Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Нұр-мүбаракта «Халықтарды біріктірген тіл – достықтың тірегі» атты кеш өтті

30.09.2016 1154 0 пікір

Нұр-Мүбарак университетінде 1 курс қыздар тобы арасында халықаралық тілдер мерекесіне орай «Халықтарды біріктірген тіл – достықтың тірегі» атты салтанатты кеш өтті.

Қаның, жаның, қазақы ұлттық түрің бар,

Үлгі алатын қызың менен ұлың бар.

Перзентісің еркін, азат халықтың,

Тәуелсіз ел, мәртебелі тілің бар,- деп  жүрегі «жерім» деп соғатын ана тілін көзінің қарашығындай  ардақтайтын арулар қазақ тілінің құрметіне барын салды.  Қазіргі қоғамымыздың өзінде дүбәрә күй кешкен ана тіліміз мемлекеттік мәртебе алса да теперіш көріп келе жатқаны рас. Сондықтан, қазыналы  қазақ тілінің ғана емес барлық елге ортақ, еліміздегі өзге халықтарға деген құрметтің белгісін білдіретін бұл мереке баршамызға өзара есеп беруге себеп деуге болады.


Студент қыздар халқымыздың даналығын білдіретін көріністермен қатар өлеңдер оқып, ақын-жазушылардың шығармашылығынан үзінділер келтірді. М.Жұмабаев атамыздың «Тіл – адам жанының тілмашы, тілі кем болса, адамның кем болғаны» дегеніндей, адам өз ойын жеткізу үшін де тілінің бай болуы маңызды. Сондықтан қазіргі ақпараттық-технология  дамыған заманда, өзара сөйлесу, сұхбаттасу азайған кезеңде тілді дамыту жолдарын қарастыру аса өзекті болмақ. Осы тұрғыдан тіліміздің байлығын жан-жақты насихаттаған қыздар өзге тілді де ұмытпады. 10 тілде құттықтаулар айтып, өздерінің жан-жақтылығын көрсетті.


- Мен бүгінгі мерекеге бастан-аяқ куә болдым. Көңілім толып, тіліміз үшін, ана тілімізді ардақтап, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеретін  жастар өсіп келе жатқанына ерекше қуандым. Ол әсіресе ертеңгі ұрпағымызды тәрбиелейтін арулар болғаны тіпті болашаққа деген сенімімді күшейтті. Сіздер университетімізді аяқтаған соң еліміздің алтын қоры боласыздар деген сенімдемін. Себебі тілімізді құрметтеп, дінімізді ұстап, салт-дәстүрімізді ардақтайтын ұрпақ бүгінде баға жетпес құндылық екені даусыз,-деп Жалпыгуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі Шолпан БОРАНТАЙҚЫЗЫ ханым өз алғысын білдірді.  

- Сіздер биылғы оқу жылының студенттер арасындағы мерекелік іс-шараның беташарын жоғары деңгейде жасадыңыздар. Бұл биылғы қыздарымыздың белсенділігін, білімдерін, елжандылығын көрсетеді. Әрі университетімізге келіп жатқан жастардың отансүйгіштігінің жоғары деңгейде екенін аңғару қиын емес. Сондықтан, сіздерге тек сәттілік тілеймін,-деді кітапхана меңгерушісі Қалбибі БЕЙІСБЕК ханым.


Осылайша Жалпыгуманитарлық пәндер кафедрасындағы  қазақ тілі пәнінің ұстазы Нұрзия ӘБІШЕВАНЫҢ жетекшілігімен өткен тілдер мерекесі Нұр-Мүбарак университетінің жаңа оқу жылындағы мәдени іс-шараларының  шымылдығын жоғары деңгейде атап өтті.

Айша КЕҢЕСБАЙ

«Нұр-Мүбарак» университетінің баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат