Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Т.Омаров: Мұсылманның сипаты

28.07.2015 8120 0 пікір

Талғат Омаров, 
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі

Әлемдердің Раббысы бізді жоқтан бар етіп жаратқан мейірімі шексіз Алла тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтау-мадақтар болсын. Әрбір іс-әрекеті мен айтқан шәріп сөздері біз үмметіне өнеге әрі мұсылмандық айрықша сипат ретінде қалыптасқан, әлемге рақым етіп жіберілген әз пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға Алланың игілігі мен сәлемі һәм салауаттар болсын.

Бүгінгі тілге тиек еткелі отырған тақырыбымыз мұсылманның сипаты, яғни бұл сипаттың қоғамдағы маңыздылығы жайында болмақ. Салт-дәстүріміздегі тәрбие жолын қарап отырсақ нақ осы мұсылманның шынайы сипаттарын көреміз. Барлығы дерлік Құран аяттары мен әз пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сүннет шәріптеріне саятын, тәрбие негізі. Кешегіде қарт қарияларымыз тіпті әжелеріміздің өздері немере-шөберелерін жинап алып, тәрбиенің қайнар көзі іспеттес хадис шәріптер мен нақыл сөздерді айтып санамызды жақсылықпен әрлейтін. Өкінішке орай, бүгінде кей қарттарымыздың бойларынан мұндайды көре алмай сағынышпен келеміз. Бәлкім, соның салдарынан, әсіресе, батыстың сананы улайтын түрлі қасіретінен бүгінгі жастардың тәрбиелік сипаттары бұзылып, бұзықтыққа жақын жүр. Үлкенді сыйлау, ізет-құрмет көрсету секілді, тіпті, мәпелеп өсірген өз ата-аналарының тілдерін алмайтын жастарды да жиі байқап қалатын болдық.

Міне, осы сәтте бізге ең керегі үлкеннің ақылы, тек ақылы ғана емес тәй-тәй басқаннан бастап санасына тәрбиелік даналы сөздермен сусындатып, жүрегін мейірімділік пен жомартыққа, кішіпейілдікке, барлық жақсы сипаттарға лайықты насихаттап отыруымыз маңызды.

Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын):

مَنْ تَمَسَّكَ بِسُنَّتِي عِنْدَ فَسَادِ أُمَّتِي فَلَهُ أَجْرُ مِائَة شَهِيدٍ

«Кімде-кім үмметімнің бұзылған заманында менің сүннетімді ұстанса онда оған жүз шейттің сауабы бар»[1] - деген. Олай болса шетел асып, өзге елдің саяси қақтығыстарына араласып, жалған шейттік сауапты емес, жүз шейттің сауабына лайық пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын)шәріп сүннетіне жүгінейік. Батыстың жаман жағын өзімізге абырой көріп, ұлттық намысымызды таптамайық. Бесіктен өнегелі тәрбие көріп, өнегелі сөзге терең болып өскен кіп-кішкене ғана Қазыбек би: «Біз қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басынан сөз асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзымызды ақтай білген елміз» - деп кезінде қасірет әкелген қалмақтардан қаншама қазақты құтқарып қалған-тын. Бүгін ше? Кішіміз былай тұрсын, әлі күнге дейін үлкендеріміздің қисалаңдап, ащы суды ұрттағанын көріп, аузынан даналы сөз емес, дұшпан күле қарайтын шалалықты байқаймыз. Осының барлығы кешегі дінсіздік деп, «Құдай жоқ» деп өскен жетпіс жылдың қасіреті деп білемін. Дегенмен діні мен дәстүріне мығым болған ата-бабаларымызда жоқ емес еді. Солардың дұға-тілектері болар, бүгінде тәуелсіздік алып, сүннетпен ұштасқан дәстүрімізді сақтап қала алдық. Отанымызды мақтан тұтып, үлкен белестерге жеттік. Міне, бұл отансүйгіштік мұсылмандық сипаттың бірі. Көшеде қарттарымыз: «Балам! Мұсылмансың ба дегенде, «Иә, әлхамдулиллә мұсылманмын» – деп, жауап бер. Қандай мұсылмансың десе, мүмін мұсылманмын - де» - деп санамызға құя беретін. «Момын» дегені «мүмін» дегені ғой. Мүмін - Ислам дінінде Аллаға, Мұхаммед пайғамбарға (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) және ол жеткізген Ислам дініне шын жүрекпен сеніп, қабылдап растаған адам. Исламның сенім негіздері мен үкімдеріне толығымен сеніп, бұларды тәртібімен орындауға тырысқан адам толық мүмін мұсылман болып есептеледі.   

Құранда Алла тағала мүмін мұсылманның бірнеше сипаттарын баяндаған. «Мүминун» сүресінің алғашқы аяттарында былай баяндалады:

قَدْ أَفْلَحَ الْمُؤْمِنُونَ ﴿١﴾ الَّذِينَ هُمْ فِي صَلَاتِهِمْ خَاشِعُونَ ﴿٢﴾ وَالَّذِينَ هُمْ عَنِ اللَّغْوِ مُعْرِضُونَ ﴿٣﴾ وَالَّذِينَ هُمْ لِلزَّكَاةِ فَاعِلُونَ ﴿٤﴾ وَالَّذِينَ هُمْ لِفُرُوجِهِمْ حَافِظُونَ ﴿٥﴾ إِلَّا عَلَىٰ أَزْوَاجِهِمْ أَوْ مَا مَلَكَتْ أَيْمَانُهُمْ فَإِنَّهُمْ غَيْرُ مَلُومِينَ ﴿٦﴾ فَمَنِ ابْتَغَىٰ وَرَاءَ ذَٰلِكَ فَأُولَـٰئِكَ هُمُ الْعَادُونَ ﴿٧﴾ وَالَّذِينَ هُمْ لِأَمَانَاتِهِمْ وَعَهْدِهِمْ رَاعُونَ ﴿٨﴾ وَالَّذِينَ هُمْ عَلَىٰ صَلَوَاتِهِمْ يُحَافِظُونَ ﴿٩﴾ أُولَـٰئِكَ هُمُ الْوَارِثُونَ ﴿١٠﴾ الَّذِينَ يَرِثُونَ الْفِرْدَوْسَ هُمْ فِيهَا خَالِدُونَ ﴿١١﴾

«Шынында иман келтіргендер құтылды. (1) Олар, сондай мүміндер, намаздарында іштей жалбарынады. (2) Олар, бос нәрселерден аулақ болады. (3) Олар, зекеттерін береді. (4) Олар, ұятты жерлерін сақтайды. (5) Бірақ жұбайлары немесе меншіктілері болса, оларға сөгіс жоқ. (6) Онда кім бұлардан басқаны іздесе, міне солар, шектен шығушылар. (7) Олар, аманаттарын, уәделерін қорғаушы. (8) Олар, намаздарына ұқыпты. (9) Міне солар, мұрагерлер. (10) Олар онда мәңгі қалатын Фердауыс жәннатына мұрагер болады. (11)» - делінген.  Бұлар нағыз мүмін  мұсылмандардың сипаттары. Алланың құлы, мұсылман ретінде негізгі міндеттеріміз бұл – құлшылық. Ал, бұл құлшылықтарымыз жұмаққа жетелейді. Ұқыптылық пен шын ынтамызбен құлшылық етсек жұмақтың төрі мәңгілік Фирдаус жәннәтімен сүйіншіленетінімізді осы аяттардан-ақ ұғынамыз.

Құлшылықтың сыртында мұсылмандық қасиетіміз, сүннетке сай өзіндік басқа да мұсылмандық сипаттар бар. Кейбіріне қысқаша тоқтала кеткенді жөн көріп отырмын.

Бір мұсылман екінші мұсылманмен кездесе қалғанда «бір-бірімен амандасуы». Бұл екеуінің арасына бауырмалдық, кішіпейілділік пен адамгершілікті ұялатады. Бейтаныс жерде немесе қараңғылықта кісі екінші танымайтын тараптан сескенуі, қорқақтауы мүмкін. Осындай кездерде дауыстап амандасу екінші кісіге алдағы кісіден қауіп келмейтіндігін түсінеді. Бұл да амандасудың бір маңыздылығы десек болады. Мұсылмандар «Әссәламу алайкум» деп амандасады. Ол - «Саған (Алланың) амандық, тыныштығы болсын» деген мағына береді.

Құранда Алла тағала:

﴿وَإِذَا حُيِّيتُم بِتَحِيَّةٍ فَحَيُّوا بِأَحْسَنَ مِنْهَا أَوْ رُدُّوهَا ۗ ... ٨٦﴾

«Қашан сендерге сәлем берілсе, одан жақсырақ немесе соның өзін қайтарыңдар!»[2]. – деп бұйырған. Осы аяттан амандасудың қаншалықты маңызды екендігін түсінуге болады. Алла тағаланың өзі арнайы аят түсіріп отыр. Құранда басқа да амандасу туралы аяттар кездеседі. Тіпті Адам (а.с.) атамызды жаратқанда-ақ амандасудың қалай болатындығын үйреткен. Ең көп хадис жеткізген сахаба Әбу һұрайра t пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын):

إيت أولئك الملأ من الملائكة فقل لهم: السلام عليكم، فأتاهم فقال لهم: السلام عليكم قالوا له: وعليك السلام ورحمة الله ثم رجع إلى ربه فقال له: هذه تحيتك وتحية ذريتك بينهم

 «Алла тағала Адам атаны жаратқан кезде: «Бар, анау отырған періштелерге сәлем бер. Сәлеміңе қалай жауап беретіндігін тыңда. Себебі, олардың қайтарған сәлемі сенің және балаларыңның сәлемі болады», – деп бұйырады. Адам атамыз періштелерге барып: «Әссәләму алайкум», – дегенде, періштелер де: «Әссәләму алайка уа рахматуллаһ», – деп сәлем қайтарды»[3] – деген.

Пайғамбарымыз да (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Бір мұсылманның сәлемін алу – уәжіп. Бір мұсылманның кездескен мұсылманға сәлем беруі оның мойнындағы ақысы»[4], – деген.

Сондай-ақ, «Жақсы мінез-құлық» мұсылманның ең жоғарғы сипаттарынан. Мінездің көркемдігі жайлы  Пайғамбарымыз r: «Қияметте амалдар өлшенгенде, таразыны ауыр басатын бірден-бір амал – Алладан қорқу мен көркем мінез[5]» - деген. «Ас тасыса, қатығы төгілер, Ашу тасыса, ақылы төгілер» - деген дана халқымыздың дана сөзіне ден қойсақ, ашу, ыза, көреалмаушылық деген сияқты адамды ақылдан алжастырып, кісіні ұятты халде қалдыратынын байқаймыз. Мұндай іс-әрекеттер кісіні жұмақтан тосатыны ақиқат. Сонықтан адам баласы өзінің бойын жақсылықта ұстап, мінезін түзетуге қашанда атсалысуы керек.

Хадис шәріпте: «Мен үшін сіздердің ең сүйіктілеріңіз, сондай-ақ қиямет күні маған ең жақын болатындарыңыз – ең көркем мінезділеріңіз»[6] - деп біз аңсап жүрген пайғамбарымыздың r бізге деген сүйіспеншілігін, шапағатына қалай лайықты болу жолдарының бірін көркем мінезбен екендігін жеткізіп отыр. 

«Кісі ауырғанда оның жағдайын сұрау», дүние салса көңіл айту, қолдан келсе сырқаттанғанға көмек көрсету мұсылмандық сипаттардан. Біз үйден жұмысқа баратын жолды білеміз, жұмыстан үйге қайтар жолды білеміз. Басқа да базар, дүкендерге барар жолдарды білеміз. Алайда ауырып жатқан бауырларымызды естігенде оған барып қайту жолын білсек те мән бере бермейтініміз өкінішті. Себебі дәл сол жол ақиқатында жұмақ жолы екенін Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деп баяндайды: «Ауру адамның халін сұрауға баратын жол – жәннатқа баратын жол, ал ол жолдағы адамдарға періштелер қанатын төсейді» дейді.

Мұсылман сипаттарының тағы бірі «Бауырмалдық». Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Сендердің ешбірің өзіне қалағанын діндес бауырына да қаламайынша толық иман келтірген болмайды» - деген. Қазақта «Аз қайғыны ас басады, Көп қайғына дос басады» - деген сөзі осы хадиске сайса керек. Бауырмалдық бұл кісі арасындағы шынайы қасиет. Әсіресе мұсылман бауырың үшін барыңды салып қолдау көрсетуің. Осындай өнеге көрсеткен көзге жас ұялататын мұсылмандар мен византиялықтар арасында болған Иармук соғысына қатысқан Хузайфа әл-Адауидің (р.а.) мына бір оқиғасын қараңыз:

«Соғыс бітісімен немере ағамның баласын тауып алайын деп іздедім. Сөйтсем ол ауыр жарақаттанып қалған екен. Оған біраз су берейін деп ұмтыла бергенім сол еді, енді ішкізейін деп жатқанымда қасымызда екінші бір жаралының ыңырсыған дауысы естілді. Немере ағамның баласы су ішпей қойды. Әуелі ыңырсып жатқан адамға апар деп ымдады. Суымды алып, әлгі ыңырсып жатқан жаралының жанына бардым. Ол, Хашим ибн Ас екен. Оған енді су берейін деп жатқанымда өзге біреудің қиналып ыңырсыған дауысын естіп ол да суды ішпей соған беруімді сұрады. Суды алып сол ыңырсыған кісінің қасына барғанымда енді ғана жан тәсілім еткен екен. Сосын Хашимнің қасына оралдым, олда қайтыс болған екен. Енді не болса да немере ағаның ұлына берейін деп жанына барғанымды оның да бақилық болып кеткенін байқадым. Осылайша ешқайсы-сына су ішкізе алмадым» - дейді.  Не деген жоғары сезім, не деген асыл қасиет! Соңғы демі қалса да бауырларын ойлап дүние салды.

Құрметті ағайындар! Мұсылмандық сипаттың түрлері көп. Әр қайсысына жеке-жеке тоқталып өтуге болады. Дегенмен негізгі сипаттары ретінде бірнешеуіне тоқталып өттік. Аз болса да осыдан ой түйіп, пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сүйікті үмметі болуына, оның шапағатына лайықты болып, мұсылмандық қасиеттерімізбен Алла тағала жұмақ төріне өрлей беруімізді жазсын.

 


[1] Байхақи, әл-Мунзири

[2] «Ниса» сүресі, 86-аят

[3] Әл-Бұхари, Мүсілім

[4] Мүсілім

[5] Тирмизи

[6] Тирмизи

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру