Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ЕҢБЕК НЕСІМЕН ЕРЕКШЕ?

Жан ƏЛИ www.muftyat.kz 10.07.2019 4412 0 пікір

Жер шарымызда бүкіл жаратылыстың ішінен тек адам ғана еңбек деп аталатын іс-қимылдар кешенін асқан төзімділікпен, күнде, ерікті әрі саналы түрде жүзеге асыруға қабілетті екені бәрімізге белгілі. Адамдардың көпшілігі үшін еңбек етудің мотивация беретін ең маңызды нәтижелерінің бірі табыс табу екені, әрине, түсінікті жайт. Бұл қазіргі қоғамда еңбек ету үшін маңызды да өзекті себеп.
Дегенмен, бізге күнделікті, үйреншікті көрінетін еңбек атты процестің басқа да тамаша қасиеттері бар. Ең алдымен, еңбек – әрқашан да қолжетімді, тегін әмбебап антидепрессант, яғни, жалпы тіршілік тауқыметі мен ауыр ойлардан арылуға денсаулыққа еш залал келтірместен жәрдемдесетін құрал. Сүйікті ісіне бар жан-тәнімен беріле кіріскенде, адам бойында негативке орын қалмайды екен. Былайша айтқанда, Архимед заңы жүзеге асады: белгілі бір міндетті орындауға шұқшия берілу жан күйзелісін ығыстырып шығармақ.
Тіпті, қазіргі заманауи медицинада психикалық ауруларды ғана емес, бірқатар тән ауруларын да емдейтін еңбек терапиясы деген қызық термин бар. Емдеудің мұндай әдісі бірнеше ғасыр бұрын пайда болған көрінеді.
Бұған қоса, еңбек процесінен де, оның нәтижесінен де қанағаттану сезіміне ие болу – қосымша жағымды бонус. Жасампаздық, әсіресе ойдағыдай нәтиже берген шығармашылық әрқашан да адамға оң әсер етеді: өз ісіңнің нәтижесіне қарап тұрып, істеуге тұрарлықтай дүние жаратқаныңды сезіну жаныңа жылу ұялатады. Ең соңында, өз шығармаңды тарихқа қалдырған ізің ретінде қарастыруға болады.
Бұдан басқа, еңбек өз-өзіңді бағалап, маңызды екеніңді сезінуге, физикалық тұрғыдан және (немесе) зияткерлік тұрғыдан дамуға мүмкіндік береді, дағдыңды жетілдіріп, жаңа нәрсеге үйретеді. Көпшілік жағдайда тек еңбек қана қарапайым жанды өз ісінің майталманы етеді.
Кейбіреулер еңбек ұғымын қарабайыр, қарадүрсін дүниеге балап, тіпті, онымен айналысуды ар санап жатады. Бүгінде «барлығына уақытын да, күшін де сарп етпей тез қол жеткізу» қағидаты белең алды.
Бірақ, өз заманының ең ұлы ойшылдары мен шеберлері керісінше көп және жемісті еңбек ете алу мүмкіндігі мен қабілетін мақтан тұтқан. Мұны өзіне лайықты, үйлесімді санаған. Атақты спортшылар да қол жеткізген орасан жетістіктерін тоқсан пайыз ұзақ та, қажырлы жаттығулардың, тек он пайыз табиғи қабілеттерінің жемісі санайды.
Дей тұрғанмен, демалыс пен жақын адамдарыңды ұмыт қалдыратындай дәрежеде еңбекқор болу міндетті емес. Керісінше, «жақсы демала алатын адам жақсы жұмыс істей біледі» деген қағиданы естен шығармаған жөн. Іспен айналысу шаршаумен қатар, міндетті түрде ләззат сыйлауы да тиіс.
Негізі, қызмет түрін ауыстыру – бұл да өзінше бір демалыс, сондықтан бірқатар белсенді жандар еңбекті қызықты өмір сүру, тыныс-тіршілігін түрлендіру, әрдайым ілгері жылжу стилі, тәсілі деп таниды.

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру