Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

МИНИСТР КӘЛЕТАЕВ АҚТӨБЕДЕГІ ДІНИ АХУАЛМЕН ТАНЫСТЫ

Ақтөбе облыстық "Нұр ғасыр" мешітінің баспасөз қызметі 09.06.2018 362 0 пікір

Кеше Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев Ақтөбе облысына арнайы іссапармен келді.

Темірдегі түсіндіру жұмыстары

Министр қызмет сапарын Темір ауданына қарасты Кеңқияқ, Шұбарши ауылдарының хал-ахуалымен танысудан бастады. Тұрғындармен кездесіп, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдады. Сондай-ақ, Кеңқияқ ауылынан бой көтеріп жатқан жаңа мешіттің құрылыс басында болды. Аудан имамы Мадияр Пірімқұлов екі қабатты болып жоспарланған жаңа мешіттің эскизді жобасымен таныстырып, құрылыстың жүргізілу барысын баяндады. Сапардың жалғасында министр Дархан Аманұлы аудандық прокуратура жанындағы «Аймақтық діни мәселелерді үйлестіру жөніндегі» және «Жастар арасындағы дін мәселелері және қоғаммен байланыс жөніндегі» орталықтарда болып, жұмыс барысымен танысты. Осында имамдармен арнайы кездесу өткізіп, сұхбаттасты. Өкіл имам облыс әкімінің қолдауымен жергілікті имамдардың өңірдегі діни тұрақтылықты сақтау бағытында жасап жатқан жұмыстарына тоқталды. Олардың дәстүрлі исламды дәріптеу бағытындағы қызметтері жайы сөз болды. Сондай-ақ, министр аудандық «Досжан ишан» мешітіне бас сұғып, мешіттің тыныс-тіршілігімен танысты.

Медресенің жаңа ғимаратының жобасы таныстырылды

Іссапар Алға ауданында жалғасын тапты. Министр Дархан Кәлетаев «Ақтөбе медресе колледжінде» имам-ұстаздармен, шәкірттермен кездесу өткізді. Кездесуге наиб мүфти Бауыржан қажы Есмахан қатысып, медресе ұжымына Бас мүфтидің ыстық ықыласын жеткізді. Ағымдағы оқу жылының сәтті аяқталуымен құттықтап, келер оқу жылына да жемісті жұмыс, сәттілік тіледі. Сондай-ақ, заңнамалық актілерге енгізілетін толықтырулар мен өзгерістерді халыққа түсіндірудегі діни басқарма атқарып жатқан жұмыстар ретін баяндады. Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев бұл бағыттағы жұмыстарда дін қызметкерлерінің рөлі ерек екендігін айрықша атап өтті. Медресе директоры Әбдімүтәлі Дәуренбеков министрді оқу орнының тыныс-тіршілігімен таныстырды. Оның айтуынша, бүгінде медресе қабырғасында 57 студент білім алуда. Сондай-ақ, 15 шәкірт биыл медреседегі оқуын тәмамдады. Олардың бірі оқуын жалғастыруға, енді бірі діни қызмет етуге ниетті екендіктерін білдірген. Өкіл имам Төлеби Оспан медресенің облыс орталығынан салынатын жаңа ғимаратының эскизді жобасымен таныстырды. Құрылысқа демеушілер тарту бағытында жасалып жатқан іс-шараларды баяндады. Кеңейтілген отырыста көтерілген келелі мәселелер Түстен кейін «Нұр Отан» ғимаратында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі Кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. Оған Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев, наиб мүфти Бауыржан Әбдірашұлы, Дін істері комитетінің дінтану сараптамасы басқармасының басшысы Балғабек Мырзаев және жергілікті имам-теологтар, мекеме, ұйым өкілдері қатысты. Министр Дархан Аманұлы елдегі заңнамалық актілерге енетін бірқатар өзгерістер мен толықтыруларға жеке-дара түсінік берді. Соның ішінде, шетелде діни білім алуға бірқатар шектеу қою, кәмелетке толмағандардың діни рәсімдерге қатысымын реттеу, неке мәселесі, қоғамдық орындарда адамның бет-жүзін тануға кедергі келтіретін киім үлгілерін, діни атрибуттарды пайдаланбау секілді тармақтарға тоқталды. «Деструктивті діни ағым», «діни радикализм» секілді жаңа түсініктердің енгізілуі дәстүрлі дін мен деструктивті ағымдардың ара-жігін ажыратып, халықты хақ исламнан айныту үдерісіне тосқауыл болатындығына сенім білдірді. Облыстық дін істері басқармасының басшысы Жолдас Қалмағанбетов облыстағы діни ахуал, осы бағытта өткен ауқымды іс-шаралар туралы баяндама жасады. Өкіл имам Төлеби Оспан аталмыш заң жобасын халыққа түсіндіру бағытында имамдар мен жамағаттарға арнайы семинар-дәрістер өткізіліп, республикалық, облыстық басылымдарға мақалалар жариялау, басқа да ауқымды іс-шаралар атқарылғандығын жеткізді. «Жаңа заң - зайырлы елдің мүддесіне» тақырыбында баяндама жасап, заңның шетелде діни білім алуды шектеу туралы тармағына тоқталды. Өткен ғасырда Алаш зиялылары мен діни қайраткерлердің де бірқатары шетелде діни білім алғандығын, десе де, олардың елді ата дәстүрінен айнытып, санаға шетелдік идеологияны сіңіруге тырыспағандығын жеткізді. Осы ретте, министрге заңнамаларға енгізілетін толықтырулар мен өзгертулерді жамағатқа түсіндірудің ортақ нұсқаулығын әзірлеу туралы ұсыныс білдірді. Кеңес жұмысында күн тәртібіндегі басқа да өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Ұқсастар

Мұрағат