес. Соның екеуін кел­тірейік: Сәһл ибн Сағыдтан (р.а.) жет­кен риуаятта Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай де­ген: «Кімде-кім екі сақалының [мұрты мен сақалының] ара­сындағы [аузы мен тілі] мен екі аяғының арасындағысына (ешкімге за­лал тигізбесіне) кепілдік берсе, мен оған жән­­нат бола­ты­нына кепілдік етемін» (Бұхари).

Әбу Һұрайра (р.а.) жеткізген хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім Алла­ға және ақирет күніне сенсе, тек қана жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін» деп айт­ты» делінген (Бұхари, Мүсілім). Бұзық, адасқан сенімдерді таратып, жария күнә іс­теуді әдет­ке айналдырып, мұсылмандарды дұрыс жолдан тайдыруға себепкер адамды, оның зиянынан қорғанулары үшін мүмін­дерге айту ғайбат емес. Бірақ мұны да іріткі салуға себеп болмайтындай айту керек.

Ғайбаттаудың өтеуі өкініп, тәубе ету және ғайбаттаған адамнан кешірім сұрап, разылығын алу. Кешіріп, не кешірмеу – жәбірленушінің өз еркі.

– Дінімізге, мешіттерге үстірт, сыңаржақ ғайбат айтқандардың ел заңына сәйкес сот­қа берілген кездері болды ма?

– Біздің дініміз кешірімшіл. Өз кезінде даналарымыз: «Білімсіздің білмегенін кешірмесең, білгенің қайсы» деген емес пе?! Соттасу ешкімге де абырой әпермейді. Ғай­баттаушы күнәсі үшін Алланың алдында өз жауабын берер. Жалпы, күнәнің зардабына қатысты мәселеде адамдардың көп­шілігі қателесетін бір нәзік тұсы бар. Ол – жаса­лынған күнәнің кері әсерінің тез арада көрінбеуі.

Имам Ахмад Әбу Дарданың (р.а.) былай дегенін жеткізген: «Аллаға көріп тұрғандай құлшылық етіңдер, өздеріңді өлілердің қа­тарына санаңдар. Көңілдеріңде қанағат тудырып, байытатын аз нәрсе, масайратып, шектен шығаратын көп нәрседен қайырлы болатындығын біліңдер. Ізгіліктің тозбай­тындығын, күнәнің ұмыт қалмайтындығын естеріңде ұстаңдар». Яхия ибн Муғаз Ар-Рази: «Ақылды адамның: «Ия, Алла! Дұш­панға таба етпе!» деп дұға жасап, өзі сол дұшпанға таба болатын барлық жағдайға түсетініне таңданамын» депті. Сонда одан: «Қалайша олай болады?» деп сұ­рағанда ол: «Аллаға асылық танытып, күнә жасайды да, қиямет күні барлық дұш­пан­дарына таба болады» деген.

Елін, халқын, дінін сүйетін жан күнә жа­сауға Алладан қорқады.

– Өкінішке қарай, әртүрлі діни ағымдар көбейіп кетті. Бұл орайда пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.): «Қиямет күніне дейін мұсылмандар 73 ағымға бөлінеді» деген сөзі еріксіз еске түседі. Ең өкініштісі, елімізде журналистиканы күнәһар мамандыққа ба­лай­тындар да табылып жүр. Бұған не дер едіңіз?

– Рас айтасыз, сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Иаһудилер жетпіс бір топқа бөлінді, христиандар жетпіс екі топқа бөлінді. Менің үмметім жетпіс үш топқа бө­лініп, олардың тек біреуінен басқасының бәрі тозаққа кіреді» деген. Сахабалар: «Ол топ қайсы?» деп сұрағанда, Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Олар менің сүннетіммен және менен кейінгі сахабаларымның жолы­мен жүргендер» деп жауап берген. Бұл хадисті Әбу Дәуіт, Термези, Ибн Мәжә риуаят еткен. Қазірде дінді өз нәпсісіне қа­рай бұрып алатын бәзбір топтар осы хадисті алға тартып, тек өздерінің ғана тура жолда екендігін, ал олардан басқалардың адасып жүргендігін айтуда. Алайда олардың түсініктері сыңаржақ. Өйткені олар хадистің мәнін түсінбеген. Алдымен бұл хадисті Бұхари мен Мүсілім таратпаған. Себебі оның негізділігінде кінәрат бар. Екіншіден, «қалғанының барлығы тозақта» деген сөй­лем кейбір риуаяттарда кездеспейді. Үшіншіден, бұл хадис сахих болғанның өзінде әлгі топтарға дәлел бола алмайды. Себебі бір риуаятта тозақтан құтылушы топтың жамағат, яки сүннет жамағаты болатындығы айтылады. Ал келесі бір хадисте Пайғамбар (с.ғ.с.): «Үмметімнің басым бөлігі адасуда болуы мүмкін емес» дейді. Тағы бір ха­дисінде: «Сендер үмметтің басым бөлігімен бірге болсаңдар адаспайсыңдар» деген. Ал осы кезге дейін үмметтің басым бөлігі ша­риғатта төрт мәзһабтың бірін, ал ақида, діни таным мәселелерінде екі мектептің біреуін ғана ұстанып келді. Қазір де осы ұс­та­ным­дағылар үмметтің басым бөлігін құ­райды. Ал бүйректен сирақ шығарып, лаңкестікке, бөлінушілікке шақыратын топ­тардың саны өте аз. Осыған қарап, шын мәнінде, кімнің тозақтан құтылушы топта, ал кімнің тұты­лушы топта екендігін бағам­дай беріңіз.

Ал журналист мамандығын күнәлі кә­сіпке санаушылар да – осы діннің мұратын бұрып сөйлейтін адасқан ағым өкілдері. Негізінде, әрбір нәрсені жақсы мақсатқа да, теріс мақсатқа да пайдалануға болады. Өнер, шығармашылық, спорт – барлығы да солай. Ал ақпарат таратушы журналистер өздерінің қарым-қабілетін қоғамдағы қордаланған мәселелерді көтеруге, көптеген түйінді мәселелерді шешуге жұмсап, оңтай­лы шешілуіне ықпал жасап жатса, ол қалай күнә алмақшы?! Керісінше, журналистердің қоғамдағы рөлі қанатымен өрт сөндіруге талпынған қарлығаштай десек, артық айт­қандық болмас. Халайыққа жақсы, сүйінші хабарларды жеткізіп, ал халықтың мұң-мұқтажын жоғары жаққа жеткізетін маман­дық иесін қалай күнәһар санай аламыз?!

– Отандық БАҚ-тар шулап жатыр: елі­мізде алдымен жас қыздарға үйленіп, кейін оларға «талақ» деп оншақты рет үйленіп-ажы­расқан арам ойлы ер кісілер де бар екен. Бұларға діни басқарма қалай тосқауыл қоя алады?

– Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала бұл туралы: «Егер (үйленгенде) әйелдер жайында әділетсіздік істеуден қорықсаң­дар, өздеріңе жаққан басқа әйелдерден екі, үш және төртке дейін үйленіңдер. Сонда егер тең ұстай алмаудан қорықсаңдар, онда біреуін алыңдар немесе қолдарыңдағы күң де жарайды. Әділетсіздік болмауға жақы­нырағы осы» («Ниса» сүресі, 3-аят), - деп мәселенің басын ашып айтқан. Иддасын күтпей бірін алып, «талақ» айтып екінші­сінен ажырасып жататындардың бұл оғаш іс-әрекеті дініміз үшін мүлдем жат. Бірін­ші­ден, күту мерзімін (идда) сақтамайды. Ол күту мерзімі 4 ай, 10 күн. Мешітте имамға емес, көрінген көк аттыға некесін қидыру шариғатқа қаншалық сай? Күмәнді. Мұның асыл дініміздің атын жамылып атқарылып жатқаны өте өкінішті. Бұған расында да нәпсіқұмарлық деуден өзге сыпайы теңеу табу қиын. Өкінішке қарай, қаракөз қарын­дастарымызды жесір, сәбилерін жетім қал­дыру соңғы кездері ұшырасып жатқаны арқамызға аяздай батады. Бұған діни бас­қарма не мешіт имамдары қандай тосқауыл қоюы мүмкін? Ешкімді де мешітке күштеп алып келіп некесін қидыру мүмкін емес. Тіпті ата-анасына да білдірмей, қыз бен жігіттің «үйленіп», іле-шала «ажырасатыны» өз араларында болмаса, былайғы көпші­лікке жария емес. Өкінішке қарай, осындай жағдайға дейін жеттік. Діндарларымыз мешіттерде, мүмкіндігі болған көпшілік орындарда насихатын айтып жатады. Біздің басылымда некелесудің де, «талақ» айтудың да шариғи тәртібі жан-жақты ашылып, жазылуда. Әрине, оны тыңдар құлақ болса?!

– Қазақ қыз-келіншектері атам заманнан ора­мал болсын, кимешек болсын қазақ салтына қа­рай киген. Ал қазір бет-аузын тұмшалайтын ниқаптар да, шииттерге тән қап-қара па­ран­жа жамылғандар да кездеседі. Жалпы, орамал тартуды дінге сай, салтқа қайшы келмейтіндей етіп, бір ізге келтіру мүмкін бе?

– Көпшіліктің есінде болар, осыдан үш-төрт жыл бұрын діни басқарма «Әсем киім – әйел көркі» атты бәйге жариялады. Оған еліміздегі бірқатар сән ательелері мен жекелеген киім тігушілер де қатысты. Әділ­қазылар алқасы еліміздің қыз-келіншектеріне мұсылман әдебіне сай келетін ұлттық салт-дәстүрімізбен ұштасқан киім үлгілерін ұсынушылар арасынан бәйге жеңімпаздары мен жүлдегерлерді анықтады. Сол киім үл­гілерін бірқатар сән ательелері қыз-келін­шектеріміздің сұранысына орай тігіп шы­ғарып жатыр. Әрине, көп те емес шығар. Жалпы, қыз-келіншектеріміздің талғамы мен талап-тілегін қанағаттандыра алады деп ойлаймын. Бәлкім, тағы да жетілдіре түсу қажет болар. Қандай заттың да өтімді әрі кең көлемде қолданысқа енуі үшін та­ныстыру жарнамасы жеткіліксіз екендігін мойындауға тиіспіз. Оған бұқаралық а­қ­па­рат құралдары атсалысса құба-құп болар еді.

Байыпты да салиқалы әңгімеңіз үшін рақмет!

Сұхбатты жүргізген
Кәмшат ТАСБОЛАТ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру