Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Бас мүфти ардагерлер үйінде ауызашар берді (ФОТО)

09.06.2018 191 0 пікір

Кеше Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз ардагерлер үйіне арнайы зиярат жасап, ауызашар дастарханын жайды. Бас мүфти хазретті ардагерлер үйінің директоры Раиса Мұсабекқызы күтіп алып, қарттарға жасалып отырған барлық жұмыстарымен таныстырды. Ең алдымен ардагерлерінің үйінің ортаңғы үлкен залында орналасқан қолдан егілген кіші саябақты аралап, ғимарат ішіндегі ғажап көріністі жасаған басшылығына алғыс айтты. Одан кейін, қарттарға қолайлы етіп жасалған спорттық сауықтыру залын аралап Бас мүфти:

«Мынау спорттық сауықтыру залы ардагерлер үйінде жатқан денсаулықтары сыр берген әрбір қарияға өте қолайлы жасалған екен», - деп сауықтыру залындағы құрал-жабдықтармен танысты.

Сонымен қатар, қариялардың арасындағы қолының шеберлігі бар кісілерге арналған қолөнер жасау бөлмесін және қарттардың жүйке жүйесін тыныштандыруға арналған сауықтыру бөлмелерін аралап шықты. Және жасы 76-ға келген ардагерлер үйінің тұрғыны Құлмағамбетова Төлебике Саимқызының бөлмесіне бас сұғып, қарт анамен сұхбаттасты. Одан кейін Бас мүфти хазрет ардагерлер үйінің тарихынан сыр шертер музейді аралады. Және №45 кітапханаға да зиярат жасап, кітапхана ішіндегі жұмыстармен танысып, Өз атынан қазақтың тарихы қамтылған «Ұлы Дала төсіндегі Ислам» атты еңбегін қолтаңбасымен сыйға тартты.

Ардагерлер үйінің жұмыстарымен танысып болғаннан кейін арнайы жайылған ауызашар дастарханында қариялармен сұхбаттасып, қам көңіл қарттардың көңіліне медет сыйлар ақ тілегін жеткізіп:

«Ең алдымен қасиетті Рамазан айы баршаңызға құтты, мүбарак болсын. Алланың разылығы үшін ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын.
Бүгінгі қоғамда күллі адамзатқа жетіспей тұрған мінез ол – мейірімділік. Біз сол мейірімділіктің бір үзігін болса да өздеріңізбен бөлісуге келіп отырмыз. Сіздердей қазыналы қарияларымыз аман болсын», – деп,

ардагерлерінің үйінің тұрғыны Төлебике Саимқызына және Раиса Қалдыбайқызына барша мұсылманның атынан және Өз атынан үлкен қажылыққа жолдама табыстады. Қаншама мұсылманның арманы болған қасиетті мекенге қажылық сапарының жолдамасына ие болған Төлебике Саимқызы аналық алғысын айтты.

Шара барысында Ардагерлер үйінің директоры Раиса Мұсабекқызы сөз алып, Бас мүфтиге шексіз алғысын жеткізді. Сонымен қатар, кешегі өткен Майлықожаның шөбересі Жәкен Омаров қазақы мәнді терме орындап, қариялардың көңілін көтерді.

Ардагерлер үйіндегі ақ тілекпен басталған жүздесу, ақсақалдардың ақ батасына ұласып, Кәрімғали Есімжанұлы ақсақал арнайы бата беріп, ел мен діннің қыруар жұмысы болса да қарттарын ұмытпай дастархан жайып отырған Бас мүфти хазретке зор алғысын жеткізді.

 

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру