Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ИХСАН ІЛІМІ – АЛЛА МЕН АДАМНЫҢ АҚЫСЫН БЕРУ

Серікжан Еншібайұлы muftyat.kz 11.08.2021 7806 0 пікір
ИХСАН ІЛІМІ – АЛЛА МЕН АДАМНЫҢ АҚЫСЫН БЕРУ

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен әр аймақта насихатталып жатқан ихсан – мұсылман жамағаты үшін өте қажет тақырып. Өйткені, ихсан – жүрекпен тікелей байланысты тақырып. Ихсан – Алла мен адамның ақысын беруді ұғындыратын ілім.

Адам баласы өткінші осы өмірде ең әуелі Алланың ақысын беруі тиіс. Алланың ақысы дегеніміз – Оны бәрінен артық жақсы көру және Оған серік қоспау. Қасиетті кітабымыз Құранда бұған қатысты былай делінген: «Адамдардың кейбіреулері Аллаға өзгені теңдес етеді де оларды Алланы сүйгендей сүйеді. Ал мүміндер Алланы тағы артық сүйеді. Егер залымдар азапты көрсе, бүкіл қуаттың Аллаға тән екенін, шын мәнінде Алланың қатты азап иесі екенін білсе еді» («Бақара» сүресі, 165-аят). Біз бұл аяттан жақсы көрген нәрсені Алладан жоғары қоймауды, Алланы артық жақсы көру керек екенін түсінеміз.

Алланы жақсы көріп, Оның ақысын берген мүмін Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жолына ілеседі. Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жолына ілесу – Пайғамбардың ақысы. Бұл туралы Құранда былай делінген: «(Мұхаммед Ғ.С.) оларға: «Егер Алланы сүйсеңдер, онда маған ілесіңдер. Алла сендерді жақсы көріп, күнәларыңды жарылқайды. Өйткені, Алла аса жарылқаушы, ерекше мейірімді» де («Әли Имран» сүресі, 31-аят).

Ал жаратылыстардың ішінде ата-ананың ақысы бәрінен жоғары болып саналады. Ата-ананың ақысы туралы Құран Кәрімде былай делінген: «Раббың тек қана өзіне құлшылық жасауды, әке-шешеге жақсы қарауды бұйырды. Ал егер олардың бірі немесе екеуі қолдарыңда тұрған кезде қартайса, оларға «түһ» деп те айтпа. Сондай-ақ, оларға сыпайы сөйле және оларды зекіме. Оларға мейіріммен құшақ жайып, былай деп дұға жаса: «Уа, Раббым! Олар мені кішкентай күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, оларды солайша мейіріміңе бөлей гөр» («Исра» сүресі, 23-аят).

Алла Тағала бұдан басқа Құран аяттарында әуелі өзіне ешнәрсені ортақ қоспауды, одан кейін ата-аналарымызға жақсылық жасауды бұйырған. Әйгілі сахаба Әли (оған Алла разы болсын): «Мұсылманның ең көркем мінезінің бірі – ата-анаға жақсы қарау», – деген екен. Ата-ананың разылығын алу – жәннатқа жетелейтін ізгі амал.

Одан кейін баланың ақысын беру – маңызды әрі сауапты істердің бірі. Баланың ақысын беру дегеніміз – оны имандылыққа, адамгершілікке, парасаттылыққа, байсалдылыққа үйретіп, елі мен жерін сүйетін нағыз патриотты азамат етіп тәрбиелеу.

Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің өсиетті хадистерінің бірінде: «Әке баласына жақсы тәрбиден артық мирас қалдыра алмайды», – деген. Балаға әдепті үйретіп, оған жақсы есім қою – әкенің өз ұрпақтары алдындағы үлкен міндеттерінің бірі.

Хасан Басри (Алла оны өз рақымына бөлесін) былай деген екен: «Балаға Аллаға мойынсұнуды бұйырып, ізгілікті үйретіңдер». Бала жастайынан Аллаға бойсұнып, Оның әмірлерін орындап, әдеп пен адамгершіліктің аясында өмір сүретін болса болашағы жарқын болады. Халқымызда: «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі», –  деген қанатты сөз бар. Демек, баланың жақсы азамат болып қалыптасуы ата-анаға тікелей байланысты. Өйткені, бала үйде көргенін қайталайды.

Ата-ана өзінің адамгершілікке тәрбиелеген баласының жақсылығын осы дүниеде де, сонымен қатар о дүниеде де көреді екен. Бұл туралы Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Қайтыс болған бір пенденің о дүниеде дәрежесі көтеріледі. Сонда ол: «Уа, Раббым! Бұл маған қайдан келді?» – дейді. Сонда (Раббысы): «Бұл сенің артыңдағы балаңның саған истиғфар (кешірім) тілеуінен», – дейді».          

Ал ерлі-зайыптылардың бір-біріне беретін ақысы – жақсы өмір сүру, үйлесімді әрі өнегелі ғибрат кешу. Алла Тағала өз пенделеріне жарларыңмен жақсы қарым-қатынаста болуды әмір еткен. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ердің әйелінде, әйелдің ерінде ақылары бар екенін ескерткен. Әйел – Алланың бізге берген аманаты. Ал аманатқа адалдық таныту – мұсылмандық белгісі.

Қазақ халқы ағайын мен көрші ақысына мән берген. Біз «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деген халықпыз. Дана халқымызда: «Жақсы болсаң көршіңмен, кем қалмайсың еншіңнен» деген нақыл сөз бар. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туысқандық байланысты үзбеуге, көрші ақысын беруді өсиет еткен. Хадистерде: «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, онда туысқандарымен қарым-қатынасын үзбесін; Жанындағы көршісі аш бола тұра, өзі тоқ болып жатқан адамды маған иман келтірді деп есептеуге болмайды», – делінген.

Асыл дініміз мұсылманның, тіпті мұсылман емес өзге дін өкілдерінің өзіне тән ақыларын беруді бұйырған. Түйіндеп айтқанда, ихсан – Алла мен адамның ақысын беруге тәрбиелейтін ілім.          

         

Серікжан ЕНШІБАЙҰЛЫ,

Ақтөбе облысының бас имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру