Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қазақтың көне кәсібі – етікшілік

Серікбол Хасан https://www.muftyat.kz/ 25.12.2019 7665 0 пікір
Қазақтың көне кәсібі – етікшілік

Ауру – аяқтан

Қазіргідей қыстың қақаған суығында қадірі артатын бір киім болса, ол – аяқтағы етік. Аяқ киімнің жылы болмағы – денсаулықтың кепілі. Өйткені, суық алдымен аяқтан өтеді. Дәрігерлер адам аяғының температурасы төмендегенде денедегі жылу да күрт азайып, ағза небір ауруларды жұқтырғыш келетінін айтады. Аяққа суық тигенде қанның қызметі де баяулайды. Соның салдарынан қан құрамындағы инфекциямен күресетін иммундық жасушалар семеді екен. Сайып келгенде, сырқаттың көбі аяқтан болады. Сондықтан, қыста алдымен аяқты жылы ұстау керек. Бабаларымыз мұны бұрыннан білген. Сол себепті аяқ киімнің жылы да сапалы болуына қатты мән берген.

Етікшілік – ер кәсібі

Біздің қазақ етікті ертеден-ақ қажетіне жаратып, оны тігудің небір тәсілін білген. Осыдан келіп ел арасында етікшілік өнер қарқын алды. Етікшілердің ісмерлігі сонша, тұтынушысына, материалына қарай небір түрін тіккен еді. Етікшіліктің қазақтың ежелгі кәсібі болғанын осыдан-ақ аңғаруға болады. Ол аз десеңіз, археологиялық қазбалар V ғасырда қазақ жерін мекендеген ескі жұрттардың былғарыдан, жүннен тігілген аяқ киімдерін тапты.

ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қазақ даласында етікшілік өнері өте қарқынды дамыды. Себебі осы кезде материалдардың сан түрі шығып, саптама етік, көн етік, былғары етік, жеңіл етік, құрым, шоңайма, кебіс, мәсі секілді аяқ киім түрі көбейді. Сөйтіп қазақ даласында етікшілік үлкен кәсіпке айналды.

Кәсібің – нәсібің

Дініміз мұсылмандарды маңдай терін сылып адал нәпақа табуға шақырады. Жалқаулық – мұсылманның қас жауы. Сол себепті Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ешкім ешқашан өз табысынан асқан қайырлы ризық жеген емес. Алланың пайғамбары Дәуіт те өз қол еңбегінің жемісін жеген» деп теміршілік кәсіптің пірі болған Дәуіт пайғамбардың еңбекқорлығын өзгелерге өнеге еткен болатын. Үзеңгілес серіктерін де ешкімге кіріптар болмауға, кембағалдықпен күресіп, кәсіп игеруге шақырып отырған.

(Суретте: Қарқаралы ауданының Саумалкөл ауылының етікшісі. Фото авторы – Самуил Дудин. 1899 жылы түсірілген)

Ілгерідегі Пайғамбарлардың бәрі де бір-бір кәсіп меңгерген еді. Дәуіт пайғамбар темір ұстасы болса, Нұх пен Зәкәрия пайғамбар – ағаш ұстасы, Адам мен Айюб пайғамбар – диқан, Ыбырыс пен Ибраһим пайғамбар – тігін шебері болған. Осылайша пайғамбарлар да бір кәсіптің құлағын ұстап, адал ырзық тапқан болатын.

Толстой тіккен етік

Журналист, сыншы Бағашар Тұрсынбайұлы бірде атақты жазушы Лев Толстойдың етікшілікпен шұғылданғаны жайлы жақсы мақала жариялап еді. «Ғұмырының жартысынан көбін жазуға арнаған граф одан гөрі етік тігу мағыналырақ деп есептеп, 1884 жылы Ясная Полянадан Мәскеудегі қыстауына келген кезден бастап сондағы шеберден етік тігуді үйрене бастайды. Дүниеде ештеңеге кіріптар болмаған жазушының мұндай әрекеті айналасындағылардың бәрін таңғалдырған» дей келіп, «Әрине жазушы, әрі граф, ойшыл Толстой етік тігу өнерін өмірінің маңызды бөлігіне айналдырып, кәсіп ететін ойы болмаған. Өзі үшін тігіп, содан жан рахатын тапқан. Дегенмен графтың қолынан шыққан етікті кию бақыты жақындарына да бұйырыпты. Күйеу баласы М.Сухотинге етік, ақын А.Фетке бәтеңке тігіп берген. Сухотин етікті екі күн киіп, ыңғайсыз болғандықтан, жазушының он екі томдық шығармалар жинағының қасына: «Граф Л.Н.Толстойдың соңғы туындысы» немесе «13 том» деген жазумен қойған екен. Оны көрген Толстой: «Ендеше бұл менің ең жақсы туындым» деген. Ал Фет болса, бәтеңкенің сапасы мен шебер тігілгенін мақтап, ұзақ уақыт киіп жүрген екен» деп жазады Бағашар Тұрсынбайұлы.

Фет бәтіңкесін Толстойдан 6 рубльге сатып алған екен. Соған қарағанда Толстой етікшілікке қызығып жай қана қоймай, одан табыс та тапқан секілді. Алайда кемеңгер жазушының не үшін мұндай қадамға барғанын әлі ешкім түсінбейді.

Ел білмейтін етікшілер

Қазақтың нар тұлғалары арасында да етікшілігімен аты шыққан азаматтар көп. Мысалы, атақты әнші, ақын, сазгер Мәди Бәпиұлы сегіз қырлы, бір сырлы сері болған. Мәдидің күйеу баласы Тоқаш Кәдікеевтің айтуынша, атасы қолынан мөр төгілетін ісімер болған. «Тамаша етікші еді, аякөз арулар Мәдиді қолқалап етік тіктіріп алатын. Киімді өзі пішіп, өзі тігетін» дейді ол.

Маңғыстауда Қайып Қорабайұлы деген атақты әнші, ақын, күйші болды. Сол Қайыптың қолөнерімен аты шыққан. Мәдениеттанушы Зира Наурызбаева «Четыре облака» кітабында Қайыпты қызын ұзатқалы жатқан бай қазақтар арнайы шақыртып, жасауын, басқа да қажетті заттарын дайындатады екен. Сондай бір сапарымен Есжан байдың Ақбөбек атты қызының етігін тігуге келген Қайып қызға ессіз ғашық болады. Ол тіккен етік Ақбөбекке қатты ұнайды. Маңғыстау өңірінде Қайып пен Ақбөбектің махаббатын бүгінде жыр қылып айтады. Қайыптың көп әні осы Ақбөбекке арналған.

Осы кітабында Зира Наурызбаева атақты күйші-композитор, шертпе күйдің шебері Тәттімбет Қазанғапұлының да етікшілікті серік еткенін жазады. Сондай-ақ осы кітапта ойшыл ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының да тігіншілікпен айналысқанын атап өтеді.

Етікшілікті ел білетін қайраткерлердің әкелері де кәсіп қылған екен. Мәселен, Әлихан Бөкейханның әкесі Нұрмұхаммед кәнігі етікші болыпты. «Нұрмұхаммед дала тұрғындары арасында беделді де өте білімді адам еді. Ол барлық қаржы-қаражатын балаларын оқытуға жұмсады. Етікшілік кәсібімен шұғылданды, диірмені мен малы, орташа дәулеті болды. Аңшылықпен айналысты, қыран құстар мен алғыр тазы ұстады» деп жазады тарихшы Зиябек Қабыльдинов.

(Суретте: Британ музейінде сақталған қазақ етігі. Етік Балқаш маңында тігілген. 1900 жылдардың басында дайындалған)

Бауыржан Момышұлының әкесі Момыналы да етікші болған. Майдангер жазушы «Ұшқан ұя» кітабында бұл жайлы: «Мен туғанда әкем елуді еңсеріп қалған кісі екен. Әжем жарықтық әкемді балаларымның ішіндегі еті тірісі осы болды деп отыратын. Әкем өз бетінше талпынып жүріп, ескіше сауатын ашып алыпты. Содан өле-өлгенше оқып-тоқыған адам. Есеп-қисапты тәуір білетін. Тіпті, орыс алфавитін де ежіктеп шығара беруші еді. Жас күнінде ағаш ұста болыпты, етікші де атаныпты. Әсіресе, зергерлікті жақсы көрген» дейді. Батырдың өзі де осы өнерден кенде болмаған көрінеді. Өйткені Бауыржан Момышұлының да қолөнермен айналысқаны жайлы деректер бар.

Түйін:

Қорыта айтқанда, етікшілік – ерен кәсіп. Мағжан Жұмабаевтың: «Жүрген жанның артында ізі қалар, Етікші өлсе, балға мен бізі қалар» дегені бар. Өкінішке қарай, қазір ел арасында етікшілікті кәсіп қылғандар кем. Совет одағының кезінде Қазақстанда 11 аяқ киім фабрикасы жұмыс істепті. Ал қазір етік тігетін фабрикалар жоқтың қасы. Әрине, жекелеген етікшілер жоқ емес, бар. Қазақтың ежелден келе жатқан ата кәсібінің жүгін арқалап жүргендер солар ғана.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру