Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Бақтыбай БЕЙСЕНБАЕВ: Діни білім берудің Қазақстандық моделі қалыптасатын болады (СҰХБАТ)

18.01.2016 5179 0 пікір

Жуырда елімізде діни білім беруді дамытудың тұжырымдамасы қабылданған болатын. Онда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының діни білім беру жүйесін қалыптастыру мен дамытудың мазмұны, мақсат, міндеттері және негізгі стратегиялық бағыттарын айқындалған еді. Осы орайда, әдістемелік-тұжырымдамалық құжаттың дайындалуына тікелей атсалысқан Қазақстан мұсылмандары Діни білім және ғылым бөлімінің басшысы Бақтыбай Бейсенбаевпен сұхбаттасқан едік.

 

– Бақтыбай аға, аталмыш тұжырымдаманы қабылдау қандай қажеттіліктен туындады?

– Қазіргі Қазақстандағы діни ахуал жағдайында ислам дініне қатысты мәселелердің өте өзекті екендігі байқалады. Бүгінгі таңда дін ұстанып, оның шариғи үкімдерін орындаушылардың басым бөлігі жастар екенін ескерсек, жастардың діни сауатына мән беру, олардың діни тәрбие мен діни білім алу қажеттілігін қанағаттандыру мәселесі стратегиялық тұрғыдан аса маңызды сала. Себебі мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін діни негіздегі әртүрлі құқық бұзушылықтардың, дін атын жамылған түрлі теріс пиғылды ағымдар іс-әрекетінің белең алуы, олардың жастарды өз идеологиясына белсенді түрде тартуы,  жастар арасында рухани дерттердің көбеюі діни сауаттылықтың ауадай қажет екенін айғақтайды.

Сондықтан, Қазақстан қоғамындағы рухани-танымдық білім беру мәселелерін шешудің әлеуметтік-мәдени, ғылыми-педагогикалық және ұйымдастырушылық бастамаларын айқындайтын, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы дәстүрлі ислам дінінің тарихи және мәдени негіздерін оқытуды көздейтін, заман талабына үйлесімді аталмыш Тұжырымдаманы қабылдау қажеттілігі туындады.

Тұжырымдаманы жасауға түрткі болған негізгі себептің бірі ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы. Онда Елбасымыз: «Біз елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруымыз керек» деп, Қазақстан халқының алдағы діни-рухани бағытын айқындап берген болатын.

– Шынында, құжатта  ұсынылған шешімдер діни білімді ел халқының дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес қалыптастыруға, оқушылардың рухани мәдениетін, соның ішінде ислам мәдениетін, ұлттық құндылықтар жүйесін және діни білім негіздерін жүйелі түрде меңгеруіне мүмкіндік береді. Бұл ретте діни білім беру жүйесі қалай реттелетін болады және оған тікелей кім жауапты?

Қазақстан – зайырлы мемлекет. Мемлекет зайырлылығының конституциялық қағидаты мемлекеттік басқару органдарын діни бірлестіктерден бөліп қарастырады. Дегенмен, азаматтардың білім саласындағы қажеттіліктерін қанағаттандыру мәселелерінде мемлекеттік басқару органдары мен діни бірлестіктердің өзара әрекеттесуі мемлекеттің зайырлылық қағидаттарына қайшы келмейді. Мұндай өзара әрекеттесу, бірлесу көптеген заманауи демократиялық зайырлы мемлекеттердің тәжірибесінде бар әрі кең таралған.

Мемлекет пен діни бірлестіктердің өзара әрекеттесуін ел аумағында жүзеге асыру үшін ең алдымен осы тақырыптар бойынша арнайы оқу-әдістемелік құралдарды әзірлеу, рухани мәдениет және исламтану мамандарын дайындау және қайта даярлау жұмысын бірлесіп жасауға болада. Өйткені, білім беру саласындағы мемлекет пен діни бірлестіктердің өзара әрекеттесуі оқушыларды ұлттық мәдениетке баулуды, ұлттық-діни тәрбие беруді, қоғамды әлеуметтендіруді, әлеуметтік келеңсіздіктердің алдын алуды көздейді.

Елімізде осындай арнайы діни пәндер мен курстарды оқыту «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» республикалық ислами діни бірлестігінің қатысуы нәтижесінде негізі қаланып, жүзеге асырылады. Бұл ел тұрғындарының дінді дұрыс қабылдап, жүйелі түрде меңгеруінен, оларды рухани-танымдық құндылықтарға, мінез-құлық нормаларына баулудан, өзіндік мәдени айқындалуынан көрініс табады.

Бұл тұжырымдама да ҚР МСМ Дін істер комитетінің, Дін мәселелерін зерттеу және тадау орталығының, «Нұр Мүбәрак» университетінің, ҚМДБ мамандарының бірлесіп жұмыс істеуінің нәтижесінде жарыққа шығып отыр. Демек, алдағы уақытта осы тұжырымдама негізінде жұмыс жасауға бірлесіп жауапты боламыз.

Тұжырымдаманың аясында, ҚМДБ-ның діни білім беру жүйесі бірнеше сатыларда ұйымдастырылады:

1. Мешіттер жанындағы діни сауат ашу мен Құран сүрелерін жаттау курстары.
2. Діни оқу орындарына талапкерлер әзірлейтін дайындық курстары;
3. Діни оқу-тәрбие процесін жүргізетін Қайырымдылық мекемелері;
4. Құран Кәрім сүрелерін кәсіби тұрғыда жатқа оқуды үйрететін қарилар дайындау орталықтары.
5. Медресе (колледждер);
6. Жоғары оқу орны және жоғары оқу орнынан кейінгі діни білім беретін оқу орындары.
7. Имамдардың білімі мен біліктілігін жетілдіру институты.

 Осы жүйенің бастапқы деңгейін діни сауат ашу курстары атқарады екен. Жалпы, елімізде қанша сауат ашу курстары бар?

–  Діни сауат ашу курстары екі түрге бөлінеді. Бірі – бастапқы сауат ашу курстары, келесісі – жалғастырушы курс. Мешіт жанынан ұйымдастырылатын діни сауат ашу курсы  үміткердің жасы мен өзіне тән ерекшеліктерін ескере отырып, оның діни тәлім-тәрбие алуын және имандылыққа бейімделуін, мұсылмандық тұлғасының қалыптасуына толыққанды үлесін қосады.

Қолымыздағы мәлімет бойынша, елімізде барлығы екі жырым мың мешіт болса, соның 751-де діни сауат ашу курстары жұмыс жасайды. Бұл сан 30 пайызды құрайды. Демек, мешіттердің 30 пайызында діни ағартушылықпен шұғылданатын діни қызметкерлер қалыптасқан.

Осы орайда, тұжырымдаманың негізгі мақсаттарының бірі, Қазақстандық мешіттерді тек ғибадат-құлшылық орны ғана емес, діни ағарту орталықтарына айналдыру, ҚМДБ имамдарының шәкірт оқытуға қабілетті діни ағартушы ұстаз болуын қаматамасыз ету және мешіттерге келіп діни білім алу курстарының тыңдаушыларына жағдай жасау.

Тұжырымдамаға сәйкес, діни сауат ашу курстары сатылап оқыту жүйесіне көшеді. Құжатта бұл үш сатылы діни сауат ашудың әрқайсының мақсат-міндеттері мен оқу әдебиеттері және сағат сандары қамтылды. Бұл сатылап оқыту жүйесіне көшуге түрткі болған мәселе, сауат ашу курсында оқып жүрген адам, оны қашан бітіріп, қашан сауатты болады, деген сұрақтардың жауабын береді. Сол үшін, үш сатылы сауат ашу курсын тәмамдаған тұлға бес парызға қатысты мәселелерді игерумен қатар арабша хат танып, қасиетті Құран кітабын оқи алатын, бірнеше сүрелерді қағидасымен жатқа оқитын азаматқа айналады. Мұндай азаматты сауаты бар азамат деп санаймыз. Сауаты бар азамат сауат ашу курсының сынағынан сүрінбей өтсе, оқығанын куәландыратын сертификатқа ие болады. Сауат ашудың бастауыш 3 сатысынан өткеннен кейін әрі қарай діни білім оқимын десе сауат ашудың жалғастырушы бағыты мешіттегі Құран жаттау курсында оқуын жалғастырады. Құран жаттау курсының оқу ұзақтығы шектелмейді. Оқу бағдарламасы ҚМДБ тарапынан бекітіледі. Мақсаты – Құран оқуды кәсібилендіру, тыңдаушылардың әрі қарай сапалы діни білім алуын, діни сауаттылығын арттыру.

Діни сауат ашудың жалғастырушы бағыты Құран сүрелерін жаттау курсында қасиетті Құранды кәсіби түрде жаттағанын куәландыратын әр бөліміне (парасына) арнайысертификат табысталады.

Осы күнге дейін сауат ашу курстары ашылып жұмыстары жүргізіліп келеді. Соның арқасында біраз имамдарымыздың тәжрибелері де артқанын байқауға болады. Осы жылғы есеп бойынша, еліміздегі мешіттерге алпыс мыңға жуық адам сауат ашуға қатысқан. Бұл мешіттегі сауат ашу, Құран жаттау курстарына сұраныс жоғары екенін дәлелдейді. Сондықтан, ҚМДБ бұл мәселеге шындап, жүйелі түрде кірісу үшін тұжырымдама қабылдады. Сонымен қатар, тұжырымдама негізінде жұмыс жасау арқылы имамдардың жауапкершілігіндегі халықтың сауаты қаншалықты артып отырғанын қадағалау мен имамдардың қызметін бағалау жүйеленеді.

– Иә, халықтың діни сауаттылығын арттыру ҚМДБ-ның негізгі ұстанымы болғаны дұрыс. Мұнан бөлек елдің сауатын арттыру үшін қандай жұмыстар қолға алынбақ?

– Халықтың діни сауаттылығын арттыру имамдардың діни біліміне, ыждағаттылығына байланысты. Егер, имам араб тілін, діни кітаптарды оқытамын десе, мешіттің өзінде дайындық курстарына арналған бағдарламаларды оқыта беруге болады. Тіпті, мешіт жанынан діни оқу орындарын белгілі деңгейде даярлығы бар түлектермен қамтамасыз ету мақсатында діни оқу орындарына талапкер дайындауды қолға алу имамның беделін арттыратын шара болып табылады. Бас мүфтиіміз, хазрет Ержан қажы Малғажыұлы әр имамның кемі бес шәкірті болу керектігін ескерткен де болатын. Сол себепті, тұжырымдама аясында, облыстық орталық мешіттер жанынан немесе қалалық, аудандық орталық бір мешіттен жоғары және орта діни оқу орындарына дайындық курсының заңды, нормативтік оқу базасын жасау іске асырылуы күтілуде.

Әр облыста дайындық курс болуды талап етіп жатырмыз. Яки, дайындық курсымен қоса шұғылданатын діни оқу-тәрбие процесін жүргізетін Қайырымдылық мекемелерін ұйымдастыру жоспарлануда.

– Мұндай қайырымдылық мекемелері қай қалаларда ашылады және басты қызметі туралы таратып айтып  берсеңіз...

– Қайырымдылық мекемелері ата-аналардың өтініші бойынша, жоғары және орта оқу орындарының студенттеріне және мектеп оқушыларына тәлім-тәрбие беретін, адамгершілік қасиет пен діни имандылық, ұлттық дүние-танымын қалыптастыратын, зиянды әдеттердің (маскүнемдік, нашақорлық және т.б.) жағымсыз ықпалынан сақтандыратын, діни оқу-тәрбие процесін жүргізетін мекеме. Қайырымдылық мекеменің миссиясы: Балаларды рухани үйлесімділікке жеткізу, өмірге және өздеріне деген сенімін арттыру. Ата-аналықты, балалықты қорғауға үлес қосу, тәрбиелеуге бала алған отбасыларға және қиын өмірлік жағдайда қалған отбасыларғаәлеуметтік-рухани көмек көрсету және әлеуметтік жетімдіктің алдын алу. Балалар мен жастардың рухани-өнегелік тәрбиесін, интеллектуальды және физикалық дамуын демеу. Республиканың әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуын қамтамасыз етудегі діни ғылым мен тәрбиенің маңыздылығын арттыру.

Қайырымдылық мекемелерін ашу туралы 2015 жыл ҚМДБ төрағасы қаулы шығарып, тапсырма бергеніне көп уақыт өтпесе де, өкіл имамдарымыздың белсенді еңбектерінің нәтижесінде бүгінгі күнге дейін жеті аймақтан, Алматы облысы, Ақтау, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Түркістан және Алматы қалаларынан ұсыныс түсті.

Қайырымдылық мекемелерінен бөлек елімізде қасиетті Құран кәрім сүрелерін кәсіби оқуды меңгертетін, халқаралық Құран жарыстарына отандық жастарды дайындайтын қарилар дайындау мекемелері де бар. Ондай мекемелерге «Орталық» атауы берілген. Бүгінде республика көлемінде Астана қаласының іргесіндегі Қосшы ауылында және Шымкент қаласында қарилар дайындау орталықтары жемісті қызмет атқаруда.

– Жалпы, тұжырымдаманы іске асыру барысында қандай  өзгеріс күтуге болады?

– Иә, аталмыш тұжырымдаманы іске асыру нәтижесінде: Діни білімнің қол жетімділігі мен сабақтастығын қамтамасыз ету,  діни білімге қоғамдық дұрыс пікірді қалыптастыру, азаматтардың, әсіресе жастардың жан-жақты әрі діни салада сауатты болуын қамтамасыз ету, діни оқу орындарының материалдық-техникалық базаларын нығайту, дәстүрлі ислам дінінің дәрежесін көтеру, экстремистік ағымдарға төтеп берудегі оның рөлін арттыру, имамдардың білімі мен беделін көтеру, жамағаттарды ҚМДБ-ның ресми өкілдерінің аясына шоғырландыру. Ел аумағындағы мешіттерді білімді, білікті, дипломды мамандармен қамтамасыз ету.  «Исламтану» бойынша отандық және шетелдік жоғары білімді «Имам Хатиб» мамандарын 16% пайыздан 30% пайызға жеткізу.  «Исламтану» бойынша орта білімді мамандарды 19% пайыздан 50 % пайызға көтеру.  ҚМДБ-ның білікті және білімді кадрлық резервін құру және мешіт қызметкерлерінің қызметтік дәрежесін (азаншы, молда, оқытушы, имам, бас имам, өкіл имам) жүйелеу және тиімділігін арттыру  көзделуде.

– Нақты қай уақыттан бастап жүзеге асады?

– Тұжырымдама кезең-кезеңімен іске асырылады. Бірінші кезең – 2016-2018 жылдар. Бұл кезеңде білім беруді дамытудың мақсаттары мен міндеттеріне сай заңнамалық және нормативтік-құқықтық база құру және стратегиялық мақсаттарға жетуді қамтамасыз етуге қабілетті діни білім беруді енгізу жоспарланады.

Мешіт жанындағы діни тәрбие мен оқыту жүйесінде тек діни білім беру немесе діни оқу орындарына үміткер даярлаудан бөлек, ер кісілер мен әйелдерге жұмыс істеуге мүмкіндік беретін әлеумет желісі бойынша әдістемелік негіздерді әзірлеу, мешіттерді діни білім беру орталығы ретінде қайта құрылымдау бойынша сауат ашу кешендерін құру мақсатында нормативтік-құқықтық актілер, оқу жоспарлары мен бағдарламалары, оқулықтар және оқу-әдістемелік құралдар әзірлеу көзделеді.

Елімізде отандық Исламтану мамандары дайындалуда. Алматы қаласындағы «Нұр Мүбәрак» университетінде жоғары білімді исламтанушылар оқиды. Университетте магистрлар мен докторларда білім алуда. Өз елімізде дайындаған исламтанушыларымыз басқа елдегі дін мамандарынан білім дәрежесі кем түспейтін, терезесі тең, басекеге қабілетті болулары тиіс.  Ол үшін терең оқытуды, сапалы білім беруді мұрат етіп, бірінші колледжді, сосын, университтеті, магистратура мен доктарантураны бітіргізсек, он екі жыл оқиды екен. «Түркістан» халықаралық энциклопедиясында (Алматы, 2010): «(Қазақ даласындағы) Медреселер өзінің білім беру тәжірибесіне қарай төрт сатыға бөлінді:

1. Ибтидаия (бастауыш медресе), оқу мерзімі –  4 жыл;

2. Рушдия, оқу мерзімі – 3 жыл;

3. Иғдадия (жоғары оқуға дайындық), оқу мерзімі – 3 жыл;

4. Ғалия (жоғары білім), оқу мерзімі – 3 жыл.

Ғалияны бітірген шәкірттерге «абыз», «молда», «халфе», «мударрис», «ахун» деген атақ берілген» делініпті. Медреселерде жалпы оқу мерзімі 12-13 жылға созылған. Демек, біз тарихымызды қайта жандандырып отырмыз. Бұған егемендігіміз бен Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында қол жетіп тұр. Өйткені, КСРО заманында өзге дін өкілдері өздеріне керек мамандарды дайындап жатты, ал, бізде отандық исламтану мамандары дайындалмады. Соның кесірінен, исламтану ғылымдары бойынша, қазіргі күнде отандық ғылым докторлары мен кандидаттар жоқ. Сондықтан, тұжырымдамада орта білімді, жоғары және жоғары білімнен кейінгі білімді исламтану мамандарын дайындау мұрат етілген.

Алла қаласа, қазіргі медреселердің нормативтік  және құқықтық негіздері қайта жасалып, оқу желісі кеңейтіліп, техникалық және кәсіптік білім мен тәрбие беру ұйымдары (Исламтану колледждері) ретінде қайта құрылады. Арнайы діни пәндермен қатар гуманитарлық пәндерді оқыту міндеттеледі. Зайырлылыққа тән азаматтар тәрбиеленеді. Оқушылар 9 сыныптан кейін қабылданады. 2016 жылдан бастап,  қазіргі медреселерге «Исламтану» мамандығы берілетін болады. Жоғары және орта діни білім беру оқу орындарына барлық пәндер  бойынша, бір бірімен сабақтасатын, ықпалдастырылған жаңа типтік оқу жоспарлары мен бағдарламалары, оқулықтар және оқу-әдістемелік кешендері әзірленеді.

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруде шетелдердің жетекші жоғары оқу орындарымен бірлесіп, магистр және PhD докторларын даярлау бағдарламалары жүзеге асырылады.

Өз бойына діни білім беру және ғылым компоненттерін барынша үйлестірген, діни білім мен зайырлы ғылымның нақты ықпалдасуына негізделген ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлаудың жаңа моделі іске асырылатын болады.

Бакалавр, магистрлер мен докторларды даярлауды ынталандыру тетіктерін әзірлеу мақсатында: бакалавр, магистрлік және PhD дәрежесі бар адамдардың қызметте өсуін қамтамасыз ететін тетік қалыптастырылады.

Екінші кезең – 2019-2020 жылдар. Бұл кезеңде мешіт жанындағы діни тәрбие мен оқыту жүйесінің әлеуеті мен ресурстарын дамыту, мешітті діни білім берудің бағдарламаларын іске асыру мақсатында ұтымды және барынша тиімді пайдалану жүзеге асырылады.

Діни білім беру саласы қоғамдық прогрестің маңызды шарты ретінде қалыптасады.

Аталмыш тұжырымдама бойынша жоспарлы жұмыс нәтижесінде әдістемелік материалдар, жаңа оқулықтар құрастырылып, материалдық база нығайтылады.

Осы Тұжырымдаманы іске асырудың нәтижесінде тиімді жұмыс істейтін діни білім берудің қазақстандық моделі құрылып, Қазақстанның бүгінгі ислам әлемінде лайықты орын алуына мүмкіндік беретін діни білім беру мен кадр даярлаудың сапалы жоғары деңгейіне қол жеткізетін боламыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Жайық НАҒЫМАШ

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру