Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

СЕРІКБАЙ ҚАЖЫ ОРАЗ: ҚҰРБАН АЙТ – РУХАНИ ТАЗАРУ МЕРЕКЕСI

23.09.2015 4620 0 пікір

Серікбай қажы Ораз: Құрбан айт – рухани тазару мерекесi

Қасиетті құрбан айт – барша қауымның асыға күткен мерекесі. Əлем мұсылмандары бұл күні Жаратушы иеміздің разылығы үшін құрбандық шалып, Алланың мейірім – шапағатына бөленеді. Ұлық мереке қарсаңында ҚМДБ наиб мүфтиі, «Əзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Серікбай қажы ОРАЗБЕН əңгімелескен едік.

– Серікбай қажы Сатыбалдыұлы, алдымен, Құрбан айт мерекесінің тарихына тоқтала кетсеңіз.

– Құрбандық – үлкен тарих, ұлы ғибадат. Құрбан айт мерекесі тарихының тамыры сонау Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар заманынан бастау алады. Құрбан шалу – пайғамбарлар атасы Ибраһимнің (ғ.с.) сүннеті. Алайда, құрбандық дəстүр кейінгі мухаммади үмбетке де мұра болып қалды. Себебі, Адам (ғ.с.) атадан бастап ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедке (ﷺ) дейін барлық пайғамбарлар діні біреу. Ол ханиф – Бір Аллаға құлшылық ету діні. Əз-пайғамбарымыз (ﷺ) бұл жайынды: «Пайғамбарлар аналары бөлек, бірақ əкесі бір бауырлар секілді. Олардың діні (ақидасы, сенімі) бір, ал шариғаты əртүрлі» деп айтқан. Сондықтан да, Ибраһимнің (ғ.с.) сүннеті бізге жат емес. Шын мə нінде, Алланың досы атанған Ибраһим (ғ.с.) пайғамбарға біздер, мұсылмандар жақынырақпыз. Бұл жөнінде Құранда: «Анығында, адамдардың Ибраһимге ең жақыны – оған ілескендер мен осы пайғамбар (Мұхаммед) жəне де мүміндер. Алла – мүміндердің қамқоршысы» деп айтылған.

Қос айт мерекесінің басталуына тоқтала кетсек, Сахаба Əнас (р.а.): «Алла елшісі (ﷺ) Мəдинаға келгенде қала тұрғындарының ойын-сауық құратын екі күні болатын.

Пайғамбар (ﷺ) олардан: «Бұл екі күн қандай күндер?» деп сұрағанда, мəдиналықтар: «Біз жаһилиет кезінде бұл күндері ойын-сауық құратынбыз» деп жауап берді. Сонда Алла елшісі (ﷺ): «Расында, Алла бұл екі күнді олардан да қайырлы (жақсы) құрбандық жəне ораза (айт) күндерімен ауыстырды» деген екен.

Бір ескере кететін жайт, «мұсылман үшін тек Құрбан айт, Ораза айт мерекелері ғана бар. Одан басқа мереке жоқ» деген ұғым қате. Елдің ынтымағы мен мерейін асыратын, ұлттық болмыс пен тарихын насихаттайтын мерекелерді де атап өтуге шариғатта ешбір тыйым жоқ. Керісінше, құпталады.

– Қазақта айт ұғымымен қоса «арапа» деген сөз жүреді. Ол қандай күн?

– Құрбан айттан алдынғы күн – арапа. Бұл – қажылар Арафа жотасында құлшылық ететін күн. Арапа күні қажылық сапарына шықпаған, елдегі мұсылмандарға ораза тұту – мұстахаб амал. Əбу Қатада риуаят еткен хадисте: «Арапа күнінің оразасы өткен жəне келер жылдардың күнəларына кəфəрат болады...» деп айтылған. Аталмыш хадистің мағынасы арапа күні ораза тұту өткен жыл жасалған қате- кемшіліктерге кəфəрат болады жəне бұл ораза ауыз бекітуші мен келер жылдың қате кемшіліктері арасында тосық болып тұрады дегенді білдіреді. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, қазақ арапа күні ертеңгі айтқа қам-қарекетін жасап құрбандық малын таңдап, аналарымыз айттық дастарқанның əзірлігін жасаған.

– Айт күні қандай шаралар істегеніміз жөн?

– Бұл мереке ең əуелі айт намазын оқумен басталады. Əрбір мұсылман баласы Айт күні таңертең мерекелік құлшылықты жасау үшін ғұсыл құйынып, ең көркем киімін киіп, қош иісті иіссуды сеуіп, мешітке қадам басады. Факиһ ибн Сағд (р.а.): «Расулалла (ﷺ) ораза айт, құрбан айт жəне арапа күндері ғұсыл құйынатын» десе, Хасан ибн Əли (р.а.): «Бізге Алла елшісі (ﷺ) айт күні тапқан ең жақсы иіссуды себуді бұйырған еді» деген екен. Айт намазынан алдын имамдар жамағатқа аталмыш мерекенің сыры мен хикметін түсіндіреді. Мерекелік намаздан соң, жамағат бір-бірін құттықтап, ренжіскендер бір-бірінен кешірім сұрап, бір-бірінің үйіне айттық дастарқанға барады.

– Жалпы, құрбандық шалу кімге міндет етілген?

– Əрбір жағдайы бар əрі жолаушы емес мұсылманға құрбандық шалу – уəжіп. Мұсылмандық міндеті. Құран Кəрімде: «Раббың үшін намаз оқы жəне құрбандық шал» деген əмір бар. Бұл аят айт намазын оқу жəне құрбан шалу уəжіп екендігін айтуда.

Жалпы, шариғатта адамның шама-шарқы келмейтін міндеттемелер жоқ. Өйткені, дін мұраты адамның ділін түзеу, тұрмысын реттеу. Шариғаттың əрбір əмірі мен тыйымының астарында адамның жеке басына жəне жалпы қоғамға пайдалы хикмет жатады.

– Малдың қай түрі құрбандыққа шалған жөн? Оған қандай талаптар қойылады?

– Құрбандыққа түйе, сиыр жəне қой (ешкі де) шалынады. Бұдан басқа мал түрлері құрбандыққа жарайтындығы жайлы пайғамбарымыздан да (ﷺ) жəне саха- балардан да (р.а.) жеткен хабар жоқ. Төрт түлікке қойылатын тағы бір шарт – малдың жасы. Түйе бес жасар, сиыр (бұқа) екі жасар жəне қой мен ешкі бір жасардан төмен болмауы тиіс. Бірақ, қойдын алты айлық тоқтысы бір жасар қоймен бірге жайылғанда, алыстан ажырата алмайтындай үлкен болса, ол тоқты құрбандыққа жарайды.

Бір қошқар немесе қой бір кісі атынан шалынады. Ал, қара мал немесе түйені жеті кісі бірігіп құрбан етіп шала алады. Жəбир (р.а.): «Біз Алла елшісімен (ﷺ) бірге түйені жеті кісі боп жəне сиырды жеті кісі боп құрбан шалдық» деп айтқан. Мұнда ескере кететін жайт, бірігіп жатқан жеті кісінің барлығының ниеті құрбандық шалу болуы шарт. Жетеудің біреуі соғым алу сияқты мақсатта болса, барлығының түгелдей құрбандығы жарамайды. Бұл жеті кісі құрбан етін салмаққа қарап бөледі.

Құрбандыққа жарайтын мал сипатына қатысты Бара ибн Ғазиб (р.а.): «Алла Елшісі (ﷺ) біздің арамызда тұрып: «Төрт түрлі мал құрбандыққа жарамайды: соқырлығы анық мəлім соқыр мал, ауру екені анық көрініп тұрған мал, ақсақ тоқсақ мал жəне жілік майы тым аз арық мал» деген дерек жеткізген.

– Ал, құрбан етін кімдерге беру керек жəне малды кім бауыздаған жөн?

– Құран Кəрімдегі: «... Одан өздерің де жеңдер жəне жоқ-жітікке жегіңіздер» деген аят негізінде бай да, кедей де құрбандық етін жеуіне болады.

Біз жылдағы дəстүрімізге сай, құрбандық етін қала əкімдігінен алынған əлеуметтік аз қамтылған, көп балалы жəне жағдайы төмен отбасылар тізімі арқылы таратамыз. Бұл күндері мейлінше мерекелік көңіл-күй жарату үшін барлық жағдайды жасауға жұмыс істейміз.

Айта кетейін, мал иесі жақсы бауыздайтын болса құрбандықты өз қолымен сойғаны абзал. Өйткені, бұл – құлшылық амал. Сондықтан, аталған ғибадатты кісі өзі орындағаны жақсы. Ал, мал бауыздаудан хабары жоқ болса, қасапшының жанында тұрып өз көзімен көруі керек. Себебі, Пайғамбарымыз (ﷺ) қызы Фатимаға (р.а.): «Тұр, құрбандығыңа куə болып көріп тұр. Өйткені, құрбандықтың ең алғаш тамған қанымен барлық қате кемшілік кешіріледі» деп айтқан.

Жабир (р.а.) риуаят етеді: «Мен Құрбан айт күні пайғамбармен (ﷺ) бірге болдым. Ол кісі (құрбан айт) құтпасын айтып болған соң, мінберден түсті. Ол кісіге бір қошқар келтірілді. Пайғамбар малды өз қолымен бауыздап: «бисмиллаһи, Аллаһу Акбар. Бұл менің жəне менің үмбетімнен құрбандық ете алмағандардың атынан» деп бауыздады.

– Биыл қасиетті мейрамда елордамызда қандай игі істер қолға алынуда?

– Ал, енді осы айт күндері мұсылман баласы елден қалыспай бір құрбандық шалып, сауап алайын, жұрт қатарлы қазан асайын, мерекелік дастархан жайып айттық берейін деп ниет етіп жатады. Алайда, мал саудасымен айналысатын кейбір бауырларымыз құрбандыққа шалынатын түлік түрінің бағасын аспанға шарықтатып тастайтын əдеті бар. Міне, осы айтулы мерекені пайда көріп, мал базарда бағаны еселетіп жіберетін «бизнесмендер» кесірінен құрбандық шала алмай қалады. Сондықтан, мұсылман баласының құтты мерекесінің құтын қашырмай, бағаны ынсапты да қалыпты ұстауға шақырамын.

Құрбан айт – мал сою мерекесі емес. Бұл халықтың əлеуметтік тұрмысын жақсартуға ынталандыру жəне де ынтымағын нығайтатын, елдің ауызбіршілігін күшейте түсетін айтулы мереке. Құрбан айт – Жаратқанның бізге тарту еткен мерекесі. Біздер осы бір қасиетті мерекені жыл сайын дəстүрімізбен сабақтастырып, ұлттық нақышта өткізуге күш салып келеміз. Мінекей, бірнеше жылдың жүзі болды, мереке күндері мешіт жанына қазақ үй тігіліп, қазан асылады. Ұлттық ойындар сайысын ұйымдастырылып, қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлауға тырысамыз.

Бұған қоса, жылдан жылға құрбан шалу орындарын жетілдіріп келеміз. Құрбан шалатын орынның тазалығы, малдың санитарлық талапқа сай болуы сияқты ұсақ-түйектерге дейін қадағалауға алып, қасиетті мерекенің жоғары деңгейде өтуіне қам жасаудамыз. Жоғарыдай айтып өткеніміздей, құрбан шаламын деп құлшынғандардың ниетіне базардағы алыпсатарлардың бағасы бөгет болып жатады. Осы үшін де біз биыл «Алтын таға» базарымен келісе отырып, сатылатын қой бағасын тұрақтандырып отырмыз. Базардағы баға қойдың ірілігіне қарай 20 000 мен 30 000 арасында болмақ. Таңдаған қойыңызды қолмен көрсетіп, құрбандыққа шала бересіз.

– Өте құптарлық іс екен. Енді мынау қасиетті Құрбан айт мерекесі қарсаңында көпшілікке қандай тілегіңіз бар?

– Дін – нəзік дүние. Дінді құбыжық етіп көрсету əп-сəтте. Ал, сауатты оған қоса көркем етіп үйрету біраз білімді қажет етеді. Насихат етудің тəсілін саңлақ сахаба Анас ибн Малик (р.а.) мына хадиспен «Жеңіл етіп үйретіңдер, ауырлатпаңдар. Көркем етіп көрсетіңдер, шошындырмаңдар» деп түсіндіреді. Мұсылман баласының барлық ғибадат құлшылығы мен іс шарасы жамағатпен, бірлікпен атқарылады. Құрбан айт та соның бір айғағы. Бұл мереке исі мұсылманның ынтымағын жəне ауызбіршілігін тағы да нығайта түседі. «Бірлік бар жерде тірлік бар» дегендей ынтымағы жарасқан елдің алмайтын асуы болмас. Ал, «бөлінгенді бөрі жейді» дегендей, дүние ісінде болсын, дін амалында болсын «өзім білемге» салу адамды жақсылыққа алып бармайды. Біз – «əһли сүнна уал жамағат», яғни пайғамбарымыздың жолын, көпшіліктің жолын ұстанушы үмбетпіз. Саңлақ сахаба Əбу Зарр (р.а.) ынтымақ пен бірлік жайлы Пайғамбарымыздың (ﷺ): «Кімде кім жамағаттан бір сүйемдей болса да ажыраса, мойнындағы Ислам жібін шешіп тастағаны» деген сөзін риуаят етеді.

Дін міндеті қаласа істейтін, нəпсініне ауыр келсе тастай салатын саудагердің заты емес. Мұсылман деген атына жараса дін əмірін толығымен мойындап, шамасы келгенше орындау шарт.

Хазіреті Омар (р.а.) құтба оқып тұрып, сөзінің арасында Алла елшісінің (ﷺ): «...Жамағатпен болыңдар! Бөлінуден сақтаныңдар! Əлбетте, шайтан жалғыз жүргенмен бірге, шайтан екеуден алшақтау жүреді. Кімде кім жəннаттың ортасын қаласа жамағаттан ажырамасын...» деген сөзін айтып насихат етті. Ардақты пайғамбарымыз (ﷺ) бізге көрсеткен жолы «Шын мəнінде, менің үмбетім адасушылыққа жиналмайды (одақтаспайды). Егер қарама қайшылық көрер болсаңдар (байқасаңдар), басым халықпен бірге болыңдар» деген. Құрметті мұсылман бауырлар! Келе жатқан Құрбан айт мүбəрак болсын! Құрбан айт секілді мейрамдарымыз біздің иманымыз бен тақуалығымызды, бірлігіміз бен ынтымағымызды күшейте түссін.

Əңгімелескен Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ

 

e-islam.kz

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру