Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

ТАТУЛЫҚ – ТАБЫЛМАС БАҚЫТ

www.muftyat.kz 02.05.2018 1229 0 пікір

Серікбай қажы ОРАЗ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти

 

ТАТУЛЫҚ – ТАБЫЛМАС БАҚЫТ

Аса Қамқор ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Жұртымыз мамыражай мамырдың алғашқы күнінде Қазақстан халықтарының бірлігі мерекесін айрықша атап өтеді. Бұл – көпұлтты, көпконфессиялы еліміздің бірлігі мен берекесін арттыра түсетін аса маңызды мейрам.

Адам өміріне қауіп төндірген сындарлы кезеңнің сын-қатерімен бетпе-бет келген бүгінгі әлемдік қауымдастық, оның ішінде Қазақ Елі үшін бірлік пен бейбітшілік – басты байлық, баға жетпес құндылық.

«Тозған қазды топтанған қарға ала­ды», – дейді халқымыз. Адамзат та­ри­хы­нан қай елде бірлік жоғалса, сол жерде жеңіліс болғанын білеміз. Достық пен татулық ынтымаққа ұйысқан елде ғана баянды болады.

Жаратушы Жаббар Иеміз қасиетті Құранда барша адамзат баласына: 

«Алланың жібінен мықтап ұстаңдар, ажырап бөлінбеңдер» («Әли-Имран» сүресі, 103-аят), – деп бұйырған.
Ал пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі бол) мұсылман үмбетіне жолдаған қоштасу сөзінде: «Мен орталарыңнан кеткеннен кейін баяғы бітпейтін ұрыс-керіске, дау-дамайға қайта бой алдырмаңдар», – деп өсиет қалдырған.

Біздің жас тәуелсіз еліміз Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың игі де тарихи бастамасымен алыс-жақынның арасын жарастырып, діні бөлек діни көшбасшыларды бір дөңгелек үстел басына біріктірген бітімгер мемлекетке айналды. Қазіргі қоғамда қалыптасқан өзара құрмет пен сыйластықты нығайта түсу үшін барша азаматқа үлкен жауап­кершілік артылады.

Адамдар арасындағы татулықтың негізгі тірегі – өзара сүйіспеншілік пен бауырмалдықта. Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: 

«Иман етпейінше жұмаққа кіре алмайсыңдар, бір-бірлеріңді жақсы көрмейінше, иман еткен болмайсыңдар», – деген. Абай Құнанбайұлының өсиет өлеңі де осыған саяды: «Адам­заттың бәрін сүй бауырым деп...».

Жаһандану заманында сан түрлі ұлттың берекелі тір­лікте, ынтымақ-бірлікте өмір сүруінің басты жолы – ізгілік пен мейірімде.

Ұлы бақытқа иманымен талпынған Рудакидің:

«Өмір – теңіз, онда жүзем демеңіз,

Ізгіліктен жасалмаса кемеңіз», – деген сөзі қай қоғамға болсын қуат беретіні хақ.

Алла Тағала халқымыздың ынтымағын нығайтып, бірлігін бекем еткей! Әмин!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Ұқсастар

Мұрағат