Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Қажыларға сәт-сапар сұралды (ФОТО)

08.09.2015 1023 0 пікір

Қыркүйек айының 5-күні Атырау облыстық "Иманғали" орталық мешітінде биылғы қажылық маусымына ниет білдірген кісілерге арнайы ақжолтай дастарханы жайылды. ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, "Иманғали" орталық мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров қасиетті сапарға қадам басқалы тұрған ағайындарға қасиетті орынның мән-маңызы жайында тұщымды уағыз айтып, тән және дүние арқылы жасалатын қажылық құлшылығының қадір-қасиетін түсіндіріп өтті.

Сондай-ақ, мұндай қасиетті орынға сапар кез-келген жанға нәсіп бола бермейтіндігін атай келіп, ондағы әрбір сәтті тек құлшылық-дұғамен өткізуге күш жұмсау керектігін және қажыға бару жай "қажы" атану емес, керісінше Алла құзырында қабыл болған құлшылықпен оралу екенін жадыға салды. Мұнымен қоса, еліміз бен жерімізге береке тілеп, өскелең ұрпақтың амандығы мен иманды болып өсуіне де дұға жасауға шақырды.

Ақ дастархан басында бұрын-соңды қажылығын өтеп келген кісілерде кезекпен сөз алып, қасиетті орынға сапар шеккелі жатқан жерлестерге игі тілектерін жеткізіп, қажылықтың сырымен бөлісті.

Ас соңында ақсақалды қария ақ батасын жасады. Құран оқылып, берекесі елге тіленді. Болашақ қажылар да осындай игілікті шара ұйымдастырған мешіт ұжымына шексіз алғыстарын білдірді.

Атырау облыстық "Иманғали" орталық мешітінің баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат