Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Нұр-Мүбарак университеті «Дінтану» мамандығы бойынша  мамандандырылған аккредитация сыртқы аудитінен өтті (ФОТО)

Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі  16.05.2018 932 0 пікір

«Дінтану» мамандығы Нұр-Мүбарак университетінде үш сатылы деңгейде оқытуға қаншалықты мүмкін, ары қарай жалғастыруға болады ма екендігін анықтау үшін Білім беру сапасын қамтамасыздандыру тәуелсіз қазақстандық агенттігінің сыртқы аудит жүргізетін сараптама тобы жіті тексеруден өткізді.

Сараптама тобын Л.Гумилев атындағы Евразия Ұлттық университеті, Дінтану кафедрасының меңгерушісі, филос.ғ.к. Кеңшілік Тышқан жетекшілік етті. Ал халықаралық сарапшылар: Катар елінен Джорджтаун университетінің салыстырмалы дінтану кафедрасының профессоры Патрик Лауде, Египет Араб Республикасының сапа және аккредитациямен қамту Ұлттық комиссиясының вице-президенті Ражиа Али Махмуд Таха ханым бар. Сондай-ақ отандық сарапшылар: «Абу Ханифа» медресе-колледжінің директоры  Құлмұхаммед Махамбет, Білім беру сапасын қамтамасыздандыру тәуелсіз қазақстандық агенттігі, аудит департаментінің директоры, п.ғ.к., доцент Жанна Ахмадиева, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің докторанты Ұлжан Тұңғатова, Білім беру сапасын қамтамасыздандыру тәуелсіз қазақстандық агенттігі, сапа және анализ департаментінің сарапшысы Айгерім Каримовалар бар. Жұмыс алдында сарапшыларды университет ректоры, профессор Жуда Басюни мен проректор, профессор Шамшәдин Керім мырзалар қабылдап оқу орнының тарихы мен жоспар, болашақтары жайлы айтып, сәттілік тіледі.

Сарапшылар тобы университеттің бүкіл кафедра, бөлім меңгерушілерімен кездесіп, сұхбат жасалды. Бакалавриат, магистратура, докторантура, оқытушы-профессорлық құрам, жұмыс берушілер, түлектер тобы кездесіп сұрақ-жауап өрбіді. Білім деңгейлері сараланып, арнайы тесттік сауалнамалар өткізілді. Университеттің техникалық базалары, кітапхана, жатақхана, асхана, оқу залдары, аудиториялар, дәрістердің өту барысы, емтихандар, құжаттар, т.б. оқу-білім жүйесіне қатысты барлығы сараптаудан өтті.

Қорытынды сәтте университет басшылығымен кездескен сарапшылар тексеру кезінде көрген, білген, көңілдеріне түйген жағдайларды айтып, оқу сапасын жақсарта түсу үшін өз ұсыныс-пікірлерін де жасады. Мысалы, профессор Патрик Лауда университетте өнермен байланысты саланы да қамтыса, бұл қоғамның өзге орталарымен дінді жақындатуға себеп болар еді деген ойын білдірсе, профессор Ражиа Али Махмуд Таха ханым университет сайтының ағылшын-араб бөлімдерін күшейту арқылы шетелдік студент, магистран, докторанттарды тартуға мүмкіндік ашылар еді деген пікірін жеткізді. Ал топ басшысы филос.ғ.к. Кеңшілік Тышқан: «Нұр-Мүбарак университетінің артықшылығы, мұнда шәкірттер араб тілін меңгеру мүмкіндігі мол, бұл ислам дініне қатысты білімді жетік меңгеру артықшылығын береді. Сондай-ақ осыдан тура үш жыл бұрын «Исламтану» мамандығы осындай аккредитациядан өткен кезге қарағанда қазір шәкірттер саны екі есеге артқан. Бұл өте үлкен жетістік. Сондықтан университеттің материалдық-техникалық базасын арттыру қажет», – деді.

Ректор, профессор Жуда Басюни сарапшыларға зор алғыстарын айтып, бұл сараптаманың университет үшін үлкен серпіліс болады деген үмітін білдірді. Ал эксперттік топ үйлестірушісі Білім беру сапасын қамтамасыздандыру тәуелсіз қазақстандық агенттігінің аудит департаментінің директоры, пед.ғ.к., доцент Жанна Ахмадиева барлық тұжырымдамалар арнайы комиссия құрамында қаралып, сараптамадан өтіп, маусым айында нақты нәтижесі жарияланатынын мәлімдеді.

Қазір еліміз бойынша дінтану мамандығын оқытатын 6 жоғары оқу орындарында арнайы кафедралар бар. Олардың арасында өтетін түрлі республикалық сайыстарда Нұр-Мүбарак университетінің дінтанушылары үнемі жүлделі орындарға ие болып келеді. Сондықтан бұл дінтану бойынша мамандандырылған (бағдарламалық) аккретитацияның сыртқы аудит нәтижесі жоғары болады деген үміт басым.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат