Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Ораза айт мерекесін Алматылықтар қалай қарсы алды? (ФОТО)

06.07.2016 863 0 пікір

 

Жыл бойы асыға күткен қасиетті Рамазан айын да шығарып салдық. Жиырма тоғыз күнге созылған мұсылмандық парызын өтеп, күндерін тіршілікпен, түндерін құлшылықпен өткізген жамағатымыз, бүгін Ораза айтының алғашқы күнін қуанышпен қарсы алды. Таңның атысымен қаламыздың мешіттеріне жиналған халайық Айт намазын атқарып, бір-біріне жылы лебіздерін білдіріп, қуанышқа бөленіп жатты. Ардақты Пайғамбарымыз: «Расында Алла Тағала сендер үшін қайырлы болған екі мейрамды тарту етті, олар – Ораза айты және Құрбан айты», - деген еді. Сол заманнан бері Ислам дінін өмірінің ажырамас бөлігі еткен атам қазақ осы екі мерекені ерекше атап өтіп келеді. Кеңестік дәуірде маңыздылығы мен құндылығы ұмыт бола бастаған осы мерекелер халқымыздың шаңырағы көкке көтеріліп, егеменді ел болғалы бері қайта жаңғыртылуда. Ал осы жылы айт мерекесі әдеттен тыс болуы талап етті, ерекше өтуі керек болды. Яғни, айт мерекесі тек мешіт ауласында ғана емес, жалпы халыққа сезілуі керек еді...

Осындай үлкен миссияны алға қойған Алматы Орталық мешіті тұңғыш рет республика көлемінде мұсылманның мерей тойын елге жар салып атап өтті десек қателеспес едік. Алланың атын ұрандатып, қан майданда жүрсе де бес парызын тастамай «әулие батыр» атанған Райымбек батыр даңғылының бойындағы «Maxima» ойын-сауық орталығының алаңы дүбірлі алаңға айланып шыға келді. Күні бойы тегін ас, тегін сусын, тегін ойын-сауық балалар мен бүлдіршіндерге нағыз базарлық болды. Ғажайып ертегілер әлемінен шыққан алып адамдар, бес қаруын асынған ержүрек батырлар, «қыран құс» десе ішкен асын жерге қоятын қаһарман бүркітшілер мерекеге жиналған халықтың көңілін көтеріп, еңсесін марқайтып қалды. Орталық мешітіміздің бас имамы Нұрбек қажы Есмағамбет мерекелік тұсаукесер сөзінде айтқандай: «...расында, жылда мешіт ауласынан шықпайтын айт мерекесін, биыл  Алла Тағаланың қалаумен, бұқаралық деңгейде өткізіп жатырмыз. Ал Рамазан айт мерекесі әр мұсылман, әр қазақ тойлайтын мереке болуы тиіс».

Мерекелік бағдарламада жастар мен ақ сақалды абыздарға да орын табылды: жастар арасында Ислам тарихы, мұсылмандық парызы аясында сұрақ-жауап викторинасы өткізіліп, құнды сыйлықтар табысталса, ақсақалдар арасында ақ бата беруден жарыс өтіп, батасымен тұла бойды шымырлатқан жеңімпаз аталарымыз Умра мен Қажылық жолдамаларын қанжығаларына байлап кетті.

Той соңының қаймағы әлбетте жалынды шоу болды. Көздің жауын алған жалынды шашын қараңғы түнекте ерекше көрініс болып, мерекелік сезімді ұлғайта түсті.

Айта келе, «естігеннен көрген жақсы» демекші, сайт ұжымының осы тақырыпта дайындаған фоторепортажын тамашалай отырыңыздар.

Ұйымдастырушылыға Алла разы болсын, ұстаған оразаларымыз, дұға-тілектеріміз бен құлшылықтарымыз қабыл болып, Алла Тағала Рамазаннан Рамазанға аман-есен жете беруімізді нәсіп етсін!  

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Ұқсастар

Мұрағат